Политология/10. Региональные
политические процессы
Абдықалық А.А., с.ғ.к.
Алматинский
университет энергетики и связи, Казахстан
Әлеуметтік серіктестік – әлеуметтік саясатты тиімді жүргізудің
негізі
Әлеуметтік
саясаттың тиімділігі халықтың тұрмыс - тіршілігі мен
өмір сапасының деңгейімен өлшенеді. Ол
материалдық, әлеуметтік және мәдени даму
деңгейінің сапалық жиынтығымен сипатталады. Халық
өмірінің сапалық деңгейінің көрсеткіштеріне
азаматтардың еңбек қауіпсіздігі мен жағдайы,
қоршаған ортаның экологиялық ахуалы, бос
уақыттың болуы және оны пайдаланудың
мүмкіндіктерінің жасалуы, мәдени деңгейі,
денсаулығы, мүліктік және меншіктік қауіпсіздігіне
кепілдік т.б. жатады. Бұл көрсеткіштер қоғам
дамуының ерекшеліктеріне сәйкес өзгеріп отырады. Мемлекеттің
әлеуметтік саясатты жүргізуі қоғамдағы
өзгерістерге, олардың материалдық және рухани
қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты болып
келеді. Сонымен мемлекеттің әлеуметтік саясаты
ынтымақтастық қағидаларын жеке жауапкершілік
қағидаларымен толықтыруды, оларды ұштастыруды
ұсынады. Әлеуметтік саясаттың саяси үрдістердегі
маңызды бағыты – әлеуметтік серіктестік қағидасын
толыққанды қалыптастыру болып табылады. Әлеуметтік
серіктестік – нақты әлеуметтік мәселелерді шешу
барысында, мемлекеттік органдар мен
азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың,
кәсіпкерлік құрылымдардың тең деңгейдегі
келісім-шарттарын өзара қарым-қатынастарда орындау. Демек,
әлеуметтік серіктестік әлеуметтік мәселелерді шешуде
қоғам мен экономикадағы әртүрлі
секторлардың ұйымдары арасындағы олардың өзара
іс-әрекеттерін айқындайды. Оның түпкі мақсаты,
бір жақтың көмегі мен қолдауы емес, керісінше,
өзекті әлеуметтік мәселені бірігіп талдау әрекеттерін
жоспарлау арқылы оны жүзеге асырып, оған бақылау орнату
деп түсінген жөн. Әлеуметтік салада мемлекет негізінен
өзін-өзі реттейтін, өзара көмек көрсететін
және ынтымақтастық танытатын институттарды: әлеуметтік
сақтандыру серіктестігін, кәсіби қауіп-қатерден қорғау
ұйымдарын, өзін-өзі басқарудың, өзара
көмек көрсетудің және ынтымақтастықтың
еңбек, аймақтық және басқа да жергілікті
органдарын құру арқылы дамиды.
Мемлекеттің
әлеуметтік әрекеті оның құрамдас үш
бөлігі – экономикалық тиімділік, әлеуметтік саясат,
биліктің құзыреттілігі және қоғамдық
институттар әрдайым бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста
болған жағдайда ғана жүзеге асады.
Әлеуметтік
саясат табиғатының өзі де адам факторы мәселесінен
туындайтындықтан, мемлекеттің де, қоғамдағы саяси
институттардың да қызметі бірінші кезекте әлеуметтік
құқықтардың жүзеге асырылуына тәуелді
болуы заңды құбылыс[1]. Мемлекет өзінің
әлеуметтік саясатында еңбек қатынастары салаларына араласпай,
тек қоғамдық тәртіпті орнатумен шектеле алмайды. Ал,
дамыған елдердегі билік
әлеуметтік мәселелердің өзектілігіне негізгі
басымдықтар беріп отыр. Партиялар кәсіподақ
мүшелерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз
ететін, жаңадан әлеуметтік қатынастарды реттейтін
заңнамалардың қабылдануына қол жеткізіп отырды.
Бұл мәселелерді реттеуде елімізде әлеуметтік саясаттың
ортақ мүддеге бағытталған қызметін жақсарту
үшін саяси билік пен кәсіподақтар әлеуметтік
серіктестік ұстанымына ерекше маңыз беруде. Бұл дегеніміз,
Қазақстандағы саяси институттардың әлеуметтік
саясаттың өзекті мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда
қоғамдық диалогқа басымдық беретінін
көрсетеді. Әлеуметтік серіктестік - билік, еңбек және
капитал келісімдерінің маңызды құралы. Үкімет,
жұмыс беруші мен ұйым арасындағы келісім
орталықтанған, жоспарлы экономикадан әлеуметтік саланың
тұрақты жолымен нарықтық экономикаға
көшудің маңызды құралы болып табылады. Қазақстан
Республикасындағы әлеуметтік серіктестік келесі міндеттерді
атқаруға бағытталған: әлеуметтік және
еңбекпен байланысты басқа да
қарым-қатынастарды реттейтін тиімді механизм жасау;
қоғамның барлық топтарының мүдделерін
есепке алу негізіндегі қоғамдық келісімдер мен
әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ат
салысу; жұмысшылардың
еңбек құқықтарына кепілдік беру және олардың
әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету; барлық
деңгейдегі әлеуметтік серіктестік арасындағы келісімдер мен
кеңестер үрдісіне атсалысу.
Әлеуметтік
серіктестік әлеуметтік серіктестік органдар жағының
өзара қарым-қатынас түрін мынандай деңгейлерде
қамтамасыз етеді: республикалық деңгейде; салалық
деңгейде; аймақтық (облыстық, қалалық,
аудандық) деңгейде. Ұйым деңгейіндегі әлеуметтік
серіктестік Қазақстан Республикасы Заңнамасымен реттеледі [2].
Сонымен, әлеуметтік саладағы ынтымақтастық
жөнінде айтып болсақ, онда әлемдік
тұрғыдағы қалыптасқан тәжірибелердің
негізіне сүйену қажет. Мәселен, ең алдымен
ақпараттық алмасу шараларын жүзеге асырған жөн.
Келесі қадамдарда, біріккен қайырымдылық акциялары мен
өзге де бір рет жасалатын сипаттағы іс-шараларды өткізген
дұрыс. Содан кейін, әлеуметтік бастамалар мен бағдарламаларды
консультациялық қызметтер мен шығындарды өтеу
сияқты жүйелі қолдау механизмін қолдану керек болады.
Келесі басымдықтар, барлық үш сектордың өкілдерін
біріктіріп, тұрақты жұмыс істеп тұратын
«дөңгелек үстелдерді» немесе мемлекеттік-қоғамдық
басқаруды дамыту мақсатындағы қоғамдық
палаталарды енгізу қажет. Сонымен қатар ең маңызды
бағыт, әлеуметтік саланы конкурстық негізде
қаржыландыру шараларын ескеру шарт.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Демеуова М. Қайырымдылық және
оның әлеуметтік мәні // Ақиқат. - 2000.- №8-9.
2. Әлеуметтік серіктестік міндеттері мен ұйымы //www.enbek.kz
3.Оксфорд қысқаша сөздігі.
Саясаттану. - Алматы.: Қазақстан, 2001.- 340 б.