П.С.Көненова, Г.Е.Смагулова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР ТЕАТРЫ - ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ҚҰТХАНАСЫ

 

Көне ғасырлардан тамыр алған мәдениет пен өнеріміз жалғасын тауып, ұлттық салт-дәстүріміз жаңа белестерден көрінуде.

Жалпы, ұлттық өнер, салт-дәстүр халық үшін, болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін керек. Ендеше халық, ұрпақ тәрбиелеу нені қажет етіп отыр, әуелі соны ойлауымыз керек. Біз үшін сал-серілер өнері де  рухани нәр алатын бастауымыз емес пе! Қазақтың ұлттық театрында, еліміздің көптеген мерекелік мәдени-іс шараларында халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүр, шешендік өнері, әзіл-қалжыңы  бәрі-бәрі көрініс беруі керек. Ұлттық дәстүрлі өнердің мақсаты - сахна арқылы көрермендерге ой салу, насихат айту, бір сөзбен айтқанда тәрбиелеу және үлкен мерекелерді өткізетін  орын дайындау. Мысалы, шілдехана, сүндет той, бесік тойы т.б адам өмірінде бірақ рет болатын отбасы мерекелерін театрализациялау арқылы сахналандыру Ондай кештердің алдын - ала сценарйиі жазылады.. Мұндай мерекелік іс-шараларда нағыз кәсіби шеберліктің мамандары жұмыс істеу керек. Олар қазақтың домбырасын шертіп, қобызын тартқанда, дастанын, ұлағатты сөздерін айтқанда, жұртты баурап әкететіндей төгіліп тұрса.. Тілі – шешен, ойы – көсем, ұшқыр болуы шарт.

Қазақтың салтында тіл-көз, бәле – жала, тазару да қазақ ұғымында отпен байланысты ғой. Ара –арасында қымызы, сусын келіп жатады, мұндай театр халықпен тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Сөйтіп, өнерге тәнті етеді, өзіне баурайды, бетпе-бет отырып күлдіреді, жылатады, ойландырады, толғандырады. Ойына шуақ, сезіміне сәуле төгеді. Жақсылыққа, сұлулыққа құштар етеді. Халық мұндай іс-шараға дем алу үшін келеді. Жанына рухани азық, сая іздейді. Ендеше, осы ұлттық мерекелерден, ұлттық театрдан халық іздегенін табу керек. Ұлттық театр - ұлттың рухани құтханасы. Жаңа адам руханиятын қалыптастыру үшін бүгін өнерге жаңаша көзқарас, биік талап қажет.

Адам өмірге «шыр» етіп келгенінен бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі өмірінің жұлдызды сәттерін халқымыздың салт-дәстүрі арқылы театр сахнасынан немесе театрландырылған мерекелік іс-шаралардан көрсетуге болады.

Мысалы, қазір қыз ұзату тойы қайсы, келін түсіру тойы қайсы, айыру қиын. Бәрі «жар-жармен» басталады. Мысалы, Біржан мен Сараның айтысы сахнада домбыра тартып, ән шырқап, шешен сөйлеп, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі табиғи үйлесім тауып, жарасым табатыны сөзсіз.

«Бесік той», «Қыз ұзату», «Сүндет той», «Айтыс» т.б өзге салт-дәстүрлерімізді қадірлейтін, адами қасиеттерімізді насихаттап көрсететін сахна болу керек. Қазақ халқымен бірге жасап, от пен суды бір кешіп, бүгінгі заманға жеткен орындаушылық өнерді (әншілік, күйшілік, бишілік, ақындық, шешендік) бір сахнаға басын қосып шығарып, қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау. Қазақтың дархан даласындай дарынды ұлдары болғандығына, мың жылдықтардан бастау алған рухани құндылықтарының әлемдік өркениеттен алатын өз орны, өз биігі бар екендігіне бүгінгі ұрпақтың көзін жеткізу. Мынау жаһандану заманында қазақ- қазақ болып, халық болып қалуына толық негіздің бар екендігіне өнер құдіреті арқылы сендіру. Ойы көсем, тілі шешен, ертегіші, әзілкеш-актерлерімен бірге, әнші, күйші, бишілер тобы мен фольклорлық ансамблі болады.

