ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ

АНТРОПОЦЕНТРИСТІК ДАМУЫ

 

Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті,

 Ресей жаратылыстану академиясының профессоры

famous-scientists.ru /11624/

Сқақова Ұлпан,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Филология институтының 2-курс магистранты

 

Тілдердің генеологиялық туыстастығы мен өзара қарым-қатынасын, тілдік одақтар мен тілдік топтардың жалпы сипатын анықтауды діттеген тарихи-салыстырмалы парадигма мен жекелеген тілдердің ішкі құрылымдық жүйесінің таза тілдік табиғатын ашуды көздеген құрылымдық-жүйелілік парадигмасының аясында тіл білімі ғылымының теориялық-методологиялық негіздемесі қаланып, аса құнды фундаментальді ғылыми еңбектер жарық көрді. Бірақ, бұл бағыттағы зерттеулерде тіл бірліктері ауқымды таңбалық схемаға бағындырылып, тілдік жүйенің өз ішінде қарастырылды. Тілдік бірліктердің адам баласының ойлауымен, таным әрекетімен, жасампаздық рухымен астасатын, сол арқылы «Руханият-Мәдениет-Өркениет» контексіне алып баратын терең қатпарларының табиғатына жеткілікті мән берілмеді. Адам, оның таным әлемі, салт-санасы,  қоршаған ортасы мен ғасырлар бойы жинақтаған іс–тәжірибесі, рухани өресі т.б. экстралингвистикалық факторлар саналып, зерттеу нысанасынан тыс қалды. Бұл жағдай тіл білімі ғылымының жалпы гуманитарлық бағыттағы өзге ғылымдармен, қоғамдық-әлеуметтік пәндермен тығыз байланысын әлсіретіп, лингвистикалық зерттеудің ғылыми методологиясындағы біржақтылықты (грамматикалық) қалыптастырды.

Адам мен тіл, адам мен дүние (материалдық), адам мен ғарыш, адам мен ғалам, мәдениет пен өркениет, ондағы адам орны сияқты жалпы адамзаттық мәңгілік  мәселелердің қай-қайсысы болмасын тілді айналып өтпейтіні белгілі. Ақпараттық технология үстемдік етіп, жаһандану үрдісі кең қанат жайған қазіргі заман тілді «Табиғат-Адам-Қоғам» үштігі контексінде, адам табиғатымен, этнос, ұлт, халық сияқты тілдік қауымдастықтың тарихи -мәдени, саяси-әлеуметтік өмірімен біртұтастықта қарастыруды талап етеді. Ендігі жерде тіл феноменін тілдің өз ішінде, тілдік жүйенің өзіндік заңдылықтары тұрғысынан зерттеу жеткіліксіз. Заман талабы тіл біліміне пәнаралық сипат дарытып, ғылыми зерттеудің антропоцентристік бағыттағы  жаңа әдіснамасын жасауды міндеттейді. Мұнда лингвистикалық әдіс –тәсілдерді тарих, философия, әлеуметтану, психология, мифология, мәдениеттану, этнография, логика сияқты ғылым салалары қолданатын зерттеудің  әдіс-тәсілдерімен тоғыстырудың маңызы зор.

Әлемдік және отандық тіл білімінің қазіргі таңдағы  дамуы  лингвистикалық зерттеулердің антропоцентристік бағыт алуымен, яғни тіл табиғатын зерттеуде тілдік ішкі жүйеліліктен антропоцентристік талдауға көшуімен  сипатталады.

Антропоцентризм (греческ. anthropos – «адам», лат. Сentrum – орталық) адам феноменін Ғаламның басқа да феномендеріне қарсы қоя отырып, адамды ғаламның орталығы ретінде танытатын, дүниедегі болып жатқан процестердің мақсатын адам факторымен байланыстыратын ғылыми бағыт [1,8]

Антропоцентризмді философиялық көзқарас тұрғысынан П.С.Гуревич былай түсіндіреді: «Антропоцентризм – это воззрение, согласно которому человек есть центр Вселенной и центр совершающихся в мире событий. Многие философы исходили из данной мировоззренческой установки, полагая, что главная проблема философии – человек. Только осознавая природу, сущность, предназначение человека, можно понять все другие философские проблемы, сколько их ни  накопилось в течение множества веков» [2, 44].

Тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттағы зерттеулерде Хайдеггер-Риккердің «Адам дегеніміз – тіл» пікіріне сай, «тілдегі адам факторына» айрықша назар аударылып, «тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар халықтың ой-танымы мен сана-сезімінің құралы» [3, 375], тіл иесі этностың сан ғасырлық тәжірибесін жинақтаушы, қоғамдық білімін қордалаушы және оны келер ұрпаққа жеткізуші танымдық, мәдени, әлеуметтік феномен тұрғысынан сарапталады. Зерттеу нысаны таным объектісінен (тіл, сөзден) сол тілді тудырушы, қолданушы, жарыққа шығарушы адам – субъектіге ауыстырылып, тілдік конструкциялар дүниені «адам призмасы» арқылы көрудің, танудың дәйектемелік негізіне алынады,  «тіл мен адамның» ара жігі бөлінбей, біртұтастықта сипатталады. Басқаша айтқанда қазіргі заманғы лингвистикалық зерттеулер объектіден субъектіге  қарай бет бұрып,  тіл – субектінің ең басты конститутивті  белгісі ретінде зерттеу нысаны етілуде.

«Тіл мен адамның біртұтастығы» жайлы И.А.Бодуэн де Куртенэ былай дейді: «Язык существует только в индивидуальных мозгах, только в душах, только в психике индивидов или особей, составляющих данное языковое общество» [4, 6]. Басқаша айтқанда қазіргі заманғы антропоцентристік бағыттағы лингвистикалық зерттеулерде тіл «өзі-өзінде және өзі үшін» деген «имманентті» (лат. тілінен immanents – бір нәрсеге тән не құрамында болу мағынасында) тіл білімі аясынан шығып, этнос болмысы, діл және дін, ұлттық мәдениет, ұлттық дүниетаным, әлеуметтік-қоғамдық орта, ондағы жеке тұлға сияқты ұғымдармен сабақтастықта зерттеледі [1, 8].

Лингвистикалық зерттеудің антропоцентристік парадигмасы тілді  сол тіл қызмет ететін қоғаммен, әлеуметтік ортамен, тіл иесі – халықтың сан ғасырлық  тарихымен, таным әлемімен, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан өмірлік тәжірибесімен, рухани болмыс-бітімімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен байланыстыра қарастыруды діттейтін тіл біліміндегі ауқымы кең зерттеулерге жол ашып, нақты ғылыми жетістіктерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде тіл мен мәдениет, тіл мен халық, тіл мен таным арасындағы тығыз байланыс, өзара сабақтастық проблемасын жан-жақты зерттеуді мақсат ететін интеграциялық жаңа үрдістегі этнолингвистика, лингвомәдениеттану, этнопсихолингвистика, когнитивтік лингвистика сияқты ғылыми  бағыттар қалыптасып, жедел қарқынмен дами бастады.  Олардың әрқайсысының зерттеу нысанын нақтылауда, я болмаса ғылыми теориялық және методологиялық негіздемесін жасауда тіл бірліктері басқа ракурста, яғни адам санасымен, ойлау әрекетімен, бүкіл адами болмыспен біртұтастықта қарастырылып отыр.

Тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыттардың қайнар  көзі, шығу арнасы Еуропада В.Гумбольдтың лингво-философиялық концепцияларынан, ал Америкада Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорфтардың көзқарастарынан бастау алады. Тіл мен мәдениет, тіл мен халық, тіл мен таным арасындағы тығыз байланысты қарастыруда В.Гумбольдтың «Тіл –халық рухы, халық рухы оның тілінде. Ұлт нышанын танытатын мәдениет өз ізін халық тілінде қалдырады. Халықтық рух пен мәдениет тілдің ішкі формасына тән» [3, 32] деген тұжырымдамасы мен  Э.Сепир мен Б.Уорфтың тілдің ойлауға ықпалын негізге алған «лингвистикалық ықтималдық» концепциясы басшылыққа алынады [5, 34].

