С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті

«Психологиялық және коррекциялық педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Б.Ү.Матаева

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-ші курс
 студенті Тұрсынбаева А.Н

 

 

Бүгінгі қыз-ертеңгі жар

   Қыз- аяулы жар, болашақ ана. Қыз ұрпақ қана емес, ұлт тағдырында да үлкен рөл атқарады. Яғны, қыз- бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуші абзал жан. Өкінішке қарай, кейбір қыздарымыздың бір қолынан темекі, бір қолынан ішімдік көреміз. Сол әдемі гүлдеріміздің бір қатары арамшөпке айналып бара жатқандай.
Ұлтымыз қыз баланың ізеттілігі мен мәдениеттілігін — сыртқы бет-пішіні мен киім киісіне қарап бағалаған. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналардың сөзі бар. Сол себепті, қызы тәрбиелі елдің болашағы зор болмақ. Өйткені, ұлттың болашағы қыздың құрсағынан басталады.
  «Қыз – халықтың гүлі, өлең – сауықтың гүлі» демекші, қыз бала тек сұлулығымен емес, бойына біткен мейірімділік, нәзіктік сияқты қасиеттерімен де көрікті. Қазақ халқы қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, аялап өсірген. Нарықтық заманның талабы өзгерсе де, бойындағы ұяңдық нұрын сөндірмей, қазақ қызына тән болмысын бұзбай жүргендер де жетерлік. Алайда, бес саусақтың бірдей болмайтынындай, «арзан» алтынға қымбат қасиеттерін алмастыруға дайын қыздарымыз да жоқ емес. Қыздар өз арасындағы кикілжіңді шешу үшін қара күш пен төбелеске құмарланып барады. Сұлу сымбаты бола тұра, күшке жүгінудің қыздарға жараспайтыны айдан анық. Мейірімділік пен жақсылық үшін жаралған қыздардың кейбірінен бұл қасиеттің кетіп, зұлымдық пен қорлауға бой алдырғаны. Бұл төбелестерде, әсіресе, қатыгездіктің белең алатыны рас. Қарғыстың жаманы «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ғой. Орынсыз киiну, орынсыз жүрiс-тұрыс әйел затының әйелдiк, нәзiктiк, сыпайылық көркiне нұқсан келтiретiн қылық екенiн естен шығаруға болмайды.
   Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертенгі еріне адал жар, балаларының анасы. Олардың бойында имандылық, тәрбие болғаны қажет. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз. Қыз өсіру, гүл өсірумен бірдей. Гүлге де әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арамшөптерден тазалап отырадығой. Қыз да сондай.
  Бүгінгі қыз- ертенгі жар, болашақ ана, отбасының ұйытқысы болар жандар өз болмысын қатаң қадағалап, өзін-өзі жарасымды тәрбиеге баули білуі керек. Кейде бір бетпақ қыздар өз тәрбиесін , мінезін тыймай, маған лайық бір ынжық, айтқаныма көніп, айдауыма жүретін кісі табылар деп көкитіні де бар. Олар қоғамға,  ұрпағына, еріне, елімізге де жоғарыда аталғандай теріс әсер беріп қана қоймай, ерін де азапқа салады.
   Бойжеткеннің қандай күйеуге шығуы осы заманда көбінесе өзіне байланысты: оның өзі ұнатқан адамына тұрмысқа шығуына мүмкіндік болмаса да, өзіне ұнамаған адамға ешкімде зорлап күйеуге бере алмайды. Мұндайда күйеу баланы болашақта түзеледі деп ойлап, оны «қайта тәрбиелеуге» үміттенудің жөні жоқ. Көп жағдайда шектен тыс сенгіштік те осыған әкеп соғады: әдетте бойжеткен үйлену соңынан «түзеліп» кетеді. Мысалы, ішімдіктен тыйылады деген уадеге сенгіш келеді. Алайда мұның бәрі керісінше болатыны өмірде сансыз рет дәлелденді. Үйленгенге дейін ішімдікке салынғандардың  кейін бұл әдетті қойғандары тым сирек, оның есесіне көбінесе үйлену әсерінен  болмаса да еркектердің жанұялық өмір басталған соң іше бастайтындары көп. Күйеуін «қайта тәрбиелеуге» ұмтылу, өзін-өзі алдау. Күйеуді әйел өз талғамына қарай «қайта тәрбиелеуге» мәжбүр етпейтәндей етіп таңдап алмаса, көп жағдайда нітижеге қол жете бермейді. Тіпті, нақты келіспеушіліктер болмаған күнде де мұндай жанұялық өмірден жақсылық күтуге болмайды. Ер азаматтарымыз қаламын түзеп, отбасына ие болғанда ғана ол үйге береке, бірлік кіреді. Ару әйел. Ана. Адам баласы бар тәтті сөзін, бар мейірімі мен махаббатын арнап ән еткен әйел қашан да әйел болып қалмақ.
  Ислам ер мен әйелге тең құқық берген, сондықтан олардың қоғамдағы орны да тең. Әйелдің ақыл-парасаты мен ой-өрісі, қызмет істеу қабілеті жоғары болса, ол кез келген ерден жоғары тұрады. Қоғамда әйелдердің үлкен орын алуы әйелдердің іске қабілеттілігі мен тиянақты әрі жауапкершілікті жете сезіне алатындығында. Әйел табиғаты адалдықты сүйетіндіктен, әйел басшылар қулық, сұмдық, алдау-арбау секілді теріс қылықтарды жас айды. Әрбір ісінің тиянақты, мақтауға тұратындай етіп жасалуын өзі қадағалайды.
  Қазақ әйелді қашанда болса көкке көтерген Т. Тоқбергенов «Айбалта» атты ғұмырнамалық эссесінде Манат есімді жеңгесін төмендегі теңеулермен сипаттайды: «Әйел тек ерінің жары болмауы керек, ол әлемнің жары, тотықұсы болуға тиіс. Қойны қуанышқа толы әйел- жақсының жұбы, көптің көз құртын алатын нәрі, жеңімпаздың сүйіктісі, сұлу ердің аққудай серігі, батырдың бойтұмары, билік иесінің нақсүйері, байлықтың базары, құлай сүйгеннің, қолы жетпестің ҚызЖібегі, көңіл кеткеннің періштесі, жары болуы керек».
  
