п.ғ.к.,
аға оқытушы Ыбышева С., аға оқытушы Жолдыбаева А.Е.
ҚазМемҚызПУ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ
БІЛІМ БЕРУДЕГІ
ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Қазіргі
педагогика ғылымы тәрбие саласындағы басым
міндеттердің бірі ретінде жас ұрпақты ғасырлар бойы
жинақталған халық даналығының
жалпыадамзаттық құндылықтарын меңгерту негізінде
тәрбиелеу қажеттігін дәлелдеп отыр. Осы мақсатты
жүзеге асыруда халқымыздың
әлеуметтік-экономикалық, рухани болмысында көптеген
түбегейлі өзгерістер мен жаңғырулар ескеріліп,
соның нәтижесінде жаңа дүниетаным мен өмірге
деген жаңа көзқарастар, ұлттың рухани болмысында
өзіндік ерекшеліктері бар өмір ағымынан туындаған
құндылықтар жүйесі қалыптасуда. Осы
құндылықтардың түп негізі адамдар санасында
ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлттық мәдени
мұралардан бастау алады.
Демек, білім беру жүйесіндегі ұлттық
мәдени мұра деп отырғанымыз Қазақстан
Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігі үшін ғасырлар бойы күрескен қазақ
халқын әлемге ұлт ретінде танытатын
құндылықтар жүйесі. Қазақ
халқының ұлт ретінде сақталуы, ұрпақ
сабақтастығын ұлттық үрдісте
жалғастыруы-өзекті мәселе. Ал ұлтқа қажетті білім
мен тәрбиені бойына толық сіңірген ұрпак
қана тәрбие мен білімді меңгеруге ұмтылуға тиіс. Сондықтан білім беру мәселесінде бірінші кезекте
оқушы жастарға ұлттық тәрбие беруде
тәлім-тәрбие мүмкіндіктерін айқындау қажеттілігі
туындайды.
Білім
алушылар тұлғасының ұлттық психологиялық
ерекшелігі ұлттық психикалық құрылымға
байланысты. Ұлттық
психикалық құрылым үш компоненттен тұрады: ол
ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер
және ұлттық мінез-құлық. Осы үш бірлестік ұлттық мәдени ерекшеліктің шартты белгілері
болып табылады.
Жоғарыда айтылғандармен қатар, білім мазмұнын жетілдіру жұмыстарында басты
ескерілетін мәселенің бірі -
болашақ ұрпақ тәрбиесінің
негізі боп саналатын
Қазақстан Республикасы азаматтарының осы
өлкедегі ата-бабаларының салт-дәстүр,
әдет-ғұрыптарын оқып үйрену, туған
өлке тарихымен тереңірек танысу болуы шарт екендігінде .
Әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалардың,
қазақ ойшылдарының өмірі мен еңбектерін жас
ұрпаққа таныстырып, олардың адамгершілік,
отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру бағытындағы
жұмыстарды жаңғырта түсуге Қазақстан
ғалымдары да өз зерттеулерімен ат салысуда. Ел президенті: “Біздің
тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз –
қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу,
әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін
қалыптастыру. Шынайы отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты
қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан
айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын
көздейді” – деп, қазіргі
таңдағы республика жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің
маңыздылығын атап көрсеткен еді.
Бұл орайда, қазақ ойшылдарының атқарған
қызметтері мен олардың артқа қалдырған
тарихи-педагогикалық мұраларына ерекше назар аудару
қажеттілігі, оларды білім мазмұнын
таңдауда орынды да, тиімді пайдалана білу әлі де өзекті мәселе
болып қала береді.
Ұлттық
тәрбиелілік – бұл адамды белгілі бір ұлттың
өкілі, ұлттық дәстүрді, халықтық
тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші
ретінде сипаттайтын адами сапа (қасиет) болып табылады, ол
ұлттық тұлғаның таным-білімімен, сана-сезімімен
және алынған білімді іс жүзінде жүзеге асыра алу
дәрежесімен – мінез-құлқымен өлшенеді.
Білім беру барысында оқу
іс-әрекеттері арқылы әр оқушының проблеманы шешу,
ақпараттық, коммуникативтік құзыреттіліктерін
қалыптастыруға болады. Құзыреттілік
қалыптастырудың келесі міндеті әр сабақтың
өмірлік жағдайлармен байланыстылығы. Бұл орайда
құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағдарланған тапсырмалар
қолданылады.
Білім
беруді жетілдіру мақсатында құзыреттілікке бағытталған,
ұлттық құндылықтармен толықтырылған
білім мазмұнын іріктеу мәселесі қазіргі мектепке
кеңінен еніп отырған экономика пәнін түзіп жетілдіруде
кеңінен қолданылуда.
Өркениеттің
одан әрі қауіпсіз және тұрақты даму
үрдісінің перспективалы бағытына білімге негізделген даму
жатады. Яғни, әлемнің түкпір-түкпіріндегі
және жеке елдердің дамудың тарихи тәжірибесі мен
ерекшеліктерін көрсететін жеке әрі жалпы жаһандық
білімнің үнемді, ұтымды дамуы мен тиімді пайдаланылуы
қамтамасыз етілуі тиіс.
Қай
халықтың болсын оның оның ақын-жазушылары, ойшыл
философтары, ғалымдары өзі сүрген ортада экономикалық
іліммен тура айналыспаса да, оның әртүрлі үрдістерін,
үдеулерін, категорияларын жалпыхалықтық ұғым
арқылы беріп отырған. ХІ
ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ұлы
ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұни да
әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өз
шығармасына арқау еткен. Ғұламаның бізге
қалдырған асыл мұрасы – түркі тілінде жазылған 13
мың жолдық «Құтты білік» дастаны.
