Сатыбалды С.
Академик Е.А.Букетов
ат.КарМУ студенті,
Қарағанды
Мажитаева Ш.
ф.ғ.д., профессор
КӨРКЕМ
ТУЫНДЫЛАРДАҒЫ ЖЕРГIЛIКТI ҚОЛДАНЫСТАР
Бұл
мақалада белгілі жазушы Қ. Ысқақ шығармаларында
кездесетін диалектизмдер қарастырылды. Жазушының екі шығармалар
жинағынан 20-дан астам диалект сөз терілді. «Қазақ
тілінің диалектологиялық сөздігін» пайдалана отырып олардың
мағыналары ашылып, талдауға түсті.
Қай
тілдің болмасын құрамында дәстүрлі норма болып
қалыптасқан, жалпыхалықтық деңгейде
қолданылатын, баршаға ұғынықты әдеби сөздермен
қатар түрлі өңірде жергілікті ерекшеліктер деп аталатын
диалектизмдер кездеседі [1,9]. Диалектизмдер, негізінен, әдеби тіл
лексикасына жат сөздер. Диалектизмдердің көркем әдебиетте атқаратын стильдік
қызметі кейіпкерлер тілінде қолданылып, шығарманың
тілдік бояуын (колоритін) күшейтумен байланысты. Кейбір жазушылар
сипаттап отырған кейіпкері айтатын сөздерде диалектизмдерді
әдейі қолданады. Бұл – жазушының кейіпкерін неғұрлым
нанымды, жан-жақты сипаттауына мүмкіндік береді [2, 153].
Ғалым
Р.Сыздық көркем прозада
диалектизмдерге стильдік статус беріп, оны орнымен жұмсау тәсілі
бірден бой көрсетпегендігін айта келіп, диалектизмдерді көркем
прозада алғаш рет әдейі жұмсаған Мұхтар
Әуезов деген тұжырым жасайды [3,197].
Біз Қ.
Ысқақ шығармаларында кездесетін диалектизмдерді мынадай топтарға бөліп
қарастырдық:
1.Үй-жай, баспана
және ыдыс-аяқ атауларына байланысты диалектілер
Тырс-тырс етіп итарқаның әр жерінен
тамшы өте бастапты (Қ.Ы., 2003, 44-б.). Осы сөйлемдегі итарқа деген сөз Шығыс
Қазақстан облысының Аягөз ауданында қолданылады.
Әдеби тілдегі мағынасы екі
керегенің басын қоса салып, киіз жаба салатын
көшіп-қонуға жеңіл баспана түрі [1, 321].
Толтыра
құйылған көк ала кәрлен
кесені Назым жол ортадан іліп алып, Қажымұраттың алдына жәйлап
қана жеткізіп салды (Қ.Ы.,
2003, 137). Кәрлен кесе ‒ әдемі әшекейленген гүлді, сырлы кесе. Бұл сөзді Шығыс Қазақстан
облысының Абай ауданының және Қарағанды
облысының, сонымен қатар, Ағадыр ауданының
тұрғындары қолданады. Кей сөйленістерде кәрден кесе деп те
қолданады. Оның мағынасы да осы сөзге жуық.
Кәрден кесе ‒ сапалы шыныдан істелген үлкен шыны аяқ. Бұл Қарағанды облысы және Ұлытау ауданы
аймақтарында қолданылады. Ал қазақ тілінің
түсіндірмелі сөздігінде кәрден
‒ фарфордың тазасы деп берілген. Ол сөздің кесеге байланысты
қолданылуы кесенің фарфордан жасалғандығынан болса
керек.
2. Киім-кешек, мата
атуларына қатысты диалектілер
Оның үстіне
жарғақ шалбары
құрғыр адымымды ашуым мұң екен,
қаудыр-қаудыр етіп бүкіл класты басына көтергені (Қ.Ы.,2003, 20). Мұндағы
жарғақ сөзінің бірнеше мағынасы бар. 1. Құлын терісінен жасалған
киім. Бұл мағынасында Павлодар облысының, Ертіс
ауданының, бұрынғы Көкшетау облысының
тұрғындары және Моңғолия (МХР)
тұрғындары қолданады. 2. Қойдың,
ешкінің терісінен илеп рауғашқа бояп өрнектеп
жасаған киім. Бұл мағынасында Моңғолия (МХР)
тұрғындары қолданады. 3. Жұқа
теріден жасалған ыдыс.
Бұл мағынасында Алматы облысының және Жамбыл
облысының тұрғындары қолданады. 4. Насыбай салатын теріден тігілген ыдыс. Бұл мағынасында
Ақтөбе облысының және Қарабұлақ
ауданының тұрғындары қолданады. 5. Насыбай салатын құты, ыдыс. Бұл мағынасында
Ауғанстан және Иран тұрғындары қолданады. Ал
қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігіндегі
мағыналарына келсек: 1. Жүнін
тақырлап қырып тастаған, илеп, өңделген тері. 2.
Түгін сыртына қаратып тіккен сырт киім. 3. Қамырды илейтін не
орап қоятын түгі қырылған жұқа ешкі терісі.
