ДИСКУРС ЖӘНЕ МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫ

 

Есенова Қ.Ө., фил.ғ.д.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

(Алматы қ., Қазақстан)

 

       Мәтін – сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. ХХ ғасырдан бастап мәтін сөйлеу бірлігі және ерекше сөйлеу шығармашылығы ретінде зерттеле бастауы мәтін лингвистикасы пәнін дүниеге келтірді. Мәтін ұғымымен бірге оны танып-білудің жолдары, амал-тәсілдері пайда болды. Ал мәтінді тілдік жақтан тану тілдік бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын анықтаумен пара-пар. Мәтіннің тілдік қырларын толық білу интеграциялық процеспен қатар жүреді. Ғылымдағы интеграциялық үдерістердің көбеюі интеграциялық бірлесу мен тұтасудың көрінісі мәтін талдау мен мәтінтану, мәтін құрылым мен мәтінтүзілімнен көрінетіндіктен, осы жаңа парадигмаға сай мәтін лингвистикасына, мәтінтануға, мәтін кеңістігінің семантикасы мен мәтіннің дискурстық мәселелерін қарастыруға арналған зерттеу мақаласының бағыты мен көтерген тақырыбы өзекті болып табылады. Мәтінді оқу барысында мәтіндегі ойды қайтадан ой елегінен өткізу үдерісі («перекодирование») мен жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің, ұғымдардың мәтін арқылы трансформациялануы жүреді. Яғни мәтінтану мен мәтінтүзілімге қарағанда жаңа жас сала мәтін лингвистикасы мәтінді белгілі бір құрылым ретінде қарастырады.

      Мәтін лингвистикасының өзіндік ерекшеліктері арқылы қалыптасқан екі бағыт бар:

·        мәтіндік құрылыстың дұрыс құрылуы арқылы коммуникацияның дұрыс жетуін көздейтін және талдайтын бағыт бойынша мәтінді айтылымның коммуникативті бағдарлы компоненттері, морфологиялық тұлғалар, шылау сөздер мен есімдіктер, модаль сөздер, етіс түрлері мен акцент, яғни ерекше логикалық екпін түсетін бірліктердің қолданысы құрайды, тілдік бірліктердің мәтін түзіліміндегі функциялары, мәтін құраудағы қызметі анықталады, тұтас мәтін құрылысының заңдылықтары зерттеледі;

·        мәтін арқылы жететін астарлы мәнді, зерттеуші ашып беруге тиісті импликациялық, жасырын жоларалық ойды түсіндіру тілдік бірліктер арқылы жеткізілуге тиісті күңгірттенген ойдың, хабардың дұрыс, дәл, өзгеріссіз жетуін қадағалайтын екінші бағыт нақты бір мәтіннің терең мағыналық қырларын ашуға бағытталады. Ал хабарды жеткізу – шындық. болмыс мәнді немесе ақиқаттың мәнін жеткізу деген сөз.

      Сонымен, мәтін талдау мен мәтінтану үшін маңызды мынадай қорытынды жасауға болады:

·        мәтін – тілдік таңба, денотат, ұғымды таңбалайды;

·        мәтіннің негізгі қызметінің бірі – коммуникативтік қызмет;

·        жазбаша және ауызша мәтін түрлері бар, бұл мәтін және дискурс арақатынасы туралы күрделі мәселені көтереді, өйткені олар тілдегі өз алдына жеке-дара, бөлек-бөлек құбылыстарға жатады.

Дискурс үш деңгейлі құрылым:

·        суперқұрылым;

·        байланыс құрылымы;

·        синтаксистік құрылым.

Демек, мәтін мен дискурстың айырмашылығы, мәтін – сөз актісінің жазудағы көрінісі болса, ал дискурс қолданыстағы мәтін.

      Дискурсты зерттеу дегеніміз бүгінгі таңда функционализмге бет бұру, қазіргі фундаментализмді кешенді түрде сипаттау дегенді білдіреді.

       Соңғы  жаңа грамматикалық еңбектерде дискурстың жекелеген ұғымдарын генеративті грамматиканың моделіне енгізу мақсаты көзделеді, себебі мәтін де, дискурс та құрылымдық нысан. Екі құбылыс та морфосинтактикаға әсер ете алады. Соңғы кезде «мәтін ұғымы бар жерде «дискурс» ұғымын да қатар алып жүру байқалады.

      Дискурс – негіз етіп өрбитін нысаны адам болғандықтан қамтитын аясы өте кең, кешенді ұғым. Дискурс – коммуниканттардың сөз жағдаятын ескере отырып шынайы өмірдегі оқиғаларды өздерінің когнитивтік, тілдік, аялық білімін, прагматикалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы коммуникативтік мақсатқа орай өз тілдеріндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жүйелер арқылы тілге көшіруі, диалогқа түсу әрекеті.

