О.Бөкей шығармаларындағы кейіпкер бейнесін берудегі көріктеу құралдарының қызметі

 

Ганмиркүн Ганмирханқызы Тұрғаналиева,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, магистр

 

Қазақ халқының рухани жан-жақты дамуына, ұлттық ерекшеліктің, ұлттық болмыстың өзіндік нақыштарын саф таза күйінде көрсету үшін  ана тілінің қасиетіне суарылған туындыларымен үлес қосқан ақын-жазушылардың еңбегі айрықша.

         Әдеби тілді көркемдік дәрежеге жеткізуге үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасымен, қаламгерлік шеберлігімен танылған жазушылардың бірі – Оралхан Бөкей деуімізге әбден болады.

Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермесе болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі – кейіпкер тілі. «Тоқадан қалған тұяқ» әңгімесінде кейіпкер тілінің ерекшелігі автордың тілі арқылы өте сәтті берілген. Мысалы, Бір-бірімізге сызданбай ағымыздан жарылайықшы: арамызда ар-ұждансыз, әке-шешесіне масыл болып, жауын-жауынның арасымен баз кешіп жүрген де бар-ау. т.б берілген тілдік бірліктерді автор халықтың сөз байлығы арасынан таңдап, екшеп алып, мақсатты түрде айтар ойдың мазмұнын аша алатын лексикалық қор ретінде пайдаланып отыр.

Мысалы «Тортай мінген ақбоз ат» әңгімесіндегі: Бізді осыншалық бақытты, шат тұрмысқа жеткізген әкелер, біз олардың алдында шаш етектен борыштармыз деген сөйлемдерден қаламгердің сөз қолдану шеберлігі мен айтылар ойдың бала танымына қатыстылығын талғампаздықпен бейнелегенін байқаймыз.

Көркем шығармада кейіпкер табиғатын, болмысын ашуға маңызды көріктеуіш құралдарының бірі – диалог. Бұл жазушының когнитивтік танымы мен талғамына, шеберлігіне байланысты. Мысалы, «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінде бала психологиясындағы қымсыну, сөзге сараңдықтың белгілерін былай береді:

 - Өзің қайдан келесің?                                                                                                                                       - Мен де Алматыдан.                                                                                                                                   - Оқисың ба?                                                                                                                                                 - Ия.                                                                                                                                                          - Қайда?                                                                                                                                                  - Қыздар институтында.                                                                                                                      - Факультеті?                                                                                                                                                  - Тіл-әдебиет.                                                                                                                                           - Қайда барасың?                                                                                                                                  - «Өркен» ауылына  [1,7].

деген үзіндіде диалогтың құрылымдық қызметі тиімді пайдаланылған. 

Диалог ауызекі сөйлеу тіліне жататын қарапайым сөздердің қатысуымен жасалған.    Қаламгер кейіпкер аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы мінезін, атқаратын қызметін, өскен ортасын және қарым-қатынас жасайтын адамдарды әр қырынан көрсетіп тұр.

Көркем шығармадағы кейіпкер тілінің жасалуы туралы академик Р.Сыздық: «Көркем шығарма тілін талдағанда жазушының суреткерлік шеберлігі мен әстетикалық мүмкіндігін тануға болады. Жазушының өз шығармасының поәтикалық деңгейіне сай етіп тілдік құралдарға жүк арта алады ма, әр сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танып, олардың барша потенциалды қабілетін жарата білді ме деген жайттар осы әңгімеден туындайды» деген пікір білдіреді [2,47]. Прозалық шығармаларда автор диалогты түрлі сипатта қолдана отырып стильдік мақсатта құрады. Мұндай мына  шығармадан да  айқын аңғаруға болады:

–Атыңыз кім, аға?- деді оқыстан.                                                                                                          -Нұрлан. Өзіңнің есімің?                                                                                                                               -Арай...   [1,117].