Қыз-бүкіл ұлттың анасы. Сондықтан ұлттың анасы үлгі тұтарлықтай болуы керек. Қыз бала үмбет таратушы, отбасының шамын жағушысы, түтінін түтетушісі. Егер ер бұзылса-жанұя бұзылады, қыз бұзылса-бүкіл дүйім ұлт бұзылады. Қыздарымызды дүниеге келгеннен бастап қазақы тәрбиеге баулыған жөн болар.Ал құрбыларыма айтарым, адамның қалыптасуына екі күш әсер етеді:ол тегі мен ортасы. Кімнің тегі жоқ дейсің, жақсы ортада болуға тырысу керек.
  Қазақ халқы: «Әйел қырық шырақты» деген. Адамның тағдырына бөтен кісінің билігі жүрмейді. Өмірден түңіліп, болашақтан үмітсіз қалу әлсіздігіміз болар еді. Қазақ қызының бойында шыдамдылық пен мейірім көп. Сол шыдамдылық шырағымызды жағып, мейіріміміз болашағымыздың баяны болсын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

1.     Ақтаев С. Қазақ ханымдары. Тарихи эсселер. -Алматы: Жалын, 2001.-104-б.

2.     Қалиев С., Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. –Алматы: Жалын, 1994. – 222-б.

3.     Бекжігіт А., Ыстыбай Ә. Қыздарға мұсылмандық тәрбие. – Шымкент, 2003.-44 -б.

4.     Қазмағанбетов А.Г., Исабекова А.О. Қыз және ер балаларының мінез-құлқын тиісті дәрежеде қалыптастыру-жанұялық өмірге дайындаудың негізгі жолы//ҚарМу хабаршысы.- Педагогика сер. -2005.-№4.-153-159-б.

5.     Тоқбергенов Т. Айбалта.- Алматы: Жалын, 2005.-536-б.