Нуртай Айсулу, Шара Мажитаева
Е.А.Бөкетов ат. ҚарМУ, Қазақстан
БАРДЫ БАҒАЛАЙЫҚ
Ахмет
Байтұрсынов – алғашқы қазақ газеттерін
ұйымдастырушы
Қазақтың еңкейген
кәрі,
еңбектеген
жасына түгелімен ой түсіріп,
өлім ұйқысынан оятып,
жансыз денесіне қан жүгіртіп,
күзгі
таңның салқын желіндей ширықтырған,
етек-жеңін жиғызған «Қазақ»
газеті болатын.
Мұхтар
Әуезов.
1923
жыл
Қазақтың тұғырлы
тұлғасы, ұлттық жазудың реформаторы, дарынды
ақын, көне ауыз әдебиет үлгілерін жинап, өзге
тілді құнды еңбектерді ана тілімізде сөйлеткен
аудармашы, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану
ғылымдарының кірпішін қалаған бірегей ғалым, ағартушы, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшін
бастаған рухани көсем, Алаштың ардақты ұлы –
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы Жангелді
ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келді.
Ахмет Байтұрсынұлы өз
өмірдерегінде: «...Торғай екі сыныптық
орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде 1886 жылдан бастап
1891 жылға дейін оқыдым. Орынбор қазақ
мұғалімдер мектебіне оқуға түстім, онда 1891
жылдан 1895 жылға дейін оқыдым... 1895 жылдың 1 маусымынан
әр түрлі мектептерде: бірінші ауылдық, сосын болыстық,
одан кейін екі сыныптық оқу мекемелерінде оқытушы болып
жұмыс атқардым.», - деп жазады [1].
Ахмет Байтұрсынұлының саяси
қызмет жолына түсуі 1905 жылғы Қоянды
жәрмеңкесінен басталады. Ол Қарқаралы
петициясына жетекшілік етіп, кейін жандармдық бақылауға
алынып 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің
бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.
Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда
Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару
жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес
Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917
жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы
өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси
қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы
қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді
достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен
бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының
қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық
«Қазақ»
газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын
өнер, білімді игеруге шақырды [2].
«Қазақ» газеті – ХХ ғасырдың
басындағы Ресейдегі алғашқы демократиялық
қозғалыстар мен сан түрлі шырғалаң,
қиыншылықтардан соң жарық көрген,
қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.
Зерттеулерге жүгінсек, Алаш азаматтары «Қазақ» газетін
шығаруға сегіз жылдай дайындық жүргізген, көп
ізденісте болған. «Қазақ» – өз заманындағы
ең көрнекті, сапалы, сәтті шыққан басылым.
Бұл басылымның алдында шықпай жатып тоқтап
қалған газеттер қаншама. Мысалы, «Қырғыз газеті»,
«Серке», «Дала», «Қазақстан» және тарих бетіне ізін
қалдырып үлгерген «Айқап»
журналының ғұмыры ұзаққа бармады.
Осындай қиыншылық сәттерден кейін, ХХ ғасырдың
басында өмірге жаңа басылым, жаңа газет, жаңа леп
келді.
1913-1918 жылдар аралығында газеттің 265
нөмірі жарық көрді. Алғашқы қазақ
басылымдарын жинастырып, жарыққа шығаруға ғұмырын арнаған марқұм
апамыз Ү.Субханбердина 1998 жылы «Қазақ» газеті атты
тұңғыш жинақты құрастырып
шығарған болатын [3]. Ғалым бұл жөнінде өз
естелігінде: «50-жылдары алғашқы басылымдардың
библиографиясын дайындап жүргенімде «Қазақ» жариялаған
материалдарды да қоса жинаған едім. Әрине, ол кезде бұл басылымның бағы
ашылады деп ойлаған емеспін, олай ойлаудың өзі
қылмыспен бара-бар уақыт тұғын»,- деп жазған [4].
«Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлы
араб графикасы негізінде жүйелеп, ұсынған «төте жазумен» бастырылып
шыққан. Алғашында газеттің жоғарғы
жағында араб қарпімен
«Қазақ» деп жазылды. Ал 5-санынан бастап «Қазақ»
деген жазудың етегінде рәміздік бейне ретінде «киіз үй»
бейнеленген. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары
«...қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын,
«Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі
мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі
болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды
ұйымдастырушы, редакторы – А.Байтұрсынұлы және екінші
редакторы міндетін атқарған, газеттің тұрақты
шығуына елеулі үлес қосқан М.Дулатұлы болды.