       Оралхан монологты беруде кейіпкер тілінің ерекшелігіне аса мән берген секілді. Мысалы, О.Бөкей әңгімелерін оқи отырып ондағы монологтың аса талғампаздықпен берілгеніне куә боламыз. Автор ішкі монологқа ерік беру арқылы кейіпкердің ішкі психологиясы мен дүниетанымын, ментальді дүниесін дәл көрсетуді мақсат етеді. Мысалы:. Екеуіміз де айға қарап үнсіз отырмыз. Үнсіз отырсақ та,  бір адамды ойлап отырмыз. Біз әкемізді ойлап отырмыз. Менің жылағым келді. Көзімнен жас шығара алмадым, бар болғаны қолқама өксік кептеліп булығамын. Қайран қара шалым менің». Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысынан берілген. Берілу тәсілінің өзі де ішкі монологтың табиғатына тән қасиетпен,  яғни  әстетикалық таным арқылы келген.

Шығармада адам ойының монолог арқылы берілу құбылысы «Айпара ана» әңгімесіндегі басты кейіпкер Айпара: «Жыла, жыла, ей, ару ана! Саған бәрі кешірімді. Өйткені, осынау алапат сойқан дүниенің, итше ырылдасқан үзірі жоқ таты тірлігіне сен кінәлі емессің», деген монологы арқылы бала психологиясының тағы бір қырын аша түскен.

         О.Бөкей көркемсөз үлгілерінің ішінде тұрақты тіркестерді тілімізде тұрақтанған қалпында да немесе өзге ораммен, жаңғыртып, жаңартып та өте шебер пайдаланады. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің тарихи қалыптасқан дағдылы түрлерін авторлық (окказионалдық) қолданыс тәсілдерімен байланыстыра зерттеу тұрақты тіркестердің табиғатын ашып қана қоймай, стилистикалық мақсаттар мен автордың тұрақты тіркестерді қолдану ерекшелігін, қаламгердің өзіндік қолтаңбасын анықтауға мүмкіндік береді.

Тұрақты тіркестер – қазақ әдеби тілінің  айшықты да, мәнерлі де бай саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелілік, әсерлілік, экспрессивті-эмоциялық, суреттеме қасиетімен көзге түседі [4,11]. 

Тұрақты тіркестердің бұл қырының жарқын көрінісін сөз шеберлерінің тезінен өтіп, шығармашылық көрігінде шыңдалған көркем туындылардан кездестіруге болады. О.Бөкейде мұндай тәсілдерді өте сәтті қолдана білген. Мысалы:  Оныңыз рас, отағасы. Отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз, Жігіт үріп ауызға салғандай қыздың аса сұлу бітіміне таңырқай қарап, тамсанып отыр, Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған күн де орныңнан су шыққандай қоқшақтап, көшіп қона беруші едің («Айпара ана), Алып шыққанның озінде ит арқасы қиянға ұзап кеткен көшті қуып әкете ала ма? («Айпара ана»), Біздің үйден тас лақтырым жерде арқырап ағып жатар ағыны қатты Бұқтырма – жаз  шыға суға шомылған, қыста сырғанақ тепкен баланың жер көкті шарқ ұрып шарласа таба алмас қызыққа толы мекені еді. («Апамның астауы»), Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді ( «Тортай мінер ақбоз ат!!!»), Әкем ферма меңгерушісі, үйде ішім жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді, Баяғыдай емес, ит тұмсығы өтпейтін қалың сексеуілдің бұл күнде мінтеліп, етек-жеңі түрліп бара жатқаны Барханның қабырғасына қатты бататын (”Құм мінезі”), Ол тіпті Әліқұлдың бақырып-шақырған сөзін шыбын шаққан құрлы көріп,елеген жоқ (”Құм мінезі”), Аузын ашса жүрегі көрінетін ауылдың адал азаматы емес пе,бар тоқтысын сойып, шамасынша дайындалған екен (”Жетім бота”), Тауық шақырар кезде ғана, әбден талығып барып,көзі ілініп еді, тіпті жоруға келмейтін сұмдық түс көрді (”Сайтан көпір”), Амал не, табиғаттың сыйы өлшеуші ғой, жаздың сол жайма-шуақбейбіт күндерінде еркелеген жұрттың сазайын тарттырайын-ақ деп тұр (”Сайтан көпір”), Азабы мол еңбегінің жемісін теріп, қызығына масайрамаса да, әйтеуір, бір айналып соқпай қоймайтын бақытты күннен күдерін үзген емес-ау (”Сайтан көпір”), Рас басы ауырып, балтыры сыздаған кездері көп-ақ,дегенмен қаншалықты қанжілік болып жүрседе өкіметті де, құдайды да қарғаған жоқ, өзінен, өзінің тайқылау біткен маңдайынан көретін. (“Сайтан көпір”), Тіпті ақындар жырға қосатын бұлбұл, аққу-қаздан гөрі атағы ауызға іліне бермейтін қарапайым құсты анағұрлым жақсы көретін де, күз түссе өзін тастап, жылы жаққа ұшып кетер сұлтан құстарды ұнатпаушы еді (”Сайтан көпір”), Қайтейін, қарағым, қайтейін, тағдырдың тепкісіне түсіп, дертесіне жегілдік (”Бәрі де майдан”), Арт жағынан шыққан тықырға елеңдеп,қыз да жалт қарап еді, екі көзі тас төбесінен шығып, сіресіп тұрған бозбала жігітті көріп,күліп жіберді (”Мынау аппақ дүние”) деген сөйлемдерден қаламгердің кейіпкер психологиясы мен танымын тұрақты тіркестер арқылы шебер суреттеуін айқын аңғарамыз.

