А.Қ.Қабиева П.С.Куненова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,Қазақстан

РУХАНИ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

 

Адамның жарқын болашағы оның өз өмірін «әсемдік заңы» бойынша ұйымдастыруына байланысты болмақ. Студент жастарға рухани-эстетикалық тәрбие беру идеологиялық жұмыстың маңызды бір саласы. Ол жастарды жақсы қасиеттердің барлық түрін дұрыс ұғынуға, қабылдай білуге, бағалауға, өмірдің және еңбектің алуан түрлі саласына «әсемдік «элементтерін енгізе білуге үйретеді, ұсқынсыздық пен парықсыздыққа қарсы күресуге қабілетін шыңдайды. Жапон елінде эстетика саласынан тәрбие алмаған адам, тіпті экономикалық тұрғыдан да тиімсіз деген пікір қалыптасқан екен. Еліміздің көркеюі, жалпы азаматтық өркениеттілікке қосылуы бүгінгі студент, ертеңгі маманның тек білім дәрежесінде ғана емес, оның мәдениетіне де байланысты. Білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады.

Мәдениет ұлттың бейнесі, болмысы.

Рухани мәдениетіміздің зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталды деп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге таратады. Сол сияқты рухани мұрамыздың жиналу, саралану, насихатталуы да тереңге тамыр созады.

Мәдениет – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші. Қазақстанның мемлекеттік басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпенді ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған нәзік жіп үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Сәби кезімізден анамыздың әлдиі мен әжеміздің ертегісін тыңдадық. Демек, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал» - деген.

Адамзат баласы  үшін ошақтың үш бұты секілді үш тірегі, үш ұстыны болады екен. Әрине, тіршілік қажеттілігі ретінде одан да көп нәрсе керек. Ал біздің сөз етіп отырғанымыз көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, алайда онсыз ұлт болып құрала алмайтын, ұлыс болып ұйыса алмайтын аса құнды рухани мызғымас мықтылық. Ол толыққанды өзіңді азамат сезінудің үш алып діңгегі - Отаның, Ұлтың, Дінің.

Біздің халқымыз - әсемшіл халық, рухани мәдениет жасауды басты міндеттердің  бірі деп санайды. Өйткені адамдардың рухани дүниесін байытудан жоғары тұратын ешқандай да маңызды мәселе жоқ.. Рухани байлық пен білім бірте-бірте жинақталады. Қысқасы сырт көріністі әдемілей түсу үшін де ақыл-ой парасаттылығы қажет.

Әсемдік пен әдемілікке тәрбиелеу тек өнер мен поэзияда ғана қолданылып, одан басқа жерде қолданылмайды деген пікір жаңсақ болар. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынас пен олардағы мінез-құлық әсемдігіне де байланысты болмақ.  Олай болса, біздің қай-қайсымыздың болмасын көңіл-күйіміз өзіміз қарым-қатынас жасайтын адамдардың мінез-құлқына, алған тәлім-тәрбиесіне, мәдениетіне байланысты болады. Жақсы қарым-қатынас бізді қуантады, ал жаман қарым-қатынас бізді керісінше қамықтырады. Өз айналасындағыларға құрметпен қарым-қатынас жасау адамның жеке басының беделін түсірмейді, шамадан тыс еңбекті де қажет етпейді. Эстетикалық сезім – адамның еңбек үстінде тарихи қалыптасып дамыған рухани қымбат қасиеті. Адамның дамып жетілген эстетикалық сезімінің айқын көрінісі әдебиет пен өнер саласынан байқалады. 

«Қазақ осы күй шығарып, ән салып, көкпар тартып, қыз қууға жаралған» - демекші, эстетикалық тәрбие құралының бірі – музыка. «Құлақтан кіріп бойды алып», жүрек қылын шертетін, нәзік тілмен сөйлеп, жан дүниеңді билейтін музыканың еліткіш те еліктіргіш ғажап қасиеті жұртқа мәлім. Жақсы ән мен тәтті күйдің құдіретті үні адамға қуаныш үстінде де, қайғы кезінде де, еңбекте де, тұрмыста да жүрек жұбанышы, көңіл серігі болып келеді. Тіршілік етіп жатқан ғұмырымызда музыканың араласпайтын орны жоқ.

