«Педагогические
науки»
БАЛАНЫҢ ОТБАСЫНДА
ЖЕКЕ ТҰЛҒА РЕТІНДЕГІ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ
САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІҢ
РӨЛІ
Буркитбаева
Д.Б. – магистр, аға оқытушы, Жунисбекова Ж.А. – п.ғ.к., доцент, М.Әуезов ат.
ОҚМУ, Керімбекова Р.Ә. – халықаралық
тренер, «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалы ОҚО бойынша
ПҚБАИ
Шымкент, Қазақстан
Қоғамның ертеңгі болашағы -
бүгінгі жас ұрпақ.
Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050»
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси
бағыты» - атты Қазақстан
халқына жолдауында: «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек,
өзгелерге сыйлы бола білеміз», - дей келе өзге де
ұлттардың әдет-ғұрып салт-дәстүрлерін
танып-біліп құрмет көрсеткен жағдайда, өз әдет-ғұрып,
салт-дәстүрлерімізді басқа ұлттардың
құрметтеуіне ие болатынымызды баса назар аудартып отыр. Әр
халық өзінің тарихын жалғастыратын жас
ұрпағын адалдыққа, еңбексүйгіштікке,
шыншылдыққа үндеп отырған. Тәрбие
жүйесінде, жеке адамның жақсы қасиеттерін
қалыптастыруда қоғамның алатын орны ерекше.
Қоғам жеке отбасы үш буыннан құралады:
ата-әже, әке-шеше, бала. Халқымыз көшпелі
тұрмыста басынан кешсе де, бала тәрбиесін назардан тыс
қалдырған емес. Атадан қалған ұлағатты
сөздер, мақал-мәтелдер, ырым-тыйым сөздер арқылы
жас ұрпағын ойшылдыққа, әдептіліке,
батылдыққа баулыған, тәрбиелеген.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы
жинақтаған, іріктеп алған озық тәжірибесі мен
ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру,
баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын,
дүние танымын, өмірге деген көзқарасын және
соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.
Адам тәрбиелеу, ұрпақ өсіру -
ең жауапты мәселе. «Отан отбасыдан басталады» демекші, осы жауапты
істе отбасының алатын орны ерекше, бұл дәлелденген. Олай
дейтініміз, отбасы - күрделі қоғамдық құбылыс.
Қоғамдық ортаның шағын бір бөлігі ретінде
отбасы балаға өмірге жолдама береді,
көзқарасының, әдеп-ғұрпының іргетасын
қалайды. Халқымыздың тәлім-тәрбиесіне
сүйене отырып, жас ұрпақты отбасы тәрбиесінен бастап,
мектеп тәрбиесі, ұжымдық шаралар арқылы салауатты
өмір сүру салтына тәрбиелеу. Қиыншылығы мол
қазіргі кезеңде адамгершілік, Отансүйгіштік,
ұстамдылық, ой-өрістің алғырлығы, іскерлік
секілді асыл қасиеттер - заман талабы болып отыр.
Бала бойына
дарыған көп қасиеттердің бастауы жанұяда қалыптасады. Баланың негізгі тәрбиешісі - өзінің
туып өскен ортасы, ата-анасы. Баланың дұрыс азамат болып өсуі
немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты. «Баланы – жастан…» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң
баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын
өзгерту өте қиын. Ата-аналар өздері тарапынан кеткен кінәні мойындамай, айыптыны іздейді. Жас баланың
алғашқыда алға
қойған арман, мақсаты болмайды. Оны есіне салатын, ой туғызып арманға жетелейтін біздер - үлкендер. Ең дұрысы, бақылау, баламен әрқашанда қарым-қатынаста болу. Барлық
өнеге отбасынан тарайды. Әр отбасы кішкене тәрбие мектебі болуға тиіс. Осы тұрғыда халқымыздың
ұлттық тәрбиесі
тағы ойға оралады. Ол үлкенді
сыйлау, дөрекі сөйлемеу, астарлап айту, қыз баланы сыйлау, ұл-қызын өнерлі,
ұлағаттылыққа, ерлікке шыңдау, мейірімді болу. Отбасы - адам баласының дүниеге келгенінде есігін айқара ашып енетін үйі,
өсіп ер жететін, тәрбие алатын орны. Аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Бала отбасы мүшелері арасындағы ең әділетті қарым-қатынастың куәсі
болып, үлгі өнеге алады. Отбасында баланың жауапкершілігі мен өзгелерге
достық, ар-намыс сезімдерінің оянуы ата-ана тәрбиесінің ықпалы. Ата-ана және басқа ересектер өскелең ұрпаққа тек жеке
бастарының өнегесімен,
іс-әрекеттерінің үлгісімен
ықпал жасайды. Ата-аналар ұнамсыз жайларға тіпті уақытша болса да бой алдыруына жол бермеуі
тиіс.
Ата дәстүрін ардақтау - қазақтың
халық педагогикасының
ұлттық ұжданы.
Егер жеті атасына дейін ата
тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны «жеті атасын білмейтін жетесіз», - деп халық кінәлайды, айыптайды, жазғырады, жазалайды. Халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың
бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. «Шыншыл, әділетті, иманды болу сонау арғы ата-бабамыздан бергі қалыптасып келе жатқан дәстүріміз», - деп кейінгі ұрпақтың
ата-салтын бұзбауын талап етеді.
Б. Момышұлы: «Дәстүрсіздік - халық үшін қасірет», - деген. Бүгінгі
егемендігімізбен қайта
оралған бұл ұлттық әдет-ғұрпымыз
бен салт-дәстүрімізді бен тілімізді, мәдениетімізді бағалап, оларды көздің қарашығындай
сақтап, ілгері дамытып отыру біздің
басты міндетіміз. Жас ұрпақ әдепті, парасатты болып өссін десек, ұлттық тәрбиелерімізді, халқының
мол қазынасын бүгінгі
тіршілігімізде кеңінен
пайдалануымыз керек. Дәстүрсіздік имандылықтан
айырады. Халықтық
педагогика, салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген
қарттарды құрметтеу, үлкенді
сыйлау, балаларға мейірімді болу, ата-ананы
ардақтау, қонақ
күту, қол өнер, іззет-иба т.б толып жатқан ырым жоралғылар. Күнделікті өмірде оқушы мен мұғалім
сөйлескенде, мұғалім
мен мұғалімнің, ата-ана
мен мұғалімнің арақатынасында
бұрынғы салт-дәстүріміз сақталуы керек. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып
халықтың рухани
өзегі, тілінің тірегі, мәдениетінің арқауы. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан
ата-дәстүрдің желісін
үзбей халқымыздың
асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды көздің қарашығындай сақтап,
ілгері дамытып, отыру өркенді де өнегелі іс.
Әдебиет
1.Арғынбаев Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. – Алматы, 2005.