Мажитаева Ш., Сатыбалды С.,

Е.А.Букетов атын.КарМУ

 

МЕТАФОРАНЫҢ  ТҮРЛЕРI  ЖӘНЕ ТIЛДЕГI ҚЫЗМЕТI

 

Метафора адамның терең ойлауының ерекшеліктеріне қатысты туындайды. Егер ойды білдіруде оны әдейі өзгертіп айтса, онда метафора қажет болғаннан емес, онсыз болмайтындықтан пайда болады, сондықтан да ол адамның ойлау қабілеті мен тіліне тән деп айтуға болады.

Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың екінші бір зат не құбылыс атауымен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуын метафора деп атаймыз. Метафора құбылысының сөздің мағынасынан орын тепкені және әбден үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде туған қосымша мағынаның көп жағдайда туынды, келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді [1, 115].

Әлемдік тіл білімінде метафора мәселесі ерте кезден басталған. Грек ойшылы Аристотель метафораға өзіндік ғылыми көзқарасын былай деп береді: «Метафора сөз мағынасының тектен түрге, түрден текке, немесе түрден түрге, я ұқсату негізінде өзгеруі»[2].

Метафораны тіл білімінде зерттелуін қарастырғанда, олардың әр бағытта жазылғанын көруге болады. Батыстың лингвистикалық бағытында субститутивтік, салыстармалы, интеракционистік және когнитивтік метафора теориясын атайды.  Қазақ тіліндегі метафораның жай күйі, оның жасалу механизмі, тілді, ойды дамытудағы қызметі, жалпы қазақ метафораларының зерттелуі, сипатталуы, ғылым тіліндегі танымдық, термин жасау қызметі теориялық тұрғыдан терең зерттеуді қажет етеді [3, 29].

Алғаш рет қазақ тіл білімінде метафора мәселесі Р. Барлыбаевтың «Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы» атты кандидаттық диссертациясында (1963) және Б. Хасановтың «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы» (1966) атты кандидаттық диссертациясында сөз етілді. Бұл еңбектердің қазақ тіл білімінде метафораны жан-жақты қарастырып, зерттеуге айрықша үлес қосқан еңбектер деп тануға болады. Алайда бұл еңбектердің жарық көргеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Осыншама уақыт ішінде қоғамда болған көптеген түбегейлі өзгерістер қалықтың ой-санасына, тіл ғылымына, сөз мағынасы мен оның қолданысына әсерін тигізбей қоймады. Бұл өзгерістер сөздердің метафоралық қолданылуынан да байқалады. Сондықтан да қазіргі тіл біліміндегі метафоралық қолданыстағы өзгерістерді және ерекшеліктерді анықтап, талдау, әсіресе метафоралардың ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы маңызы мен үлесін теориялық тұрғыдан зерттеу аса маңызды іс.

Метафора тіл білімі мен әдебиеттану теориясына ортақ болғанымен, өзіндік жасалу және қолдану ерекшеліктерімен жеке-жеке бөлінеді.

Қазақ тіл білімінде метафора тілдегі қолдану сипатына қарай:

1)  тілдік метафора;

2)  тұрақты метафора;

3)  жеке қолданыстағы метафора деген түрлерге бөлінеді.

Ал әдебиет теориясында көркемдің (троптық) қызметіне қарай:

1)   күрделі метафора;

2)  ұлғайған метафора;

3)  поэтикалық метафора түрлеріне ажыратылып талданады [3,59].

Әр ғалым метафораны әр түрлі жіктейді. Мысалы, ғалым Б. Хасанов қазақ метафораларын екіге бөледі: «әдеби және тілдік тұрғыдан біріктіріп қарасақ, метафораның екі түрі бар деуге болады: бірі – белгілі бір шешеннің сөз саптауынан болған индивидуалдық метафора, екіншісі – халықтық сипат алған дәстүрлі метафоралар. Бірақ бұл екеуінің ашық ара жігі жоқ, өйткені жеке авторлар жасаған метафоралар көбіне халықтық дәстүрлі метафоралардың ізімен жасалады және олардың көпшілікке кең тарауы да мүмкін. Дегенмен бұл екі түрінің айырмашылықтары да бар»[3,136].

