ЖОҒАРҒЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ БАҒДАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қайырлы Әсел Қайырлықызы

№74 мектеп психологы

Қазақстан, Алматы қаласы

 

Мамандық таңдау адамның қоғамнан белгілі бір орын алуымен, өмірлік шешімімен, сана-сезімімен байланысты және де кім боламын, қандай әлеуметтік топқа қараймын, қайда жұмыс істеймін т.б. сұрақтармен байланысты. Мектеп бітірушілердің болашақ мамандыққа қатысты психологиялық дайындықтары мен кәсіби өзіндік анықталу механизмдеріне көптеген факторлар әсер етеді. Мамандықты таңдауды анықтайтын факторлардың ішінде ең маңыздысы қызығушылық. В.Ф.Сафин бойынша жеке адамның мамандық таңдау мәселесі ең маңызды, өмірлік шешім қабылдау үдерісі және бұл таңдау көп жағдайда тұлғаның өмірлік анықталуымен тығыз байланысты. В.Ф.Сафин өмірлік анықталудың келесі компоненттерін ұсынады: рольдік, кәсіби, отбасылық-тұрмыстық сферадағы әлеуметтік жағдайлар [1].

Мектеп оқушыларының арасында жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша мына топтар анықталған:

1)  мамандық таңдағандар;

2)  мамандық туралы ақпараттардың жеткіліксіз болуы;

3)  таңдауы тұрақсыз, өзгермелі оқушылар;

4)  таңдауға енжарлық көрсеткен оқушылар. 

Көп жағдайда оқушылардың кәсіби таңдауын кездейсоқ факторлар анықтайды және осының салдарынан мамандар өз кәсібі бойынша қызмет атқармайды. Бұл орайда мұғалім оқушының кәсіби бағдарын дамытуы қажет. Мамандық таңдауда өзін-өзі анықтау - әр қырынан көруге болатын көп баспалдақты үдеріс. Біріншіден, қоғамның жаңадан тұлғаға айналып келе жатқан адамға қоятын қызметтер сериясы. Ал бұл тұлға белгілі бір уақытқа дейін оны шешуі тиіс. Екіншіден, шешім қабылдау үдерісі сол арқылы тұлға өз қабілеттері мен таңдауын оптимистік тұрғыда қарайды. Үшіншіден, жеке өмір стилін жасау, ал оның бір бөлігі болып, мамандандырылған іс-әрекеті саналады. Осы үш кіріспе жұмысты әр қырынан анықтайды: біріншісі қоғамның сұранысынан туындайды, екіншісі екеуінің келісу мүмкіндігін көрсету, үшіншісі тұлғаның қабілеті, бірақ бұл үшеуі де бірін-бірі толықтырады; біріншісі - әлеуметтік, екіншісі - әлеуметтік-психологиялық, үшіншісі – дифференциалдық-психологиялық.

Жоғары сынып оқушысы психологиясында кәсіби бағдарын анықтау үш сатыға бөлінеді:

1)           Балалық ойын. Бұл ойында бала өзіне әр түрлі маман ролін алып, өзін-өзі жүзеге асыру элементтерімен көрінеді.

2)                          Фантазия. Мұнда олар өзіне ұнайтын мамандықты армандайды.  

3)                          Болжау.  Мамандық таңдауда алдын-ала жоспар құру.

А.М.Куарчиктің пікірінше, кәсіби бағдар – мамандықты тәуелсіз таңдау және талдау нәтижесінде ішкі ресурстарды жүзеге асыру болып табылады. Осы сұрақтың маңыздылығын түсінсе де оқушы бұл сұраққа немқұрайлықпен қарайды[2]. Олар үшін бастапқы кезеңде өз қатарынан қалмай, жоғарғы оқу орнынан түсу маңызды болады немесе, мамандық таңдау барысында тек сыртқы факторларды басшылыққа алуы мүмкін.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге жасалған талдаулар көрсеткендей, мамандық таңдау факторлары мыналар:

-             субъективті фактор (қызығу, қабілет, темперамент, мінез);

-             объективті фактор (дайындық деңгейі, мектептегі үлгерімі, денсаулық жағдайы, мамандық туралы ақпарат);

-             әлеуметтік фактор (қоршаған орта, тұрмыстық жағдай, ата-ананың білім деңгейі);

К.М.Гурьевич мамандық таңдау мәселесін адамның қабілетімен байланыстырады, себебі мектеп бітірушілер мамандық таңдау барысында осы факторларды басшылыққа ала отырып, осыған сәйкес автор мамандықтың үш типін бөледі:

1)  кез-келген адам қызмет ете алатын немесе орындай алатын мамандық;

2)  кез-келген адамның қолынан келе бермейтін, өзіндік талаптары бар мамандық;

3)  жоғары іскерлікті, қабілеттілікті талап ететін мамандық.