         Фразеологизмдер арқылы кейіпкер тілінің сөз байлығын, әсіресе, балалар тілінің тілдік қолданыс ерекшелігін дәл беруде О.Бөкеевтің стильдік ұстанымы, адамның өскен ортасына тән сөз саптау мәнерін ерекше талғаммен беруі қаламгердің шеберлігін танытады. Мысалы: «Қар қызы» әңгімесінде: Тілің мен жағыңа сүйенбе, Тепсе темір үзетін, Ләм деп тіс жарған жоқ. Қадалған жерден қан алатын, Ішкендері-алдында, ішпегені-артында, көйлегі-көк, тамағы-тоқ, Көзі ояу, көкірегі ашық, Өң мен түстің арасы, Іс насырға шапты, Су  жүрек, Бес тиындық құны жоқ, Төбе құйқаңды шымырлатты, Қас пен көздің арасы, Жатқан жыланның құйрығын баспа, Үш ұйықтаса түсіне кірмеген, Қасық қанын қалғанша, Ит арқасы қиянда, Құлаққа ұрған танадай; «Жетім бота» әңгімесінде: Түн ұйқыны төрт бөлу. Көз майын тауысу. Қағанағы қарқ, Аузын ашса жүрегі көрінеді, Ішігіне қыл айналмайтын қызғаншақ, Қас қарайып,көз байланған  шақ, Қарға адым жер, Ит арқасы қиянда, Көзіне ине тіреп қойғандай, Тепсе темір үзетін; «Құм мінезі» әңгімесінде:  «қарға адым жер», «бас сұққан жоқ», «тонның ішкі буындай», «Қаз тұрып кеткенше», «мұрынға су жетпей», «екі қолды төртеу етпеу», «сөзге жүйрік», «қой аузынан шөп алмас», «ел аман жұрт тынышта», «құзғын сәрі», «құс ұйқы», «бетінің оты шығып», «қылышын сүйреген қыс», «қас қарайып», «төрт құбыласы тең», «өлсара мезгіл», «ішкені-ірің, жегені-желім», «екі көзі төрт болу»; «Ардақ» әңгімесінде: «төрт құбыласы сай», «көңіліне сынық түсіріп», «ақ сүтін тел емді», «арқасын аяздай қарды», «шақшадай басы шарадай болды», «іші қара қазандай қайнады», «ту иенге бүйі түйгендей», «қара қазан,сары бала қамы», «үш ұйықтаса ойында жоқ», «үріп ауызға салғандай», «сіркесін су көтермеу», «қыр қызғалдағындай құлпырып»; «Атау-кере» хикаятында: «иттің ішіне сары май жақпайды», «саусағымен шертіп таңдау», «аш аруақ секілді еңбектеу», «тепсе темір үзетін еңгезердей жігіт», «атадан қалған көз», «қара қылды қақ жарған әділдік», «тұқым қуалау», «жер көктің апшысын қуыру», «құлын кезінен құндаққа орағандай мәпелеп өсірді», «шошаң етер жерге шоқырақтатпау», «арқасы сыналар ұзақта еңку-еңку сапар», «сыр алдырмау», «қарға аунаған түлкідей түрленіп шыға келу», «Шыпжаңдап тыным көрмеу», «санасы сарабдал тарту», «балталаса да қыңқ етпейтін батырлық», «мырс етіп күліп жіберді», «еңкіндінің шырқын бұзу», «ес ақылынан айырылу», «қол аяған бауырына алып бүрісу», «көз жазып қалу», «сор айдап келу», «жүрек сыздатар сағыныш», «бейпіл уақыт», «ит басына іркіт төгілген шақ», «екі иінінен дем алу», «астына су жіберу», «тышқақтата қуып тығу», «көлденең көк аттыны сиқырлау», «екі көзі төрт болу», «әлемнің жүрегі тоқтап қалу», «көзден таса аулақтану», «ентігін баса алмаған», «мыңқ етпестен тындады»,  т.б. 

