Купешов К.У.

Нұр-Мүбарак Египет ислам

мәдениеті университетінің

магистранты

 

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЯҺУДИЛЕРМЕН
 ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

 

Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Аллаһ алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла тағала Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла тағала алдындағы ең абыройлылырың тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп бұйырса, басқа бір аятта: «Дінде зорлық жоқ» [1, 2.256] – деп мұсылманның ешбір адамды дінге зорлықпен шақыруға құқылы емес екендігін анық баяндауда. Сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

 Кейінгі кездері діндераралық диалог, түсіністікпен қараушылық мәселесі өзекті қоғамдық тақырыпқа айналды. Алайда, бұл түсіністік туралы Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Құранда Алла тағала кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға шақыруды былайша үйретеді: «Оларға айт: Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла  тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман болдық, деңдер».

Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар». Құранның бұл бұйрығын қалай жүзеге асыру қажеттігін хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өз өмірімен өрнектеп берген болатын. Мысалы, Исламның алғашқы жылдарында христиан римдіктерді, эфиопиялықтарды отқа табынушы парсыларға қарағанда, жақын тұтты. Әһлі кітап саналатын Рим империясы отқа табынушы парсылардан жеңілгенде, көп ұзамай олардың қайта жеңіске жететіндіктері Құранда айтылған-ды. Расында да, «Рум» сүресінде айтылғандай олар жеңіске жетті. Сондай-ақ кітап иелері болған Рим, Мысыр, Хабаш (Эфиопия) патшаларын исламға шақырып хат жолдаса, 623 жылы Мәдинада алғашқы мұсылман ата заңы қабылданып, онда Мәдиналық яһудилерге де діни еркіндік беріліп, заңға негізделген әділ қоғам құрылды [2, 276-б.].

 Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап, екерше сабырлықпен әрекет етті. Ол Мәдина халқы арасында іріткі салушы мұнафықтарды, бастарында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Соған қарамастан қоғамның ынтымағы үшін оны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, олармен мұсылмандар секілді қарым-қатынас жасайтын. Мұнафықтардың көсемі Абдулла ибн Убәй ибн Сәлулдің адам айтқысыз қиянаттарына төзіп, оны жазаламауы бірлік көксеудің айқын дәлелі. Омар (р.а.) қанша рет мұнафықтың көзін құртуға рұқсат сұрағанымен,  Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мұнафықтардың көсемі Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмай тұрып баласын Мұхаммед пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Мұхаммед пайғамбарымызбен одан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көптеп келтіруге болады [3, 82-б.].

Мұхаммед пайғамбардың адамзат құқығын құрметтеу жолында жүзеге асырған шараларының бірін, оның Нажран яһудилерімен жасасқан уағдаластығынан көруге болады. Бұл сертке хижраның тоғызыншы жылы Нажран мұсылмандар қолымен азат етілгеннен кейін қол қойылды. Онда пайғамбарымыздың Құран Кәрімнен нәр алған көркем мінез-құлқы айқын көрініс тапқан. Уағдаластықтың бір бөлімінде:

– Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) Нажран халқының өз салт-дәстүрін сақтап қалу құқығын, сондай-ақ қауіпсіздігі мен мал-мүлкінің қорғалуын ресми деп таниды;

– Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) монахтар, абыздар және дін қызметкерлерінің құқығы мен олардың мансабын ресми түрде мойындайды. Оларды өз дінін өзгертуге міндеттемейді. Осы шарт негізінде бірде-бір епископ пен дін абызы өз қызметінен босатылмайды;

– Ислам пайғамбары Нажран тұрғындарының өз өлкесінде өмір сүру құқығын ресми деп таниды. Олардың қонысы мұсылман әскерінің жорығына ұшырамайды да толық қауіпсіз өмір сүреді деп келген [4, 94-б.].

Ислам тарихында яһудилер тарапынан көптеген қарсылықтар көрсетілсе де ислам дінінің төзімділкке нұсқауы себепті мұсылмандар яһудилермен және де басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға әрекет жасады. Оған тарихи деректер мен болған жайттар куә.   

Құран аяттарының бекітуімен мұсылмандар өзге пайғамбарлардың барлығына бірдей иман келтіреді. Өзге дін өкілдері де мұсылмандардың барлық пайғамбарларды мойындағаны сияқты Алланың елшісі Мұхаммедті (с.а.с.) мойындаса, екі тарапқа да ізгі болар еді. Мұсылман емес адамдардың мұсылмандардың арасында абырой мен лайықты орын алуының бір көрінісі мұсылман адамның өзге дін өкілдерінің артықшылықтары мен жақсы сипаттарын мойындауы. Бірде пайғамбар жанынан бір қаралы шеру өтіп бара жатқан кезде орнынан тұрады, оған бұл яһудидің жаназасы делінген кезде Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с.): «Ол адам емес пе?» – деген екен.

Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші» [1, 2.256], деп келеді. Осы аят жайлы американдық ғалым Адриян Калгри «Құранда даналық пен ілімге толы бір аят бар, оны мұсылмандардың барлығы біледі. Сол секілді өзгелер де одан міндетті түрде хабардар болуы керек, ол «Дінде зорлық жоқ..» аяты»,деп айтқан. Бұл аят ансарлар яһуди, христиан дінінде жүрген балаларын ислам діні келгеннен кейін ислам дінін мойындау үшін мәжбүрлеген кезде түсірілген болатын. Осы аятқа түсу себебімен бірге ой жүгірткен адам ислам дініне кіруге мәжбүрлеуге болмайтынын, тіпті, әдетте, бала әкесінің дінін ұстану керек болса да, әке баласын, яки бала әкесін мәжбүрлей алмайтындығын түсінеді [5, 219-б].

Ислам мұсылман емес адамдарға сенім бостандығын ғана беріп қоймай, діни рәсімдері мен ғибадаттарын өтеуге толық мүмкіншілік берді.

Құранда «Олар, сондай жазықсыз: "Раббымыз Алла" дегендіктерінен ғана жұрттарынан шығарылғандар. Егер Алла адамдарды бірін-бірі арқылы қорғамаса, ғибадатханалар, шіркеулер, яһудилердің құлшылық орындары және ішінде Алланың аты көбірек зікір етілетін мешіттер құлатылар еді. Кім Алла жолында жәрдем етсе, Алла оған жәрдем етеді. Шәксіз Алла, аса көруші, тым үстем» [1, 22.40], – делінген.

Тарихи деректерден тура жолға бастаушы төрт халифаның кезеңінде және одан кейінгі кезеңдерде яһудилер мен христиандар құлшылықтары мен діни рәсімдерін еркіндік пен қауіпсіздікте өтей алғандары мәлім. Мұсылмандар христиандардың шіркеулеріне зиян келтірмей, қорғап отырған. Халифа әл-Уәлид ибн Абдулмәлик христиандардан Жохан шіркеуін алып, мешітке қосып жіберген болатын. Кейін Омар ибн Абдулазиздің халифалығы кезінде оған христиандар әл-Уәлидтің әрекетіне шағымданып келеді. Омар дереу мешітке қосылған шіркеуді қайтарылуын бұйырады.

Қазіргі таңда Құдыстағы яһудилердің қасиетті санаған ғибадат орны жылап сықтау дуалын тарихта қоқыс пен үйіндінің астында қалағандығын көрген Осман мемлекетінің халифасы сұлтан Сүлеймен әл-Қануни Құдыстағы Осман басшысына сол жерді тазартуды бұйырып, яһудилерге зиярат етуге рұқсат берген.

Дұрыс пікірдегі батыс зерттеушілері ислам дініндегі төзімділікті бағалай білді. Салих ибн Хусейн әл-Айд өзінің «Хуқуқ ғайру муслимин фи билади әл-Ислам» атты еңбегінде батыс зерттеушілерінің бірі Густаб Лебонның: «Мұхаммедтің яһудилер мен христиандарға танытқан төзімділігінің теңдесі жоқ болатын. Өйткені бұндай көрініс бұрын келген дін өкілдерінде көрініс таппады. Өзінен кейінгі ізбасар халифалары оның салған сара жолымен жүрді. Сол секілді араб тарихымен танысқан Еуропа ғалымдарының кейбірі де осы төзімділікті мойындады»,– дегенін келтірген [6, 39 б].

«Исламдағы адам құқықтары» атты еңбекте: «Италяндық Лора Фетша Валери: «Бұл халықтарға өз діндері мен діни ғұрыптарын сақтау еркіндігі берілді. Бірақ исламды қабылдамаған болса, үкіметке әділ салық (жизия) төледі. Бұл мұсылмандардың өз үкіметтеріне беретін салықтарынан әлдеқайда аз болатын. Оның қарсылығында әһлу зиммет деп танылып, мұсылмандармен тең қамқорлықта болды. Алла елшісі мен оның төрт халифаларының істері кейінгі ұрпаққа сара жол болды. Ислам діни төзімділікке тек үндеп қана қоймай, оны шариғаттың бір бөлігі ретінде қарастырды десек артық айтпаған болар едік»,– деп айтқан»,– деп келген [7, 151-б.].

