Утегенова Гульзат Амандыковна

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, заңтану магистрі

 

Су құқықтық нормалары мен талаптарын жүзеге асырудағы халықаралық ынтымақтастықтың

рөлі мен маңызы

 

Су өзге де табиғи ресурстармен бірге Қазақстан Республикасы егемендігінің материалдық негізін құрайды. Олардың тиімді қолданылуына халықтың, елдің материалдық қолайлы өмірі тәуелді болып отыр. Алайда табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдалану нәтижесінде, қазіргі таңда су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселесі аса күрделі әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және экологиялық проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай барлық деңгейде су мәселесіне көзқарасты түбегейлі өзгертуді, суды қорғау және пайдалану бойынша қарым-қатынасты нақты реттеуді, су шаруашылығын құқықтық реттеудің теориялық мәселелерін терең зерттеуді талап етеді.

Құқық қалыптасқан қоғамдық қатынастарды реттеп, оған қатысушылардың мінез-құлқын реттейтін болғандықтан, суларды ұтымды пайдалану және қорғау мәселесінің кез-келген аспектісі суларды қорғау талаптарына сәйкес су құқық нормаларында көрініс табады. Дегенмен 2003 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Су Кодексі су қатынастарын реттеудің, суларды ұтымды пайдалану мен қорғаудың барлық мәселелерін шешпейді. Соның салдарынан, Қазақстан Республикасы Су Кодексі нормаларын нақтылау мен жетілдіруге бағытталған нормативтік актілер дайындау қажеттілігі туындап отыр

Қазақстан өзендер ағысы бойынша сумен ең аз қамтылған елдер қатарына кіреді. Мәселенің шиеленісуі су ресурстарының шектеулі болуына, территория бойынша тең бөлінбеуіне, ластанудың жоғары дәрежесіне байланысты болып отыр. Өзендердің жер үсті су ресурстары жылына 100,5 шаршы шақырымды құрайды, алайда, оның 46 шаршы шақырымы ғана қолданылуға жатады.

Қазақстанның негізгі су көздері трансшекаралық әсерден ластануда. Ертіс, Сырдария, Іле, Шу, Талас және басқа да көршілес мемлекеттерде қалыптасатын өзендердің суы біздің елімізге ластанып келеді. Негізгі ластанған өзендер Сырдария мен Ертіс болып отыр. Бір ғана Ертіс өзені бассейніне жыл сайын 120 шаршы куб. м ластанған су ағып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан-2050 жолдауында атап көрсетілгендей, ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі судың тым тапшылығы болып отыр [1].

Трансшекаралық су ресурстарындағы сумен қамтамасыз ету мен ортақ пайдалану мәселесі Орталық Азия мемлекеттерінің аймақтық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіріп отырған негізгі түйткілді мәселе болып есептеледі. Аймақтағы су пайдалану және бақылау мүмкіндігі Орталық Азияның кейбір елдері тарапынан қолданылатын күшті экономикалық және саяси механизмге айналып отыр. Орталық Азия су тапшылығына орын алған бірден бір аймақ болып саналады.

Әлеуметтік саладағы терең өзгерістер, қоғамның экологиялық ахуалға қатынасының өзгерісі, сондай-ақ су қатынастарындағы әлемдік тәжірибе біздің республикамыздың су заңнамасын жетілдіру қажеттілігін көрсетуде.

Су ресурстарын ортақ пайдалану саласындағы Орталық Азия аймағы мемлекеттерінің арасындағы қолданыстағы мемлекетаралық келісімдердің қалыптасқан жағдайды шешуде тиімдігі төмен болып отыр. Сонымен қатар аймақтағы су ресурстарын және олардың бөлінуін бақылау Орталық Азияның кейбір елдерінің ықпал ету құралына айналып отыр.

Аталған жағдайлардың салдарынан орын алуы мүмкін экологиялық апатты болдырмау үшін аймақ елдерінің су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану үшін ортақ жобалар жасауы керек. Осы мақсатқа жетуге жәрдемдесетін факторлар даулы мәселелерді шешудегі тарихи тәжірибе, тиімді стандарттар мен халықаралық құқықтық нормалар, тұрақты және ұтымды су пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ аймақта дамыған мемлекетаралық келісім жүйесін құру, шетел инвестициясын тарта отырып ортақ экономикалық

жобалар жасау болып табылады.

