Қазіргі айтыстағы тәуелсіздік идеясының көрініс табуы

Жансая МУСИНА,

М.Өтемісов атындағы

БҚМУ-дың оқытушысы, магистр

Егемендік алғаннан кейінгі жылдары мемлекеттік идеологияның негізін тәуелсіздік идеясы құрағанын көреміз. Саяси билік халықты осы жолда жұмылдыра білді де. Бұл негізінен алғанда аса насихат пен үгітті қажет ете қоймайтын тақырып. Бұл ретте айтыс осыны көтеру арқылы халықты бір бағытқа қарап, бірлікті ойға жұмылуға жетеледі. Елдің елдігі оның ерлерімен есептеледі. Ол үшін ешқашан елін сатып, халқын жылатпайтын азаматтарды алға үлгі тұтып қою керек. Бұл жолда желтоқсан құрбандары болған Қайрат, Ләззат, Ерболдардың ел жадындағы балғын бейнесі халқымыздың негізгі идеяға жұмылуына белгі болатынын көрдік және білеміз.

Тарих ол біздің кешегі жүріп өткен жолымыз ғана емес, бүгінгі өміріміздің бағыт беруші басты сипаты. Тарихқа қайта қарау арқылы біз бүгінгі күнімізді қалыптастыра аламыз. Жас ұрпақтың санасына  айтулы бабалардың болғаны туралы идея сіңіру, солардың ерлігін дәріптеу болашақ өмірімізде, келер күнімізде ұлт ретіндегі орнымызды айқындап бермек.  Соның бір парасы Серік Қалиев пен Аманжол Әлтаевтың айтысында көтерілген.

Аманжол:

...Алашым, жетпесек те баққа бірден.

Батырдың өткен жолын білсем бе деп,

Мұхтардай ағаларым атқа мінген.

Бақтыораз батыр бабам табылды деп,

Сұраймын сүйіншімді Көк Тәңірден [2,56], деген ойларының мәні үлкен.

Аталмыш жолдар нақтылы тарихи оқиғаларды берумен қатар, нақтылы қоғамдық ойларды түсіндіре алады. Бұл ретте екінші дүниежүзілік соғыста халқымыздың қаншама ұл-қыздары үлкен ерлік көрсетсе де атаусыз қалғандары бар екенін білеміз. Солардың бірі соғыстағы батыр Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігі. Оның даңқты ерлігі бұған дейін саяси бағытқа байланысты басқа біреудің атына жазылып келгені белгілі. Тәуелсіздік алмағанда оның аты аталып, халқымызға қайта оралып келер ме еді, кім білсін?! Сұрапыл соғыс өткеннен кейін арада жарты ғасыр салып барып атақ-даңқ өзінің шын иесін тапты. Сол батырдың ерлігін дәріптеу арқылы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге берілуі тиіс.

Айтыс тәуелсіздік алғаннан кейінгі бергі аралықта өзін азаттық пен егемендіктің жаршысы ретінде көрсете білді. Ал айтыс ақындары халықтың, ел мен жердің мұңын жоқтаған тұлғалар ретінде қалыптаса бастады.

Жалпы алғанда, азаттық мәселесі, тәуелсіздік тақырыбы біздің халқымыздың тағдырымен тікелей байланысты. Сан қилы тағдыр жолы сол азаттық жолындағы ұлы күрестердің болуына, сол күрестерді өткізетін ұлы күрескер тұлғалардың тарих сахнасына шығуына алып келді. Қазіргі айтыстардағы азаттық идеясының өзі сол кезден қалыптасқан деп білеміз. Көне жазуларда – Тоныкөк, Күлтегін және Білге қаған жазбаларында берілген тәуелсіздік пен сол жолдағы ұлы күрес идеясының өзі қазіргі күнге дейін тамыр тартып жалғасып жатқанын көреміз[3]. Ұлы дүбір шайқастар мен қанқұйлы кезеңдердің барлығы халықтың бостандыққа деген құштарлығын арттырмаса, жігерін жасытып күрес жолынан тайдыра алмаған. Біз оларды Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі аралықтағы тарихи оқиғалармен қазақ халқының ерекше рухани мәдениетін көрсететін әдебиет, соның ішінде жыраулар әдебиетінен көреміз. Одан кейінгі аралықта тәуелсіздік идеясы зар заман ақындарының шығармашылығынан кең орын алды. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте күрделі күрес кезеңі болды. Хандық билік жойылып, қазақ даласының еркіндігіне шектеу қойыла бастаған кезеңдерде болған ұлт-азаттық көтерілістердің барлығы біздің тәуелсіздік пен еркіндікке деген құштарлығымызды көрсетеді. Кенесары мен Наурызбай, Исатай мен Махамбет сынды қазақтың басқа да айтулы тұлғалары бастаған еркіндік жолындағы күрестер халықты болашаққа қарай жігерлендіре түсті. 1916 жылы болған Ұлт-азаттық көтеріліс, жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ тарихының ұлы тұлғалары – Алаш зиялылары мен қоғам қайраткерлері еліміздің бостандық идеясының өміршеңдігін көрсетті. Кеңес үкіметі орнап, халық санасында бодандықтың қамыты мықтап киілгенімен өзегінде сақталған ұлы толқынысты жойып жібере алған жоқ. Сол ұлы толқыныс 1986 жылы Желтоқсан болып жағаны ұрғанда оның тегеурінінен әлемдегі ең үлкен империяның шайқалғанын білеміз. Сондықтан да халық санасындағы еркіндік пен азаттық идеясы біздің халқымыздың өсіп-өркендеуіне, алға қарай талпынуына көп септігін тигізді.

