Фольклорлық жырлардағы салттық үрдістер

 

 Колумбаева Зәуреш Ермековна

т.ғ.к.,профессор «Тұран-Астана» университеті, Астана қ.

zauresch_k@mail.ru

Райымбекова Гүлмира

магистр, Еуразия гуманитарлық институты

 

Белгілі ортаға ғана арналған, салтқа байланысты айтылатын өлеңдер бар. Оларды орындаудағы негізгі мақсат: түрлі дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды атқару барысында осы оқиғаларға қатысушылардың көзқарасын білдіру. Мысалы, ұзатылу тойында қалыңдық жар-жар өлеңі арқылы өз сезімін, ойын білдіре алады. Дәстүр бойынша, ұзатылған қалыңдық кетер алдында құрбы қыздарымен бірге туыстарын аралағанда айтылатын сыңсуда қалыңдықтың ішкі толғаныстары ашық көрініс табады. Себебі сыңсу да, жар-жар да бүкіл ел мойындаған, көпшілік қабылдаған салттың аясынан шығып кетпейді. Өзге жерде айта ламаған өкпе-назын, өкінішін қыз осы жерде жеткізе алады. Салт-дәстүр белгілі бір дәрежеде осыған ресми түрде мүмкіндік берген[1, 4].

Зерттеушінің осы пікірін дәлеледей түсетін келесі тұжырымды ғалым Ю.Г. Круглов салт өлеңдерін екі топқа бөледі, бірінші топтағы өлеңдерді салтқа тікелей қатысты, яғни өлең деп отырғанымыз салттың өзі, ол наным-сенімнен ажырамаған дейді. Бесікті аластау үшін, неке қию үшін өлеңнің айтылуы міндетті. Әрі өлеңнің айтушының көңіл-күйіне еш қатысы жоқ. Ал екінші топтағы өлеңдерді салтты атқару барысында айтуға да, айтпауға да болады. Сыңсуды айту не айтпау, қалай айту ұзатылар қыздың еркінде. Себебі мұнда адамның ішкі әлемін жайып салу, сезім иірімдерін суреттеу бар. Сол арқылы жеке адамның салтпен, тіршілікпен қарым-қатынасы ашылып жатады [2].

Әрине, Ю.Г. Круглов бұл пікірді орыс фольклорындағы салт өлеңдеріне қатысты айтып отыр. Десек те бұл ой-тұжырымның біз қарастырып отырған мәселеге, өлеңдерге жат еместігін көреміз. Өйткені қай халықтың әдет-ғұрпын алсақ та, олардың қатысы бірдей дәрежеде емес. Сондықтан да бұл пікір біз үшін мәнді. Ал өлең мен салттың ұлттық болмыс-бітімі, әрине, әр халықтың өз ғұмыр-тіршілігімен, наным-сенімімен бірге жасалатыны даусыз.

Шілдехана дәстүрі. Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той. Мұнда балаңыздың бауы берік болсын дегендей құттықтау айтылады, жастар жиналып, ән салып, домбыра тартып, өлең, жыр айтады. Шілдехана өмірге адам келгеннің және оған қуанудың белгісі. Осы тойда міндетті түрде балаға ұзақ ғұмыр тілеп, тезірек ер жетуін тілейтін баталар, өлеңдер айтылған. Яғни осы өлеңдерде дүниенің есігін ашқан балаға қуану көрініс табады:

Жан қалтама салғаным өрік болсын,

Балаңыздың ғұмыры берік болсын.

Ағалары алдында аман болып,

Едел-жедел артынан серік болсын.

Екі ауылдың ортасы мидай дала,

Осы үйде туыпты бір жас бала.

Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз,

Туысқанның үйінде шілдехана [3, 15].

Салт-дәстүрге жанама қатысы бар тұрмыс-салт өлеңдерінде адамның көңіл-күйі басымырақ байқалады дедік. Мұнда орындалып жатқан дәстүрге байланысты адамның қуанышын немесе күйінішін аңғаруға болады. Шілдехана тойында айтылатын шілдехана жырлары адамның қуанышты көңіл күйін білдіріп, осы тойға жиналған адамдардың айтуы я айтпаулары өз еркілерінде болған. Жыр мен дәстүрдің өзара жанама байланысын нақтылауға болады.

