Утепова А.Қ.,. Қосубақ Н.Т.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Қазақстан

 

АКТЕРЛІК ӨНЕРДІҢ ҚЫР-СЫРЫ ҚҰПИЯСЫ

 

Бүгінгі таңдағы театр өнерінің халықтың мәдени өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып отырғандығы, ол,  ол ма қазіргі театр өнері өз кезеңінің тарихи, саяси, мәдени, әлеуметтік, танымдық сияқты мәселелерді шешуге белсенді ат салысып отырғандығы жасырын емес. Театр өнері қасиетінің мұндай биік сатыға көтерілуі жағдайында ұрпақ өкілдері бұл өнердегі ұлттық дәстүр ықпалын бойына терең сіңіре білуі ләзім. Сахна - адам баласының рухани нәр алар, көркемдік тұрғыдан сусындар, жанын жадыратар, сезімін тұшынтар бірегей ордасы саналса, сол сахна көрерменін өз шеберлігімен тәнті етер актер қимыл-әрекеті мен ым-ишаралары, тіл саптауының үйлесімді ұйысар ордасы болса керек. Егер, театр  сахнасы актерсіз бүкіл - мән –      мағынасынан жұрдай қалар болса, актер - сөз - өнерсіз, қисынды қимыл-қозғалыссыз көрермені үшін ешкім де емес. Ендеше, қарапайым елге ақыл айтар, жол сілтер бағыт-бағдар нұсқар, тәлім-тәрбие берер театр сахнасындағы актерлардың ойын кестелері, ой оралымдары, қимыл-қозғалыстары мен ым-ишараттары үйлесімсіз, ретсіз, қисынсыз кібіртік тартып жатса, онда қасиетті өнер діңіне сызат түскені деп түсінгеніміз дұрыс. Зерттеу жұмысымыздың өзектілігі - дәл осы тұста маңызды рөлге ие болар анық.

Қазақ сахнасындағы сұлулық пен сымбаттылық қыр-сырын, жік-жапсарын ашып көрсету. Сахналық сұлулық пен сымбаттылыққа қол жеткізу үшін қандай амал-тәсілдер бар, сол жолдар қатпарларына үңілу. Қазақ сахнасы өзінің өткен жолдарында сұлулық, сымбаттылық, талғам-түйсік деңгейлеріне қандай тұлғаларымен көтеріле білді? Оның қыр-сыры, құпия кілттері қайда жасырынған? Ұлттың өзгеге ұқсамайтын өзіне ғана тән қандай қимыл-қозғалыс, ым-ишара мәнерлері бар? Осындай мақсаттардан оқу құралында  мынандай міндеттері туындаса керек.

·          сұлулық пен сымбаттылыққа арқау болатын сахналық қимыл-қозғалыс, іс-әрекет, қимыл-әрекет, ым-ишаралар мен ишараттардың сөз өнеріндегі із-бедерлерін анықтау;

·          ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жосықтардағы қимыл-қозғалыстар мен ым-ишаралардың бұлақ-бастауларын табу;

·          ұлттық ойын-сауықтардағы қимыл-қозғалыстар сілемін көрсету.

·          ұлттық би өнеріндегі қимыл-қозғалыс, ым-ишаралардың иірім-айшықтарын іздеу;

·          ұлттың өзіне тән қимыл-қозғалыс, ым-ишара, ишараттарын түгендеу;

·          аға ұрпақ өнер тұлғаларының сахналық қимыл-қозғалыс, ым-ишараларды орнықтырудағы рөлдерін анықтау.

Қазақ сахнасындағы қимыл-қозғалыстардың, ым-ишаралар мен мәзіреттердің қыр-сыры мен шығу көзі алғаш рет кең көлемде саралана талданып олар жайлы белгілі дәрежеде ғылыми - тұжырым-түйіндеулер жасалды;

·     ұлттың өзіне тән қимыл-қозғалыс, ым-ишара ишараттары анықталды;

·     аға ұрпақ өнер тұлғаларының сахналық қимыл-қозғалыс, ым-ишараларды орнықтырудағы рөлдері сараланды;

·     қазақ сахналық қимыл-қозғалыс, қимыл-әрекеттері мен ым-ишаралары және актер шеберлігінің ұштасуына аударма пьесалардағы ым-ишара, қимыл-қозғалыстардың әсер ықпалының ауқым-деңгейі нақтыланды.

·     сахналық қимыл-қозғалыстың актер шеберлігінің түрленуіне, жандана түсуіне әсер-ықпалы айқындалды;

·     зерттеу нәтижелері жоғары өнер ошақтарында «Сахналық қимыл-қозғалыс» пәнін оқыту әдіс-тәсілдеріне қатысты ой-тұжырымдар мен түйін пікірлер негізін қалады.

Қазақ өнеріндегі, сахна төріндегі актер бойына қорғасындай құйылған, шойындай қорытылған қимыл-қозғалыс, ым-ишаралар шоғырының түп негізі ұлттық сөз өнерінде, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен ойын-сауық шараларында, би өнерлерінің өзегінде жатыр.

-  Мәйектей ұйыған асыл қазынаның қайнау қатпарларынан түртінектей іздеу, оны тап басып таба білу, өз кәдесіне жарата білу, әрбір өнер иесінің басты міндеті.

Ұлттық қимыл-қозғалыс, ым-ишара негізінде қол жеткен актер шеберлігі - қазақ театрындағы ұлттық мәдени мұраның айқын көрінісі.