Музыкалық дарыны мол қазақ халқы басқа тарихи-профессионалдық дәстүрі бар елдер сияқты балаларына белгілі бір музыкалық аспапта нота арқылы білім беріп, айрықша оқытпағанымен де, оларды өз ортасынан шыққан музыканың асқан шеберлері - әнші, күйші, жыршы, жырау, ақындар секілді тума таланттардың өнерпаздық өнегелі өнерлерін үйретіп, олардан үлгі алуға баулып отырған. Халық арасынан шыққан мұндай тума таланттар сол өзі өмір сүрген жұртшылық ортасында зор әлеуметтік қызмет атқарып, әрі ағартушы, әрі тәрбиеші бола білген. Өйткені, өздері өмір сүрген әділетсіз қоғамда олардың көзі ашық, көңілі сергек, ой-өрісі өзгелерден озық болған. Сол үшін де қазақ халқы музыканы да, оны орындаушыны да барынша қастерлеп, қадір тұтқан. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов «Мұқан Төлебаев» деген еңбегінде: «...не үлкен атасы, не әкесі, не шешесі, не нағашысы арқылы келетін музыкалық қабілет, дарын қазақ музыкасының тарихында болды. Өнер құған адамдар, әнпаз, сауықшыл ауылдар кешегі қараңғы өмірді жарып шыққан өнердің небір шын ерлері де болды», - деп жазады.

Қазіргі өнерімізде әсемдік тауып, халқымыздың ой-қиялын тербетіп, көркемдік шындықты өмірмен ұштастыра білген музыка, театр, кино өнеріміз жылдан-жылға өсіп, қарқындап келеді. Эфирде шалқыған музыка әүені барша жұртты өзінің әсемдікке толы күй сазымен бір сәтте баурап алады. Әсем ән мен жақсы күй жастарға шабыт беріп, оларды биік мұраттарға, асқақ елжандылық сезімге, шыншылдыққа, көркемдікті сезінуге деген құлшынысын тәрбиелейді. Сол үшін де халық әсемдікті жасай да біледі, оны сүйе де біледі.

Театры жоқ кездің өзінде-ақ  көшпелі қазақ елінің ақындары, жыршылары концерттік формада әнмен не әр ақынның арнаулы сарынымен қобызға, домбыраға, гармонға қосылып, халық алдында өз өнерлерін көрсететін. Міне, біздің бүгінгі театрлық көріністерде де осы өнер кең орын алып келеді. Бұған «Біржан-Сара» операсындағы Біржан мен Сараның айтысы дәлел бола алады.

Жас ұрпаққа ізгі қасиеттерді қалыптастыруда ғұлама ғалымдар, шешендер мен билер, ақын-жыраулар мен сал-серілердің өзіндік сара жолдарының болғаны, олардың шығармаларындағы тәлім-тәррбиелік ой-пікірлері мен өнегелі істері бүгінгі ұрпақтың рухани- мәдени жетілуіне, саналы, білімді де мәдениетті тұлға болып қалыптасуына ықпалы зор. Бұлардың тарихи мұралары бір ғана халықтың немесе дәуірдің рухани игілігі болып қана ортақ болмақ. А. Яссауи осы орайда «Ұлы адамдар мейірімі – бақыт кілті, ұлы адамдар есігі – бақыт көзі».