         Көріктеуіш құралдар – шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тәсіл. Оның ішінде теңеулердің мәні ерекше зор. Теңеу - дегеніміз бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. Теңеу -  интеллектуалды қызметтің ең бір көне түрі ретінде таныла келе (Ә.Сепир), ұлттық сана-сезіммен, халықтың мәдениетімен, адамдардың өмірлік тәжірибесімен астасып жататын лингвомәдени бірлік болып табылады [3,12].   Сондай-ақ автор тілінде теңеулер өңдеуден өтіп, жаңаша қырынан көрініс береді. Мысалы: «Қар қызы» әңгімесінде: Қаздың жұмыртқасындай, жұлындай көтеріліп, шаққан кенедей, апандай аузы, аяздай терезе, кеңгірудің баласындай, зіңгіттей азамат, қоғамдай, дардай жігіт, түймедей, сеңдей сірестіріп, үміт отындай,ботадай боздап, көктемгідей, қыстай көріп, иесіз үйдің қонағындай, жұлдыздай жылтыраған сәуле, жалмауыз кемпірдей, адасқан балапандай,  киіздей тұтасқан, еңгезердей, аққаладай, шаңырақтай, шүрегейдей, қамаудағы арыстандай, ет қақшыған төбеттей, аждаһаның алдындағы көжектей, қоршаудан қашып шыққан бұғыдай, балапан қораздай, қоянның құмалағындай, аядай үй, адасқан қаздай, сырғауылдай ұзын, сүліктей меңсіз, соқыр ботадайын, ұлардай шулаған, қарлығаштың ұясындай, көзімнің қарашығындай, сайдың тасындай, аюдай ұйықтап, тегенедей төңкеріліп, қонақтаған тауықтай, сиырдың сілекейіндей, құтырған бурадай, ит көрген ешкідей; «Жетім бота» әңгімесінде: Ақ шағаладай, шайдай ашық, қаздай тізіліп, шашы самаладай, қарлығаштың ұясындай, қойдың терісіндей, құмысқадай қыбырлап, егіздің сыңарындай, бүркіттей саусақтары, қысыр жыландай, қамаудағы қасқырдай, кең сарайдай, тарыдай міні жоқ, жез табақтай, жақұттай жарқыраған сәуле, тарыдай бытырап, түйедей басы, шөкімдей бұлт жоқ, кермаралдай керіліп, ата қаздай, сойталдай үш жігіт, жайдың оғындай, сүйректей саусақтары, мейіздей, кілемдей төсілген, балапандай қаумалап, сәуріктей, шынашақтай, айрандай ұйыған, мірдің оғындай, иненің жасуындай, күмістей жылтырап, тайдай тулап, шүйкедей бұлтсыз, алпамсадай жігіт, найзадай шаншылып, шуақты аңсаған қариядай, құлындай тулап, жұлдыздай жымыңдаған, жалмауыз кемпірдің баспанасындай, итарқа қосындай, мұнтаздай жиналған, аядай бөлме, тотыдайын, ересек адамдай, уыздай пәк сезім, беріштей берік, қотыр түйедей, уыздай жас, тасбақадай зиянсыз; т.б. Бұл тілдік тәсілдердің барлығы да көркем шығармада белгілі бір стильдік мақсаттарға орай қолданылатынын байқаймыз. Көріктеуіш құралдар кейіпкердің мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, эмоциясын дәл беруге жағдай жасайды. Бұл айтылған мәселелер психологиялық әңгімелердің кейіпкерлерімен тығыз байланысты. Себебі, кейіпкер тілінде ұлттың рухани құндылығы ретінде ана тілінің бейнелі сөз оралымдары жиі қолданылады.

