Абдыхалықов Ұлан Қадырбекович

Шет тілдер және іскерлік карьера

 университетінің деканы, т.ғ.к., профессор,

 ХАА академигі

 

Ислам дінінің қазақ жерлерінде таралуы және ислам құндылықтары

 

Басқа да барлық дүниежүзілік діндер сияқты Ислам дінінің де өзіндік ұзақ тарихы бар. Ол тарих дүниежүзілік әлем тарихымен ұштасып, жұптасып, шымдасып жатады. Бірақ, Ислам дінінің шығу дәуіріне, уақыт талабына, таралуына оны ұстанған халықтардың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына байланысты, психологиясына, көңіл-күйіне қарай өзіндік ерекшеліктерінің бар екенін аңғарғанымыз жөн.

Сондай мәселелердің бірі Ислам дінінің қазақ жеріне таралуы жайлы. Ислам дінінің қазақтар арасында тарауы туралы мәселеге әртүрлі пікірлер бар. Бұл мәселеге олар әрқайсысы өз позициясымен келгендігін аңғарамыз. Кейбір авторлар ислам дінін Қазақстанға араб басқыншыларымен келген десе, ал екінші бір авторлар, қазақтар көшпелі халық болған, сондықтан ислам дінінің таралуы дәрежесін зерттеу өте қиын дейді.

Шын мәнінде Ислам діні қазақ жеріне тек уақыты жағынан емес, сонымен қатар территориясы жағынан да ақырын енді. Бұл ұзақ уақытқа созылған үдерістің әр кезеңінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ислам діні мен оның құндылықтарын қазақ жеріне тарату үрдісінің негізгі субъектілері өзгеріп отырды. Ислам діні – адамзат тарихындағы VII-ғасырдың ортасында пайда болған дін. Басты қағидасы – бүкіл әлемді жаратқан бір Алла және оның жердегі жалғыз елшісі Мұхаммед Пайғамбарға бас ию. Негізгі әдет-ғұрыпы: бес уақыт намаз оқу, Аллаға құлшылық ету, өзін құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті деп сезінуі.

Ислам діні пайда болып, араб-мұсылман мәдениеті қарқынды даму дәуірінде түріктер бастапқыда Батыс Түрік қағандығы, Түргеш, Қарлұқ қағандықтары, ал кейіннен Қарахан мемлекетіне біріккен болатын. Түргештер заманында арабтар мен түріктер арасында байланыстар болғанымен, араб-түрік мәдени байланыстары қарлұқтар дәуірінде гүлденді деуге болады.

Бір орталықтандырылған мемлекет құрылып, ислам діні қалыптасқаннан кейін арабтар ислам дінін тарату мақсатында аз уақытта Иран, Сирия, Палестина, Египет, Ирак жерлеріне басып кірді. Орта Азияның оңтүстік аумағына енді.

Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны соғыссыз алды, 714 жылы Шашты алды. Бұхара мен Самарқанд, Отырар мен Хорезм өлкесі де исламды қабылдады.

751 жылы Атлах қаласы түбінде болған ұрыста қарлұқтар арабтар мен бірлесіп, қытай әскерлерін жеңіп шығады. Арабтардың келуімен бірге Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам діні кеңінен тарай бастады.

Х-ХІ ғасырларда қала мәдениетінің дамуында ислам маңызды роль атқарды. Х ғасырдың басында Қарахандар әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан ислам дінін қабылдады. Ал, оның баласы Мұса хан 960 жылы исламды Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады.

Ибн Хаукальдың келтірген дерегіне сүйенсек мұсылман дінін қабылдаған түріктер Шаш пен Фарабтың арасында көшіп жүрген. Археологиялық зерттеу жұмыстары ІХ-ХІІ ғасырлардағы қалаларда ислам дінін кең тарағанын дәлелдей түседі. Сонымен қатар ислам діні біртіндеп көшпелілер арасына ықпалын жая бастады.

Осы жерде тағы да бір ескеретін жайт, исламның қандай жолмен осы аймақта таралуы туралы мәселе.

