Хамитова Сарқытжан Амантаевна
«Ю Гагарин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» КММ
Жанындағы мектепке дейіңгі шағын орталық,
Ботақара кенті, Бұқар жырау ауданы, Қарағанды
облысы, Қазақстан республикасы
Бала тәрбиесінің қос тірегі - отбасы мен балабақша
Әр
қоғамның бағыттылығы мен алар асуы дамуының
негізгі бастауына тікелей байланысты. Нақты айтатын болсақ,
кез-келген жаңа буынның қалыптасу, айналаға көз
тоқтату, дүниетанымын қалыптастыру кезеңі сол бастау
бұлақтың көзі десек болады.
Атаулы ой, «баланы
жастан» деген халық даналығымен педагог-ғалымдардың
тұжырымдарымен үйлеседі. Сондықтан ұрпақ
тәрбиесі – ұлт болашағы деген ұғымның
астарында елдің бет түзер көші жатыр деген сөз. Белгілі
ғалым А.С.Макаренко «Ата-аналарға арналған» кітабында «Бала
тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі
шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы
немесе үйрету, бұру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз.
Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады» деген екен.
Бір отбасында ортақ тәрбие алған үш баланың
үш түрлі болып қалыптасуы да олардың тәрбие алу
сәттерінің және еліктеу тұлғалары мен
орталарының әртүрлі болуына байланысты. Сонымен қатар,
А.С.Макаренко, тәрбие беруші тұлға өзі жағымсыз
қылықтарды жүзеге асыра отырып, баласына дөрекілік пен
жәбір көрсетуге болмайтынын айтса, тәрбиенің тиімсіз
болатындығына тоқталады. Айналасындағы адамдарға,
соның ішінде ата-анасының айтқан сөздеріне емес,
істеген әрекеттеріне бой түзейтін бүлдіршін үшін
олардың өздерін тек жақсы жағынан көрсеткені
абзал.
Алайда,
қазіргі ата-әже институты қалыптаспаған, уақыт
қарқыны күшті кезеңде балалардың тәрбиесіне
деген талап артқанымен, оларға бөлінетін көңіл
азая түскен. Сондықтан, егеменді еліміздің ертеңгі
болашағы жас ұрпақ тәрбиесі тек отбасы ошақ
қасындағы емес, мемлекеттік деңгейде толыққанды
қарастырылатын мәселеге айналған. Білімді, денсаулығы
мықты бала өсіру үшін
қоғамымыздағы ата-аналар, мектеп және мектеп алды
даярлық нысандары жұмыла еңбек етуі тиіс. Баланың
жанұяда, шағын орталықтар мен балабақшаларда
дұрыс бағыт алып, қалыптасуы оның болашақта
мектепте қарым-қабілетін көрсете алуына, кейін өзін
қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне
алуына мұрындық болмақ.
Осыдан тура бір
ғасыр бұрын қазақтың біртуар жазушысы,
ғалым Мұхтар Әуезов, «Адамдық негізі - әйел» атты
мақаласында халқымызға «ел боламын десең,
бесігіңді түзе» деген сөзді ұлағат етіпті. Жалпы,
қазақ ауыз әдебиетіне көз жүгіртетін
болсақ, кез-келген ақын-жазушыларымыздың естеліктерінде
жыр-қиса оқып, өнер-білімге деген құлшыныстарын
оятқан отбасындағы әжесі, анасы немесе ата-анасы
қастерлеп қонаққа шақырған
ақын-жыршылар. Осы тұста, тәрбие өмірдің әр
сәтінде жүзеге асатындығын, баланы дұрыс арнаға
бұру үшін әсершіл жан дүниесіне әсер ете білу
керек деген тұжырымға келеміз.
«Адамның
жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар
барлығына басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза
жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап
тәрбиелейді» деген Шәкәрім
Құдайбердіұлының сөзіне құлақ
түретін болсақ, адал еңбекке, ақыл мен таза
жүрекке деген құлшыныс адамның бойына бала жасынан
сіңуі керек. Замануи қоғамда оны баланың бойына
сіңіріп, бағыт-бағдар беретін тал бесіктен басталған
тәрбиемен қатар, бүлдіршін күнделікті баратын
балабақша, шағын орталықтар мен қарым-қатынас
жасайтын ортасы. Бала күнінде ата-ана сәбиінің тәрбие
алатын ошақтарын өздері таңдап, дұрыс ортаға
бейімдейді. Ал бұл өз кезегінде ата-анасыз жүзеге асатын есею
кезеңінде баланың адаспай өз қатарластарымен араласып,
солардың ортасында өзін еркін сезінуіне тікелей әсер етеді.
Елбасымыз
Нұрсұлтан Назарбаев «қазіргі заман талабына сай,
жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен
ұлттық психология қалыптасқан, имандылық
әдебі, парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру, білім
беру бүгінгі отбасының, балабақшаның, барша
елдің, халықтың міндеті» деп, баршаға ортақ парызды
жеткізген болатын. Бүгінгі таңда отбасында негізі қаланып,
балабақшада жалғасатын тәрбиені дұрыс жолға
қою біздің басты мақсатымыз. Осы орайда түрлі
жұмыстар атқара отырып,
тәрбиеленушілердің психологиялық,
тұлғалық қалыптасуы жолында балабақшамен отбасы
ауызбіршілікпен, бірінің ұйғарымына бірі қарсы
келместен, айтылған ой мен жасалған істі сабақтастырып отырып
жұмыс жасауы қажет. Мысалы, балабақшада ертегі тыңдаса,
үйінде де ата-анасы ертегі оқып, баланың тыңдау зейінін
қалыптастырады. Ал, балабақшада өзі шашқан
ойыншықтарды реттеп, жүйелеп жинайтын баланы үйге келген
соң ынталандырып, еңбек етуге, ұқыптылыққа
шақырып отырса, кез-келген тәрбие оңтайлы жүзеге асып,
бүлдіршіннің ойында кереғарлықтардың қалыптасуына
жол берілмейді.
Жалпы, бала
тәрбиесінде ең үлкен зиянын тигізетін жағдай ретінде
пікілер кереғарлығын атап өтуге болады. Яғни, ата-ана
тарапынан барлығына рұқсат, ал балабақша тарапынан
кейбір тыйымдардың болуы бала тәрбиесіне өзіндік әсерін
тигізеді. Сол себептен де балабақшадағы тәрбиенің
тиімді жүзеге асуы үшін отбасы тарапынан түсіністік пен
қолдау болуы қажет.
Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашақ ұрпағымызды
тәрбиелегенде оларға
жастайынан имандылық пен
сауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз
рухы дамыған, Отанның
гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат
өсіре аламыз» деген сөзін басшылыққа алған біздің шағын
орталық бүгінгі таңда білім мен тәжірибе жұмысын
дамыту, өркендету барысында жұмыс жасап келеді.
Тәрбие
өмірдің өзі сияқты күрделі де көп
қырлы. Оның дұрыс жолына түсіп, дұрыс бағыт
алған ұрпақ қана еліміздің ертеңгі дамуы
жолында толағай табыс әкелмек. Барлық тәрбие
өзегі – адамгершілік тәрбиесі. Абай хакім, «адамның баласы
бауырың» деген екен ғой. Сол жанашырлық пен адалдықты
ту етіп, өнер-білімге құштар жандардың шоғыры
жалпы адамзаттың сапалық құндылығын арттырады.
Баланы адамгершілікке,
ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде
мектепке дейінгі ұйымдарда атқарылып жатқан жүйелі
жұмыстардың әсері зор болмақ.