Шариғатта мұсылманның малын ұрлаған зыммидың (мұсылман емес адамның) қолы кесілгені секілді зыммидың малын ұрлаған мұсылманның да жазасы сондай. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім зыммиге нақақтан-нақақ жала жапса, оған қиямет күні отпен дүре соғылады»,– деген.

Сол секілді тарих парақтарында мұсылмандардың мұсылман емес адамдарға, оның ішінде Құран Кәрімде жағымсыз сипаттармен келген болса да яһудилерге көрсеткен әділдіктерінің көріністері нұрлы әріптермен жазылды. Осы көріністердің кейбіріне тоқтала кетейік:

Зұфар ибн әл-Харис руынан Туғма ибн Ұбайриқ есімді бір ансар өзінің Қатада ибн ән-Нұғман есімді бір көршісінің сауытын ұрлайды. Сауыт ұн салынған қаптың ішінде болады. Ол ұнды қаптың тесігінен ағызып із қалдыра отырып үйіне келіп, сосын Зейд ибн әс-Сәмин есімді бір яһудидің үйіне апарып жасырады. Кейін сауыт Туғманың үйінен табылмайды. Ол алмағандығын және одан ешқандай хабары жоқ екендігін айтып ант ішеді. Сауыт иесі: «Бізге түнде біреулер келіп сауытты алып кетіпті, содан із сенің үйіңе алып келгесін келіп тұрмыз»,– дейді. Сөйтіп Туғма ант ішіп тұрғасын одан кетіп, әрі қарай ізге түсіп, яһудидің үйіне келіп тоқтайды. Яһудиден сұрағанда ол, бұл Туғма ибн Ұбайриқтің ісі екендігін айтады, әрі бұған өзге яһудилер де куәлік етеді. Сөйтіп, іс Алла елшісіне (с.а.с.) жетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) яһудиге жаза қолдану үкімін ойлаған кезде, Алла тағала яһудидің таза екендігі мен оған жабылған жаланың жаңсақтығын білдіріп: «Шын мәнінде саған Кітапты Аллаһтың саған көрсетуі бойынша адамдардың арасына үкім қылуың үшін шындықпен түсірдік. Сондықтан қаралаушыларға болысушы болма (105) Алладан жарылқау тіле. Негізінен Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді (106) Өздеріне кесір істегендер үшін сөз таластырма, өйткені Алла, қаралаушы күнәкарды жақсы көрмейді (107) Олар адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Алла, олар түнделетіп, разы болмайтын сөз қылғанда олармен бірге еді. Алла олардың не істегендерін бұлжытпай біледі (108) Ал міне, сендер дүние тіршілігінде олар тарапынан дауластыңдар, сонда қиямет күні олар тарапынан Алламен кім дауласа алады? Немесе оларға кім уәкіл бола алады?(109)» [1, 4.105-109],– деген Құран аяттарын түсіреді.

«Ахбару әл-қудат» атты еңбекте мұсылмандардың әміршісі Али ибн Әбу Талиб бір яһудимен сөзге келіп, екеуі қазы Шурайх ибн әл-Хариске барғандығы жайлы оқиға Шурайхтың жеткізуімен былайша өрбіген: «Али Мағауияға қарсы соғысқа аттанып бара жатып, сауытын жоғалтып алады. Қайтып келген кезде оны бір яһудидің Куфа базарында сатып тұрғанын көріп: «Ей яһуди, мынау менің сауытым. Мен оны ешкімге сатқаным жоқ, сыйлағанымда жоқ»,– дейді. Яһуди: «Бұл менің сауытым, менің қолымда»,– дейді. Али «Арамызда қазы бар»,– дейді. Шурайх: Екеуі маған келіп, Али жаныма, яһуди алдыма отырып, Али: «Мына сауыт менің сауытым, мен оны ешкімге сатқаным жоқ, сыйлағанымда жоқ»,– дейді. Яһуди де: «Бұл менің сауытым, менің қолымда»,– дейді. Шурайх: «Уа, Мұсылмандардың әміршісі, куәгерлерің бар ма?» – деп сұрайда. Али: «Иә, ұлым Хасан мен Құнбур екеуі бұл сауыттың менікі екендігіне куә»,– дейді. Сол кезде Шурайх: «Уа, Мұсылмандардың әміршісі, баласының әкесіне кугерлік етуі рұқсат етілмейді»,– дейді. Али: «Субханалла! Жаннаттық болған кісінің куәсі қалайша рұқсат етілмейді! Алла елшісінің «Хасан мен Хусейн жаннаттағы жастардың мырзасы» дегенін естіген едім»,– дейді. Сонда, яһуди: «Мұсылмандардың әміршісі өзінің қазысына алып келді, ал қазысы оның пайдасына шешпеді. Мен куәлік келтіремін шын мәнісінде мына дін – хақ және Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі екендігіне куәлік етемін. Иә, мұсылмандардың әміршісі мына сауыт сенікі, бір түні сенен түсіп қалған болатын»,– дейді [8, 93 б.].

