Шаяхметова М.Н., Хабдай А.
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Бастауыш сыныптарда сабақта ойын түрлерін
қолданудың маңызы
Бастауыш сыныптарда
берілетін білім баланың өмір бойы жинақтайтын білімінің
негізін қалайды. Сондай-ақ, бала бойындағы ізгілік, мейірімділік,
инабаттылық сезімдерін қалыптастырады. Сондықтан да
балаға білім берудің әртүрлі тәсілдерін сараптай
келе, тиімділерін өз тәжірибесінде қолдану әр
ұстаздың міндеті.
Ұстаз әр баланың
болашағы үшін жауапты. Олардың жақсы оқып,
жүйелі білім алуын қалайды. Алайда, балалардың ақыл-ой қабілеті,
бағдарламадағы берілген материалдарды меңгеру деңгейі бірдей емес. Оқушылардың
кейбіреулері мұғалімнің түсіндіргенін тез
қабылдаса, кейбіреулері керісінше. Кейде үлгере алмайтын
оқушылар да кездеседі. Оқушылардың көңілін, білімін
толықтыру, жетілдіру үшін жаңа сабақты бекіту немесе
қайталау сабақтарында ойын түрлерін қолдану өте
тиімді. Сабақта
қолданылған ойын түрлері — мұғалімнің
түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор
ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші
бола алады. Өйткені, бастауыш сынып оқушылары жас ерекшеліктеріне
байланысты ойынға өте ынталы келеді. Оқушылар тез
сергіп, тапсырмаларды тез, әрі қызығып орындайтын болады. Ойын қызық
болғанда нашар оқитын оқушылар да ойынға қатысып
кетеді. Сөйтіп, ойын арқылы сабақты меңгереді.
Ойын атаулы қай уақытта да
оқушылардың қызығушылығын оятады. Ойындар таным
үрдісін жеделдетеді. Сабақта ойын сәтінде оқушылар
өз сезімдерін басқаруға мүмкіндік алады, сонымен
қатар логикалық тұрғыдан ойлануға, өзіндік
іс-әрекетін жоспарлауға үйренеді. Сөйлеу арқылы
өз сезімін танытуға дағдыланады.
Сабақ кезінде
ұйымдастырылған ойындар төмендегідей нәтижелерге
жетелейді:
1. Зейінді дамытады.
2. Топтық, ұжымдық үлгідегі қарым-қатынас
жасай білу дағдыларын қалыптастырады.
3. Сергітеді, жалпы сыныпта және сабақ үстінде қалыпты
жағымды атмосфера туғызады.
4. Оқушылардың бойындағы эмоциялық жүкті
түсіреді.
5. Психотехникалық, яғни, ойлау іс-әрекеті үшін
қажетті өзіндік физиологиялық қалып-күй
дағдыларын қалыптастырады.
Ойын – балалар үшін
күрделі әрекет. Ол білімді, ақылды ұйымдастыруды
қажет етеді. Ойын балалардың негізгі іс-әрекетінің бір
түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген
мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін
қалыптастырады. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайындағы
мағұлматтары кеңейіп, игерген білім –
машықтарының негізінде бір сюжетке орай басты кейіпкерлерге еліктеу,
ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы
қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған
рөлдеріне деген жауапкершілігі арта түседі.
Мінез-құлқы, ерік-жігері шыңдалады. Психологтардың
айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде
еңбекте сондай болады екен. Ойын адамның өмір танымының
алғашқы қадамы. Балалар ойын барысында өздерін еркін
сезінеді, іздемпаздылық, тапқырлық әрекеті
байқалады. Сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік
арқылы түрлі психологиялық түсінікпен сезім
әрекетіне сүңгиді. Ойын үстінде бала бейне бір
өмірдің өзіндегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады.
Оқушылардың ой
белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту, жетілдіру
мұғалімнің негізгі міндеті. Ойын баланың ойлау
қабілеті мен сөздік қорын дамытуға, түрлі
дағды мен шеберлікті меңгеруге, қиындықты жеңуге,
төзімділікке баулиды. Баланың ойын әрекетін белгілі бір
жүйемен оқу әрекетіне айналдырудың сан қилы
жолдары бар. Оған балаларда
белгілі бір жағдайда қалыптасқан ойын жүйесін,
таңдалынып алынған ұлттық ойындарды, тәжірибеде
кеңінен қолданылып жүрген дидактикалық ойындарды
қай жерде, қалай таңдап, қалай пайдалану
мұғалімдерден үлкен шығармашылық
ізденісті талап етеді.
Қорыта келгенде, педагогикалық ойынның
маңызы зор. Ойын біріншіден, білу және үйрену, екіншіден,
баланың ойнай отырып, өзіндік білім алуы өмір
тәжірибесін жинақтауға көмектеседі. Қазіргі
заманауи талапқа сай ойын әрекеті әр сабақта
өздік технология ретінде, жаңа технологияның элементі ретінде
қолданылады.