Ф.Соссюр, В.Штейнталь, Э.Сепир, Б.Уорф, Л.Вайсбергер зерттеулерінде көрініс тапқан «әр халықтың танымдық ерекшелігі оның тілінің табиғатынан туындайтындығы»,  «тіл тарихилығы мен мәдениет тарихы жапсарлас дамитындығы», «адам баласының образды ойлауы, дүниені тануы тіл құрылысымен тығыз байланысып жататыны» туралы ой-пікірлер мен Ф.И.Буслаев, А.Н.Афанасьев, А.А.Потебня, Р.Якобсон сияқты орыс ғалымдарының тілдің конструктивтік рөлі және оның халықтық мәдениетті, халықтық психологияны, халықтың мифологиялық таным-түсініктерін қалыптастырудағы ықпалына арналған фундаментальді зерттеулері антрополингвистикалық ізденістердің ғылыми іргетасы етілуде.

Ресейлік филологиялық және тілтанымдық дәстүрді жалғастырушы Н.И.Толстой, Н.Топоров, В.В.Иванов, В.А.Аврорин, В.Н.Телия, В.В.Воробьев, А.Вежбицкая, Е.М.Верещагин, В.Г.Костоморов, Ю.С.Степанов, А.Д.Арутюнова, В.Маслова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде ақиқат шындық болмыс, халық тарихы, ел тарихы, дүниетаным, рухани және материалдық мәдениеттің құрамдас бөліктерін құраушы ұлттық құндылықтар жүйесі тіл құрылымының танымдық астарымен, таңбалық сипатымен, тілдік бірліктердің ұлттық-мәдени семантикасымен тығыз байланыста сарапталады.

Тілдің қоғаммен, ойлаумен, мәдениетпен, таныммен, адам болмысымен байланысы қазақ тіл білімінде тілдің пайда болуын, тіл дамуының ішкі заңдылықтарын, тілдің құрылымдық-жүйелік ерекшеліктерін, сөзжасамдық қабілетін, ұғымдық аясын т.б. анықтауға арналған зерттеулерде ХХ ғасырдың басында-ақ бой көрсетті. Тіл ойлау мен таным әлемін танытатын адамзаттық универсальді құбылыс ретінде, белгілі бір тілдік қауымдастықтың (этнос, ұлт, халық)  ұлттық-мәдени құндылықтар жүйесін құраушы, таңбалаушы, бейнелеуші құрал тұрғысынан қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың аяғы ХХІ ғасырдың басында жан-жақты зерттеле бастады десек те, тіл білімі ғылымының пәнаралық сипатына, логика-пәлсафалық мазмұнына, танымдық, әлеуметтік қызметтеріне қатысты терең тұжырымдар одан да ертерек қазақ тіл білімінің негізін қалаған тілдік тұлғалар зерттеулерінде кездеседі.   Мәселен, «Тіл– құрал» деген ұстанымы арқылы қазақ тіл білімі ғылымының көшін бастаған А.Байтұрсынұлы тіл мен адамның біртұтастығы жайлы ойын «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деп түйіндейді [6,142].

«Адам баласының тілі – адам санасының жемісі» [7, 42], «адам тәжірибесінің қорытындысы» [7, 44] деп тілдік заңдылықтардың универсалды табиғатын зерделеуде өз тұжырымдарын  адамзат тіліне сипаттама беруден бастаған Қ.Жұбанов: «Адам баласының табиғатында әуелі сөзді біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар. Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата айтатыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен...» деп «Адам–Әлем» арасындағы қатыстылықтағы  тіл мен таным сабақтастығының орнын анықтайды [7, 93].