Сол үшін де айтыстағы азаттық пен бостандық идеясы, тәуелсіздік пен егемендіктің жырлануы біздің халықтың сол ұғымдарды шынымен-ақ терең түсініп құрметтейтінін көрсетсе керек.

Жоғарыда аталған Айбек пен Аманжолдың айтысы және басқа да айтыстарда айтылған тәуелсіздік тақырыбы соның бірден-бір айғағы бола алады. Мысалға, Серікпен айтысында Аманжол:

Коммунизм аранын елес қылып,

Байлардан билік алған Кеңес құрып.

Большевик он жетіде ұран салған,

Ленинді құдайменен теңестіріп.

Бұл тағдыр кейде мойын бұрған еді,

Кей кезде қанды қақпан құрған еді.

Кешегі отыз екі, отыз жеті,

Халықты ақбөкендей қырған еді.

...Жаурадық саясаттың сыздарына,

Тарихтың мың құладық құздарына.

Серікжан, есіңде ме сексен алты,

Тоңдырған желтоқсанның ызғарына [2,57], деген жыр жолдарының тиегін ағытады.

Осы ретте айтыстың болашағына алаңдап, айтысқа мұрындық болып жүрген азаматтардың сол айтыстың беделіне нұқсан келтіретін қылықтарын, айтыс ақындарының арзан күлкі, орынсыз ыржаңға бой алдырып бара жатқанына қынжылып, ағалық ақылын айтқан М.Жолдасбеков айтыстың егемендік алғаннан кейінгі жылдардағы дамуына тоқтала келіп: «Тәуелсіздік алып, тоталитарлық жүйеден құтылдық-ау дегенде қалың ел өзінің қазығына қайта оралып, қазақшылыққа бет бұрып, айтысқа құшағын айқара ашты. Сол тұста ұлттық идеяны ұлықтауда, салт-дәстүрімізді дәріптеуде, тағылымы мол тарихымызды танытуда айтыс өнері өлшеусіз қызмет етті. Ұлтты дүр сілкіндіріп ұйқысынан оятқан айтыс қоғамдық құбылысқа айналып қолма-қол үн қосатын жауынгер жанрға айналды», дейді [4,7]. Айтыстың тәуелсіздік алған уақыттан кейінгі халыққа қызметі, егемендікті ұлықтаудағы пайдасы туралы бірден-бір нақтылы айтылған пікір деуге болады.

Негізінен алғанда, біздің тарихымыздағы азаттық жолындағы тұлғалардың басы ретінде қазақтағы ханның соңы Кенесары есімі аталады. Азаттық туралы ой-толғам айтылғанда Кенесарының  азаттық үшін құрбандыққа шалынғаны сөз болады. Бекжан ақынның Қуанышқа айтқан мына шумақтары соның айғағы десе де болады:

                     Ғасырлар тоғысында күтіп алдық,

                     Азаттық аталатын ақ кемені.

                     Тарихын танымаса келер ұрпақ,

                     Пәрменді болашақтың жоқ дерегі.

                     Хан Кене аруағын ажуалар,

                     Қазекең саясатта актер еді.

