Шаушекова Б.К., Асетова Ж.Б., Турганбекова Н.Н.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Бастауыш cынып мұғалімінің экологиялық білім берудегі шеберлігі

Білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланатыны сөзсіз, сондықтан бастауыш сынып мұғалімі ақ парақтай кіршіксіз оқушыға қалай тәлім, білім берсе, орта буын, жоғары буынға барған кезде оқушылар сөзсіз білімді нақты игере алады. Яғни бастауыш сынып мұғалімдеріне қойылатын талап өте жоғары болмақ. Замануи мұғалім тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, қоғамға сай тарихи танымдық, педагогикалық-психологикалық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың инновациялық технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Болашақ ұстаздарға экологиялық білім беруде белгілі педагогтар, ғалым-әдіскерлер К.А.Романова, К.Сарманова, Н.К.Перкас, т.б. табиғат жайлы білім берумен қатар, табиғи құбылыстарды сезіне білуге, өзіндік ерекшеліктерін ажыратып қорытынды  жасауға үйреті, сөйтіп олардың бақылампаздық әдет-дағдыларын, іс-әрекеттерін ұйымдастыруда мұғалімдердің басшы рольдерін анықтап берген еді.

Сондай-ақ, болашақ мұғалімдерді табиғат қорғауға даярлаудың негізгі міндеттерін И.Д.Зверев қалыптастырды [7]. Ол педагогикалық жоғары оқу орыны студенттерінің азаматтық парыз туралы санасы мен сезімін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау- жалпы мемлекеттік іс екенін, халықаралық маңыз алатындығын айқын түсінісуі, мұғалім – оқушылардың «табиғатты қорғау» адам пайдасы үшін керек деген сенімін қалыптастыру, екенін айта келіп: «Болашақ мұғалімдерді табиғат сүюші және қорғаушы, оны сақтау үшін күресуші және оның байлығын көбейтуші ретінде тәрбиелеу» деп көрсетеді. Болашақ мұғалімдердің оқушыларға экологиялық тәрбие беру ісінің білімі, іскерлігі мен дағдыларын меңгеруін талап етті.

Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын қамтиды. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те атауға болады. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Оқушының білімін көтерудің ең басты шарты-оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Пәнге деген қызығушылығы болса ғана, бала оған көңіл қойып тыңдап, тереңдете оқып үйрене бастайды. Пәнге қызыққан оқушының білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Шебер мұғалім үнемі оқушының ойлау белсенділігін арттырып, білімге қызығушылығын тудырғанда ғана ұстаз мақсатына жетеді. Сабақты тартымды, қызықты етіп өткізу - мұғалімнің шеберлігі, білімділігі, таланты. Егер, мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қорытындылай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса,яғни оқытудың инновациялық технологияларын тиімді қолданса, білім сапасы да жоғары болары сөзсіз.

Жалпы бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сыныптан бастап мектеп мұғалімдері олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушыларды табиғатқа сүйіспеншілігін арттыру мақсатында экологиялық білім беруді сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, күнделікті өтілетін әрбір сабақты ұтымды ұйымдастыра білу - мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады.

Баланың табиғаттан алған әсерін әңгімелеп, суреттеп беруі оның қиялына қанат бітіріп, табиғат жөніндегі түсінігін айқындауға ықпалын тигізеді. Табиғаттағы әдемілікті сезініп, қабылдау дағдысы өзінен-өзі келе қоймайды, оны дамыту, жағымды іс-әрекет түріне айналдыру ата-аналардың және ұстаздардың көмегімен жүзеге асырылады. Демек, оларды өз бетінше әрекет жасауын бақылау, оның мазмұнын талдау балалардың жеке басы ерекшеліктерінің экологиялық тәрбиелілігінің деңгейін анықтауғы мүмкіндік береді. Мұндай іс-әрекет түрлері арқылы баланың жеке тұлға ретіндегі дамуын оның экологиялық тәрбиесімен тікелей сабақтастықта байланыстыруға болады.