Қазақтың ескі салты бойынша, түзде өлген адамды отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына естіртуші адам айтатын сөзін, естірткелі отырған уақиғаны тұспалдап, жұмбақтап, ишаратпен, өлеңмен, кейде әртүрлі салыстырулармен хабарлаған. Мұндай өлеңдер естірту, көңіл айту, жұбату жыр түрінде айтылған. Шешендік сөз арқылы көңіл айту басы қаралы, жүрегі жаралы жандарды жақсы лебіз, жанашырлық сөзбен ойын ширатып, көзінің жасын тияды, бойына қайрат береді, қайғысын сейілтуге тырысады [4, 189].

Ақ сұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.

Көріп отырғанымыздай, қаза болған адамдарды естірту салтымен байланысты туған тұрмыс-салт жырында наным-сенім мүлде байқалмайды, бұл жерде тек адамның көңіл-күйі білдіріледі. Сол  сияқты қоштасу, жұбату, сыңсу өлеңдерінде дәл осындай үрдіс байқалады.

Қоштасудың бірнеше түрі бар екенідігі белгілі. Туған жермен қоштасу, о дүниеге кететінін сезген адамның жақындарымен қоштасуы және ұзатылып отырған қыздың елімен, ата-анасымен, балалық шағымен, құрбыларымен қоштасу. Осындағы барлық өлеңдерде адамның көңіл-күйін білдіру үшін шығарылған, сонымен қатар оларды орындау, я болмаса орындамау адамның өзіне ғана байланысты болған.

Бұған қарағанда, өлік жөнелту салтының бірнеше үлгісі қадым замандарда жақын адамын жоғалтқанды жоқтау, жұбату, көңіл айту сияқты жырларды айту міндетті болып саналған, десек те қазіргі таңда бұл үрдіс бүгінгі күнде мүлдем сақталмайды. Айтылып отырған өлеңдерде адамдардың шерлі көңілінен хабар береді. Демек бұл жырлардың бәрінің дәстүрге жанама қатысы бар.

Үйлену дәстүріне байланысты атқарылатын бірнеше салттарда тұрмыстық өлеңдер жырланады. Оларға: тойбастар, жар-жар, сыңсу, беташар, некеқияр жатады. Жалпы алғанда үйлену салт өлеңдерінің барлығында дерлік адамның ішкі әлемі бейнеленген.

Тойбастар қыз ұзату тойында да, сонымен қатар келін түсіру тойында да айтылады. Тойбастарды айтушы әдетте той иесін жиналған көптің атынан жасаған тойымен құттықтап, той иесінің қуанышын көтермелеп, жақсы тілектер тілейді.

Қыз ұзату тойында айтылатын тойбастар алдымен ұзатылғалы отырған қалыңдықтың және оның жақындарының отырған қалпын, ішкі көңіл-күйлерін суреттеп келеді де соңына таман ақын өзінің құттықтауын жеткізеді:

Үстінде төсегіңнің әкең жылар,

Алланың ақ бұйрығы осылай деп,

Алдында саба аяқтың шешең жылар

Қыз қылып әлпештеген басым ай деп.

Егіліп сен жыларсың елім ай деп,

Құрбылас ойнап-күлген теңім ай деп,

Елжіреп жүрек бауыр шешең жылар,

Ашыған тар құрсағым, белім ай деп [5, 21].

Қалыңдықтың тойында айтылатын тойбастар тек осы сарындас бір мазмұнды ғана емес, көтеріңкі көңіл-күймен де орындалады:

Бисмилла деп бұл тойды бастайық-ау,

Талапкер кісі болса, таласпай ау,

Бізден бұрын машайық көп өтіпті,

Біз де соның жолынан адаспайық ау.

Көзге түсер жігіттің өнерлісі ау,

Өлмесе, әр нәрсені көрер ксі ау.

Той қазынасы құдайдың деген сөз ау,

Соңғыға бұрынғының жөрелгісі ау [6].

Бұл сияқты көтеріңкі көңілмен айтылатын өлең қыздың қосылар қосағы көңілінен шыққан жағдайда айтылатын болған. Қыз ұзату тойында атйылатын тойбастардың негізгі мақсаты – алдымен, той жасап отырған үйді қуанышына құтты болсын айтып, көтермелеуболса, екіншіден, ұзатылғалы отырған қызға оң сапар тілеу. Ал енді келін түсірер кезде айтылатын тойбастардың өзіне тән ерекшелігі бар. Ол тек көтеріңкі, ойнақы леппен орындалады. Той бастаған ақын өлеңінде қосылған екі жасты мақтап, жарастықты айтады. Ақыры тойбастар өлеңі жақсы тілек тілеумен аяқталады.