4. Құлақты сыртқы әсерден қорғайтын жұқа,
тербелмелі қабыршақ. 5. Еті арыған, арық, қатпа.
3.Құрал-сайманға
байланысты сөздер
Дастархан жиылып,
Қажымұрат қонақ кәдесін жасағанша
Әлмұрат не кете алмай, не қонарын білмей, аула ішінде
сандалып біраз жүріп қалды; шашылып жатқан отын
жаңқасын жинады, бұзаудың мойынтұрығы, қозы-лақтың көгені сияқты
ұсақ-түйекті тергіштеп, баспаның астына апарып ілді (Қ.Ы.,2003, 55). Мойынтұрық ‒ жарма,
өгіз қамыт деген мағынасында
Шығыс Қазақстан облысының, Күршім
ауданының, Алматы облысының және де Кеген ауданының
тұрғындары қолданады. Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінде арба,
шана, соқа тартатын өгіздердің мойнына салатын арнаулы
ағаш құрал. Негізгі құрылымы мойын және
тұрық (Тұрық ‒
бір нәрсенің горизонталь қалпындағы
ұзындығы) деген сөздердің бірігуінен жасалған.
Ал көген сөзі диалектілік мағынасында қой
деген мағына береді. Ол сөзді осы мағынасында Алматы, Жамбыл
облыстарында қолданылады. Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінде қой,
қозы-лақтарды мойындарынан тізбектеп, желі арқанға
қатарлап байлайтын бұршақтар (бір ұшы ілмекті, бір
ұшы түйілген бау жіптер) тізбегі. Қысқа жіптер тағылған, ұшы түйілген
ұзын арқан. Негізі
сөйлемде осы соңғы мағынасында қолданылған.
Алдымен жарманың занозкаларын суырып,
өгіздерді босатып еді (Қ.Ы.,
2003, 145). Қазақ диалектологиялық сөздігінде жарма
сөзінің мынадай мағыналары берілген: 1. Жүгеріні ірілеу жарып істеген сұйық тамақ.
Бұл мағынасында Қарақалпақстан елінің
тұрғындары қолданады. 2. Үлкен
арық. Бұл мағынасында Оңтүстік
Қазақстан облысының, Қызылқұм
ауданының, Қызылорда облысының, Жалағаш ауданының
және Арал қаласының, Қостанай облысының, Жангелді
ауданының, Қарақалпақстан елінің және
Ақтөбе облысының, Ырғыз ауданының
тұрғындары қолданады. 3. Мойынтұрық,
арба, шана, соқа тартатын өгіздердің мойнына салатын арнаулы
ағаш құрал.
Бұл мағынасында Қарағанды облысының, Ағадыр
ауданының, Ақмола облысының, Зеренді ауданының,
Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уалиханов
ауданының, Ресей және Омбы қаласының
тұрғындары қолданады. Біздіңше, автор бұл
сөзді үшінші мағынасында қолданған сияқты.
4. Жер бедері, оның
ерекшелігіне қатысты диалектілер
Шаңырақ
мүйіз қос өгіздің сеңмен бірге жылымға жұтылып кеткенін де
көрген жоқ (Қ.Ы.,
2003, 145). Мұндағы жылым сөзінің көптеген
мағынасы бар: Жылым ‒ I. 1. Теңізге салатын ұзындығы
1000, көлденеңі 500 метрдей үлкен ау. Бұл
мағынасында Қызылорда облысының Арал ауданының,
Қармақшы ауданының, Сырдария ауданының, Шиелі
ауданының және Қарақалпақстан елінің
тұрғындары қолданады. 2. Балық
аулайтын кішкене ау. Бұл мағынасында Ақтөбе
облысының, Ырғыз ауданының, бұрынғы Торғай
облысының, Жангелді ауданының және Амангелді ауданының
тұрғындары қолданады. II. 1. Көлдің, өзеннің қыста, қатты
суықтарда қатпай тұрған жері. Бұл
мағынасында бұрынғы Торғай облысының және
де Ырғыз ауданының тұрғындары қолданады. 2. Жылымшылап ағатын судың басы,
көзі. Бұл мағынасында Ақтөбе облысының
және Байғанин ауданының тұрғындары
қолданады. 3.Бұлақ суы
ағып жатқан жер.
Бұл мағынасында Атырау облысының және де
Маңғыстау ауданының тұрғындары қолданады.
Бес көлікті
бір-біріне тіркеп, емін-еркін қоя беріп, кіре соңынан
салақтаған Қажымұрат қар жаумақ түн
қан жауса асығар емес, ара-тұра танауы
қайқиған керзі бәтеңкесін торс-торс тепкілеп
қойып бейғам аяңдап келеді; кемері биік кіре жол енді қайда салсаң да адастырмай
ауылға апаратытын біледі, ізіне түскен қуғыншы,
аптығып жеткенде алдынан шығар күтіп отырған адамы
жоқ, шөп шанада, көлік жолда, көңілі тоқ
сияқты (Қ.Ы.,2003,
98). Мұнда қолданылған кемер сөзінің
қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде екі
мағынасы бар. Кемер ‒ 1. Күміс белбеу, жағалы
киімдердің сыртынан буынатын, өрнек-нақышпен бедерленген
әсем, жалпақ, былғары белбеу. Бұл мағынасында
Атырау облысының Маңғыстау ауданының,
Түрікменстанның Ашхабад қаласының, Красноводск
облысының, сонымен қатар, Ташауыз облысының
тұрғындары қолданады. 2. Жарқабақ,
бір нәрсенің жақтауы,
жиегі. Бұл мағынасында Қостанай облысының
және де Тобыл ауданының тұрғындары қолданады.