Сол секілді бірде бір яһуди Али ибн Әбу Талибтің үстінен шағымданып, Омар ибн әл-Хаттабқа келеді. Али Омардың алдына келіп отырғанда, Омар: «Уа, Әбу әл-Хасан! Тұр да, қарсыласыңның жанына барып отыр»,– дейді. Али айтқанын орындайды. Мұсылмандардың әміршісі Алидің жүзінен ашу мен қобалжу белгілерін байқайды. Дегенмен қазылық біткенге дейін байқамаған сыңай танытады. Сосын Алиге: «Уа, Али, қарсыласыңмен бірге қойғанымды ұнатпай қалдың ба?» – дейді. Али: «Жоқ, менің қобалжу себебім, сен мені кунияммен (Әбу әл-Хасан деп) шақырып, қарсыласымды олай шақырмай, екеумізге тең қарамадың. Содан яһудидің мұсылмандардың арасында әділдік жоғалған екен деп ойлап қалуынан қорықтым»,– деген [7, 158-б.]. Өйткені, Омардың Алиді «Уа, Әбу әл-Хасан!»,– деп шақырғаны секілді, арабтарда куниямен, яғни «пәленшенің әкесі» деп шақыру, сол кісіге деген құрметтің белгісі болып табылады.

Осы тұрғыда пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендердің бірің адамдардың арасында қазылық қылса, араларында назар аударуында, ишарет етуінде, отыруында тең қарасын»,– деген. Осы секілді басқа хабарларда: «Біреуіне екіншісіне қарағанда даусын қатты көтермесін» деп те келеді.

Мұсылман емес жандардың қорғалуының тағы бір көрінісін ислам ғалымы Ибн Тәймияның моңғолдардың Шамды басып алған кездегі тұтқынға алынғандарды босату үшін олармен жүргізген келіссөзінен көруге болады. Осы келісімнен кейін моңғол қолбасшылары тек мұсылман тұтқындарды ғана жіберуге рұқсат етеді. Бұл келісімге Ибн Тәймия қарсылық білдіріп: «Біз христиан, яһуди тұтқындар да босатылмайынша разы емеспіз, өйткені олар біздің қамқорлығымызда, олардың ешқайсысын тұтқында қалдыра алмаймыз»,– деп табандылық танытқанын көрген моңғолдар барлығын босатады.   

Пайғабарымыздың өмірі оның мұсылман емес адамдармен болған көркем қарым-қатынастарымен толы. Оның өзге дін өкілінен болған көршісімен жақсы қатысып, оларға сыйлық сыйлағандығы белгілі. Тіпті, асына у қосып, қастандық жасаған яһуди әйелмен де сондай қарым-қатынаста болған. Науқастанғандарының көңілін сұрап, садақасын берген. Әрі олармен сауда-саттық тұрғысынан да байланыс орнатқан [9, 78-б.].

Алланың елшісі (с.а.с.) өзінің сахабаларын да өзге адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға тәрбиелеген еді.

Алла елшісіне (с.а.с.) бір топ яһудилер келіп: «Әс-сәму аләйкум (сендерге өлім келсін)»,– деген кезде, Алланың елшісі (с.а.с.): «Уә аләйкум (сендерге де)»,– деп жауап береді. Пайғамбарымыздың жұбайы Айша анамыз болса «сендерге өлім келсін, лағынет болсын»,– дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа, Айша, ақырын.  Алла барлық істе жұмсақтықты жақсы көреді»,– деген екен.

Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) – пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілдері алынатындарға (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға берілетін Алла тарапынан бір парыз. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» [1, 9. 60] аятына сүйене отырып, мұсылмандардың қорынан (бәйту әл-мал) яһудилерге, олардың отбастарына әр ай сайын айлық қаражат бөледі. Ол аяттағы «міскін» сөзінен кітап иелерін түсінген болатын.