         Тағы да бір бейнелеу түрі – эпитет. Эпитет  өзіндік сын емес, адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз және олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөз. Эпитет - бұл белгілі бір заттың сын-сипатын ғана танытатын құрал емес. Ол көркем мәтін ішінде, әсіресе, поэзия тілінде кеңінен қолдана келе, көркемдеуіш, бейне тудырушы және коммуникативті-прагматикалық қызметтерімен де ерекшеленетін көркем мәтін компоненті болып табылады. Эпитеттер поэзия тілінде көркем бейне сомдай келе, автордың дүниетанымын, эстетикасын, белгілі бір затқа немесе құбылысқа деген субъективті көзқарасын, идиостилін танытатын көркем дүниелер болып есептеледі. Былайша айтқанда ақындық анықтауыш.

«Қар қызы» әңгімесінде: Қалың кар, аппақ қар, будақтаған түтін, мәңгілік сабыр, төпелеп жауған қар, ұлпа мамық, қайқы құйрық ит, рысты жыл, жас жігіт, ақ қағаз, қызыл қарандаш, қара торы жүзі, толық жігіт, құндыз құлақшын, ақ пима, морт мінез, атты адам, қарлы су, тұйық әйел, қатты сөз, сары сыра, жетім шам, пыршыған тер, ақ түтек боран, қарлы адырлар, ұлы өмір, жазира жоталар, құмарпаз адам, жалқы сәт, бейкүнә аязды сәт, көк темір, шолақ қара тон, қарлы адыр, аппақ кебін, қара пима, қайырымсыз сапар, ақ шағыл, ақша қар, ақ қайың, жетім сәуле, мағынасыз жанар, жазира тірлік, өгей өмір, жетім жарық, жылан бауыр, ақ көйлек, қақаған аяз, омбы қар, жалғыз үй, шулы өмір, шыңылтыр аяз, жалғыз ыдыс, бір тілім нан, темір пеш, жуас тыныштық, жіңішке ағаш, бозамық дүние, ақ қар; «Жетім бота» әңгімесінде: Сұңғақ бойлы, бұйра шашты, қара көзілдірігі, қазақ жігіті, аса дарынды, ақ шағала үй, қызыл кірпіш, беделді азамат, жар ұраған үйлер, үнсіз әуен, жағымсыз иіс, тоқ пейіл, салқын жел, қаңғыбас көп ит, сақ құлақ, ирелеңдеген саты, күлімсі иіс, әулекі әйел, кеще адам, жылпос күйеу, сұңғақ бойлы, келте көрпе, көгілдір көйлек, салқын самал, азапты ой, жаңа қала, жирен шашты қыз, ұзын етек, дудар бас жігіт, қара домалақ, түпсіз көк аспан, көкжал толқын, көк толқын, ала шапан, боталы қыз, кеуек өмір, қап-қара ұзын шаш, сұмдық сұлу, саф тазалық, тентек өзен, жусаған тыныштық.

О.Бөкей туындыларында тілдік құралдар тәсілдер арқылы шындық болмыс шеберлікпен бейнелейді. Шығарма тілінің көркемдігі мен қаламгердің тілдік құралдарды қолдану шеберлігінен, оқырман көңіліне қонымды етіп бейнелеуінен жазушының жеке тілдік дүниесі, өзіндік болмысы көрінеді. Қаламгер туындыларынан тұтас бір этностың тарихы, психологиясы, мәдениеті туралы ақиқатты тілдік құралдар арқылы көркем әрі нанымды түрде жеткізудің бітімі бөлек үлгісін тануға болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Оралхан Бөкей. Таңдамалы.–Т.1 – Алматы: 1994.–415-б.

2.     Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы.

3.     Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық- мәдени аспектілері. -Алматы: Ғылым, 1998. -130 б.

4.     Еңсебаева К. Қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметі: филол. ғыл. канд. ...дисс.: 10.02.02. -Алматы, 1999.-108 б.