АДАМГЕРШIЛIК РУХАНИ ТҰРҒЫСЫНДА ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Айтжанова Р.М., Мұратқызы П.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетi 

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасында «Бiлiм берудiң мақсаты - жылдам өзгерiп отыратын дүние жағдайларында алған терең бiлiмнiң, кәсiби дағдыларының негiзiнде еркiн бағдарлай бiлуге, өзiн-өзi iске асыруға, өзiн-өзi дамытуға және өз бетiнше дұрыс, адамгершiлiк тұрғысынан жауапты шешiмдер қабылдауға қабiлеттi, денi сау жеке тұлғаны қалыптастыру» делiнген. Осы айтылған қағидаларды ұстана отырып, Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжiрибелердi, сан ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлердi ескере отырып, қазiргi бiлiм мазмұнын жаңғыртуда, жаңа талаптар қоя отырып ұлттық рухта болашақ ұрпақты тәрбиелеу керек деп санаймын [1].

Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туылған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына кішкентай кезінен мейірімділік, жақсылық, қайырымдылық, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуге көп көңіл бөлу қажет.

Жеке тұлғаның адамгершiлiк құндылықтарын қалыптастырудың мәндiлiгi, бiрiншiден, барша саланың ғаламдануы, екiншiден телекоммуникация, ақпараттық, интернеттiк байланыстардың артуы, үшiншiден рухани жаңару, тазару, сондай-ақ азғынданудың да қатарласа дамуы мүмкiн. Жеткiншiктердiң санасын түрлi жолдармен уландыру тәрбие жұмыстары әлеуеттерiнiң әлсiреуi, нашақорлық, жұмыссыздық, тастанды балалар санының көбеюi, кейбiр сапалардың төмендiгi де ықпал жасайды. Әсiресе, қазiргi жастарды терiс жолға түсiретiн, санасын бұзатын жәйттердiң бiрi- дүние құмарлық. Нарық заманы бай етсе, бiреудi кедейлендiрiп, дүниенiң қызығы адамгершiлiк мiндеттерiнен ажыратуға себеп болады. Болашағымыз - жеткiншектерге адамгершiлiк құндылықтарын: бiлiмдiлiк пен тәрбиелiлiк, еңбекшiлдiк пен әдептiлiк, ар-намысшылдық, отаншылдық пен парасаттылық, ұлтшылдық пен жауапкершiлiк, батылдық пен ептiлiк, мейiрiмдiлiк пен қайырымдылық, өзiн-өзi тануы мүмкiндiлiгi мен қабiлетiн бiлуi және оларды игеруi, қолдауы, жетiлдiруi, саяси жедел жаңаруға жеткiзетiндiгiмен маңызды.

Адамгершiлiк - адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама-қарсы, терiс қарым-қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр-бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қалыптасады. Халықта: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген мақал бар. Тәлiм-тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды.

«Жақсымен жолдас болсаң - жетерсiң мұратқа, жаманмен жолдас болсаң - қаларсың ұятқа…», «Жаман дос жолдасын қалдырар жауға»- деген мақалдардан көруге болады. Мақал-мәтелдер, жұмбақ, айтыс, өлеңдер адамгершiлiк тәрбиенiң арқауы. Үлкендi сыйлау адамгершiлiктiң бiр негiзi. Адамгершiлiк-адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты iзгiлiк бесiгiне бөлейтiн руханият дәуiрiне жаңа қадам болып табылады. Адамгершiлiк тәрбиенiң нәтижесi адамдық тәрбие болып табылады [2].

Бала дамуының алғашқы кезеңiнен яғни адамгершiлiк туралы ұғымдарды саралап, санасына сiңiре бастайды. Моральдiк-этикалық дәстүр мәдениетiнiң толысқан сферасы ретiнде дәстүрлi педагогикалық мәдениеттi қалыптастыра отырып өскелең ұрпақты, адамгершiлiкке тәрбиелеудiң негiзгi құралы, формасы, әдiс-тәсiлдерi, адамгершiлiктiң қайнар көзi, iлкi бастауы бола алады.

Кейбiр зерттеушiлер адамгершiлiк дәстүрлерiн ұрпақтан-ұрпаққа берiлген күйде өзгерiссiз, ал өзгерген жағдайда ұзақ уақыт қызмет ететiн мораль элементiнiң тұрғысында қарастырады.

Тәрбиенiң дәстүрмен тығыз байланысты тұңғыш қарастырушы К.Д.Ушинский болды. Ол өз еңбектерiнде тәрбиенiң халықтық сипатына, еңбектiң тәрбиелiк және психикалық сипатына және тәрбиедегi адамгершiлiк мәселелерiне көңiл бөле отырып “Тәрбие көзi- халықтық педагогика” деген тұжырымға келген. Осы идеяны қазақ жерiнде жалғастырушы педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, жеті жақсы қасиет:

Бiрiншi: Имандылық.

Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.

Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.

Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.

Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.

Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.

Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық [3].

Адамгершiлiк ұғымы iзгiлiк, гуманизмнiң синонимi ретiнде адамның игi мақсатына айналғанда пайда болатын қарым-қатынастар жүйесi мен қоғамдық ахуал ретiнде неғұрлым кең мағынада қолданылады.

Тәрбиелеу, бiлiм беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкiндiгiн ескеру арқылы нақтыланады. Адамгершiлiкке, еңбекке тәрбиелеу күнделiктi өмiрде, үлкендердiң қолдан келетiн жұмысты ұйымдастыру процесiнде, ойын және оқу iсiнде жоспарлы түрде iске асады. Тәрбиешiнiң ең бастапқы формалары педагогтың балалармен мазмұнды қатынасында, жан-жақты iс-әрекетiнде, қоғамдық өмiрдiң құбылыстарымен танысу кезiнде, балаларға арналған шығармаларымен, суретшiлер туындыларымен танысу негiзiнде iске асады. Мұндай мақсатқа бағытталған педагогтық жұмыс еңбек сүйгiштiкке, iзгiлiкке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тәрбиелеуге, көп дүниенi өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана бiлудi дамытуға, үлкендер еңбегiнiң нәтижесiн бағалауға тәрбиелеуге мүмкiндiк жасайды. Балаларда ортақ пайдалы жұмысты iстеуге тырысу, бiрге ойнау, бiр нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру iсiне өздерi қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның бәрi де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмiрге белсендi ұстанымын бiрте-бiрте қалыптастырады [4].

Қазiргi кезде өсiп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде қойылған мақсаттардың бiрi қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетiп, кiшiге қамқор бола бiлетiн, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.

Рухани-адамгершiлiк тәрбие - бұл дұрыс дағдылар мен өзiн-өзi ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетiнiң тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершiлiк санасының дәрежесi оның мiнез-құлқы мен iс әрекетiн анықтайды.

Әрбiр мәдениеттi, бiлiмдi адам өзiнiң кәсiптiк, дүниетанымдық деңгейiн ұлттық мәдениетпен ұштастыра бiлуге мiндеттi. Мәдениеттi болу үшiн бiлiмдi болу - мiндет. Бiлiмдi болғанмен ұлттық мәдениеттi игермеген болса көрiнедi.

Жас ұрпақты саналы, сергек етiп тәрбиелеу отбасы мен бiлiм ұйымдарының әңгiме-кеңесте қызметкерлерiнiң бiрден бiр парызы. Оқу тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюда ата-аналармен жұмыстың орны орасан.   Ата-аналармен жүргiзiлген бала тәрбиесi мәселесiнде ата-ананың жауапкершiлiгi зор екендiгi, баланың отбасында адам баласына тән қасиеттерге дағдыланып ұяда көргенiнен өнеге алатындығы сөз болды [4,27б.].

Олай болса, оқушылардың ұлттық құндылық қасиеттерiн қалыптастыру негiзiнiң бiрден-бiрi мектепшiлiк жүргiзiлетiн тәрбиелiк iс-шаралар. Адамның бойына жақсы адамгершiлiк қасиеттерiнiң қалыптасуы, өнер-бiлiмдi игеруi- тәрбиеге, өскен ортаға, үлгi-өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсiнген халқымыз “Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы”, “Тәрбие басы - тал бесiк” деп ұлағатты ұстаздың еңбегiн текке кетпейтiндей өсиет еткен. Тәрбиенiң түп қазығы үлгi берер ұстазда, “Ұстазға қарап шәкiрт өсер” деп халқымыз ұстазға үлкен жүк артқан. Ұстаз үшiн өз еңбегiнiң жемiсiн көруден артық бақыт жоқ.

Тұлғаның белсендiлiгi өзге адамдармен диалогтық қатынастарға түсу кезiнде жүзеге асырылады. Бiрлескен қарым-қатынас негiзiнде оқушы-оқушы, мұғалiм-мұғалiм, оқушы мұғалiм арасында өзара құрметтеу, мойындау, түсiне бiлу және сыйластық әрекеттерi пайда болып, толеранттық пен мейiрiмдiлiк көзқарастары қалыптасады.

Өзiмiздi өзiмiз бағалай бiлуге бет бұру - ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды iрiктеп, оқыту процесiне енгiзу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтiн ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетiн көздiң қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару [5].

Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi

1.                Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім берудің тұжырымдамасы. - www.enu.kz.

2. Мұсаева С.А., Бегалиев Т.Б. Жас ерекшелiк педагогикасы.  - Астана, 2006. - Б. 74.

3. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлiм-тәрбиесi. - Алматы, 2000. - Б. 85.

4. Төлеубекова Р.К. Адамгершiлiк тәрбиенiң негiздерi. - Алматы, 1995. -  Б. 27 - 45.

5. Қойбағаров А. Балаларды адамгершiлiк сезiмге тәрбиелеу. - Алматы, 2001. - Б. 64.