Утегенова К.А.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
Мемлекеттік Университеті, э.ғ.к.
Шамшат А.Ш.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің
магистранты
Аймақтың
тұрақты дамуында өзен су ресурстарын тиімді пайдалану
бағыттары
Соңғы жылдары әлемдегі су проблемаларының өршуіне
байланысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету
мәселелері ұлттық қауіпсіздік проблемалары шегінде
қарастырылады. Қазақстанды сумен қамтамасыз ету
проблемасының өзектілігі бар су ресурстарының
шектеулілігімен, оларды аумақ бойынша әркелкі бөлумен,
уақыт шегіндегі елеулі өзгеріспен, трансшекаралық
өзендер сулары ластануының жоғары деңгейімен
сипатталады.
Трансшекаралық сулар мәселелері бойынша халықаралық
бірлескен жұмыстарды атқаруды реттейтін
құқықтық-келісімдік база сонау тоқсаныншы жылдары
қабылданған құжаттармен бекітілген болатын. Ол
құжаттар бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды.
Өйткені, соңғы он жылда көптеген кешенді
трансшекаралық экологиялық мәселелер жинақталып
қалды. Ғалымдардың мәліметтеріне сүйенетін
болсақ, мұзды мұхиттар жылдан-жылға таязданып келеді.
Мұхиттардан алыс жатқан Қазақстан ТМД елдері арасында
суы аз ел болып есептеледі. Біз суды Ресей, Қытай, Қырғызстан
мен Өзбекстаннан аламыз. Жасырын емес, осы елдермен екі арадағы
әр трансшекаралық өзен бойынша, бүгінге дейін белгілі
бір қиындықтар орын алып келеді. Мысалы, су көлемі
көрші ел аумағында қалыптасатындықтан Батыс
Қазақстан облысындағы табиғи су қорының 80
пайызы Ресейге тәуелді. Қазақстанның батысындағы
ең үлкен су көзі – Жайық өз бастауын
Башқұртстаннан алады. Өзге екі үлкен өзен
Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынбор аумағында жатыр.
Қараөзен мен Сарыөзен Саратов облысынан басталады.
Еліміздің шығысындағы екі ірі өзен – Ертіс пен Іле
бастауын Қытайдан алады. Ал Қытайдағы
өзен-көлдердің басым көпшілігі ластанған.
Әлемдегі су қорының 7 пайызы осы елге тиесілі. Бұл елде
қазірдің өзінде бірқатар ірі мегаполистер су
тапшылығын сезінуде. Демек, Қытай қол қусырып
қарап отырған жоқ. Қазақстанға қарай
ағатын өзендерге тосқауыл салуда. Ертіс пен Іленің суын
бұру – Қытайға сусыз жатқан Шыңжанды игеру
үшін керек. Іле бастау алатын жерге Жырынтай ГЭС-і салынған.
Яғни, Іленің бізге келетін суы азаюы мүмкін. Сондай-ақ,
Қытай Ертіс пен Іле жағалауында су қоймаларын, магистральді
каналдар салып, егістік алқаптардың көлемін арттырған
сайын, Қазақстанға келетін су көлемі кеми бастады.
Мысалы, Қытайдан келетін судың көлемі 9 млрд. текше метр
болса, осыдан бес жыл бұрынғы деректер бойынша, Қытай 1 млрд.
200 млн. текше метр суды ауыл шаруашылығына, өнеркәсібіне
пайдаланатын. Ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш 4 млрд.
текше метрге жетіп отыр. Осы қарқынмен кете берсе, Қытай
пайдаланатын су көлемі 6-7 млрд. текше метрге жетуі мүмкін.
Қазақстан су ресурстарының үлкен жетiспеушiлiгi
елдерiнiң санатына жатады. Қазiргi уақытта су объектiлерiн
тау-кен өндiру, металлургия және химия өнеркәсiбi
кәсiпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтерi
қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық
қатер төндiредi. Ертiс, Нұра, Сырдария, Iле өзендерi,
Балқаш көлi неғұрлым ластанған. Халықты
ауыз сумен қамтамасыз етудiң негiзгi көзi болып табылатын жер
асты сулары да ластануға ұшыраған. Елімізде 39 мың
өзен мен су арналары, 48 мыңдай көл бар. Сырдария төрт
мемлекетті бойлап өтетіндіктен трансшекаралық өзен болып
есептеледі. Сырдария өзенінің ұзындығы - 2337
шақырым, оның 1274 шақырымы облыс территориясынан
өтеді.
Шардара су қоймасынан жыл сайын 10,19 миллиард текше метр су
Қызылордаға бөлінетін. Қазірде трансшекаралық
өзендерді ортақ пайдалану жөнінде мемлекетаралық
келісімдер жасалған. Алайда бұл маңызды мәселеде тиісті
тәртіп қалыптаспай, жиі проблемалар туындап жататыны жасырын
жағдай емес.
Қызылорда облысы суармалы егіншілікпен күн көріп
отырған, Сырдарияның төменгі жағына орналасқан
ел. Облыста 2 млн. гектардың үстінде жер бар. Оның 200
мың гектары инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелген жер.
Бұрын оны еліміздің алтын қоры деп атайтын еді. Қазір
осы жердің жартысына жуығы батпақтанып, сорланып,
тұзданып, жабайыланып егіс айналымынан шығып қалды. 1980 жылы
облыста 1326 көл болса, қазір 320 көл ғана қалды.
Облыста 2500 шақырым магистральдық каналдар, 11900 шақырым
ішкі шаруашылық каналдары, 19200 шақырым ішкі
қашыртқылар, 24 мың ірілі-ұсақты
гидротехникалық-инженерлік құрылыстар болған.
Сырдарияға
43 қашыртқы арқылы өндіріс қалдықтары мен
мақталық жерлерді шаюдан шыққан уланған, лас
сулар келіп құяды, оның үшеуі ғана біздің
облыс аумағынан. Осы күнге дейін Сырдария өзенінің
бойында 17 су қоймалары мен тоспалары салынды. Сырдарияның
жоғарғы жағында орналасқан 5 су қоймасының
(Тоқтағұл, Әндіжан, Қайраққұн,
Шарвақ, Шардара) сыйымдылығы 33 млрд. текше метр.
«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал
теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу»
жобасының екінші кезеңінің аясында істен шыққан
барлық инженерлік жүйеге келтірілген жерлер қайта тегістеліп,
каналдар, қашыртқылар, гидротехникалық құрылыстар
алғашқы жобалық қалпына келтірілуі керек.
Сондай-ақ магистральды каналдар мен қашыртқыларды мемлекет
балансына алу, қалғандарына егелік жасау үшін су пайдалану
кооперативтері құрылу керек.
Трансшекаралық сипаттағы экологиялық
қатерлердiң алдын алу және жою үшін:
Қазақстан мен iргелес мемлекеттердiң шекаралас аудандарын
экологиялық бағалау жөнiндегi бiрлескен зерттеулер
жүргiзу; Орталық Азия мемлекеттерiнiң Хельсинки конвенциясына
қосылуы жөнiндегi Қазақстанның бастамасын
өткiзу арқылы трансшекаралық су проблемаларын шешу
қажет. Қабылданған шаралардың нәтижелерi
ықтимал трансшекаралық экологиялық қатерлердi
анықтауға, азайтуға және жоюға
жәрдемдесетiн болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Су бөлісу. АгроЖаршы.-№42 (170). 28.10.2016ж.
2.
Қазақстан
трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселесінде
өзінің ішкі саясатын да орнықты жүргізгені ләзім.
ҚазАқпарат. www.ktk.kz.