п.ғ.к., доцент Ахметов Н.А.

Равшанова А.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ МҰРАЛАРЫ – ОҚУШЫЛАРДЫ САЛАУАТТЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ ҚҰРАЛЫ

 

В этой статье рассматривается проблема духовно-нравственного воспитания детей на основе наследия казахского народа. Излагаются проблемы духовно-нравственного воспитания подрастающего поколения.

 

In this article the matter of spiritual and morals education in forming healthy mode of life is considered. It is exposed the problems of brining-up the sensible and healthy generation for the countries sake. 

 

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында және оқу-тәрбие саласына байланысты басқа да құжаттарда жан-жақты білімді, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, денсаулығы мықты, шешен тілді, рухани дүниесі бай және салауаттылық деңгейі жоғары  ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі көрсетілген.

Ұлттық мәдениет, ұлттық мүдде, ұлттық сана-сезім, ұрпақты руханилыққа және салауаттылыққа тәрбиелеуде ұлтымыздың өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, жазба мұралары негізінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан асыл мұраларды жинақтап, зерттеп зерделеудің құндылығы арта түсуде. Қазақ халқы жастарды отбасында кiшiпейiлдiлiкке, iзеттiлiкке, имандылыққа, инабаттылыққа, салауаттылыққа тәрбиелеудi бiрiншi мiндет етiп қойған. Ұлт тағдыры – ұрпақ қолында екенiн жақсы түсiнген ата-бабамыз жас жеткiншектердi өнерге, еңбекке шақыра отырып, рухани-адамгершiлiк iзгi қасиеттерге баулу мәселесiн алғашқы орынға қойған.

Рухани-адамгершілік пен салауаттылыққа баулитын халқымыздың сан ғасырлық тәлім-тәжірибесін, мұраларын болашақ жастар тәрбиесіне пайдаланудың берері мол екендігін халқымыздың зиялы азаматтары, ұлы ғұламалары да атап көрсеткен.

Қазақ ұлтының салауаттылық, парасаттылық, имандылық, адамгершілік тәлім-тәрбие туралы мәңгі өлмес құнды ұлттық мұрасының дамуын шолып өтсек, Ибн Сина еңбектері, Шығыс Аристотелі атанған ғұлама әл-Фараби, сонау көне түркі жазуымен тасқа қашап жазған ескерткіш «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап, Ержүрек қолбасшы Күлтегін, Білге Қаған, мемлекет қайраткері Тоныкөк, Омар Хаям рубайлары, түркі тілдес халықтардың бәріне өшпес рухани мұра қалдырған: Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки, Қыдырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының орны ерекше.

Қазақ халқын әлемге танытқан, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бүкіл бір халықтың ұстазы Ұлы Абай өзінің қара сөздерінде (45 сөзі) жан мен тән тазалығы, имандылық қасиеттері «толық адам», дені сау адамның іс-әрекет нәтижелері, жалпы қауымның игілігіне айналады деп тұжырымдайды.

XX ғасыр басында қазақ халқының бiлiм беру саласында үлкен бетбұрыстар болды. Ұлттық негiздегi төлтума оқулықтар, рухани-адамгершiлiк тәрбиесi мәселесiне арналған ғылыми еңбектер жарық көрдi. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұраларды жинақтау, оны бүгiнгi оқушылардың рухани-адамгершiлiк тәрбиесiне, салауаттылығын қалыптастыруға пайдалануда тәлімдік ой-пікірлерімен қазақ даласына із қалдырған Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, X.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ғ.Қараш және т.б. еңбектері – ұрпақ саулығы үшін қам жеген денсаулық мәселесіне арналған мұраларының орны ерекше.

Мәселен, М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» оқулығында «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелін дұрыстай отырып, баланың денсаулығы мәселесін «Дене тәрбиесі» бөлімінде егжей-тегжейлі қарастырады.