 Еліміздің кең байтақ даласында ән өнерінің туын тіккен біздің өнеріміздің қымбатты қазыналары Абай, Ақан, Біржан, Әсет, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай Майра мен басқа да ұлттардың мәңгі өшпейтін халықтық әндерінде жан тебірентетін қаншама әсем де, көркем саз әуен бар десеңізші! Мәңгі жасар қасиетті өмірдің бар таныс тіршілігін әуенмен айқындайтын ән мұра дәстүрін жалғастырушылар Қазақстан Республикасының халық әртістері Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рахышев сияқты әншілерден мирас қылып алып қалған қазақтың «тел қоңыры» атанған халық әртістері Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтардан ғасырдан-ғасырға ұласып бізге жетті.

Қазақ тілінде өнер сөзінің мағынасы кең, ол әдеби тілде көп қолданылады. Қазақтар өнердің қоғамдағы орнын, күнделікті тұрмысқа қажеттіген, адам өміріне ықпалын жақсы білген. Және өнерді бірінен-бірін бөліп ажыратпаған. Атқа шабу, кілем тоқу, күміс қақтау, ер шабу, ән салу, күй шерту, ою ою, жыр жырлау және т.б. өнер деп санаған. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек» деген сөздің мағынасы өнердің көп қырлы екендігін байқатады. Оның үстіне халық өнерлі адамдарды – ұста, шебер, ақын, жыра, сал-серілерді қатты құрметтеген. Халық ауыз әдебиетінде жырларда, ертегілерде, мақал-мәтелдерде халқымыз өнер ісіне ерте кезден-ақ мән беріп келген. Ертегі, жырларда үнемі өнерпаз, тапқыр, білгір кейіпкерлер сүреттеледі. Олар ғажайып сәүлетті сарайлар соғып, асыл күйлер шығарып, сыбызғы тартып, шаршы топта суырылып сөз бастап, өнерлерінің арқасында арман-тілектеріне жетіп отырған. Ел аузындағы «халық-данышпан» деген сөздің терең мәні бар. Топтан озып, даланың данышпан ақылгөйі атанған не бір ділмәр шешендердің сөздері хатқа түскендей, халық есінде мәңгі сақталып қалған. Өйткені «қазақ халық поэзиясының дамуы жоғары сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған кезекті ұйқастарға негізделеді... Сонымен бірге қазақта суырып салмалық – мейлінше кең таралған өнер». Ән айтуға, күй шертуге, зергерлік өнеріне бейімі бар балаларды әке-шешесі, атасы ел ішіндегі аты шыққан әнші, күйші, ұсталардың жанына қосып, шәкіртікке беруі ата дәстүрі болып саналған. Ал шәкірттің ұстазын әкесіндей сыйлауы, оның өнерін жалғастырып, көпке тарату немесе жақсының жанында жүріп, өнегелі шешен, ақын, билердің, көпті көрген қариялардың батасын алу олар үшін парыз болып есептелген. Сол мектептен тәлім-тәрбие алған өнер адамдары ұстаздар жолын қуып, өнерін жалғастырған.

Отбасында да әкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйретіп, олардың өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қолөнер шебері немесе әнші, күйші, ақын етіп тәрбиелеуге көп көңіл бөлген. Ата өнерін баласының қууы, оны мирас етуі сияқты  қазақ халқының өз дәстүрі болған. Қазақ халқының зергерлік, аңшылық немесе ұсталық, күйшілік, емшілік өнерін жалғастырушы ұрпақтары көптеген кездеседі әрі елге танымал болып келеді. Сондықтан «Оның атасы немесе  әкесі жақсы адамдар еді», «Өнегелі жерден шыққан ғой» деген аталы сөздер оның дәлелі болмақ.  Бұған қосымша, ата дәстүрін жалғастырушы өнерлі жастарды дәріптеу қазақ ауыз әдебиетінде де ерекше маңызға ие болып отырған. Оны, «Атадан ұл тумас болар ма, ата жолын қумас болар ма», немесе «Ат тұяғын тай басар» деген мақалдар қуаттайды.