Тілдің танымдық қызметінің маңызын С.Аманжолов: «Тіл – қоғамдық қатынас  құралы, тап құралы деумен оның маңызын бітіре қойғамыз жоқ. Мұның ең маңызды жағы оның дүние тану құралы болатындығында » [8, 44] деп айрықша атап көрсетеді.  Ол тіл білімінің өзге ғылымдармен тығыз байланыста дамуы қажет екенін: «Тіл ғылымы – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым... Бұл ғылым тарих, философия, психология, политэкономия, әдебиет, көркемөнер т.б. ғылымдармен тектес, сыбайлас екені айқын болса керек. Байланыс жағынан алып қарағанда бұл ғылым география, этнография (халықтардың салт-санасы, мәдениет мұрасы жөніндегі ғылым), археологиямен тығыз байланысты екенінде ешкімнің дауы жоқ. Өйткені бұлардың бәрі – бірін-бірі толықтыратын, біріне-бірі материал беретін ғылымдар» деп нақтылайды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінде бой көрсеткен антропоцентристік парадигманың алғашқы нышандары қазақ тіл білімінде Р.Сыздық (ақын-жыраулар поэзиясындағы этномәдени дереккөздер), Ә.Қайдар, Ж.Манкеева (тіл мен этностың арақатынасы, этнолингвистиканың негіздері, тіл мен этнос сабақтастығының мәдени бірліктердегі көрінісі), Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков, Т.Жанұзақов, Е.Жанпейісов, Р.Шойбеков (этномәдени атаулардың этимологиялық негіздері), Н.Уәлиев, Г.Сағидолда, Г.Смағұлова,  С.Сәтенова (фразеологизмдердің этномәдени, ұлттық-танымдық аспектілері), Қ.Жаманбаева (тілдік қолданыстардың психолингвистикалық астары), М.Копыленко, З.Ахметжанова, С.Исабеков (тіл мен этнос мәдениетінің салғастырмалы теориясы) т.б. ғалымдар зерттеулерінде өз жалғасын тауып келеді. Ресейлік лингвистикалық мектептер өкілдерінің «тіл: мәдениет», «тіл: қоғам», «тіл: этнос» қатыстылығына арналған зерттеулері бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде этнос болмысын, ұлттық мәдениетті  ұлт тілі призмасында  қарастырған зерттеулердің ғылыми-теориялық  және методологиялық  негізіне алынып отыр.

Қазақ фразеологиясының дербес пән ретінде қалыптасуының ғылыми теориялық негіздемесін жасаған І.Кеңесбаев зерттеулерінде тілдік бірліктердің шығу тегі экстралингвистикалық факторлардың тіл жүйесіне тигізер ықпалымен байланыстырылса [9], Р.Сыздық зерттеулерінде «тіл – халық қазынасы, тілдің әдеби түрі – ғасырлар мен жылдардың, таңдау мен екшеудің, ізденіс пен табыстың жемісі, сөз – сол қазынаның байлығы » [10, 79] тұрғысынан сарапталады. Р.Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Сөздер сөйлейді» (1980), «Сөз сазы» (1983), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993), «Сөз құдіреті» (1997), «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» (2004), «Ясауи хикметтерінің тілі» (2004) сияқты зерттеулерінде тілдің ұлттық сипаты, халықтық ерекшелігі, әдеби тілдің функционалдық негіздері, сөздің құдіреті тәрізді келелі мәселелер этникалық таныммен, қоғамдық санамен, мәдени өремен ұштастырыла сөз етіледі.

Тілді жоғары адамзаттық құндылық ретінде бағалап, оны антропологиялық танымның, этникалық қалыптасудың құралы тұрғысынан сипаттау А.Қайдар зерттеулерінің өзгеше дара бітімін танытады. Тіл құрылымын кең ауқымды түркілік шеңберде тарихи-салыстырмалы тұрғыдан  қарастырған фундаментальді еңбектерінде, сондай-ақ тілдік бірліктердің мазмұндық құрылымын тіл иесінің дүниетанымымен, рухани және заттық мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен астастыра қарастырған зерттеулерінде Ә.Қайдар қазақ халқының ұлттық құндылықтарын  жалпыадамзаттық аксиология ұғымдарымен ұштастырады. Тіл тарихының тамырын тереңнен тартқан ғалым зерттеулерінде тілдік бірліктер жалқы мен жалпының үйлесімі, этногенездік және жаһандық пәлсафаның нәтижесі деп танылуда.

