Филологические науки/8. Родной язык и литература 

Филогия ғылымдарының кандидаты Қабатаева К.Т.,

Филогия ғылымдарының кандидаты Акатаева Ш.Б.,

Филогия магистрі Билял Б.Қ.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Жарасқан Әбдірашев поэзиясындағы азаматтық әуен

Адам  неғұрлым талантты болған сайын тағдыры тартысқа  толы болатынын әрдайым  көріп жүреміз.  Оның себебі  табиғи дарын, тума талант   иелері  қашан да  өз ұлтының  сол кездегі  тыныс-тіршілігімен тамырласып  жататынында  болса керек. Осындай аты  аңызға  айналып, ел жадында  есімдері  жатталған  ұлы тұлғаларға  қазақ жері бай.

«Қоғамдық сананың түрі ретінде  көркем әдебиет  қай ғасырда болса да,  сол ой-арманын, дүние танымын  байытпақ. Соның ішінде  поэзияның ғана  құдіреті  келетін, тек өлең ғана  айта алатын  тебіреніс бар. Ол  - заман күйі, адам  күйі, тіршілік еткен  жанның  мұңы мен зары,  ішкі ой-сезімі,  арманы,  күйініші мен қуанышы» - деп жазған еді М.Базарбаев [1, 6]. Осындай ұлы  дүниенің сұлулығы  мен сымбатын, сыры мен  шарапатын  ақтық демі  қалғанша  жырлап өткен  ақын – Жарасқан Әбдірашев.

Ж.Әбдірашев – халық тіршілігімен қатар толғанған өзекжарды туындыларында  туған дала тынысы мен туған тілдің құдіретімен үрдіс алған  азамат ақын дәрежесіне көтерілді. Мұндай өрелі  биіктікті алуда ақынға «көмекке келген» - көркем айшықты сөз, шұрайлы да шұғылалы  ана тілі. «Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан  тебірентер әсерлі суретке  айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі  қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз табу  - шебер суреткердің қасиетті парызы» - деген З.Қабдолов [4, 207].  Жарасқан – тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, поэзия рухын қатар меңгерген тума талант иесі. Оның  өлеңдерінде  биік  азаматтық  сарын бар,  халқымен бірге  қуану, халқымен бірге  азаптану бар. Ана тілінің  қарапайым әрі  қастерлі  сөздерімен жан  дүниесін  тереңнен ашып, небір асыл  ойларды  сыр сандығынан ақтара ұсынады.

             Ойлан!

             Ойлан!

             Ойланып жаса қадам!..

             Аса кірсіз болмаса,

             аса  надан –

             қатесінен,

             қыруар азабынан

             қартайғанда қашады,

             сасады адам...

Бұл – ақтан кінә  тағылып, «даусының діріліне құлақ аспай» тегеурінді  тергеуге түскен, «ақырғы рет мінберге» шығып, ақтық сөзін айтқан еңбегіндегі қаймақтай бірегей туған асыл ағаларының өмірбаянын қастерлеу. Азамат ақын – ағаларының жоқтаушысы, жан азабын солармен бірге тартушы,  өйткені  ақын – халықтың  ұлы,  асыл  мұраты  да халқымен, оның өзекті  өртеген өткендегісімен бірге болу, жырлау,  ұрпаққа жеткізу. Жарасқанның жаратқаннан сұрайтыны  да осы. «Асыл мұрат» өлеңінде ақын:

             Құнсыздықпен қолыңды соза көрме,

             азап  шегіп,

             ұқсайын азалы ерге!

             Еш нәрседен алаңсыз ез қылғанша,

             Көз жұмғанша жаныма маза берме!

             Өзің болып шақырсын алдан елес,

             қарамайын бар ма тау,

             Асыл мұрат жолында өлмегеннің –

             Асыл мұра соңында қалған елес!.. – деп, тұтас ұлтының атынан сөйлейді, азаматтық сенім биігінен үн қатады. Бұл – ақынның  адамгершілігі, парасаттылығы, ұлтжандылығы. С.Әшімбаев: «Азаматтық позиция  ұғымы: автордың  адамгершілік  биік болмысымен, суреткерлік  белсенділігімен, партиялық көзқарасымен, ойлау мәдениетінің жоғарылығымен, дүниетаным тереңдігімен... тікелей, тікелей  байланысты!» деген еді [6, 46]. Жарасқанның «Санаға салмақ түскенде» өлеңіндегі  осынау азаматтық сарынға тағы да назар аударайықшы:

«Жеңілгенді білмейді өлермендер!