Исламтанушы Н.Нұртазина: «Қазіргі Қазақстан жерін мекендеген, кейіннен қазақ халқын құраған тайпаларды арабтар жаулап алды ма? Біздіңше, жаулаған жоқ», - дейді. Қазақстанның басқа аймағын айтпағанда, тіпті Оңтүстік облыстары мен Жетісу жері ешқашанда халифаттың құрамына енбеген. Бірақ та, арабтар жоқ кезде, Орта Азияны мұсылман ирандықтардың саманид әулеті билеп тұрған ІХ ғасырда қазіргі Қазақтанның Оңтүстік облыстары мұсылман әлемі мен ислам дінінің ықпалына ұшырағанын көрсетеді. Парсылар мен соғдылардан айырмашылығы кейіннен қазақ халқын құраған түркі тайпалары исламды мүлдем бейбіт жолмен қабылдаған.

Тарихшы В.Бартольдтың айтуы бойынша «Бұл жерде мұсылмандар исламды қарумен таратудан бас тарта отырып, үгіт-насихаттар арқылы үлкен табыстарға қол жеткізді» .

Дін қазақ арасына сопылар, дәруіштер, қожалар арқылы, яғни миссионерлік жолмен тараған. Кейіннен медреселер, мектептер, мешіттер салу арқылы беки түскен.

Әл-Макдиси Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың Х ғасырдағы қалаларында мешіттердің көптеп салына бастағандығы туралы жазады. Бұл деректерді археологиялық қазба жұмыстары толығымен дәлелдеді. Оған мысал, Тараз, Отырар, Баласағұн, Құйрықтөбе қалаларындағы мешіт орындарының аршылуы. Сонымен қатар, мешіттер тек қалаларда ғана емес, қыстақ-кенттерде де салынған.

Ислам дінінің енуі Қазақстан халықтарының арасында адамды жерлеу дәстүріне үлкен өзгеріс әкелді. Археологиялық қазба жұмыстары адамдардың мұсылманша жерленгенін анықтаған. Адамның басын солтүстік-батысқа, яғни құбылаға қаратып жерлеген. Сонымен қатар жерленген адамның қасына ешқандай зат қойылмаған. Қазақстан жерінде зират басына мұсылманша кесене салу үрдісі де осы кезде қалыптасты.

Ислам дінінің Қазақстанда кеңінен таралуына Ташкент, Түркістан, Бұхара, Хиуа сияқты мұсылмандық орталықтардың жақындығы да үлкен әсер етті. Осы қалалардағы қожа-молдалар сауда-саттық керуендерімен еріп жүріп дінін уағыздаумен болды.

Ислам діні Қазақстан жерінен христиан, будда, зороастризм сияқты діндер мен жергілікті пұтқа табынушылық сияқты түрлі наным-сенімдерді біртіндеп ығыстырып шығара бастады. Сонымен қатар ислам діні Қазақстан жерінде ғылым мен білімнің дамуына да үлкен әсер етті. Араб жазуы қолданысқа еніп, орхон мен соғды жазуын ығыстырып шығарды.

Ислам қазақ тарихында маңызы мол атқарады және оның қазақ мәдениетіндегі орны ерекше. Әлемде әрбір ұлттық ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады. Бұл ислам құндылықтарына да байланысты. Ислам дінінің басты ерекшелігі – ол қоғамның барлық саласын, жеке адамның өмірінің көп сәттерін қамти алатындығында. Адам дүниеге келген күннен бастап мұсылмандық елдерде шарттың, рәміздің, дәстүрдің, салттар мен тәртіптің ықпалында болады. Сондықтан ислам дінінің ішкі тұтастығының мықтылығы адам мен қоғамның игілігін мақсат етуімен түсіндіріледі.

Бұл тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мынандай салмақты пікірі бар: «...еш уақытта соғыспен, қолына қару-жарақ алып, біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы болу деген болмайды мұсылманда. Сондықтан осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолымен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз».

Ислам дінінің қазақ мәдениетіндегі орны мен ерекшеліктері жөнінде көптеген еңбектер жазылған. Мәселен, солардың бірі белгілі исламтанушы Назира Нұртазина өзінің «Қазақ мәдениеті және ислам» монографиясында «...Ислам діні қазақ қоғамының, мемлекетінің, мәдениетінің идеялық, құқықтық, саяси және рухани-адамгершілік фундаменті болды. Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін біз көшпенділікпен байланыста дамыған, көне түркі мұрасы мен бүкіл адамзат тарихына пәрменді рухани фактор болып келген ұлы ислам дінінің бір-бірімен кездесіп, байланысып, сіңісуінің заңды қорытындысы, жемісі деп бағалауымыз керек»,-деген еді.