Ғалым А. Айғабылұлы былай дейді: «Көркем әдебиетте қолданылатын метафоралар образдылығымен қатар тұрақты метафора және индивидуалдық метафора деп екіге бөлінеді. Сонымен қазақ тіліндегі метафора арқылы ауыспалы мағына туғызу тәсілі үш түрге бөлінеді: тілдік метафора, тұрақты метафора және индивидуалдық метафора» [4,14]. Олардың әрқайсысына мынадай анықтамалар береді: 1. Тілдік метафора жалпы халық тілінде: сөйлеу, жазу, оның ішінде әдеби шығармаларда да кең қолданылады. Бірақ олар әдебиетте көркем образ, суреттеу құралы ретінде емес, стильаралық лексика түрінде қолданылады. Мысалы, таудың басы, өзеннің басы, қос басы, шөп басы, сөз басы, әскер басы; кітап беті, істің беті, судың беті, жердің беті, т.б. 2. Тұрақты метафоралар – жалпы халық тілінде қолданылатын, бірақ суреттеу құралы ретінде образдылығымен ерекшеленетін ауыспалы мағыналы сөздер. Мысалы, сары алтын (бидай), қара алтын (көмір), ақ алтын (мақта), көгілдір экран (теледидар), жасыл алаң (футбол), барқыт түн, алтын күз, сөз маржаны т.б. 3. Индивидуальдық метафора. Бұл топқа сөз шеберлерінің метафора тәсілі арқылы қолданылған көпшіліктің қолданысында жоқ метафоралар енеді. Мысалы:

Жақсылық жауып,

Дүниені мынау селт етсе,

Жауыздықтардың,

Жамандықтардың барлығын,

Көрге алып кетем керексе  (М. Мақатаев)

Сыпай тұспалмен бастап, шыншыл бір тың сөздермен мұң төкті. (М. Әуезов). «Асаркөл» жолына бұрылған соң, бос жатқан даланың Шаяхмет айтқан көріністері барлық жазғы бояуларымен көз алдына төселе кетті. (Ғ. Мүсірепов).

Бұл мысалдардағы жақсылық жауып, мұң төкті, көріністері төселе кетті деген метафоралар ақын, жазушылардың жеке қолданысындағы стильдік өзгешелікті көрсететін дара суреттеу болып қала береді. Бұндай индивидуальдық метафоралар лексикалық мағына беретін сөз ретінде қаралмайды, түсіндірме сөздікке енбейді. Тек жеке реңк пайда ететін құрал болып қала береді [4, 14-17].

Метафора туралы айтқанда ескере кететін жағдай: лингвистикалық ұғымдағы метафора бар да, көркем әдебиетте, әсіресе поэтикалық тілде, жиі қолданылатын метафора бар. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты, ұқсас түрде келгенімен де, олардың бір-бірінен өзіндік айырмашылықтары да болады. Ол мынадай:

Тілдік метафора сол тілде сөйлейтін барлық адамдарға бірдей түсінікті, бәрі де қолданатын жалпы халыққа ортақ, тілдің лексикасында әбден орныққан мағына. Мысалы, сөз төркіні, ойға шомылу, сөз тегі т.б. мұнда бейнелеу, көркемдеу мақсаты солғын болады.

Көркем әдебиетте анығырақ айтқанда, жеке ақын-жазушылардың шығармаларында қолданылатын поэтикалық метафоралар жалпы халықтық тілде қолданылатын метафоралардан көбіне өзгешелеу болып келеді. Ол әр жазушының өзіндік шеберлігіне байланысты болады. Олардың әр сөзді өзінше жаратып қолдануына байланысты. Оның мәні тек контекст арқылы ғана түсініледі. Ондай сөздердің стилистикалық метафоралық көркем образды мәні күшті болады.

Метафораның тілдік болмысын, мән-маңызын, пайда болуы мен тілдегі қызметін, жалпы метафора құбылысының таңғажайып сырын анықтау үшін метафора түрлерінің ішінде индивидуалды-авторлық және концептуалдық метафораларға айрықша көңіл бөліп, жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Өйткені аталған метафоралар түрлері тілде толассыз, үздіксіз туындап отырады, және де олар ең алдымен ой-танымды бейнелеу, ұғымды атаумен тікелей байланысты. Бұл метафоралар семантикалық дамуға бейім болады. Поэтикалық, индивидуалды-авторлық метафоралардың мән-мағынасы, қолданылу ерекшелігі, қызметін зерттеу – олардың тек ойға бейнелілік, көркемдік бермейтінін, ең бастысы, ақын, жазушының ой-танымын көрсету, айқын, анық жеткізу құралы екенін байқатады.