                     Бабамынң басы жатыр Эрмитажда,

                     Кім оны Петербордан ап келеді [2,167-168], дейтін жыр жолдары бостандық туралы ұғымды кеңейтіп, қанатын жайдыра түседі.  Тарихи шындықтың негізін осы шумақтар арқылы табамыз. Қазақтың азаттығы Кенесарының басы кесіліп, жау қолында кеткен күні мәңгілікке көзден бұл-бұл ұшқандай болған. Енді, міне, егеменді ел атанып, жеке мемлекет болып жатқан уақытта азаттық жолында құрбан болған бабаның басын іздеу, оны туған жеріне алып келіп жерлеу өте тарихи-идеологиялық мәні бар іс екенін жақсы түсінеміз. Ақынның айтары да халықтың рухын серпілтіп, жанын жұбатар осы істің тезірек жүзеге асуы.  

Бұл аталған идеяны Дәулеткерей Кәпұлы мен қыршынынан қиылған ақын Оразәлі Досбосыновтың айтысынан да көре аламыз.

Оразәлі:

Кешегі ер Исатай, Махамбеттер,

Кенесары, Наурызбай халқымыздың

Азаттығы жолында адал өлген.

Отаршылдық саясатқа қарсы шығып,

Бабатайұлы Дулат бабам өлген.

Қазақ қайтсе азат ел болады деп,

Өз көрін өлеңімен қаза берген.

Желтоқсанда өспірім өрен жастар,

Елім деп ит қорлықта далада өлген.

Қайрат, Ләззат, Сабит, Ерболдардай,

Халықтың бағына Алла бала берген [2,74]! деген біздің жоғарыда айтып өткен сөздеріміздің тікелей дәлелі бола алады.

Ежелден ұланғайыр даланы мекендеп, өзінің еркіндігін самалдың  еркіндігімен өлшеген халқымыздың басынан өткен ауыр жылдар туралы ақындар «толғауы тоқсан қызыл тілдің» арқасында жеріне жеткізе толғап айтады.

Ол туралы Дәулеткерей:

Сексен алтыда серпіліп,

Рухтанып, желпініп,

Тартысқа шығып, жең түріп,

Тамырда қанды тулаттың.

Арқаға салып Астана,

Айбарым тасып басқаға,

Әнұранымды тыңдаттың [2,78], деп тебіренеді.

Сонымен қатар, қазіргі айтыстардағы тәуелсіздік идеясының көтерілуі айтыстың жалпы халықтық сипат алуымен қатар, ақындардың ұлттық деңгейге жалпы қазақтық деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді. Осы жағынан алғанда қазіргі айтыстардың көтерген жүгі ауыр, көрерменнің алдында ақынның ар-намысы мен азаматтық тұлғасына түсетін сын күрделі болмақ. Дәулеткерей:

Сарыарқа – жұмақ сары алтын,

Төсіңді келіп алғанда,

Ақиқатыңды айтқызбай,

Аузыңа құлып салғанда.

Ұлы Абайыңның басына,

Атомын әкеп жарғанда,

Тәңірге жылап зарлауға,

Күрмеліп тілің қалғанда,

Азаттық бер деп Қазаққа,

Жалбарынып па ең, Жаппарға?[2, 79] – деп жырлауында зор шындықтар бар.

Шетелде моңғол жерінде тұрып, ата-бабасының тағдырлы жолының куәгері болған Дәулеткерейдің жалпы азаттыққа, тәуелсіздікке деген құштарлығы алабөтен болуы тиіс. Біз бұны қазақ халқының сан қилы тағдырының бір көрінісі ретінде қарауға тиістіміз.

Жалпы, айтыстағы азаттық пен тәуелсіздік идеясының көрінуі желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты. Оны жоғарыда ақындардың жырларынан мысал келтіре отырып та айтып өттік. Сол жылдары айтыс сахнасына көтерілген Әселхан, Абаш, Қонысбай, Есенқұл, Ерік және Әсияның айтыстарынан біз осыны байқаймыз. Бұл кезең тоталитарлық жүйенің қамыты босаңсып, халықтың ой-санасына сілкініс кіре бастаған кезі болатын. Оның үзілмейтін алтын жүлде жалғасы болып тәуелсіздік алғаннан кейінгі айтыстар азаттық тақырыбын тіптен жандандырып әкеткенін көреміз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.        Қазіргі айтыс. 1-кітап. Құраст.: И.. Нұрахметұлы, С. Дүйсенғазин. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2006. – 312 бет.

2.        Қазіргі айтыс. 2-кітап. Құраст.: Н. Айтұлы, С. Дүйсенғазин. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2006. – 336 бет.

3.        Жармұхамедов М. Қазақ поэзиясындағы айтыстың тегі мен дамуы. Алматы: Мұраттас, 2001. – 231 б.

4.        Жолдасбеков М. Қазаққа Алланың берген сыйы еді // Егемен Қазақстан. – 2008. 12-желтоқсан.