Бекишева Катира

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық –техникалық колледжінің  оқытушысы

 

Білім беру технологиялары мен әдіс-тәсілдерін қолдану жолдары

         Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру   мақсатында елімізде білім берудің жаңа жүйесі құрылуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы » заңының 8-бабында  « Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға , дамытуға және  кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық,рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллект байыту. Еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру » делінген. Бұл –оқытушылар қауымына үлкен міндеттер мен жауапкершілікті жүктейді.

         Бүгінгі күннің өзекті мәселесі  білімді ұрпақ  тәрбиелеу - әрбір оқытушының парызы.Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің міндеті – жас буынды кітап оқуға, сөз өнерін түсінуге  баулу , сезім мен адамгершілік  қасиеттерін тәрбиелей отырып, жеке қабілеті мен белсенділігін дамыту.Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов  «Әдебиет мектеп ішіндегі ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптасып, жетілуден басқа оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгінгі пішінін танытуға керек » дейді. Ендеше көркем сөз арқылы адам жанын ізгілікке , игілікке бастайтынымыз сөзсіз.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді.  Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда. Осыған байланысты адамға ақпараттар кеңістігінде дұрыс бағытты таңдауға мүмкіндік жасай алатын оқытудың жаңа технологиялары пайда болуда.` Қазіргі білім беру саласында оқытудың жаңа технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болуы мүмкін емес. Осы мақсатта  оқушыларға  білім беруде «сыни тұрғыдан ойлау қабілетін оқу мен жазу арқылы дамыту» бағдарламасын қолданамын.

Пәнді оқыту барысында  топтық, ұжымдық жеке жұмыс түрлері ұйымдастырылады, шығармашылық жұмыс (өлең құрастыру, мәтін түзу, мәтін бойынша сурет салу, кейіпкерге мінездеме беру, хабарлама дайындау, қосымша деректер жинақтау) жүргізіледі. Оқыту барысында мәтіннің білімдік, тәрбиелік, дамытушылық бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді, көркем сөздер арқылы оқушының тілін дамыту, сөздік қорларын байытуға назар аударылады. Оқыту технологияларын таңдау оқушының өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыруына игі ықпал ететіндей мақсатта орындалады. Оқытудың әдістемелік ұстанымдары жеке тұлғаның дербес дамуына жағдай туғызуға, берілген тапсырмаларды орындауда оңтайлы шешім қабылдауға дағдыландыруға бағытталуы тиіс. Оқушының негізгі құзыреттілігін қалыптастыруды көздейтін технологияларды қолдануда ұтымды тәсілдерді пайдаланудың орнын, тиімділігін ажырата білу қажет. Оқушылардың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келетін технологияларды (жобалау, зерттеушілік т.б.) игеруге, енгізуге жағдай туғызу қажет. Жаңа технологияларды зерделей отырып, таңдалған әдіс-тәсілдер жиыны мұғалім мен оқушы арасындағы түсіністік қатынасқа негізделеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушыны дербес, топтық, ұжымдық жұмыс сияқты түрлі формада ұйымдастырылған тәсілдерге төселдіре отырып, өз бетімен ізденуіне бағыт-бағдар беру керек.
          Шығыс даналығы былай дейді: «Маған айтсаң, ұмытып қалам, көрсетсең есімде қалар. Ал, өзім істесем, үйреніп алам». Яғни, баланың ынтасын жетелеу, қызығушылығын ояту арқылы оқыту, үйрету қажет деген сөз. Сыни тұрғыда ойлау – мұғалімнің бағыттауымен оқушының өз бетімен білімді игеруге, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға тәрбиелейді. Ойлау да, оқу, жазу, сөйлеу және тыңдау сияқты іс-әрекет. Ол – белсенді, тұжырымдалған, күрделі шын ойды айтатын құбылыс. «Сыни тұрғыдан ойлау қабілетін оқу мен жазу арқылы дамыту» бағдарламасымен оқытуда оқушылардың кестелер, суреттер, оқулық дәптермен жұмыс істеу іскерліктері де артады. 
Осы бағдарламамен оқыту нәтижесінде оқушылардың өзін-өзі бақылау, бағалау, сөйлеу, тыңдау қабілеттерінің артатыны байқалады. Сыни тұрғыдан ойлаудың стратегиялары өте көп. Ол іс-әрекеттер оқушыларға:
-еркін ойлауға мүмкіндік береді;
-ақыл-ойын дамытады;
-шығармашылық белсенділігі артады;
-ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
-тіл байлығы жетіледі;
-жан-жақты ізденеді;
-өз ойын жеткізеді;  Енді осы бағдарламамен оқытылатын  сабақтың әдістемесін талдап көрелік:
Сабақ құрылымы 3 кезеңннен құрылады:
                Бірінші кезең – қызығушылықты ояту.  Оқушы жаңа  ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырып, кеңейте түседі. Сондықтан да  әр сабағымда қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не білетіні,  не айта алатыны жөнінде анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғау, ояту, миға әсер ету жүзеге асырылады.Әдістері: «Топтау»,  «Түртіп алу», «Ойлау» , жұпта талұылау.  Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – оқушының белсенділігін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, кқршісімен бөліседі, топта талқылайды.

         Ойлау, үйренуге бағытталған  бұл бағдарламаның екінші кезеңі: мағынаны тану. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады. Тақырып бойынша жұмыс істейді, өз бетімен жұмыс жасап белсенділік көрсетеді. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі. Үйренушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады[3.97].
          Үшінші кезең – ой толғаныс. Әртүрлі әдіс-тәсілдердің көмегінде шешімі табылған мәселені жалпылау, алынған білімдерді пысықтау, жаңа материалды қайталау жүзеге асырылады.  Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді. Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, «Ткестесі» сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.

 Қорыта келгенде, қазіргі білім беру саласындағы  оқытудың озық технологияларын  меңгермейінше,  сауатты да жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру – мұғалімнің кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Әдебиеттер:

         1.Қазақстан Республикасының білім туралы Заңы

         2. «Әдебиет тарихы» Ана тілі 1991ж.

         3 Ташенова А. «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы    

              дамыту» Білім- образование 2006 №2

         4. Сабыров Т. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары

              А. Мектеп 1978