Ұлттық дәстүрлер театрының көрермендеріне халқымыздың көне аңыз, ертегі, шежіре-дастан, батырлық жырларынан ақ өлең болып өріліп, ән-жыр болып төгілген қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бейнелеген сахналық қойылымдар көрсетілсе. Мерекелік кештің сахнасынан тарих тағлымымен қатар, би-шешендердің даналық сөздері, «айтыс», «қыз ұзату», «келін түсіру», «ат қою», «тұсау кесу» сияқты қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері айшықтанып көрсетілуі тиіс. Сахналық қойылымның ерекшелігі – қойылымға қатысушылар көрерменмен бірге «қазақ үйдің» ішінде отырғандай алқа қотан отырып, өз өнерін тыңдаушы топтың ортасына салады. Үй ішінен үй тігіп, тау-тастан декорация жасап әуре болмайды, театр, кино және компютерлік графиканың бүгінгі жетістігін пайдалануға болады. Мысалы, халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне негізделген, заманауи үрдіске лайықты іс-шаралар бағытын анықтап, ұлттық салт-дәстүрді дамыту және насихаттау, жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыру, салауатты өмір салтына бейімдеу мақсатындағы байқау, фестивальдар   арнайы номинациялар бойынша өтеді.

Номинациялар:

Үміткерлер өнер сайысы, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу сияқты ат ойындарынан өнер көрсетеді. Халық арасында сәйгүлікті баптаушылардың қадір-қасиетін арттыру мен атбегілерді танытып қана қоймай, жылқы малын қадірлеуге дәріптейтін мұндай байқаулардың ұлттық-рухани маңызы зор.

Тау етегіне тігілген ақ үйлер, фестивальге жиналған жылқылар мен оның баптаушылары, шарықтап орындалып жатқан дәстүрлі әндер қазақ төрін тербетіп, қазақтың нағыз мінезін бейнелейді.. Бірінен кейін бірі, балуандар ат үстінде аударыспақ бойынша сынға түссе, қыз қууда арулар осал еместігін дәлелдейді.  Теңге алудың өзі көпшіліктің көңілін көтеріп, ұлттық ойынымыздың көркін кіргізеді.

Сахналық қойылымның басталуы (экспозициясы):

Қазақтың ұлттық киіміндегі қос ару тілерсегіне түскен бұрымдарының ұшына таққан шашбаулары, көрерменді залға шақырған күміс қоңырау үніндей сыңғырлап, өнер отауының есігін айқара ашып, көпшілікке сәлем етеді. «Ауылдың алты ауызы» түрінде қойылым туралы қысқа хабарлама жасап, «қош келдіңіздер» айтып, өнер отауына шақырады.

Көрермендерді қарсы алу рәсімі әр қойылымның тақырыбы мен мазмұнына қарай өзгеріп отырады. Бірде әзіл-күлкі, бірде ән-биден шашу, бірде жоқтау –зар болып келеді.

Көрермен өнер отауына кіргенде сахна ортасына орналасқан абыз қазақ халқының тарихының куәгеріндей қара қобызын толғай түседі.

Көрермендер өз орындарына жайғасып болғаннан соң қобыздың қоңыр үнімен қазақ үйдің түндігі біртіндеп түріліп, түнгі аспанның сансыз жұлдыздары жымыңдап, көк қақпасы ашылып, тылсым дүниемен байланыс орнағандай әсерде қалады.

Бағанадан бабына келген қобызына қосылып, Абыз-жырау көне тарихтың бір шежіресінен сөз қозғап, сарнай жөнеледі.

«Түркі халқының атақ даңқы жоқ болмасын деп,

Әкем, ағам құраған халықтың,

Атақ-даңқы жоқ болмасын деп,

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым.

Бастыны еңкейттім,

Тізеліні бүктірдім.

Ойымдағы ісімді,

Бойымдағы күшімді,

Сарқып құйдым.

Жалаңаш халықты тонадым,

Жарлы халықты бай қылдым»...

Ата –бабаларымыздың еңселі ел боламыз деп еткен ерен ерліктері жайлы жырлайды.

Сахнадағы тас мүсінді кейіпкерлерге жан бітіп, түн түнегін түріп, аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен: ғұндер, сақтар, ерен түріктің ерен ұрпақтары көрермендерге қарай қозғалады.

Сахнаға лайықталған шығарманың сөзге құрылған жерлері кейіпкерлер қақтығысы – диалогтармен шешіліп, «соғыс», «биге» сұранып тұрған жерлері би, қимыл-қозғалыс түрінде көрсетіледі.

Қазақ халқымен бірге жасасып, бүтін күйінде бүгінгі күнге жеткен орындаушылық дәстүрлі өнердің тұтас жиынтығын, әншілік, күйшілік, бишілік, айтыскерлік, шешендік сөз, тағысын тағы өнер түрлерінің бәрінің түгелдей басын қосып, халқымыздың үш мың жылдық ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, салт-санасын сахналық театр өнері тілімен жеткізу. 