Ә.Қайдардың «Тіл–Этнос–Таным» мәселелерінің сабақтастығын танытатын ғылыми идеялары қазіргі қазақ тіл білімі ғылымын жаңа белеске көтеріп, оның антрополингвистикалық, лингвофилософиялық ілімге айналуының теориялық өзегін құрап отыр. Ғалымның «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» (1969), «Структура односложных корней и основ в казахском языке» (1986), «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері» (1988), «Қаңлы: тарихи шежіре» (2004), «Халық даналығы» (2004) сынды еңбектері тілдік бірліктердің түп-төркінін таныммен сабақтастыра отырып, тілді этностың тарихи қалыптасуымен, мәдени өркендеуімен, әлеуметтік саралана дамуымен  ажырамас бірлікте қарастырған, ұлттық таным әлемінің тарихи-тілдік негізін сұрыптаған маңызды зерттеулер болып табылады.

Ә.Қайдардың  «Этностың дүниеге келуіне ұйтқы болған да – тіл, рухани – мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып білудің өлшемі де – сол тіл. «Адамтану», «Қоғамтану», «Табиғаттану» деп аталатын ғылым салаларының қалыптасуына негіз болатын да, біле білсек, осы «тіл әлемі» [11, 11] деген тұжырымы бүгінгі қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттағы ғылыми ізденістердің басшылыққа алар ұстанымына айналып отыр.

Қорыта айтқанда, тіл ғылымының қазіргі дамуында, гуманитарлық білімдердің синтезі кезеңінде, қазақ тіл білімінде тілдің коммуникативтік және куммулятивтік қызметтерін бір-бірімен тоғыстыра отырып, тілді «Табиғат-Адам-Қоғам» контексінде, когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық, социолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық, прагматикалық, паралингвистикалық аспектіде  филологиялық және логика философиялық тұрғыдан талдауға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Антропоцентристік парадигма аясында өрістеп отырған ғылыми бағыттарда  адам – субъект алдыңғы орынға шығып, тіл адам болмысына өту «көпірі» жағынан қарастырылып, этностың тіл байлығы – тіл әлемін құраушы атау сөздер, диалектизмдер, этнографизмдер, табу мен эфемизмдер, сөз-образдар, сөз-символдар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, нақыл сөздер, жұмбақтар т.б. тілдік бірліктер ұлттық танымды, этномәдени болмысты көрсететін тіл фактілері, тіл иесінің өзіне ғана тән ойлау ерекшелігін, ұлттық құндылықтарын, өмір сүру кредосын танытатын дереккөз ретінде зерттеу нысанына алынуда.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира./ Б.А.Серебренников, Е.С.Кубрякова, В.И.Поставалова и др.-М.: Наука, 1988.-216 с.

2. Гуревич П.С. Антропоцентризм как философская позиция./ Философская антропология. М., 2001. – 160 с.

3. Гумбольдт В. фон. Характер языка и характер народа./ Вильгельм фон Гумбольдт. Язык и философия культуры. М., 1985.

4. Бодуэн де Куртенэ И.А. Избранные труды по общему языкознанию. Т.2. М., 1963.

5. Шедровицкий Г.П., Розин М.В. Концепция лингвистической относительности Б.Л: Уорфа и проблемы исследования «языкового мышления»./ Семиотика и восточные языки. М.,1967.- 225 с.

6. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 том. Тіл – құрал. Алматы: “Алаш”, 2005. 

7. Жұбанов Қ.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: “Ғылым”, 1999.-581 б.

8. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. Алматы: “Ғылым”, 2002.-368 б.

9. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977, 589-621 б.

10. Сыздықова Р. Сөзді орнымен қолдана білсек \\ Сөз өнері. Алматы:     “Ғылым”, 1978.

11. Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: “Ана тілі”, 1998.-303 б.