Той бастайық, ендеше, той бастайық,

Жүйрік аттай алдында ойқастайық,

Сәрсенбінің сәтіне той жасапсыз,

Құтты болсын тойыңыз деп бастайық.

Той бастаушы ағайын, бермен қара,

Жақсы тілек айтамыз біз бір қауым,

Ерекелетіп өсірген балаңыздың

Құтты болсын қадамы, ақ отауы [7].

Тойбастар өлеңі тойды бастау салтымен байланысты орындалады, оның мазмұнында адамдардың көңіл-күйін суреттеуге, олардың көңілін көтермелеуге және тілек айтуға негізіделгенін мысалдар арқылы көрдік. Тойбастар өлеңі осыған байланысты туған дәстүрді орындау кезінде тек көңіл-күйді ғана білдіреді, сондықтан оның дәстүрге қатысы жанама болып табылады.

Тойтарқар. Қазақытң ескі дәстүрі бойынша тойтарқар жасалған. Тойтарқар қыз беріп, қыз алу салтының көп кәде, жоралары әбден аяқталып болған соң жасалады, оны аяқтау үшін той басқарып жүрген жігіт тойтарқар өлеңін айтады:

Оу, халайық, халайық,

Көп отырдық думанмен.

Үркер ауып кетіпті,

Тойтарқарға салайық.

Зерттеуші Г.Болатованың айтуынша бұл тойтарқар өлеңінің толық және бірнеше нұсқалы мәтіні болған. Бұдан бұрын ешқай ғалым тұрмыс-салт өлеңінің бұл түрі туралы ешбір дерек бермеген [8, 23]. Біз Г.Болатованың қосқан бұл мәліметіне мән бергенді жөн көрдік. Тойтарқар жыры туралы алғаш айтқан ғалым А.Байтұрсынов болғанын алғашқы тарауларда айтып өттік, тойтарқар салт жырының болғаны туралы Н.Төреқұлов та мәлімет берген: тұрмыс-салт, неке-семья тойларында тойбастарлар кейде өз алдына жеке-дара айтылмай Беташар, Жар-жармен аралас шырқалады. Оның жеке немесе аралас айтылуы сол той-тамашаны ұйымдастырып өткізушіге байланысты. Той тарқардың айтылуы, айтылмауы сол тәрізді. Шынында Тойбастар жырланған жерде тұжырым-бата тәрізді Той тарқар да айтылуы керек қой. Советтік халық поэзиясының материалдарын қарастырғанымызда Той тарқар өте аз ұшырайды. Оның бұрын-соңды үлгілері жинақталмаған. Кейбір той, мерекелерде Той тарқар айтылмай, жұрт қалай болса солай тарқай береді[9, 37-38]. Ғалым осы сөздеріне тойтарқар жырының үлгісі ретінде халық ақындарының шығармашылығында кездесетін тойтарқар мазмұнды өлеңдерді мысал еткен. Жоғарыда Г.Болатованың келтірген тойтарқар жырының үлгісінің көне түрі, халық арасында осындай үлгіде тараған көптеген тойтарқар жырлары болғаны анық. Өкінішке орай бізге жетпеген. Н.Төреқұловтың пікірін талдасақ, тойбастар мен тойтарқар салт жырлары той үстінде халыққа жағымды әсер беру үшін орындалған, оның үстіне олардың орындалуы немесе орындылмауы міндетті шарт болмаған.  Салт өлеңінің бұл түрінің ұшыраса бермеуі бұл салттың өзінің әр тойда айтыла бермегендігімен түсіндіруге болады. Яғни, тойтарқар өлеңі тойтарқар салтына жанама қатысы бар екендігін осылайша нақтылауға болады.

Бұдан шығатын қорытынды тұрмыс-салт жырларының адам тағдырымен байланысты отбасы, мұң-шер өлеңдерінің барлығында халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрлерін анық байқауымызға болады әрі олардың барлығында адманың көңіл-күйі анық байқалады, яғни дәстүрге жанама байланысты.

Үйлену тойына байланысты орындалатын дәстүрлердегі салт өлеңдері: тойбастар, беташар, жар-жар, сыңсу, қоштасу, жұбату, тойтарқар.

