интеграция жағдайында ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникалық жағдайы

                                                   э.ғ.к. Өтегенова К.А., магистрант Жиенбаева Қ.  

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемелекеттік университеті,

Қызылорда қаласы,

Қазақстан Республикасы 

 

Ашық нарықтық экономика жағдайында жаңа техника мен технологияны пайдаланатын тауарөндірушілер ғана табыс таба алады. Әлемдік экономиканың жаһандануы және еліміздің ДСҰ-ға мүшелігіне интеграциялануы отандық аграрлық өндірістің шаруашылық жүргізудің жаңа сапалық деңгеге көтерілуін, заманауи технология мен техникалық саясаттың қалыптасуын талап етеді. 

Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық қамсыздандырылу мәселесі соңғы жылдары көттеген отандық және шет елдік ғылымдардың зерттеу тақырыбына айналған.

Ауылшаруашылық өндірісінде техникалық база ерекше рөл атқарады, онда әр түрлі өндірістік үдерістерді орындау қатаң түрде белгілі бір мерзімге ие болады. Сондықтан да техникалық еңбек құралдарының құрамы қолданыстағы технология мен технологиялық үдерістерді орындаудың агротехникалық талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеткілікті мөлшерде қаржыландыру ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің ылғал сақтау және жер қыртысын қорғау технологияларын игеру арқылы дәнді, картоп, көкөніс, жеміс және басқа да дақылдарды өндірушілердің табыстарының өсімін арттырады, жылы жайлар құрылысын қамтамасыз етеді, тұқым сапасының сараптаушы зертханаларды, дайындау-өткізу кооперативтерін, мамандандырылған мал бордақылау орындарын, қала және ірі елді мекендердің айналасында мамандандырылған «сүт» белдеулерін құрады, жануарлардың өнімділігін арттырады.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық қамсыздандырылуының қалыптасқан төмен деңгейі оның тиімді дамуын тежеуші негізгі фактор бола отырып, дәнді дақылдарды өндіру технологиясының қарапайымдануына, арамшөптердің таралуына, өсімдіктердің ауыруына, топырақтық құнарсыздануына және де нәтижесінде өнімнің саны мен сапасының төмендеуіне әкелді.

Ауыл шаруашылық тауарөндірушілерінің тоқтаусыз жұмысының маңызды шарты – бұл материалдық ресурстарға қажеттіліктің толық мөлшерде жабу көздерімен қамтамасыз етілуі. Олар сыртқы және ішкі болуы мүмкін. Сыртқы көздерге – қол қойылған келісім-шарттарға сәйкес жеткізушілерден келіп түсетін материалдық ресурстар. Ішкі көздер – шикізат қалдықтарын қысқарту, қайталама шикізатты пайдалану, материалдар мен жартылай фабрикаттарды өз бетінше даярлау, ғылыми-техникалық прогрессдің жетістіктерін енгізу нәтижесінде материалдарды үнемдеу.

Материалдық ресурстарды сырттан әкелуге нақты қажеттілік – бұл материалдардың белгілі бір түріне жалпы қажеттілік пен оны жабуға меншікті ішкі көздерінің сомасы арасындағы айырмашылық. Материалдық ресурстарды әкелуге қажеттіліктің оларды жеткізуге келісім-шарттармен қамтамсыз етілуін және олардың нақты орындалуын тексеру керек. Сонымен қатар, жеткізушілерден алынған материалдардың сапасы, олардың стандарттарға, техникалық шарттарға және келісім шарттарына сәйкестігі тексеріледі және олардың бұзылуы анықталған жағдайда жеткізушілерге наразылық білдіріледі. Кәсіпорынға мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген материалдар жеткізілімі және кооперацияланған жеткізілімдер орындалуын тексеруге көп көңіл бөлінеді.

Материалдарды жеткізудің мерзімдері бойынша жоспардың орындалуының маңызы зор. Жеткізілім мерзімдерін бұзу өнімді өндіру және сатып өткізу жоспарының жеткіліксіз орындалуына әкеледі. Жеткізілімдер ырғақтылығын бағалау үшін ырғақтылық коэффициенті қолданылады.

Табиғи және еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігі ең алдымен, аграрлық өндірістің материалдық-техникалық базасына тәуелді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған және дамушы елдердегі агроөндірістік сала үнемі интенсивті түрде материалдық-техникалық қамсыздандырылып және технологиялық жаңартылып отырады. Қазақстан ауыл шаруашылық кәсіпорындары капиталы құрылымында негізгі өндірістік қорлар үлесінің шамасы жылдан жылға салыстырмалы түрде артқанмен де, елдің ауыл шаруашылығы негізі техниканың түрлерімен тек 68-75 %-ға ғана қамтылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылдан жылға ауыл шаруашылығы өндірістік қорларының құны артуда.

Дегенмен, аймақта бұл мәселе мемлекеттің қолдауымен оңтайлы шешімін тауып, ауыл шаруашылық тауарөндірушілері 2013 жылы ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландырудың әртүрлі көздері есебінен агроқұрылымдардарға қомақты қаржыға жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Машина-тракторлық паркін толтырудың түрлі көздердің ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ едәуір үлеске ие.

Соңғы жылдары Қызылорда облысының да ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық ресурстары лизингтік қызметтерді пайдалану көмегімен толтырылып жатыр. Ауылдық тауар өндірушіге лизингтік қызметтер қаржы және натуралдық түрінде ұсынылады. Мысалы, натуралдық түрі кезінде лизинг алушы арендаға беруші мен арендаға алушы арасында техниканың ұзақмерзімді арендасы туралы келісім-шарт жасайды, сол кезде аренданың төлемі ауыл шаруашылығы өнімімен жүргізіледі. Ал, лизингтің қаржылай түрі кезінде лизинг алушы техниканың құнын төлейді.

Лизинг негізінде жаңа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу барысында машина типіне және шығындарға көңіл аудару қажет. Мысалы, қамту аумағы 10-нан 18,5 м-ге дейінгі  универсалды сепкіш кешендер («Флексии Койл», «Джон Дир», «Моррис» және т.б.) бір машинаға шаққандағы 3 және одан да артық мың гектарға дейін маусымдық өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді [2].

Сонымен, аграрлық секторды техникалық қамсыздандыру мәселесін шешу үшін, ең алдымен мемлекеттік деңгейде реттеу шараларын жүргізу қажет:

-     Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығының ішкі және сыртқы талаптарына бейімделген әкімшілік нормативті – құқықтық актілер жасап қабылдау;

-     ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуда мемлекет ұзақ уақытқа жеңілдіктер негізінде несиелеу;

-     ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының лайықты шамасын қамтамасыз ету;

-     экологиялық таза агроөндірісті және инновациялық технология енгізуді мемлекет тарапынан пайызсыз несиелеу;

-     агроөнеркәсіптік бірлестіктерді құрудағы салықтық жеңілдіктер;

-     ауыл шаруашылығы материалдық-техникалық потенциалының даму бағытын болжамдау.

Сонымен, аграрлық саланың материалдық-техникалық қамсыздандырылуын мемлекеттік қолдау және реттеу арқылы, саладығы негізгі капиталдың артуы мен жаңаруына және қормен қамсыздандырылу деңгейінің артуына қол жеткізуге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Организация материально-технического снабжения АПК в США и Канаде. - М М.: АгроНИИТЭИИТО, 2011-36 с.

2 Әліпбай С. Дағдарыс кезінде қарқынды дамыған сала: Қазақстан ауыл шаруашылығы // Егемен Қазақстан. – 2010. – 19 қаңтар. – 1-2 б.