э.ғ.к. Кушенова М.Ш.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

КӘСІПОРЫН ДАМУЫНДАҒЫ ҚАРЖЫЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫҢ РОЛІ

 

Кәсіпорынның қаржылық ресурстары – бұл кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерін орындау, өндірісті кеңейту және экономикалық ынталандырумен байланысты ағымдағы жұмсалымдарды қаржыландыруға арналған шаруашылық субъектісінің иелігіндегі меншікті ақшалай табыстар мен сыртқы түсімдердің (тартылған және қарыз қаражаттары) жиынтығы.

Кәсіпорынның қаржылық ресурстарының негізгі элементтеріне мыналар жатады: жарғылық қор, амортизациялық қор, мақсатты бағыттағы арнайы қорлар, пайдаланылмаған пайда, барлық түрдегі кредиторлық қарыз, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған қорлардан алынған ресурстар және басқалары.

Қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану түсінігі ресурстардың өзге түрлері сияқты (материалдық, еңбек, табиғи) жұмсалған ресурстардың саны мен сапасын қол жеткен нәтиженің сандық және сапалық мәнімен сәйкестендіруді қажет етеді.

Қаржылық ресурстарды қалыптастыру көздерінің құрылымы, және ең бірінші кезекте меншікті қаржылық ресурстардың үлес салмағы маңызды болып табылады. Тартылған қаражаттар үлес салмағының басым болуы кәсіпорынның қаржылық қызметін коммерциялық банктер несиелері бойынша пайыздар, акциялар мен облигациялар бойынша дивидендтер төлеуге қосымша шығындармен ауырлатады және кәсіпорын балансының өтімділігін қиындатады.

Қаржылық ресурстардың көлемі мен құрылымы көп жағдайда өндіріс көлеміне және оның тиімділігіне тәуелді болады. Өндірістің үнемі өсіп отыруы және оның тиімділігінің артуы жалпы мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ кәсіпорын деңгейінде қаржылық ресурстарды ұлғайтудың негізі болып табылады.

Бөлу қатынастарының кең жүйесін қалыптастыру, табыстар мен жинақтарды қалыптастыру, қаржылық қорларды құру және пайдалану қаржылық механизіммен қамтамасыз етіледі. Қаржылық механизм – бұл кәсіпорынның қаржылық қызметі жүзеге асырылатын нысандар мен әдістердің жиынтығын білдіретін шаруашылық механизмнің құрамдас бөлігі. Қаржы механизмі қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың түрлері, нысандары мен әдістерінен және оларды сандық анықтаудың тәсілдерінен тұрады. Қаржылық қатынастар жан-жақты және жалпы экономикалық, құқықтық, басқарушылық және өзге сипаттағы көптеген факторларға тәуелді болғандықтан, қаржылық механизмнің құрылымы өте күрделі болады, және әдетте әрбір нақты кәсіпорын үшін айрықша болуы мүмкін. Алайда барлық жағдайда қаржылық механизм өзара байланысты блоктардан тұрады:

-  қаржыландыру – түрлі сипаттағы жұмсалымдарды жабу үшін қажетті ақша ресурстарымен кәсіпорынның шаруашылық қызметін қамтамасыз етуге негізделеді. Қаржыландыру меншікті және қарыз қаражаттары есебінен жүзеге асырылуы мүмкін;

-  несиелеу – мерзімділік, қайтарымдылық, төлемділік, дифференциялдық және мақсатты арналымы шарттарымен кәсіпорынға немесе кәсіпорындарға несиелер (несиелік қаржылық ресурстар) ұсыну;

- инвестициялау – қандай да бір кәсіпорынға немесе іске капитал салымы. Егер қаржыландыру кәсіпорынның ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыратын болса, онда инвестициялау кәсіпкерлік, әлеуметтік, экологиялық және өзге де жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Қаржылық ресурстар негізінен пайда есебінен (қызметтің негізгі және өзге де түрлерінен), сонымен қатар есептен шыққан мүліктерді өткізуден түскен түсім, тұрақты пассивтер, түрлі мақсатты түсімдер, еңбек ұжымы мүшелерінің пайлық және өзге де жарналары есебінен қалыптасады. Тұрақты пассивтерге жарғылық, резервтік және өзге де капитал; ұзақ мерзімді қарыздар; кәсіпорын айналымында үнемі болатын кредиторлық қарыз (есептеу және төлеу мерзімдеріндегі айырмашылыққа байланысты жалақы бойынша, бюджеттен тыс қорларға, бюджетке шегерімдер бойынша, сатып алушылармен және жеткізушілермен есеп айырысу бойынша).

