ӘОЖ: 828-Т-18

 

Тұрлыбекова Салима Кенесбековна, АӘИУ ІІ курс магистранты

Тіл мәдениеті, тіл тазалығының жастардың тілдік

қолданысындағы көрінісі

 

Қазақ тіл білімінің ғылыми парадигмалары  ХХІ  ғасырда көптеген проблемаларды алға шығарды. Атап айтқанда, соның бірі – лингвоэкология  проблемасы. Бұл  сөз мәдениеті саласындағы зерттеулердің бағыты ретінде қалыптасып келе жатқан ерекше сала. Тіл, әрі биологиялық, әрі әлеуметтік маңызды фактор. Тіршілік етуге, дамуға, қалыптасуға бейім  түрлі организмнің өзін қоршаған ортамен сан-салалы байланысы мен қарым‑қатынасы бар. Бұл ретте мұндай байланыс пен қарым‑қатынас негізінде пайда болған  әртүрлі іс‑әрекеттердің өзара бір‑біріне жағымды, қолайлы немесе жағымсыз, зиянды әсер етіп отыруы заңдылық. Экологиялық факторлардың бірі - антропогендік фактор болып саналады. Өйткені адамдар қарым‑қатынасының маңызды жағы - тіл арқылы көрініс табатын әлеуметтік қатынас. 

Лингвоэкология - тілдік  жағдаят пен оның проблемалық мәселесін қарастырады. Тіл жанды организм ретінде өзгереді, дамиды, қолданыс аясы үнемі  динамикалық сипатта болатындықтан, коммуникативтік деңгейі де әрдайым өзгеріске ұшырып отырады. Ал мұндай жағдаяттардың себептерін лингвоэкология зерттейді. Сондай‑ақ, лингвоэкология лексикалық қабаттардың толығуын, түрлі әлеуметтік ортаның сөйлеу ерекшеліктерін, жетістіктері мен кемшіліктерін де  өзінің назарынан тыс қалдырмайды. Лингвоэкологиялық зерттеудің басты нысаны ‑ тілдік орта болып саналады. Тілдік орта  дегеніміз -  сол тілде сөйлейтін қоғам мүшелерінің тілдік санасының көрінісі, қолданыстағы тілдің жай‑күйі, тілдің қоғамдағы орны мен дамуы. Тілдік ортадан  қоғамның  әлеуметтік‑психологиялық, идеологиялық, мәдени, этнопсихологиялық болмысы айқындалады. Адамдардың тіршілік ортасының ерекшеліктері оның қолданыстағы тілінен байқалады. Мұндай ортада ұлттық ұжымның рухани тіршілігі қалыптасады. Тілдік ортасыз адамдар жеке дара өмір сүрмейді.

Қолданыстағы тілді жетілдіру, байыту, тіпті тіл қауіпсіздігін қамтамасыз ету - сол тілді тұтынатын әр адамның міндеті. Сондықтан лингвоэкология рухани мәдениеттің ұлттық көрсеткіші ретінде ұлт тіліне ерекше мәртебемен қарауды өзінің басты негізі етіп алады. Тілдің иесі адам болғандықтан, антропогендік факторларды экологиялық тұрғыдан қарастырудың маңызы  айырықша. Тілді тұтынушының, яғни тілдік тұлғаның, тіл иесінің  ана тіліне деген құрметін, тілдің кешегі жағдайы мен кәзіргі күйіне және келешектегі тағдырына деген  міндетті жауапкершілікті талап ету де осы лингвоэкологияның міндетіне кіреді.

Лингвоэкология лингвомәдени мәселелермен тығыз байланысты. Зерттеуші ғалымдар тілімізде жат сөздердің жағаласып жүруін, жастар тілінің жаргон сөздерге жақындығын және ғылым мен техниканың дамуына қарай,  тілдегі «технизация» сондай‑ақ, - филологиялық, қоғамдық білімді технократтық биіктіктен алыстату сияқты лингвистикалық проблемалар қатарына жатқызады. Мысалы, орыс тілінің қазақ тіліне кері әсер еткен тұсы бар. Дегенмен де басқа тілдің басқыншылығынан дендеп кеткен тілдік жағдаят, әсіресе, сөйлеу мәдениетіне нұқсан келтіреді. Бұл қазақ тіліне да қатысты жайт екені белгілі. Мысалы, өткен ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында бұрынғы КСРО территориясынан бөліп шыққан егемен мемлекеттердің әлеуметтік және мәдени өмірінде айтарлықтай жемісті өзгерістер болғаны мәлім. Бұл әсіресе олардың тілінде, сөйлеу мәдениетінде бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап барлық саларында көрініс тапты. Қазақстан да  мұндай өзгерістерден шет қалған жоқ. Ұлт тілі мемлекеттік мәртебе алған соң, орыс тілі ресми тіл ретінде ұлтаралық қатынас тілінің   рөліне ие болды. «Қазіргі Қазақстанда тілдік жағдаят ‑ қоғамдағы саяси, этнодемографиялық, әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің тікелей көрсеткіші» [1,274].