Қазақ ұлтының болашақ ұрпағының санасына туған халқына деген сүйіспеншілік, ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, тарихын сезіне білетін жылы жүрек, тоқтамды ақыл мен имандылық өте қажет. Бұл айтылып отырған құндылықтар тек кана дені сау жаны мен тәні таза, адал иманды, салауатты тұлға бойынан табылатын қасиеттер. Сондықтан, қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының, салауатты өмір салтын қалыптастыруда, көздеген мақсатқа жету жолындағы өмір тіршілік әрекеттеріне тоқталып көрелік.

Қазақтың ұлттық ойындары – адам ағзасы үшін өте маңызды, теңдесі жоқ сауықтыру, денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларының бірі. Қазақтың ұлттық ойындары – ептілікті, өжеттілікті, ширақтылықты, шапшаңдылықты, тапқырлықты және т.б. қасиеттерді талап етеді.

«Асау үйрету», «Мойын арқан», «Алтыбақан», «Қазақша күрес» – қазақ халқынын ежелгі спорт ойындары адам денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке керек кезінде тез ойланып, ұтымды амал, ақылды шешім, әдіс таба білуге машықтандырады.

Сондай спорттық, ұлттық ойындарға: «Тауық күрес», «Білектесу», «Арқан тартыс», «Бәйге», «Аламан бәйге», «Тай жарыс», «Құнан жарыс», «Дөнен жарыс», «Жорға жарыс», «Аударыспақ», «Түйе жарыс» кіреді.Бұл ойындар адамды дәлдікке, мергендікке, ептілікке, жауапкершілікке, адалдыққа, шыншылдыққа, ширақтылыққа тәрбиелейді.

Бүгінгі таңдағы мектептер балаларға таза ғылыми негіздегі білімдерді бере отырып, олардың жүректеріне рухани және адамгершілік, имандылық құндылықтарын енгізуді екінші қатарға қалдырады немесе тіпті мән бермейді. Соның салдарынан жастарымыздың бұзылып, рухани-адамгершілік, имандылық дегеннің не екенін білмей өсуіне әкеліп соғуда.

Қазіргі кезде көп ата-ана баламыз компьютерді, ағылшын тілін меңгерсе болды жетілген тұлға болады деп ойлайды. Ең алдымен әрбір бала адами тамаша қасиеттерді бойына жинақтаған дұрыс адам бола білуі шарт. Сонан кейін ғана білімін тереңдете алады. Адамдардың адами рухани-адамгершілік құндылықтарының орнындағы кемшіліктерді ешқандай да академиялық білімдердің толықтыра алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, салауаттылыққа тәрбиелеуде адамгершіліктің ақ жолынан айнымаған бұрынғы өткен ақыл-ой алыптарының мұра етіп қалдырған өсиет сөздері және ғұламалардың ғибраттары арқылы қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруымызға болады. Сонда ғана бүкіл жер бетінде, әсіресе, жастар арасында бой көрсетіп жатқан маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, парақорлық, дүниеқоңыздық, көреалмаушылық сияқты кеселдерден мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпағымызды қорғап қаламыз және аман сақтаймыз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Адылханов А.С., Брусенко З.Г., Сейдуманов С.Т. Шымырлылық шынығудан. Мектеп оқушыларына арналған валеология жөніндегі бағдарлама, - Алматы, 1998.

2. Қазақстан  Республикасының Білім  Беру туралы Заңы. - Алматы, 2001.

3. Ембергенова Ж. Жастарды салауатты өмір салтына халықтың педагогикалық құндылықтары негізінде ұрпақ сабақтастығымен ұштастыра тәрбиелеу. Автореф.канд. дисс... - Қарағанды, 2000.

4. Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты. Оқушыларға мәдени-этникалық білім беру туралы. - Алматы, Ана тілі, 1995.

5.  Жұмабаев М. Педагогика. - Алматы, Рауан, 1992.

6. Кенжеахметов С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. - Алматы, Ана тілі, 1991.