Саңлақ сахаба Абдулла ибн Амр әрдайым көршілерімен жақсы қарым-қатынаста болып, баласына құрбан етінен яһуди көршісіне әрдайым беріп отыруын жиі-жиі өсиет етіп отырған. Баласы таңғалып, яһуди көршіге осыншама көңіл бөліну сырын сұрайды. Сонда Абдулла пайғамбарымыздың: «Жәбірейілдің көршіге әрдайым өсиет еткені сондай, мен, ол көршіні мұрагерлікке иелендіре ме екен деп ойладым»,– дегенін айтқан.

Ислам тарихы мұсылман емес адамдардың әлеуметтік құқықтары халифалар мен әміршілер тарапынан толыққанды қамтамасыз етілгендігін көрсететін оқиғаларға толы. Соның бірі имам Әбу Юусуфтен жеткен бір хабарда: «Бірде мұсылмандардың әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб бір қауымның есігінің алдынан өтіп бара жатып, қайыр сұрап отырған көзі көрмейтін үлкен қарт кісіні көреді. Омар артынан келіп, иығынан қағып: «Кітап иелерінің қайсысысың?» – деп сұрайды. Ол: «Яһудимін»,– деп жауап береді. Омар: «Сені мынадай жағдайға душар еткен не нәрсе»,– дейді. Ол: «мұң-мұқтажымды сұраймын»,– дейді. Омар оның қолынан жетектеп, үйіне алып келіп, үйіндегі заттарын береді. Сосын оны қазына (бәйту әл-мал) қызметшісіне жіберіп, оған осы қарт пен өзге де қарт адамдардың жағдайларын қарауын тапсырады және «Шын мәнінде, садақалар (зекеттер) пақырларға, түгі жоқ міскіндерге,..» аятындағы «пақырлар» мұсылмандар болса, «міскіндер» мұсылман емес кітап иелерінің міскіндері»,– дейді, әрі оларды, яғни әлгі қарт пен сол секілді қарт адамдарды салықтан босатады [10, 134-б.].

Сөз сонында қорыта айтар болсақ ислам діні өзге дін өкілдерімен адамгершілік тұрғысынан жақсы қарым қатынас орнатуды бұйырады. Оған Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) хадистері және жоғарыда келтірілген тарихи деректер куә.

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.  Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. Екі харамның қызметкері фаһд патшаның құран шәриф басым комбинаты, 1991 жыл

2.  Әл-Хафиз Әбу әл-Фида Исмайыл ибн Кәсир, әл-Бидәя уә ән-ниһәя. – Бейрут: «Дәру әл-кутуби әл-илмия», 8 том.

3.  Самуел ибн Яхия ибн Аббас әл-Мағриби, Бәзлу әл-мажһуд фи ифхами әл-яһуд. – Дамаск, Дәру әл-қалам. – Бейрут, Дәру әш-шамия, 1989. 216 б.

4.  Док. Ахмед ибн Абдуллаһ ибн Ибраһим әз-Зуғайби, Унсурияту әл-яһудия уә әсәруһа фи әл-мужтамағи әл-ислами уә мауқифу минһа. Мактабату әл-Абикан, 1998. 640 б.

5.  Әш-Шейх Мұхаммед Әбу Захра, Муқаранату әл-Әдиян. – Каир, 1990. 345 б.

6.  Әл-Хафиз Әбу әл-Фида Исмайыл ибн Кәсир, әл-Бидәя уә ән-ниһәя. – Бейрут: «Дәру әл-кутуби әл-илмия», 8 том.

7.  Салих ибн Хусейн әл-Айд. Хуқуқ ғайру муслимин фи билади әл-Ислам. – Сауд Арабиясы, Идарату әт-Тауғия уә әд-диния, х. 1426. – 118 б.

8.  Құрманбаев Қ., Исламдағы адам құқықтары. – Алматы., Дәуір баспаханасы, 2012. – 202 б.

9.  Уакиғ Мұхаммед ибн Халаф ибн Хайян, Әхбару әл-қудат. – Каир, Дәру әл-Кутуб, 1993.  374 б. 

10.  Самуел ибн Яхия әл-Мағриби, Ғаяту әл-Мақсуд фи әр-радди алә ән-насара уә әл-яһуд. Каир, Дәру әл-әфақи әл-арабия, 1998. 234 б.