Отбасы ғұрпында жиі айтыла бермейтін жырлардың бірі – тақиямен қоштасу. Жар-жар айтылып болған соң, әйелдер, қыз жеңгелері қалыңдықтың басына бабалардан келе жатқан салт бойынша, ақ жаулық салады. Жаулық саларда қалыңдық оң жақтағы алаңсыз өмірінің, еркіндіктің белгісі – тақиясын шешкісі келмей қарсы алады. Ол өзінің тақиясын еркін өміріне тұсау салатын әйелдер киетін бас киімге ауыстырғысы келмейді:

Тақиямды алмашы, ақ жаулықты салмашы,

Айналайын, жеңеше-ау, обалыма қалмашы, - [10]

деп, жеңгесіне жалынады. Тақиямен қоштасу сыңсу өлеңіне ұқсас. Мұнда да қыз тағдырына көнгісі келмейтіндігін, тілегімен санаспай ерікісіз ұзатып отырған әкесіне өкпелі екендігін зарлы өлеңмен сыртқа шығарған. Әйел бас киімін кигізуші жеңгесі болғандықтан, өлең соған қаратылып айтылған:

Тақиямды алмашы,

Басымы шәлі салмашы,

Тақиям ауыр деуші едім,

Одан да ауыр шәлі арттым.

Бозторғай неге болмадым,

Босағама қонбадым.

Аямаған жан әкем,

Қасыңа серік болмадым [10].

Тақиямен бірге құтты орыны – төрімен де қош айтысатын ұзатылар қыз жанымен сезген. Қыз баланы өз үйінде ренжітпей, еркелетіп, сыйлап-құрметтеген халқымызда ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша оң жақта отырған қыздың орны төр болып есептелген.

Қыз ұзату тойында орындалатын өлеңдердің бірі – сыңсу және қоштасу. Бұл өлеңді ұзатылғалы отырған қыз жақын туыстарымен қоштасу үшін, үй-үйді аралайды. Әр аралаған үйде оны құрметтеп дәм беріп, осы кезде өнерлі ақынжанды бойжеткендер қоштасу өлеңдерін айтатын болған. Онда елімен, бабалық шағымен, ата-анасымен, бауырларымен, құрбыларымен қош айтысу мотиві орын алады. Осындай көпшілікке кеңінен тараған қоштасу жырларының тамаша үлгілері халық жадында сақталып қалған. Алайда, этнограф зерттеуші Халел Арғынбаев Қазақтың отбасылық дәстүрлері атты еңбегінде келесі пікірге орын берген.

Кіретін үйлердің саны мен қай үйде қанша кідіретін мерзімді бастаушы жеңгелері белгілейді. Түс кезінде кіретін үйге қозы сойғызып, біраз тыныс алады. Түстен кейін тағы да жеделдетіп әр үйге кіріп, тізе бүгіп, дәм татып, қош атйсып шыға береді де, кешке қарай өз үйіне оралады [11, 157].

Бұл пікірден, түсінетініміз; қоштасу салтын орындау кезінде қоштасу немесе сыңсу өлеңін орындаудың міндеті жоқ. Оны тек ақын қыздар ғана айтатын болған, қоштасу немесе сыңсуды тек қара сөзбен қоштасып айтылатын да болған. Сонымен қатар өлеңнің мазмұнында қыздың мұңы, көңіл-күйі анық байқалады. Онда қыз тағдырының оңай еместігі, жат жұрттық тағдырға мойынсыну сияқты мәселелер аңғарылады. Яғни, аталып отырған сыңсу, қоштасу өлеңдері дәстүрге жанама түрде қатысты.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Болатова Г. Салт жырларындағы тәрбиелік үрдістер. - Алматы: Рауан, 1997, - 127 б.

2. Курглов Ю. русские обрядовые песни. - Москва, 1989, - с. 8.

3. Төлеутаев Қ. Балқаш өңірінің әндері. - Алматы, -1989.

4. Қазақ халық әдебиеті. - Алматы: Рауан, 1989.

5. Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті // Шығармалары. - Алматы, 1964,- 158 б.

6. ҚазМУ-дың 1984 ж. фольклорлық экспедициясы материалдарынан.

7. Төлеутаев Қ. Балқаш өңірінің әндері. - Алматы, -1989.

8. Болатова Г. Салт жырларындағы тәрбиелік үрдістер. - Алматы: Рауан, 1997, - 127 б.

9. Төреқұлов Н. Қазақ совет халық поэзиясының жанрлық ерекшеліктері. - Алматы, 1979.

10. Ақ сандық, көк сандық. - Алматы, 1999, - 30 б.

11. Арғынбаев Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. - Алматы: Қайнар, - 2005.