Аталары мен әжелері балалары мен немерелеріне ертегі, аңыз-әңгіме айтып, мақал-мәтелдерді үйрету негізінде шешендік пен тапқырлыққа баулу да дәстүрлі тәрбие мектебіне айналған. Бұған М.Әуезовтың Абайдың балалық шағына арналған естілігін мысалға алуға болады. Сондықтан ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ, олардың жақсы қасиеттерін, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтып, өзінен кейінгі келе жатқан жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді.

Қазақтың поэзиядағы, ауыз әдебиетіндегі ой-арманы күй аңызына ауысып, күй арқылы да айтылады дедеік.  Олай болса, ертегі аңыздарды күймен баяндаудың дәстүрі, тіпті көне заманнан бері келе жатқанға ұқсайды. «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «тарғыл бұқа» т.б күйлері көне замандағы әлеуметтік жағдайларды бейнелеген. Күй құдіреті соншалық, ел аузында аңызға айналғна қорқыт бабамыз қыл қобызын күңіренткен шақта жан алуға келген ажал екеш ажалда аяқ аттап баса алмаған, баласының өлімін күймен естірткен Аталық жырауға (Кет Бұға) қылышынан қан тамған қаһарлы Жошы хан да еш айла жасай алмаған деседі.

Сағынышты жүрегімнің назындай,

Қырдың әсем қалқып ұшқан қазындай,

Сырлы әсем сырдария сазындай,

Аңыраған аққулардың мұңындай,

Анасынан айрылған құлындай,

Алатаудың аппақ ойлы шыңындай,

Қазағымның,

Қазағымның күйлері-ай!

Жеті өзенді Жетісудай салалы,

Сарыарқаның самалындай самалы,

Дүрілдетіп тебіренкен даланы,

Бабамыздың күңіренген зарындай,

Жайығымның жайлап аққан жанындай,

Даламыздың қайнап аққан қанындай,

Қазағымның,

Қазағымның күйлері –ай! –деп жырлаған ақын Ш.Сариев күй құдіретінң бүкіл болмысын қазақ жерінің құдіретімен салыстыра отырып суреттейді. Руханилық жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-зі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Осы орайда, халқының мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін, тарихын, өнерін сүю арқылыл нағыз мәдениетті маман даярлау да бүгінгі күннің көкейкесті мәселесіне айналуда. Біз жастрымыздың өз өмірлерін текке бос өткізбей, күш-қуатын өнер, білімге жұмсап, Шәкарім айтқандай.

Жақсыдан қазына пұл қалар,

Солмайтын жасыл гүл қалар,

Сендерндей арсыз қулардан

Желге ұшатын күл қалар деп, артында өшпейтін із қалдырып, мәнді де сәнді де бақытты өмір сүруін көргіміз келеді..

Ал, бұл өз кезегінде, студент жастар, әрбір адамның азаматтығына, адамдығына, адалдығы мен адамгершілігіне байланысты болмақ. Білім әрине, тек басқаларға үйрету үшін қажет емес, өзінің рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру үшін де қажет. Парасатты адам әрқашан да алды – артын бағамдап алып, әрекет жасайды, тарих тағлымын, ата – бабалардан қалған өмір сабақтарын, жол-жосынды, үлгі -өнегені келешекке өсиет етеді.

 

Әдебиеттер:

1.            «Эстетикалық мәдениет негіздері»  С. Әбенбаев Алматы «Дарын» 2005

2.            «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» С. Кенжеахмет-ұлы Алматы «Кітап» 2006

3.            Қабдолов З. Сөз өнері: Оқулық. – Алматы:Санат, 2002. – 360 бет.

4.            «Дәстүр»  ұлттық-танымдық басылым-№ 04. 2010ж сәуір.

5.            «Дәстүр»  ұлттық-танымдық басылым- № 03.2010ж наурыз.

6.            Сейіт Кенжеахметұлы «Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім түрі». Алматы «Санат» 1998

7.            «Қазақ тәлім-тәрбиесі» Қ. Жарықбаев Алматы «Санат» 1994