Тілдік тұлға мәселесі ‑ лингвоэкологиялық бағыттағы іргелі ұғымдардың бірі. Сөз саптауы айналасына үлгі болатын, сөз мәдениетін жоғары қоятын тілдік тұлға қазіргі қазақ қоғамында жазушылар мен өнер қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, оқытушылардың ғана үлесіне тиіп отыр. Тіл – ұлттың жаны. Бұл аксиомаға айналған қағида. Өз ана тілінің мәнерлі де бейнелі сөздерінен хабарсыз, махрұм болып өскен ұрпақтар тілі қазақ сөйлеу мәдениетінің ежелден келе жатқан би‑шешендер дәстүрін қорғауға, жетілдіруге, насихаттауға, бір сөзбен айтқанда ұлтының образды сөйлеу  ерекшелігін    сақтауға тиіс еді. Алайда дәл бүгінгі қазақ жастарының сөйлеу мәдениеті мүлдем бөлек арнаға түсті, мұның барлығы билингвизмнің әсері деуге болады. Әр ұлттың өзіндік ұлттық танымын танытатын стеоретиптері оның ғасырлар бойы қалыптасқан мақал‑мәтелдері мен фразеологизмдерінде жатыр. Сондай‑ақ, тілдегі көркем де бейнелі сөз орамдары – фразеологизмдер әдеби тілдің байлығы және тіл мен сөйлеу мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ретте В.В.Виноградов «Әдеби тіл ‑ қоғамдық өмірдің дамуы, халықтың материалдық және рухани ілгерілеуі, әлеуметтік күрес қаруы, сондай‑ақ, халықты тәрбиелеу мен ғылым мен техниканың, ұлттық мәдениеттің жетістіктерін бағалаудың құралы. Әдеби тіл – ұжымдық шығармашылық әрекетінің нәтижесі» деп атап жазады [2,288].

Қазақ тіліндегі паремиологиялық, фразеологиялық қордан ұлт өмірінің ментальдық таным ерекшелігі және тұрмыс‑тіршілігінің  мәдениеті байқалады. Әсіресе, фразеологизмдердің ойды бейнелі, суретті етіп жеткізудегі орасан тілдік қуатын  пайдалану, жетілдіре түсу қазіргі жастар тілінде орын алмаған. Жылдар бойы бойы қалыптасып, ғасырлар бойы қолданыстан түспейтін тұрақты тіркестер қазіргі жазба әдебиетте және қалың көпшіліктің сөйлеу мәдениетінде қандай ерекшеліктермен көрінеді деген сұрақ қашан да өзекті болмақ. Әсіресе, сөйлеу мәнері көмескі тартып бара жатқан жастар тілінің қазіргі хал‑ахуалы туралы мәселе, тіпті ана тілінде сөйлейтіндердің тіл байлығы мен тіл тазалығы қазіргі қазақ ұлтының соқталы проблемаларына айналды. Бұл ХХ ғасырда дендеген ауру, ХХI ғасырда тамыр жайып кетті.

Социумның сөйлеу практикасында болып жатқан өзгерістер тілші ғалымдарды еріксіз қадағалауға мәжбірлейді. Кітап оқуды мүлде қойған қазіргі   жастар тілінің жұтаңдығы, қысқа қайырыммен сөйлеуі, ойларын жеткізудегі мәнерлілігінің жоқтығы  күн санап, уақыт озған сайын тереңдеп барады. Кезінде ата-анасының әке-шешесі, оның ата-бабасы, оның арғы бабалары сөйлеген ұлттың нәрлі тілі бүгінгі күнде қан сөлінен айырылып, бейнелілігі азайып кетті. Лингвоэкологиялық мониторинг көпшіліктің сөйлеу

мәнеріндегі лексикон мен фразеологиялық қордың тым жұтаңдығын айғақтайды. Бұл ересектерге де, жастарға да тән көрініс болғаны ақиқат.  Тіпті алдымыздағы студент шәкірт, мәселен, мына фразеологиялық тіркестерді: 

Көзіне көк шыбын үймелету  - басыну, жазалау, қорлау;

Түтіні бір жерден шығу - тату болу;

Қамшысын алып беруге жарамау –қолынан ешнәрсе келмейтін, бос адам; 

  Мұрнына су жетпеу - қолы тимеу;

          Бір тарының қауызына сыйғызу  - әбден қинау, қиындық көрсету  [3].