Өлермендер – Бақытқа бөленгендер!

Жаның  менен  тәніңді  солқылдатып,

Қаның  менен  теріңді  тел  емгендер!»

«Тел емгендер» Бақытқа  бөленгендер

Өларада – Уақытқа  еленгендер!..

Ойласаңдар, Ересек Естілерім,

Қайдасыңдар, Келешек, Кемеңгерлер!

Сөз мәйегін түсінетін оқырман бұл өлеңде  қаншама  азаматтық бар екенін  айқын  аңғарады. Ақынның  бар адами болмысы мен өткенге  өкініші мен келер  күнге деген зор үмітін, үлкен мүдделерге  ұмтылысын осы  жолдар тағы да айқындай түседі.

Өнері мен өнегелі сөзі қатар өрілген өр Жарасқан тағы да:

             Кезек келіп,

             өжеттеліп,

             сөз аппын...

             Танысалық, ғажап уақыт,

             азат  Күн!

             Менің тегім – батырлық та,

             бай  да емес,

             менің тегім – Азаматы қазақтың! – деп, азаматтық парасаттылықтың шырқау биігі деп, азаматтық  парасаттылықтың шырқау биігі үлкен әріппен жазылатын Азаматтың өзі екенін  жар сала жырлайды.

Ақынның ақындық бейнесі, азаматтық  эмблемасы – осы. Өлең оқырманын  адамгершілік, ар-ұяттылықтың шыңына бастайды,  өзіңе-өзің есеп бере отырып,  ақыннан  қалыспай  жарқыраған  таза дүниеге  самғайсың.

             Ақылмен ойлап білген сөз

             Бойыңа жұқпай  сырғанар.

             Ынталы  жүрек сезген сөз

  Бар тамырды  қуалар, - деп Абай  айтқандай, ақынның  жүрегінен шыққан осынау  тазалыққа  бастайтын,  шипалы сөз өн бойыңа қуат-күшімен, емдік қасиеті керемет дәрідей тарап, пенделік  әрекеттерден арылтары анық. Халық тілінің бай  мұрасынан сусындаған  Жарасқан ақынның  қай өлеңін  алсақ та  сұлу сарын мен өмірдің  реалды  шындығы   осылайша  жігі білінбей  жымдасып жатады. «Адамда екі түрлі  қылықтың  жолы бар,  бірі  - тіршілік  қамы,  бірі – адамшылық  қамы», - деген М.Әуезов  [8, 54]. Ал сол адамшылық – Жарасқанның  азаматтық  ұраны.

             Біреуде бар,

             біреуде жоқ –

             қасиет көп адамда...

             Сұрадың ба?

             Сұрау керек

             Ең бастысын одан да!

             Қасиетсіз болмас кісі,

             тартсаң  бірақ тереңнен:

             адам үшін

             ең бастысы –

             Адамшылық дер  ем  мен! – дейді  ақын.

Заманымен бірге тұрып, бірге өрген Ж.Әбдірашев – егемен елдің жастарына  ата сөздің  асылын, ата салттың үрдісін салиқалы жыр  жолдары, құдіретті  көркем сөз арқылы  жеткізген, жаңа ұрпақты  рухани биіктеу жолына бастаған мейірім-шапағаты мол ақын.

Пайдаланылған   әдебиеттер:

1.     Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. Алматы, 1973

2.     Салқынбай А. Тіл және мәдениет. Алматы, 2001

3.     Мүсірепов Ғ. Заман және әдебиет. Алматы, 1982

4.     Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1976

5.     Балақаев М. Тіл мәдениеті  және қазақ тілін оқыту. Алматы, 1989

6.     Уақыт  және қаламгер. Алматы, 1985