       Энциклопедиялық сөздікте: «Дискурс (фр. Discours) в общем смысле – речь, процесс языковой деятельности. В специальном, социогуманитарном смысле – социально обусловленная организация системы речи, а также определенные принципы, в соответствии с которыми реальность классифицируется и репрезентируется (представляется) в те или иные периоды времени. Это специальное значение слова «дискурс» впервые ввел Э.Бенвенист (1974), противопоставляя discours (речь, привязанная к говорящему) и recit (речь, не привязанная к говорящему).

      Дискурс теориясына қатысты жазылған зерттеулерде дискурс түрліше анықталып жүр. Д.Әлкебаева: «Дискурс нақты айтылған сөз деген мағынамен сәйкес келеді, өзінің мағыналық-ақпараттық мазмұнымен қоса экстралингвистикалық факторларымен жүйеленетін сөйлесімдерді айтады» деген тұжырым жасайды. Ал Ж.Кеншінбаева: «Дискурсқолданыстағы мәтін, яғни сөйлеу тілінің нақтылы коммуникативтік қарым-қатынас орнатудағы қызметі», - десе, профессор Н.Уәли: «фреймі «автор», «сөз актісі» - «адресат» және сөз жағдаяты (сөздің қандай ситуацияда айтылғаны) деген құрылымдардан тұратын коммуникативтік «уақиға», - деп түсіндіреді. Г.Г.Бүркітбаеваша, дискурс дегенімізмәтін мен интеракцияға қатысушылар жөне коммуникативтік жағдаят қосындысы. Біздің анықтауымызша, дискурс дегеніміз – шынайы өмір үзігіндегі көріністің сөйлеу әрекеті арқылы санаға көшуі мен тілдік бірлікте таңбалануы. Дискурс дегеніміз – дайын мәтіннің сөйлеу әрекетін туғызушылар мақсатына сай күрделі әрі нақты коммуникативтік жағдайға айналуы. Ал Ш.А.Нұрмышеваша, дискурс дегеніміз – коммуниканттардың сөз жағдаятын ескере отырып шынайы өмірдегі оқиғаларды өздерінің когнитивтік, тілдік, аялық білімін, прагматикалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы коммуникативтік мақсатқа орай өз тілдеріндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жүйелер арқылы тілге көшіруі, диалогқа түсу әрекеті.

      Ғалымдардың дискурс терминіне берген анықтамалары түрліше болғанымен, олардың барлығының да дискурсқа тән деп көрсеткен белгілері бар: бұл – дискурстың диалогтік сипаты, сөз жағдаятына сай орындалатын сөйлеу әрекеті екендігі.

     Дискурстың диалогтік сипатына коммуникацияға қатысушылар санының кем дегенде екеу болуы жатпайды, сөйлеуші түзіп, қолданысқа түсірген мәтіннің қандайда бір тыңдаушыға бағытталуы жатқызылады. Ал бұл тыңдаушы сөз түзушінің өзі болуы да ықтимал. Мысалы, адамның өзіне арнап жазатын күнделігі (сөзді түзуші де, түзілген сөзді қабылдаушы да бір субъект), өзімен-өзі кеңесуі т.с.с.

       Мәтін мен дискурстың тепе-тең ұғым емес екендігі ақиқат. «Тіл мәтінде орналасып, дискурста жанданады, туындайды» деген пікірге сүйенсек, мәтін мен дискурс қатынасы дискурстың динамикалық, ал мәтіннің статикалық «тұрақты, қозғалыссыз) сипаттары арқылы танылады деп түсінеміз. Мәселен, қандай да бір автордың көркем шығармасы біз қолға алып оқығанға дейін «тыныш күйінде» тұрып, мәтін ретінде танылса, оқырман қолына тиіп, коммуникациядағы тілдік құрылым – мәтіннің динамикалық күйіндегі сипатын дискурс деп тануымызға болады. Бұл жерде де тікелей болмаса да, автор мен оқырмен (адресат пен адресант) арасында «хабар алысу» жүреді.