1918 жылы газетті Жанұзақ
Жәнібекұлы басқарды. Басылымға
А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай,
Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш,
Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Тынышбайұлы, А.Сейітов,
М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, А.Жанталин,
Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, Х.Досмұхамедұлы,
Х.Лекеров, Р.Мәрсеков, С.Дөнентайұлы, М.Малдыбаев және
т.б. тұрақты автор болып, мақалаларын жариялап тұрды,
ұлт санасының оянуына жол салды. Кейбір мақалалар лақап
атпен де жарияланып отырды. «Қыр баласы», «Қазақ», «Арыс
ұғлы», «Түрік баласы», студент, оқушы немесе
Құяш, Серік деп тек есімдермен жарияланған мақалалар да
көп кездеседі. Халықтың газетке деген шексіз алғысы,
шынайы тілектері де жарияланып тұрған. Сонымен қоса,
газеттің әр санында қазақтың жан-жарасына
айналған өзекті мәселелер – жер, тіл, дін,
оқу-ағарту, кәсіп, саясат (сыртқы хабарлар, ішкі
хабарлар) көтерілді. Газеттен 31 желтоқсандағы №92 санында
көрсетілген «Бұл атты ұмытпаңыздар! Егер шуедтік
сүт машинасы «Фортуна»-ны алғыңыз келсе. Орта шаруалы
үйге мұнан артық сүт машинасы жоқ...» немесе
«Сүтті рәсуа қылмай мына машинамен алыңдар...Сатып
алуға Омбы шаһарындағы «Альфа-Нобель» серіктігінен» деген
сияқты жарнамалар да кездестіреміз [5]. Жалпы айтқанда, үлкен
саяси-әлеуметтік мұқтаждықтан туған бұл
газет қазақтың «көзі, құлағы
һәм тілі» болғанын аңғару қиын емес.
Оған М. Әуезовтің: «Мектептегі
сабағын оқымай бала «Қазақ» газетін көрген жерде
қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр
есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ»
газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын»,- деген сөзі
дәлел болады. Сондай-ақ С.Мұқановтың да
«Қазақ» газеті туралы пікірін келтіруді жөн көрдік:
«Қазақпен» қазақтың тілі туды, таза
қазақ тілінде шыққан баспасөз «Қазақ»
газеті ғана болды. ...
көпшіліктің пікір көші «Айқаптан»
«Қазаққа ауды» [6].
«Қазақ» газеті тұтастай халықтың,
оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің,
қарапайым сауаты бар адамдардың, ықыласпен ынтығып
оқитын басылымы болды. Кейбір деректерде «Қазақ» газетін
метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге
дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ
студенттері жаздырып оқығаны туралы айтылған.
Қазақ қамын ойлап төсегінде
дөңбекшіп ұйқысы бұзылған Алаш
зиялыларының үні, ұлт азаматтарының жаны болған,
халықтың ұлттық намысының оянуына, тұтас ел
болып қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген бұл
тарихи газет - сол тұстағы қазақ баласының ойын,
ұлттық өрісін тәрбиеледі. Бұл газет
көтерген идеялар - халқымызды айрандай ұйытып, еркіндікке
ұмтылуына қуат берді.
Қазақ халқын ілгері
басқанның үстіне ілгері бастыртып, озғандарға
жеткізіп, жеткеннен оздырып, есікте қалмайық, төрден орын
алайық деп сауатты ел қатарына қосылуы үшін,
елінің еркіндігі үшін ақтық демі біткенше күрескен
Ахмет Байтұрсынұлы –
қазақ жүрегінде мәңгі сақтаулы
тұғырлы тұлға. Ол басшылық еткен
«Қазақ» газеті де шыңырау шың.
«Қазақ» газеті айтыла-айтыла жауыр болған,
тізесі шыққан тақырып деп айтуға келмейді.
Өле-өлгенше «Қазақ»-ты қазаққа айту
міндетіміз. Себебі ол кездегі «еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан
сөзді баққан патша заманында» газеттің атын
атаудың өзі қиын болған. Ал қазір тым болмаса
газет атын ұмыт қылмай жаңа ұрпақтың
құлағына сіңдіре берсек, айта берсек, жаза берсек, өшпес
мұраға айналары хақ. Сондықтан, «Қазақ»
газеті жөнінде қанша жазсақ та, қанша айтсақ та
орынды. Әр қазақ сол дәуірдің ішіне кіріп,
үңіліп қарай білсе, біреудің қайғысына селт
етпейтін, мұңына мұңдаспайтын ойсыз ұрпақ
дүниеге келмес еді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Байтұрсынұлы Ахмет.
Шығармалары. – Алматы: Ел-шежіре, 2013.
2.
Қазақ әдебиеті.
Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы, 2006.
ЖШС, 2010.
3.
«Қазақ» газеті, 1913. –
Алматы: Арыс, 2009. -5 б.
4.
Сақ Қ. Алаш мұрасы. –
Алматы: «Қазығұрт»
баспасы, 2014. -39 б.;
5.
«Қазақ» газеті 1914. – Алматы, Арыс, 2009. -476 б.
6.
Мұқанов С. ХХ ғасырдағы
қазақ әдебиеті. –Қызылорда, 1935
(Ш.Мәжітаеваның «ХХ ғ. І жартысындағы
қазақ әдеби тілі» кітабынан,
77-б. –Алматы: Ғылым, 1999. 192 б.)