Осы секілді ауызекі сөйлеу тілінде қолданыста жиі ұшырасатын тұрақты тіркестердің бір-екеуінің мағынасын ғана тұспалдаса,  оқушылар, студент жастар көбін білмейді. Мұндай бейнелі тіркестер отбасынан жұқпай,  мектеп қабырғасынан естілмей, кітаптағысы  оқылмай, әйтеуір тілдің ұшына ілінбей қағыс қала береді. Бүгінгі оқыған  қазақтың рухани мәдениеті терең, жоғары. Алайда біздің сөйлеу мәдениетімізде бабалар тілінен қалған асыл сөз маржандары, образды тіркестер уақыт өткен сайын күннен күнге азайып, сөйлейтін сөзіміз ойлы болса да жеткізу өресінде сөзіміз нәрсіз, қысқа қайырылатын, үнемделеген үнсіздікке ойысып барады. Бейнелі сөйлеуді тек  үлкен ақсақал, қарт адамдардың еншісіне қалдырған, қазақ тілін біле тұра  тілге жанашырлығы жоқ басқа    жастар мәдени аренаға шықты. Қазақ жастарының  тілі әдеби кітап оқымаудың салдарынан тоқырауға ұшырады. Ал студент жастар тілінің сөйлеу мәнері күн өткен сайын шұбарланып, түсініксіз сөйлемдер нормаға  айналып барады. Бұл сөйлемдер ішінде бейнелілігі ешбір ақылға сыймайтын «фразеологизмдер» жетерлік. Мысалы, жастар тілінің шұбарланғанын тек орыс тіліндегі сөздерді қосып, жаргондармен  сөйлеуі ғана емес, қазақтың сөйлеуіне тән тұрақты тіркестер  де сөйлеу тілінде әбден бұзылды.

Кейбір тұрақты тіркестер, мәселен,  поставить на место – орнына қою; Бұл тіркес таза калька болса, ал  пожирать глазами – көзімен адам жеу бұл да калька, бірақ бейнелілік жақсы сақталған.  Осылардың қатарына лақтырып кету,  лапша ілу, құлақтан тебу ‑ алдап кету, сындырып кету, бөшке домалату – жала жабу, фарын сындыру ‑ дать в глаз т.б. жатқызуға болады.

Бұл орыс тілінің әсерінен сөйлеу тіліне әбден еніп, дендеп кеткен. Қазіргі жастардың сөйлеу мәдениетінде екінің бірінде осы тіркестер кездеседі. Кейбір тіркестердің пайда болу, жасалу мотивациясы бірден түсінікті. Жастар тілінде «алдап кету» мағынасындағы жиі қолданылатын  Қоянның суретін салып кету - бүгінгі ұрпақтың бала кезінде көріп өскен «Қап, бәлем, қоян!» мултьфильміндегі қоянның қасқырды үнемі алдап кетуі, күліп тұруы осы фразеологизмдердің жасалуына, қалыптасуына уәж болған деуге болады.

Ал енді бір тіркестердегі образдылықты мүлде қабылдай алмайсыз. Әдемі киім киген адам туралы «жынды болып киініп алу», әдемі қызбен немесе жігітпен танысу - «жынды қызбен танысу», «зың болды», «танкың бар ма?», немесе «шатырың кім?» деген тіркестерді қолданады  [4,122-123].

1.Шатыр - үйдің жоғары қабатындағы қорғаны;

2.Шатыр - жауыннан, күннен, қардан, суықтан қорғайтын пана жер. Оны жастар өз тілдеріне ыңғайлап «шатырың кім?» деп өзгертіп алған. Бұл мәліметтер қазақ тілінің келешекте мәнерлілігінің азаятындығын көрсетеді. Тұтынуда болмаған асыл сөздер тот басқан сайын қажетсіз бола беретіні түсінікті. Ана тілін жақсы білетін бар қазақтың міндеті ‑ жаһандану заманында қазақ болып қалу үшін  ата бабамыз қалдырған ұлт тіліндегі сөз жауһарларын ұмытпау, жастардың  тіліне дарыту, олардың сүреңсіз сөз қолданыстарына бақылау жасау, кейінгі ұрпаққа бұзбай табыстау.
Қазақ тілі  ‑  қазақ ұлтының мәдени мұрасын, бастан кешкен тарихын ұмыттырмай еске алады,  ұрпақтан‑ұрпаққа табыстайды, сондай‑ақ, дәстүр сабақтастығын жалғастырады, санада қайта жаңғыртады, қазақтардың рухани экологиялық ортасын сақтайды. Лингвоэкология тұрғысынан қарағанда тілді тұтынушы адам - тілдік тұлға ретінде  ұлттық әдеби тілде сөйлеуге міндетті. Алайда тілдік тұлғалардың әдеби тілді әр түрлі деңгейде меңгеруіне қарай, тілдік‑мәдени сипаты әр түрлі. Гуманитарлық білімді бағаламау, технократтардың гуманитарлық білімді жоққа шығарушылық көзқарасымен күресу, қазіргі қоғамның барша салаларын гуманизациялауға негіз болатын, ағарту істеріне ұйытқы болатын филологиялық білім беру аса қажет болып табылуда.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Сулейменова Э.Д, Смагулова Ж.С. Языковая ситуация и языковое планирование в Казахстане. /Под общ.ред. Э.Д.Сулейменовой. - Алматы, Қазақ Университетi: 2005. - 344 c.

2.Виноградов В.В. Избранные труды. История русского литературного языка. М.: 1978.

3.Keңeсбаeв І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. - Aлматы, 1977. ‑711 б.

4.Смағұлова Г.Н. Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда. - Алматы, 2010. ‑ 277 б.