Сахналық қойылымның белгілі бір үзінді көрінісінде ұлттық үрдістегі айтыс, шешендік дау-дамайға құрылған, не ұлттық ойын-сауықпен өрнектелген тұстары, ондағы қимыл-қозғалыс, ым-ишаралар мен ишараттар  көрерменіне сөз құдіретінен де қатты әсер етері даусыз. Бұндай көріністі өрнектер елдің әлеуметтік, танымдық деңгейін, ұлттық көркемдік ойлау қарымын барынша сенімді көрсетуде ұтымды болары анық.

Қазақ театр өнерінің сонау Қызылордада ашылған кезінен бастап-ақ өзіндік кескін-келбеті, бағыт-бағдарын айқындалғаны театр тарихынан белгілі. Бұрын ұлттық топырақта болмаған еуропалық үлгідегі театр қазақ  топырағына қалай майдай жағып, етене сіңіп кетті?

Театр  жасауда тұңғыш мәдениет өкілдері халықтың ұлттық бай мұрасына сүйенді. Сахна өнерінің бастауында тұрған аға буын дара тұлғалар жалпы театрды емес өзіндік келбеті бар ұлттық театрды аңсады. Сол арман-мұраттарының тетігін өз туған елінің ұлттық өнерінен таба білді. Сахналық қимыл-қозғалыстың, ым-ишаралардың сілем-бедерлерін ұлттық салт-дәстүр аясынан, сахналық сөз оралымдарының тізбегінен қазақтың тіл байлығынан, шешендік сөздерден, мақал-мәтелдерден, тіпті, қазақтың әңгімешіл үрдісінен, қала берді, ақын-жазушылардың сөз саптау өрнегінен түртпектей іздеп, суыртпақтай жинай білген еді.

Қазақ театр өнерінің өз топырағында туып, өніп, өсіп, бүгінгідей әсем қалыптасуының тағы бір себебі:

Қазақ елінің әдебиеті де, театр өнері де ерте қалыптасып мәдениеттенген, туысқан халықтардың (орыс, украин, татар, азербайжан, т.б.) өнер үлгілерінен еркін сусындады. Әсіресе, орыс халқының классикалық әдебиеті және классикалық театр өнерімен табысуы және орыс тілі арқылы бүкіл дүние жүзілік классикасымен табысуы нәтижесінде тапқан пайдасы ұшан-теңіз болды.

Сахналық шығарманың материалы – біздің тәніміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Осыдан барып барлық ықылас, назар, тән болмысымыз дамытуға, игере білуге қызмет жасау керектігін ойдан шығармаған абзал. Мәселе, тән  жаратылысымыздан керемет кескін жасауымызда болып отыр. Әрбір талшық еттерімізді, жүйкелерімізді шынықтыруымыздың арқасында ғана сахнадағы  жасалатын кейіпкердің жан-жақты мүмкіндіктеріне қол жеткізуге және көрерменге қайталанбас тұлғаның болмыс тіршілігін, әсерлі де мағыналы деңгейде көрсетуге қол жеткіземіз. Дене қалпымыз бен қимыл-қозғалысымыздың мүмкіндіктерінің «тілін» таба білуіміз керек. Дене бітімімізді адам тіліне барынша мәнерлі де түсінікті ете білуіміз – сахна талабы. Сондықтан да болар, актер техникасы алдындағы  үлкен жауапкершілік міндет-талап пен талғам сынды сұраныс күн тәртібінен түскен емес.

Ендеше, сұлулық пен сымбаттылықтың құпия кілті актер қимыл-қозғалысында, ым-ишараларында жатса, актер қимыл-қозғалысының, ым-ишарасының қыр-сыры қарапайым тыныс-тіршіліктегі қимыл-әрекеттердің иін қандырып, тігісін жатқызып сахналық қимыл-қозғалыс, ым-ишараға айналдыра білуінде жатады демекпін.

Ол үшін, әрине, актер иесіне алғыр ақыл, толассыз толғаныс, сұңғыла сезім құрасуында болып, үнемі ізденіс үстінде  жүреріне дау болмаса керек.

Актердың шеберлігі шыңдалып, өнер өресінің биіктей түсуі үшін – мұндай ауыр да азапты жолдан басқа, ешбір жеңіл сүрлеудің кездеспейтіндігі тағы белгілі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.       Байсеркенов М. Сахна және актер. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 236 б.

2.       Жұмабаев М. Педагогика. 3 том. – Алматы: Білім, 1996. – 512 б.

3.       Аймауытов Ж. Психология. – Алматы: Ғылым, 1991. – 448 б.

4.       Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік

5.       «Дене тәрбиесі және спорт». – Алматы: Рауан, 2000. – 274 б.

6.       Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік «Мәдениет және өнер». – Алматы: Рауан, 2000. – 270 б.

7.       Сығай Ә. Толғам. – Алматы: Парасат, 2004. – 392 б.

8.       Қуандықов Қ. Тұңғыш ұлт театры. – Алматы, 1969. – 32 б.

9.       Құндақбаев Б. Уақыт және театр. – Алматы: Өнер, 1981. – 328 б.

10.   Қазақ театрының тарихы. –  I том. – Алматы: Ғылым, 1975. – 400 б.

11.   Львов Н. Казахский академический театр драмы. – Алма-Ата: изд. академии Наук. Каз. ССР, 1957.  – 384 б.

12.   Сығай Ә. Сахна саңлақтары. – Алматы: Жалын, 1988. – 512 б.