Мамандық, ізденіс бұл әлеуметтік қана емес, сонымен бірге психологиялық проблема болғандықтан, осыған байланысты психологияда 3 негізгі тұжырым бар:

1)  адам ойының тұрақтылығы мен жеке қабілеттерінің практикалық өзгеріссіздігіне байланысты, яғни адамның іс-әрекетіндегі, қызметіндегі мүмкіндігі мен жетістігі. Бір жағынан кейбір жұмысқа сәйкес келетін адамдарды таңдап алу, ал екінші жағынан адамның жеке қабілетіне сәйкес келетін  жұмыс таңдап алу.

2)  әрбір адамның керекті қабілетін қалай болса да бөліп алуға болады деген ойдан туындайды. Бұл екі жақындау да әртүрлі болып жіктелуі мүмкін, бірақ олардың ортақ әдіснамаларының жетіспеушілігі сонда, яғни жеке қабілеттілік пен еңбек іс-әрекеті. Тәуелсіз және бір-біріне қарама-қарсы алыптар деп қарастырылады, сонда да оның бірі екіншісіне бағындырылады.

3)  бұл іс-әрекеттің жеке стиліндегі жіктелу ізденісі, яғни іс-әрекет пен естің жалғыздығы. Бұл тұжырымдама Е.А.Климовтың келесі жіктелген алғы шарттарында негізделген:

- іс-әрекеттің жетістігі үшін тұрақты тәрбиеленбейтін жеке психологиялық қасиеттердің кәсіби іс-әрекет талаптарына сәйкестік нұсқасы;

-      кейбір нашар дамыған жеке қабілеттерді жаттығулар арқылы басқа қабілеттің араласуымен немесе тәсілдерімен орнын толтыру;

-      қабілеттің жіктелуін тұлғаның жеке өзіндік қасиетімен бірге жүргізу қажет, яғни дамудың ішкі талаптарын, сыртқы талаптарымен есептестіру [3].

Жоғары сыныптағылардың көбі мамандықты бірлесіп таңдайды. В.Н.Шубиннің зерттеулерінде «болжаушылар бағасы» болатынын айтады: көктемде мектеп бітірердің алдында, әрбір оқушыдан олар ертеңгі болашағында не көреді, қандай мамандықты таңдайды, қандай жұмыс іздейді немесе қайда оқуға барасың деген сұрақтар қойылған. Сондай сұрақтарды өздері сыныптастарына (әрбір оқушы басқа оқушы жайында өз ойын айтқан), сонымен қатар, бұл сұрақты ата-аналарына және мұғалімдерге де қойған[4]. Жарты жыл өткен соң күзде әлеуметтанушылардың зерттеулері бойынша шығарған қорытындылары мынандай: мектеп бітірушілер, көбінесе сыныптастарының айтқаны көбірек орындалған, ал ата-анасының немесе сынып жетекшісінің айтқан болжаулары орындалмаған.

Мамандық таңдаудағы өзін-өзі анықтаудың негізгі факторы – жасөспірімнің жасы мұнда екі қауіп болады, біріншісі – нақты тоқтамға келген және анықталған ізденісінің жоқтығы, жоғарғы сынып оқушысының мамандық таңдаудағы өзін-өзі анықтау үдерісінің кешеуілдеуінде және кейінге қалдырылуы. Екіншісі – жасөспірімдердің әлеуметтік ізденісіндегі инфантальді көрінісімен, бұл әрине, кәсіби өзін-өзі анықтау жеткіншек үшін өзін-өзі сыйлау және «мен өзім» деген талабы.

Әдетте, оқушылардың кәсіби қызығушылықтары негізінен оқыту-жаттығу (танымдық) іс-әрекеттері «күш сынау» барысында қалыптасады. Сол кезде, жасөспірімде болашақтағы кәсіби маман ретінде көзқарас қалыптаса бастайды, белгілі эталондарға сәйкес жүруге, әрекет істеуге ықылас пайда болады. Әртүрлі саладағы іс-әрекет жасап жатқан адамдармен салыстыра отырып, жасөспірімдерде болашақ мамандықты таңдауға шешім қабылдайды.

Мамандық таңдау іс-әрекетіне бағдар ретінде  мынандай көзқарас қалыптасқан, дұрыс таңдауға итермелеуші болып кәсіби қызығушылық немесе кәсіби бағыт болуы тиіс. Әрине, бұл бағыт мамандық таңдаушыны субъектісінің белсенді болуына қарай тиімді. Бірақ, кәсіби қызығушылық еңбектің түріне қарай тұлғаның көңіл-күйіне байланысты әр түрлі болуы мүмкін.