Балалармен экологиялық бағыттағы іс-әрекет түрлері кезінде нақты нәтижелерге қол жеткізу ұстаздың кәсіби шеберлігін танып, экологиялық тәрбие жұмысы кезінде тиімді әдіс-тәсілдерді игеруін қамтамасыз етеді. Сол себепті балалардың экологиялық тәрбиелілігінң деңгейін көтеруге олардың тұлға ретіндегі экологиялық білімін дамытуда пайдалануға болатын мынадай әдіс түрлерін ұсынамыз. «Тіршілік иелерінің өміріне қажетті түғызу және қолдау әдісі» балаларға экологиялық тәрбие берудегі басты әдіс түрі болып саналады. Ол балалардың тәжірибе жасау дағдыларын, икемділіктерін айқындауға бағытталған. Объектілерді бақылау - өсіп-өндірудің нәтижелері қалыптаса бастаған дағдыларды бағалауға бағыт береді және оларға сипаттама беруді қамтамасыз етеді. Экологиялық тәрбиеде жақсы нәтижеге жету – осы әдіс түрінің тәжірибе мен моделденген іс-әрекетінің бір-бірімен байланыста болуында. Сондай-ақ, заттарды күтіп-баптауда, оларды жөндеуде және жаңартуға қатысу балаларға қажетті тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек. Сонымен бірге жаныңды шуаққа бөлеп, үлкен үмітке жетелеуші- білім беру саласы мұғалімдік мамандықтың сыры мен қырын шебер меңгерген, сол кәсіптің ыстығы мен суығын өзі де басынан кешірген адам нағыз ұстаздар, шынайы бапкерлер осындай қасиеті бар жандардан шығады. Сыпайы әдебімен, тұнық мінезімен, терең білімділігімен көпке жақын адам.

Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері. Жеке тұлға мәдениеті, білім мен өрісті дүниетаным, педагогикалық техника мен озат тәжірибе, осы педагогикалық шеберліктің негізі деп ойлаймын. Қазіргі заман мұғалімнің тұлғалық белгісі – ой өрісінің кеңдігі мен оның ауқымды дүниетанымы. Заман ағымымен теңдей қадам басамын деген әрбір адам өте көп ақпараттан хабардар болуы қажет. Қазіргі заманғы оқытудың технологияларын жете меңгеру де осы шеберліктің бір қыры. Ұстаз өмір бойы бала тәрбиесіне ықпал етумен яғни дәлелдеп сендіру, шәкірттің қызығушылығын дамыту, талап ете білу керек. Осы ықпал түрлерін іске асыруда ұстаз нағыз шебер болары анық. Ол үшін үздіксіз біліктілік көтеріп отыру; арнайы әдебиеттерді оқу; өз оқу істерінде оқытудың жаңа әдістерін ендіріп отыру және озат мұғалімдер тәжірибесін бақылау, үйрену, зерделеу қажет.

Мұғалім өзінің шеберлігімен педагогикалық үрдісті шығармашылықпен түрлендіреді. Жеке тұлғаға бағдарланған оқытуды ұйымдастыру мұғалімдерден төмендегідей міндеттерді іске асыруын көздейді:

ü әрбір пән бойынша сабақта тақырыптың мақсатын нақты қоюы;

ü әрбір пәннен оқушылардың меңгерілуіне тиісті ұғымдар мен түсініктерді саралай білуі;

-       білім берудің басты міндеттерін шешуді, ягни онын әдістерін, тәсілдерін өзінің іс

әрекетін шығармашылықпен ұйымдастыруы;

-       жекелеген пәндер ізденімпаздық, шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыра білуі.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мұғалімнің біліктілігін, кәсіби шеберлігін қажет етеді. Мұғалім – бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы мұғалім мамандығының құндылығы осында деп түсінгеніміз дұрыс.

Жалпы бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сыныптан бастап мектеп мұғалімдері олардың осы талпынысын дамытуға кқңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіпеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, күнделікті өтілетін әрбір сабақты ұтымды ұйымдастыра білу – болашақ бастауыш сынып мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады.

«Ұстаз тумасынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінен, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқынуды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» - деп, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен.

Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезгендігі абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз. Яғни болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби шеберлігі жоғары болған жағдайда білім сапасының артары сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. ІІІ басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2014.

2.  Ы.Алтынсаринның ұстаз тұлғасы туралы идеяларының маңызы //Қазақстан Мектебі.-2009.-№3. - 42-46 б.

3.  Романова, К. А. Роль экологического образования в современной жизни человека.[Текст]/ К. А. Романова. – Образование и наука. – 2001. – № 3 (9). – С. 90 – 98

4.  Скалон    В.Н.     Формирование    экологической    культуры    младших школъников во внеучебной деятельности): автореф. дисс. канд. пед. наук:. 13.00.01. - Саратов, 2001. - 190 с.

5.  Зверев И.Д. О формировании ответственного отношения учащихся к природе.//Сов. Педагогика. -1975. -№11. -Б. 21-30.