      Сондай-ақ, зерттеуші Н.Уәли көркем дискурстың құрылым әлдеқайда күрделі болатынын көрсете отырып, оның ретін мынадай жүйеде көрсетеді: «мәтінге дейінгі бөлігінде автордың ойлаған көркем идеясы, сол идеяны тілдік құралдармен объективтендірудің тәсілдері мен амалдары ойластырылады. Автор өзінің санасындағы тілдік парадигмадан (вертикал түзуден) тілдік бірліктерді таңдап атай бастайды. Ой елегінен өткен бірліктер синтагмалық (көлбеу түзу бойынша) тізбекке түседі. Сөйтіп, автордың «нені айтсам?», «қалай айтсам?», «кімге айтсам?» деген мәтіндік құрылымға ойша сөзі, яғни екінші кезеңге – сөз актісінің бір бүтініне айналады, бірақ коммуникация аяқталмайды. Коммуникация мәтінді оқырман қабылдаған соң, автордың идеясын, нені айтқанын, қалай айтқанын, кімге айтып отырғанын, не мақсатпен айтқанын игерген соң аяқталады». Дискурс негізінен коммуникативтік әрекет ретінде танылғандықтан, барлық көркем мәтіндерге де (көлемді де, шағын да) қатысты болып келеді және барлық жағдайда да адресат пен адресант факторы арасында лингвокогнитивтік-ментальдық құрылым болып есептеледі. Басқаша айтсақ, дискурс – коммуникативтік қатысым процесі ретінде анықталса, мәтін – оның жемісі ретінде ұғынылады.

      Мәтін мен дискурстың айырмашылығы: егер дискурсты актуалды сипатта айтылған мәтін ретінде танысақ, ол кезде мәтін – айтылған ойдың абстрактылы, грамматикалық құрылымы, ал дискурсты актуалды айтылым әрекетіне қатысты сөз (речь) деп есептесек, ол кезде мәтін – тілдік жүйеге немесе формалды лингвистикалық білімге лингвистикалық компетенттілікке қатысты ұғым болып табылады.

       Г.Кресс еңбектерінде мәтін және дискурс ұғымдарының аражігі айқын ашылған және оларды қолданудың шегі де нақты көрсетілген. Автордың пікірінше, дискурс – әлеуметтік салаға тиесілі категория, ал мәтін – лигвистикалық категория. Олар таралуына байланысты өзара сабақтасқан. Дискурс мәтін ішінде көрінеді. Алайда бір мәтіннің ішінде бірнеше қарама-қайшы және аяқталған дискурстар кездесуі мүмкін.

      Дискурс, бір жағынан, мәтінжасау тәжірибесі, мәтінді шығару, кеңістік пен уақытта жария ету процесі; екінші жағынан, дискурс – мәтінді ой-санадан өткізу процедурасы да (мысалы, оқу барысында, конспектілеу барысында, аудару барысында және т.б.).

      Біздің көзқарасымыз бойынша, мәтінді дискурстық аралық сатысы ретінде сипаттаған жөн. Өйткені дискурс ретінде екі бірдей коммуниканттың ойлау-сөйлеу әрекеттерінің жиынтығы деп түсінеміз. Сондай-ақ, мәтін шындықтың объективті факті ретінде дискурс нәтижесі, өнімі ретінде қарастырыла алады. Өркениетті адам тілдік қарым-қатынастың әртүрлі формаларын жете меңгеруі керек. Бұл – нарық пен демократияға бет бұрған заманның талабы. Әсіресе нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз саласымен шектеліп қалмай, шаршытоп алдында айтыс-тартысқа түсудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық жақтарынан хабардар болуға тиіс. Ал тілдік құралдарды талғау, саралау айтыс-тартыстың логикалық, әлеуметтік, психологиялық жайттарына тәуелді. Осы жайттарды дұрыс аңғарғанда тілдік құралдарды, стильдік амал-тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға зор жәрдемі тиеді. Күнделікті өмір тәжірибесінде, жеке коммуникацияда, ұжымдық коммуникацияда, бұқаралық коммуникацияда жиі кездесетін мәтін мен дискурс мәселесіне қатысты зерттеулерді қарастырдық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен интернет-ресурстары:

1. Есенова Қ.Ө. Қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы. Алматы, 2007.

2. Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. – Москва: Гнозис, 2007.

3. Макаров М.Л. Основы теории дискурса. – М.: ИТДГК «Гнозис», 2008.

5. Буркитбаева Г.Г. Текст и дискурс. Типы дискурса.  Учебное пособие. Алматы. 2006.

filologia.su/diskurs

www.vestnik-kafu.info/journal/14/509/

ru.wiktionary.org/wiki/дискурс

www.lib.ua-ru.net/diss/cont/92288.html

www.russian.slavica.org/article2985.html

www.philology.ru/linguistics1/revzina-05.htm

www.dissercat.com/.../filosofskii-diskurs-frantsuzskogo-postm... - Россия

prutkov.ouc.ru/istoricheskiy-diskurs-kak-parodia.html

www.philosophy.ru/library/diskurs/gutner.html