«Ислам» сөзінің араб тіліндегі мағынасы лингвистикалық тұрғыдан «мойынсыну, бағыну, амандықта, бейбітшілікте болу» дегенді білдіреді.

Ғылым мен ақпарат ғасыры деп аталған өткен жүз жылда дамыған мемлекеттердің хадқының көп бөлігі исламды өз еріктерімен қабылдаған. Олар исламның хақ дін екендігіне көз жеткізіп, оның құндылықтарын мойындаған.

Құрамы күрделі көне мәдениеттер мен діндердің өзара ықпалдасуы мен қосылуы нәтижесінде пайда болған рухани феномен.

Қазақстан мәдениетіне сипаттама бере отырып, төмендегідей ислам құндылықтарын анықтауға болады. Сонымен:

1)          Исламды бір-ақ жаратушы және бір-ақ табындырушы Аллаһ ұғымы бар ;

2)          Ислам діні адамдарға тек руханият жағынан ғана емес, дүние жағынан да мәліметтер береді, мына дүниедегі өмірдің ізгі жолдарын түсіндіреді.

3)          Ислам қағидаларының бәрі де ақылы бар адамға түсінікті һәм логикалық үндестігі сақталған. Исламда түсініксіз, зиянды, кері тартпа қағидалар мен бұйрықтар жоқ.

4)          Исламда ақсүйектік, рухбандық деген түсініктер жоқ. Аллаһ Тағала барлық пенделерін тең жаратқан. Үстемдік имандылықта, ахлақи байлықта, тақуалықта, ізгі амалдардың көптігінде. Дүние байлық пен атақтарға, шыққан тегі мен жеріне байланысты ешкім артық санамайды. Барлық мұсылмандар, ағайын. Бейбітшілік пен тыныштық исламдағы негізгі құндылықтардың бірі.

5)          Ислам дінінде зорлық-зомбылық жоқ. Ислам тазалықты иманның белгісі ретінде қабылдаған дін. Тазалық ғибадаттың басты шарты. Бұл Һәм дене тазалығы, һәм рух тазалығы. Күнделікті тұрмыстың өзінде тазалықтың сақталуы маңызды міндет болып табылады.

6)      Ислам діні- әлеуметтік әділеттілікті көздейтін дін. Ол мейірімділік пен қамқорлық діні. Адамзатқа әлсіз, бейшара жандарға қол ұшын беруді (зекет, пітір садақалары мен құрбандық шалу), оларға зиян тигізбеуді қоғамда түсінікті қалыптастыруға негіз болады. Сол арқылы қоғам мүшелері арасында мейірбан болу құндылықтарын насихаттайды.

7)      Ислам діні ғылым, білім үйренуді, адал жолмен күн көру мақсатында жұмыс істеп, еңбектенуді, табыс табуды құлшылық деп санайды. Ислам еңбек сүйгіштік арқылы тағы бір басты құндылық – сабырлылықты алға тартады.

8)             Ислам дінінің үгіт-насихатында зорлау, күш қолдану сияқты іс-әрекеттерге орын жоқ. Қайырымдылық пен ізгілік құндылығы исламдағы басты мәселелердің бірі.                Аталған құндылықтарды біліп, логикалық тұрғыда саралау жалпы алғанда адамның жетілуіне, кемелденуіне, үйлесімді өмір сүруіне қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениетіндегі ислам құндылықтарының орынын анықтағанда, дәстүрлі қоғамның құрылымының ғасырлар бойы негізін сақтап келген, халық мұраларының тарихи процесінде жоғалып кетпеуіне себепші болған күш – адамгершілік принциптеріне негізделген руханилық болғандығын басты ұстам ретінде қарастыру қажет.

Ислам - кемел дін. Ол адамның ойлау қабілетін, ақылын, иманын, адам абыройын, жанұя мен қоғамды сақтап, әлеуметтік әділеттілікті көздейтін дін.

 

Әдебиеттер:

1.      В.В.Бартольд. Сочинения (В 9-томах) т.2. ч.1., с.39.

2.      М.Ж.Бұлұтай. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды. – Алматы, 2000.

3.      Е.Т.Қартабаева. Мұсылман мәдениеті. Автореферат. А., 2002.

4.      М.Қашқари. Түбі бір түркі елі. (Диуани Лұғат ат-түрік) Аударғандар Қ.Бекетаев, Ә.Ибатов – Алматы, 1993.