Психология и
социология/ 2.Формы работы
психолога-практика.
ОТБАСЫЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ БАЛА
ТӘРБИЕСІНДЕГІ РӨЛІ
Исабекова Т.Ш. – Абай атындағы ҚазҰПУ,
«Тұлға психологиясы» орталығының ғылыми қызметкері
(Алматы қ., Қазақстан)
Отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең
алғашқы баспалдақ.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық
жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың табиғи құқығы
әрі парызы», деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан
- 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай
сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы
туралы Заң», «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір
отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға
қосу міндеті жүктелген [1]. Сөйтіп, отбасының әуел
бастан-ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі
бекемделе түсті.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей
отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір
мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру,
өзін-өзі құрметтеу қажеттігінен туындайды.
Отбасында адамның жеке басының қасиеттері қалыптасады.
Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы,
онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық
ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен
сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет
сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі
тікелей ықпал етеді.
Отбасы - баланың ең жақын әлеуметтендіру
ортасы болып, өмірдің құндылықтарын, өзінің
мақсат-міндеттерін біліп, өзін кез келген жағдайда қалай
ұстау керектігі туралы алғашқы мәліметтер береді және
онда басқалармен қарым-қатынас орнатуына іс жүзінде дағдыланады.
Отбасында әр түрлі жағдаяттар мен кездейсоқ жағдайларда
өзін тиісті ұстаудың нормаларын, мінез-құлқын
реттеудің өлшемдерін меңгереді.
Отбасы тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз
етеді, оның тәндік, моральдық және еңбек тәрбиесіне
болған мүмкіндіктерді мейлінше шоғырландырып, іске қосады.
Қоғамның азамат мүшесі отбасынан бастау алады, қоғам
келбеті отбасынан көрінеді. Отбасының аса маңызды әлеуметтік
қызметтері - азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ
жанұя мүшесін кемелдендіру және мемлекет заңдарын
мойындап, құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам
мүшесін жетілдіру.
Балалар өз бойынан ата-анасының бар болмысын
көрсетсе, керісінше ата-аналар да өмірінің жалғасын
балаларынан көреді. Әсіресе, балаларды жас кезінен бастап тазалыққа,
жинақылыққа, ұқыптылыққа, еңбекті
сүюге және оның қадір-қасиетін түсінуге, үлкендерді
құрметтеуге және оларға мейіріммен қарауға,
ал өзінен кішілерге қамқор болуға үйрету ежелден
келе жатқан тәрбие құндылықтары болып саналады.
Ата-аналар өсіріп отырған ұл-қыздарын жағымсыз қылықтардан
сақтандырып отырған. Сондықтан да баланың бойынан көрінген
кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың
маңызы зор.
Отбасылық тәрбие арасында ата-аналар баршаға
бірдей ортақ жалпыланған әдістерді пайдалануды үрдіске
айналдырған. Мұндай әдістер түрі: сендіру, жазалау,
кейбір отбасыларда педагогтар кеңесі мен тәрбиелік жағдайлар әдейі
жасалып қолданылады [2].
Кез келген
отбасымен жұмыс жүргізгенде психолог маманның басты бағыты
оның қазіргі жағдайын анықтай алуы болып табылады. Ұсынылып
отырған әдістемелер жүйесі отбасымен жұмыс жасайтын
маманға диагностикалық құралдардың алуандылығына
көңіл бөле отырып, алдына қойған мақсат -
міндеттерге сай тепе-теңдік деңгейлерде қарастыруға таңдау
жасап, жүргізуіне жол ашады. Берілген диагностикалық шаралар
клиникалық және тәжірибелік зерттеулер жүргізуге отбасы
құрылымын, ерлі-зайыптылардың жүйе бөлігі жағдайына,
отбасы ахуалына әсер ететін жағымды және жағымсыз
факторлар, ата-ана мен бала қатынасындағы ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Э.Г. Эйдемиллер алғашқы болып, «отбасы
диагнозы» деген терминді ұсынған [3]. Отбасы диангозы - отбасы өміріндегі
бұзылыс деп, қиындықтың енуі мен сақталуы отбасы
мүшесінің бірінің немесе бірнешеуінің жеке қызметінің бұзылуына әкеледі. Отбасы
диагнозы - отбасы жоспары мен қызметінің
бұзылысын анықтай отырып, отбасы татулығын сақтау жұмысына
стратегиялық бағыт береді. Отбасы қатынасын анықтауға
қолданылатын әлеуметтік-психологиялық диагностикалық әдістер:
сұрақ-жауап, бақылау, эксперимент, социометриялық әдіс,
сандық-сапалық құжаттық әдіс, тест.
Отбасы қарым - қатынасындағы [2] қуатты
күшке ие көзге көрінбейтін ықпал, әсер дегенді
бала ақылымен пайымдай алмаса да, сезініп түйсінеді. Ер бала болсын,
қыз бала болсын әке-шешесі не істесе де оған үлгі, өнеге,
содан үйренеді, көргенін бірде болмаса, бірде қайталайды. Ата-ананың
ықпалы өзінен өзі бола қалмайды, балалар олардың қылықтарын
көздерімен көреді, ал бір көргенін тағы бір, сосын тағы
бір рет көрген соң, ол мәңгі есте қалып,
санасынан мықтап орын алады. Естігені де осы қағида бойынша
бір, екі, үш рет естіген соң құлағында, ойында қалып
қояды да, кезінде дереу дайын формула секілді санадан қалқып
шығып іс-әрекетке айналады.
Сондықтан, отбасындағы жалпы қарым-қатынас,
оның мүшелерінің бір-біріне деген сый құрметі
немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, жағымсыз
қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер
етеді. Осылайша, ата-аналармен өзара әрекеттестігінде балалар басқалармен
қарым-қатынас жасаудың әдістерін меңгереді.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның 2030 жылға
дейінгі даму стратегиясы.1997
2. Елеусізова
С.М. Қарым-қатынас
психологиясы. А.: Рауан. 1996.
3.
Эйдемиллер
Э.Г., И.В Добряков., И.М. Никольская. Семейный диагноз и семейная
психотерапия: Учебное пособие для врачей и психологов. СПб., 2003.