Кәсіпорынның қаржылық ресурстарын пайдалану келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

-  өнім (жұмыс, қызмет) өндіру мен өткізуге ағымдағы шығындар;

-  өндірісті кеңейтумен және оны техникалық жаңартумен, материалдық емес активтерді пайдаланумен байланысты күрделі салымдарға қаражаттарды инвестициялау;

-  қаржылық ресурстарды бағалы қағаздарға инвестициялау;

-  қаржылық, банктік жүйелерге төлемдер, бюджеттен тыс қорларға жарналар;

-  түрлі ақша қорлары мен резервтерді құру;

-  қайырымдылық мақсаттар, демеушілік және т.с.с.

Қаржылық ресурстарды айтқан кезде, біз тек кәсіпорынның ақшалай капиталын ғана емес, сондай-ақ табиғи, еңбек ресурстарын, сонымен бірге өндіріс құралдарын да айтамыз. Қаржыларды ресурстар ретінде қарастыру экономикалық ресурстардың танымал «жер, еңбек, капитал» формуласына қайшы келмейді, онда қаржылар нақты көрініс тауып көрсетілмейді. Себебі капитал ретінде бұл формулада физикалық капитал болып табылатын өндірістің негізгі құралдары айтылады. Бұл ақшалай емес заттай капитал. Алайда, экономикалық ресурстың бір түрі ретіндегі физикалық капиталға қатысты оның өндіріс құралдарын сатып алуға бөлінетін ақша капиталымен тығыз байланысы бар деп айта аламыз. Ал өндіріс құралдары – бұл экономикалық ресурстар. Сондықтан оларды сатып алуға немесе жасауға жұмсалатын ақша қаражаттарын да ресурстар деп есептеу заңды болып табылады. Осыдан «қаржылық ресурстар» түсінігі шығады.

Кәсіпорынның қаржылық ресурстарын сауатты басқару кәсіпорын иелерінің ағымдағы және перспективті кезеңдегі жағдайының өсуін қамтамасыз етеді. Бұл мақсат бизнестің нарықтық құнын барынша арттыруды қамтамасыз етуде нақты сипат алады және оның иесінің соңғы қаржылық мүдделерін жүзеге асырады.

Кәсіпорынның сәтті қызметі қаржылық ресурстарды дұрыс басқарусыз мүмкін емес. Қаржылық ресурстарды ұтымды басқару қажет болатын мақсаттарды айқындау қиын емес:

- бәсекелестік күрес жағдайында фирманың өмір сүруі;

- банкроттылық пен ірі қаржылық сәтсіздіктерді болдырмау;

- бәсекелестермен күрестегі көшбасшылық;

- фирманың нарықтық құнын максимизациялау;

- фирманың экономикалық потенциалының өсімінің қол жетімді қарқындары;

- өндіріс пен өткізу көлемдерінің өсімі;

- пайданы барынша арттыру;

- шығындарды барынша азайту.

Аталмыш мақсаттардың қайсысының болса да басымдылығын кәсіпорын салаға, нарықтың аталмыш сегментіндегі жағдайға байланысты таңдалады, бірақ таңдалған мақсатқа сәтті жылжу көп жағдайда кәсіпорынның қаржылық ресурстарын басқару тиімділігіне байланысты болады. Сондықтан, кәсіпорынның маңызды мақсаты жалпы кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттыру үшін меншікті қаржылық ресурстарды ұлғайту мен оларды тиімді пайдалану резервтерін табу болып табылады.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.    Дюсембаев К.Ш. Анализ финансовой отчетности. – Алматы: Изд-во  «Экономика», 2009 – 366 с.

2.    Быкадоров В. Л. Алексеев П. Д. Финансово − экономическое состояние предприятия. − М.: ПРИОР-СТРИКС, 2007.

3.    Ковалев В.В. Финансы.- Москва: Проспект, 2003-177с.