Халықаралық тәжірибеде қазіргі таңда 1992 жылы 17 наурызда қабылданған Трансшекралық сулар мен мемлекетаралық көлдерді қорғау мен пайдалану бойынша Хельсинки конвенциясы қолданылып келеді. Аталған халықаралық құжат екі жақты және көп жақты келісімдер жасауға негіз болады. Қазақстан Республикасы 2000 жылдың 23 қазанында аталған Конвенцияны ратификациялады.

Мемлекетаралық су пайдалану және су бөлу мәселелері екі жақты негізде мемлекеттердің өзара келісімі жағдайында шешілуі тиіс. Суару процесіндегі су пайдалану ғана емес су ресурстарын әділ бөлу әрі сапалы пайдалау назардан тыс қалмауы керек.

Қазақстан Республикасы үшін су мәселесінің түйткілді тұсы ең алдымен, су қорының шектеулі болуы, олардың сапасының нашарлауы және территория бойынша теңдей бөлінбеуі болып отыр. Ең қажет жерлердегі су тапшылығынан жақын болашақта республиканың көптеген аймақтарындағы суға деген сұраныс су қорынан асып түседі. Ол сумен қамтамасыз ету және судың ластануы мәселелері ұлттық шеңберден асып халықаралық деңгейде шешу қажет дегенді білдіреді [2].

Су ресурстары ахуалының нашарлауы әлеуметтік-экономикалық салаға да зиянын тигізбей қоймайды, ауыл шаруашылығы өнімділігін төмендетеді, жерді құнарсыздандырады, аймақта жұмыссыздық артып, өмір сүру деңгейі төмендейді, экологиялық қолайсыз аймақтан көшу процесі артады. Сонымен қатар су ресурстары мәселесінің шиеленісуі әлеуметтік-саяси тұрақсыздыққа, мемлекетаралық қайшылықтарға әкелуі мүмкін.

Суларды ұтымсыз пайдалану және тиісті дәрежеде қолданбау мәселесі баяғыда-ақ жекелеген мемлекеттердің, тіпті тұтастай контитенттердің шекарасынан шығып, халықаралық сипатқа ие болды және әлемнің барлық мемлекетіне дерлік ортақ мәселе болып отыр.

Су ресурстары мәселесі Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттерінің экологиялық ахуалына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Ұлттық су саясаты аясында қарастырып отырған мәселе бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Су объектілері мен су шаруашылығы құрыстарын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруде мына бағыттар басшылыққа алынуы тиіс: тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін құралдарды және онымен байланысты мүліктік қатынастарды құқықты заңдық реттеу;  ауыз сумен қамтамасыз ету саласында нормативтік құқықтық актілер мен мемлекеттік стандарттарды әзірлеу және қолданысқа енгізу.

Трансшекаралық өзендердің суларын пайдалану Концепциясын әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туындап отыр.

Трансшекаралық суларды қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының негізгі нысандары халықаралық шарттар жасау, трансшекаралық суларды қорғау бойынша арнайы мемлекет аралық органдар құру, халықаралық форумдар, конференциялар өткізу, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және т.б. болып табылады. Мемлекеттер ынтымақтастығының бұл бағыттары әмбебап сипаттағы халықаралық шарттар шегінде, екіжақты үкіметаралық келісімдер деңгейінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын интеграциялық құрылымдардың халықаралық актілері шеңберінде жүзеге асырылады. Өз кезегінде, кең көлемде халықаралық шарттар қабылдау халықаралық экологиялық форумдар мен конференциялар өткізу жолымен мемлекеттердің өзара іс-қимылының, сондай-ақ трансшекаралық табиғи объектілерді қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар ынтымақтастығының нәтижесі болып танылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты  Қазақстан халқына Жолдауы 2012 жылғы 14 желтоқсан.

2 Сарсембеков Т.Т. Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау, Алматы, Атамұра. 2004. - Б.135-141.