Сегіз-қырлы, бір сырлы болу. Ой-өріс кеңдігі, көркемсөз шеберлігі, аңыз-ертегі айтуға, әзіл-қалжыңға қабілеті бар артистермен бірге әнші, күйші, бишілер тобын құру арқылы  біз мақсатты түрде жастарды мәдени тынығу қызметкері мамандығының студенттерін өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, қалыптастырамыз.  Осылай атадан-балаға, ұрпақтан- ұрпаққа жадында жатталып бүгінгі күнге аман жеткен жыр-дастандардың жаңа беттері сахналанып, жас өркендерді ән-жырымызбен әлдилеп, қазахы рухты – ата дәстүрді бойларына сңіреміз. Қазақ баласының өмірге «шыр» етіп келгенде, алғаш еститіні анасының әлди жыры. Тал бесігінде тербеген - өнер! Бір күндік мынау ару дүниеге қош айтысып, мәңгілік қайтпас сапарға аттанған шағында азалы «жоқтау жыры» болып төгілетін де - өнер!

Сан ғасырлар ата-бабаларымызды адамдықтың ақ жолынан адастырмаған, майданда да, сайранда да бар қажетіне жараған «ұлттық өнер» енді көк байрағымыз көгімізде желбіреген заманда өгейсіп, шет қақпай болмауы тиіс.

Өлмейді, халық жыры қартаймайды,

Өледі деп оны ешкім айта алмайды.

Халқымның жүрегінде сақталынған,

Сұлу жыр, судан тұнық шайқалмайды!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, өркениетті ел, жасампаз халқымыз, тіліміз, дініміз, рухани мәдениетіміз – жаңа бетбұрысқа, өркениеттілікке бет алуда.

Кең құшақты қазақ даласында бабалар дүбірі мен даналар үнімен, ата-бабалар салт-дәстүрімен тәрбие алып өскен – қазақ балаларымыз. Өз ұлтымыздың ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз керек. 
Салт - әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі ретінде қалыптасқан.
“Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдептен” дейді халық. Әдепті болу үшін иманды, кішіпейіл, көпшіл, инабатты болу керек. Ол үшін бүгінгі ұрпақ - өз ата-салтын, әдет-ғұрыптарын білуі қажет. Ата – салтын, әдет-ғұрпын біліп, құрмет тұтқан жас ұрпақтың ішкі рухани байлығы, әдептілігі сыртқа күн нұрындай сәуле шашып тұрады. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт- дәстүрсіз, ішкі рухани байлықсыз, әдет-ғұрыпсыз баланы тәрбиелеп, білім беру мүмкін емес.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген бабаларымыз балаларына алдымен отбасындағы тәрбие өнегесін үйреткен. Одан кейін «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең бір-бірлеп ала бер» деп ұрпағының санасыздығынан түңілген. Ұлттық салт-дәстүрлеріне елуден астам тәрбие үлгілерін қолданған ата-бабаларымыз, әдеп, ырым-тиым, жөн-жосық, қалып-қағида ережелерін жасаған. Дана халқымыз «балаңды бес жасқа дейін хандай сыйла, он екі жасқа дейін құлыңдай жұмса, он үш жастан кейін ақылшыңдай кеңес» деп айтқан. Бұрынғылар жастарға сенім артып, оның есеюіне, отаншыл, көпшіл, халықшыл, ұлтжанды болып тәрбиеленуіне мақал-мәтелдер арқылы ықпал еткен. Сол арқылы тәрбие мен тіл қалыптасқан.

Қазір керісінше, немерелерін орыс тілінде оқытып, орыс тәрбиесін беріп, ұлын орыстың қызына үйлендіріп, доңыз етін жеп отырған қазақтың қариялары көп. Оларға тіл туралы, ұлт туралы айтсаң өзіңе қарсы сөйлейді. Мұның бәрі ұлттық сана-сезімнің, халықтық тәрбиенің жетіспегендігінен. Елдің намысын, арын қорғай білмейтін жасық, жағымпаздардың тым көбейіп кеткендігінен туып отыр.

Ал, бұл өз кезегінде  әрбір адамның азаматтығына, адамдығына, адалдығы мен адамгершілігіне байланысты болмақ. Білім әрине, тек басқаларға үйрету үшін қажет емес, өзінің рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру үшін де қажет. Парасатты адам әрқашан да алды – артын бағамдап алып, әрекет жасайды, тарих тағлымын, ата – бабалардан қалған өмір сабақтарын, жол-жосынды, үлгі -өнегені келешекке өсиет етеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     «Эстетикалық мәдениет негіздері»  С. Әбенбаев Алматы «Дарын» 2005

      2.  «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» С. Кенжеахмет-ұлы Алматы «Кітап» 2006

3.     Камалова Н.К. Той-мерекелік, салт-дәстүрлік әрекеттер: Оқу құралы.- Шымкент, 2002.- 63 бет

4.        Қабдолов З. Сөз өнері: Оқулық. – Алматы:Санат, 2002. – 360 бет.

5.   «Дәстүр»  ұлттық-танымдық басылым-№ 04. 2010ж сәуір.

7.  Сейіт Кенжеахметұлы «Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім түрі».  Алматы «Санат» 1998