Сөйлемдегі мағынасында осы екінші мағынасында
қолданған. Яғни жарқабақ, жолдың жиегі.
5.Аспан әлемі, ауа
райына байланысты диалектілер
Қыр басы желемік екен, біраз бой жазған
соң екеуі бөктердегі томпайып-томпайып отырған шошақ
маялардың ығырына келді (Қ.Ы.,2003,139). Желемік ‒
қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде жел деген мағынаны білдіреді.
Бұл сөзді Ақтөбе облысының және Ырғыз
ауданының тұрғындары қолданады.
Соңғы кезде көшкіге кеткен адам шығыны
да бар; міндеттемеден құтылып, арқа-бас кеңіген
соң, қамбадағы артық астықты кейін де жеткізіп
береміз деген Зылиханың ақылына көніп: қой, тілсіз жауға
ерлік жүрмейді, басымды тіге бермейінші деп еді (Қ.Ы.,2003, 140). Бұл жердегі көшкі
сөзінің диалектологиялық сөздікте берілген төрт
мағынасы берілген. 1. Ауға
байланатын тас. Шығыс
Қазақстан облысының және Зайсан ауданының
тұрғындары қолданатын жергілікті сөз болып табылады. 2.
Тау басынан ылдиға қарай
құлаған қар, көшкін. Бұл
мағынасында Шығыс Қазақстан облысы, сонымен қатар
Большенарым ауданы мен Қатонқарағай аудандарының
тұрғындары қолданады. 3. Киіз
үйдің іші-сыртын қаптауға арналып тігілген жалаң
қабат үй жапқыш (көбіне ақ матадан болады).
Бұл мағынасында Моңғол Халық Республикасы (МХР)
қолданады. 4. Терезе
шымылдық, терезе перде. Бұл мағынасында да
Моңғол Халық Республикасы (МХР) қолданады. 5. Кемені тоқтаған жеріне
тұрғызу үшін суға түсірілетін шынжырмен бекітулі
темір білік. Бұл
мағынада Қызылорда облысының Арал қаласының
тұрғындары қолданады. Бұл сөз орыс тіліндегі: кошка ‒
небольшой якорь (спец)
сөзінің жергілікті жерде қолданылуына қарай
қалыптасқан түрі. Сөйлемдегі мағынасына келер
болсақ, автор сөйлемде екінші мағынасында
қолданған, яғни тау басынан ылдиға қарай
құлаған қар, көшкін мағынасында.
6. Мамандыққа
байланысты кәсіби сөздердің қолданылуы
Күйек төлі
басталғаннан бері бар-жоғы екі отар қойдың азабы да
көбейіп кетті; ертеңгілік екі-үштен сақманшыны ертіп апарып малшыларға табыс етті де,
күйлісі болса қозы аяқтанған соң қой сауып,
брынза жасап беріңдер деп тапсырған еді (Қ.Ы., 2003, 161). Мұндағы сақман
сөзінің түбірі сақман
қой, ешкі төлі деген мағына береді [1, 567]. Бұл
сөзді Жамбыл облысының, Шу ауданының және де Мерке
ауданының тұрғындары қолданады. Ал қазақ
тілінің түсіндірмелі сөздігінде сақпан деп берілген
және сақпан сөзінің екі мағынасы берілген. 1. Төл алу кезіндегі
қойшылардың жәрдемшісі болса, 2. Көнерген мағынасында тас атуға арналған
ойыншық құрал [1, 700]. Бұл сөйлемде
автордың қай мағынада қолданғаны айдан
анық. Және қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде сақпаншы деген сөздің мағынасы осы
сөзге сәйкес келеді. Сақпаншы ‒ жаңа туған қозы-лақты
бағып-қағушы адам.
Сонымен жазушы диалектілік сипаттағы әр түрлі
сөздерді шығармада өз орнымен қолданылғанын
көреміз. Бұл да жазушының, яғни Қалихан
Ысқақтың сөз қолданудағы өзіндік
ерекшелігі, шеберлігі болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Айтбайұлы Ө., Әбдірахманов С. Қазақ
тілінің диалектологиялық сөздігі. – Алматы: Арыс баспасы,
2007. – 800 б.
2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі
қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.
Оқулық. ‒ Алматы, 242 б.
3. Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы: Санат, 1997.
Көркем әдебиет:
1.Ысқақ
Қ. Қоңыр күз еді. ‒
Алматы: Атамұра, 2003.
2.Ысқақ
Қ. Күреңсе. ‒ Алматы:
Сөздік-Словарь, 2001.