Кез келген кәсіби іс-әрекет белгілі бір талаптар, ниеттер негізінде жүзеге асады. Әрбір іс-әрекет – жеке адамның қиындықтарды жеңу қабілеттілігін, әрекеттерді орындауға байланысты жеке бастың кәсіби бағдарды, іскерлікті, кәсіби сана қалыптастыруды, білімділікті талап етеді. Оқушылардың кәсіби құндылық бағдарының қалыптасуына оқу іс-әрекетінің мотиві үлкен ықпал жасайды. Оқу мотивінің білім алуға бағытталған, мамандық алуға бағытталған түрлері бар. Бұл мотивтердің белгілі біреуі басым болуы мүмкін және ол да оқу әрекетінің сипатымен, оқу үлгерімімен тығыз байланысты. Оқу үлгерімінің жоғары болуына тұлғаның психикалық қасиеттері тікелей әсер етеді. Атап айтсақ, оның интеллектуалдық дамуы мен арнайы қабілеттері және қызығуы, мінезі, темпераменті, бағыттылығы, сана-сезімі т.б. Оқушының кәсіби құндылық бағдарының қалыптасуы оның темпераментіне байланысты болады десек те қателеспейміз. Сондай-ақ, адамның жеке динами-калық бітістері оның сырттай әрекет-қылығында, қозғалысында ғана емес, барша ақыл-ой топшылауынан, ниеттері мен қызмет бабынан көрінеді. Темперамент ерекшеліктерінің оқу мен еңбек барысына ықпал етуі табиғи құбылыс.

Атақты психолог Ж.Аймауытов: «Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады. Басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсе талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады[5] . Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады… «өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Әр адам қабілетіне, ыңғайына қарай өз орнында қызмет етпесе, әлеуметке пайда орнына зиян келтіреді. Ол үшін адам өзінде қандай қабілет барлығын білу қажет» деп, қабілеттің туа бітетінін және әлеуметтік мәнін ашып береді.

Қ.Жарықбаев: «Белгілі бір істі үздік орындауға мүмкіндік беретін адамның әр түрлі жеке қасиеттерінің (музыкалық әуендерді жақсы ажырата алу, қолдың икемділігі т.б) қиысып келуін, яғни адам қасиеттерінің синтезін қабілет деп атайды» [6], ол қабілеттің әр адамның әрекет түріне қарап жарамдылығын көрсететін дара ерекшелігі болатынын байқатады. Осы орайда маңыз аударарлық нәрсе – баланың қай қолымен жұмыс істеуі.

Оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда профессиографиялық зерттеуді пайдалану тиімді, ол берілген еңбек түрінің кәсіптік сипатын көрсету үшін оқушының белгілі бір кәсіпті өз бетінше әр қырынан үйренуге көмектеседі. Жұмыстың бұл түрі арнайы жасалған кәсіптік бағдар беру сабақтарының жүйесіне енгізіледі. Профессиографиялық зерттеулерді жүргізуге дайындық кезінде оқушылардың өткен сабақтарда алған білімдері ескеріледі (мамандық құрылымы туралы), зерттеулер арнайы сабақтарда басталып, аяқталады. Ұйымдастыру және жүйелеу жұмыстарының қорытындысы дайындалатын сабақтарда және өткізілген зерттеу талқыланатын сабақтарда шығарылады. Өткізу тәсілі жағынан да, өзіндік мазмұнының күші жағынан да профессиографиялық зерттеулер оқушылармен жүргізілетін кәсіби бағдарламалық жұмыстың ерекше түрі болып табылады. Арнайы дайындықтан кейінгі жұмыстың негізгі бөлігі мектептен тыс, таңдап алған мамандық бойынша жұмыс істейтін объектілерде немесе осы салада мамандар даярлайтын оқу орында өткізіледі. Бұл жұмыс кезінде оқушылар мамандық жайлы алған білімдерін  көрсете алады, жаңа материал жинайды және білімдерін әрі қарай жетілдіре түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сафин В.Ф. Развитие мотивации к овладению профессией в обучении. –Л., 1983.

2. Климов Е.А. Психолого-педагогические проблемы профессиональной консультации. – М.: Знание, 1983.

3. Куарчик А.М. Проблема принятия решений. –М., 1988.

4.  Шубин В.Н. Роль самооценки школьников в процессе профессионального самоопределения. –М., 1991.

5. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Мектеп, 1989. – 48 б.

6.  Жарықбаев Қ.Б. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. 2 том.