Көркем сөз шеберлерінің шығармалары тіліндегі метафораның қолданылу ерекшелігін зерттеу арқылы метафоралар заман, қоғам, орта өзгерісі, дамуына байланысты түрленіп көркемдігі артқандығын, күрделеніп дамығандығын көруге болады. Және де қай ақын, жазушыны алсақ та оның метафоралары жеке өзіндік дүниетанымы, көзқарасы, сезімін танытумен қатар, бүкіл бір ұлттың таным, ойлау ерекшелігі, бояу-бедерін көрсетіп, ұлттық таным аясында болатындығын байқатады.

Бірте-бірте кейбір индивидуалды-авторлы метафоралар жиі, жаппай қолданысқа түсіп, дәстүрлі метафораларға айналады, кейбірі фразеологизмдердің, мақал-мәтелдердің жасалуына негіз болады. Ал концептуалдық метафоралардың көпшілігі ғылыми терминдерді қалыптастырады [3, 90].

Метафора ғылым тілінде бейнелілік немесе таза экспрессивтілік қызмет атқармайды, ең алдымен когнитивті (интерпретация, түсіндіру, вербалдану), концептуалдық (танымдық) қызмет атқарады. Жалпы айтқанда, ғылыми танымда метафора неізінен номинативті, болжамдық, түсіндірмелік, информативтік, жинақтау қызметтерін атқарады. сондай-ақ кей жағдайларда қажеттілігіне қарай көркемдік, бейнелілік қызметтері де көрініс тауып отырады. Метафора ғылым тілінде тек ғылыми қызметтер, ал поэзияда тек поэтикалық қызмет атқарады деп есептеу дұрыс емес. Тілдік қызметтің кез келген саласында сетафора барлық қызметтерінде қолданылады. Мысалы, ғылым тілінде танымдық қызметі басым болса, қалған қызметтері мен қасиеттері көмекші қызмет атқаруы мүмкін. Ғылым тілінде метафора, ең алдымен, таным қажеттілігін өтейді, болжамдық, жаңа білімді таныстыру мен түсіндіру қызметтерін жүзеге асырады.

Концептуалдық метафора – адам танымында аналогия, ассоциация сияқты ойлау процесі заңдылықтарының нәтижесінде туындаған деректі, дерексіз ұғымдардың атауы, жаңа лексикалық мағына.

Концептуалды метафораның атайтын арнайы саласымен бірге қызмет ететін аумағы бар. Ол ғылыми, публицистикалық, тұрмыстық аумақта заттық, заттық емес болмыстарды бейнелейді.

Концептуалды метафоралар тек ғылым тілінде ғана емес, көркем әдебиетте, публицистикада жиі қолданылып келеді. Концептуалдық метафора көркем әдебиет пен публицистика стиліндегі қолданысында дерексіз ұғымдарды атап, танымдық қызмет атқарады, олардың бұл стильдерде көбіне бейнелілігі болады.

Сонымен, концептуалдық метафоралардың алуан түрлі ғылым тіліндегі қолданысын зерттеу – тілге байланысты адам санасының қоғамдық құбылыс ретінде қалыптасқандығын, сана әрдайым белгілі бір тілдік негізде өмір сүріп, дамитындығын тағы бір қырынан дәлелдей түседі [3,115].

Қорыта айтатын болсақ, тілде бір ерекше танымдық қасиеті бар құбылысты метафора деп атаймыз. Тілдің метафоралық дамуы шексіз мүмкіндіктерге ие. Тіл үнемді және өнімді жол – метафоралану арқылы дамиды. Әрбір ашылған жаңалық тілдің қорларын кеңейтіп, оны жаңа метафоралармен байытады. Тілдегі сан алуан метафоралық қолданыстар бұрын байқалмаған жаңа семантикалық қабаттар ашады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.   Белбаева М. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы. ‒ Алматы. Мектеп.  1976. ‒115 б.

2.   Аристотель. Об искусстве поэзий.  -М, 1957.  – 183 с.

3.   Сыбанбаева А. Метафораның тілдік қолданысы және концептуалды метафоралар. Көмекші оқу құралы. ‒ Алматы: Қазақ университеті, 2002 . ‒ 161 б.

4.   Айғабылұлы А. Қазақ тілінің лексикологиясы. Оқу құралы. ‒ Алматы: Дәуір-Кітап баспасы, 2013.  ‒ 104 б.