Ж.Баласағұнидің
экономикалық мәдениет туралы тәлім-тәрбиелік идеяларын
сөз еткенде, оның негізгі өзегін, қолөнер,
еңбек мәселесі құрайтыны белгілі.
«Дәулет
үркек, ор киікке ұқсаған, қонса келіп, жөні
тас қып тұсап ал! Тұта білсең, дәулет тозып,
безбейді, қолдан шықса, қайта айналып келмейді!» дей отырып, ғұлама
дәулетті қоғам болу үшін тірлік жасап, еңбек ету
қажеттігін көрсетеді. Дәулетті қоғамды адамдар
жасайды.
Қортындылай
келгенде, Ж.Баласағұни қалдырған бай мұра,
оның экономикалық мәдениет туралы тәлім-тәрбиелік
идеялары бүгінгі таңдағы Қазақстанның
экономикалық идеологиясын қалыптастырып, дамытуға көп
септігін тигізуде. [1]
Экономикалық
мәдениетін қалыптастыру мәселесінің зерттелуін тарихи деректерінен бастасақ, сонау
Әмір Темір /1333 жылы/ басқа деректерде /1336 жыл/ заманынан
бастауға болады. «Темір жарғысының» маңызды элементі
–экономикалық мәселелер. Ол негізінде обьективті көрсеткіші
бар салық салу жүйесін жасап шығарды.
Темірдің
салық жинау принципі: ауқатты салық төлеуші мемлекетті
байытады деген. Сондықтан да ол
жер өңдеу ісіне, кедейленген жер иесіне қатты
көңіл бөлді, жер өңдейтін құрал
саймандар бөлді, арықтың, жолдың дұрыс
күйде болуын қадағалады, көпірлер, керуен сарайлары
салынды, саяхатшылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Демек, сонау заманннан бастап, салық жүйесінің
қалыптасуына негіз салынған. [2]
Әл-Фараби ілімі тәрбиенің
әрбір қоғам кезіндегі (феодализм, капитализм)
әлеуметтік мәнін ашып, экономика, адамгершілік, ақыл-ой
тәрбиесінің мәселесін қарастырды.
Халқымыздың ғалым ағартушылары А.Құнанбаев,
Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаевтардың еңбектерінде де көрініс
тапқан.
Оқушылардың экономикалық
тәрбие мәселесіне арналған бірқататар жұмыстарда
еңбекке оң көзқарас пен қоғамдық
меншікке ұқыптылық арасындағы байланысты
қалыптастыру қарастырылды.
Абай
жастарға үлгі етіп ұсынған адал еңбек,
ар-ұждан қай дәуірде болмасын көнермейтін, адамды
қиыншылық атаулыдан аман-есен алып шығатын тіршіліктің
тұтқасы, өмірдің нұсқасы, жастарды
алға жетелер жарық жұлдыз – нысаны екені даусыз.
Сәкен
Өзбекұлының “Нарықтық қатынастар туралы
ойлар” деген мақаласында Абайдың нарықтық
көзқарастары біршама дұрыс та жан-жақты
сараланғандығын көруге болады. Атап айтқанда,
ғалым мақаласында былай дейді: “... Абай өз заманының
талаптарынан көп алға кетіп, көргендік пікірлермен
қазіргі нарықтық қатынастар, бизнесті ұйымдастыру,
еркін кәсіпкерлік, капиталдың алғашқы кезеңінде
қалыптасуы, меншік құқын иелену, пайдалану, билеу
сияқты мәселелерге сол кездің өзінде-ақ жауап
іздеген”. Абайдың өз дәуірінде айтқан пікірлері
бүгінгі заманның талаптарымен ұштасып жатқанын
анық аңғарамыз.
Ал Абай Құнанбаев
еңбектеріне талдау жасап, Қазақстандағы
экономикалық ой-пікірлердің дамуын зерттеген экономика
ғылымдарының докторы, профессор Дүйсенхан Кабдиевтің
еңбектерінен аңғарамыз.
“Абай
Құнанбаев өзінің творчестволық еңбектерінде
көптеген экономикалық мәселелерді көтеріп, оны
ағартушылық және демократиялық көзқараспен
шешіп отырған. Көшпелі халқымыздың шаруашылығын
жақсы білетін ол Қазақстанның экономикалық даму
болашағы құнды пікірлер айтқан. Бұл пікірлері
тарихи жағынан оқшаулау болғанымен қазақ
халқының әлеуметтік-экономикалық пікірлерінің
оянуына үлкен үлес қосқан” [3]
Шоқан
Уәлихановтың күллі еңбектерінің
темірқазығы – қоғамның
шаруашылық-экономикалық проблемаларына арналған зерттеулері.
Бұған «Қазақтардың қонысы туралы», «Мал шаруашылығы
– халық байлығы», «Өнеркәсіп және сауда»,
«Өнеркәсіп және ақша системасы» сияқты
еңбектері жатады.
Шоқан
еңбектерінде өнеркәсіп пен сауда мәселелеріне де елеулі
орын берілген. Шаруашылық феодалдық-отаршылдық шырмауында
болуының салдарынан Қазан төңкерісіне дейін
Қазақстанда өнеркәсіп өте баяу дамығаны
мәлім. Патша өкіметі өнеркәсіптің
өркендеуіне әдейі кедергі келтіріп отырды. Бұл енді Ресейдің
қосымша шикізат базасы деп есептеді. Қазақ
халқының экономикалық жағынан дамуы
Шоқанның негізгі арманы болды, бірақ, ол арманы тек
біздің заманымызда ғана жүзеге аса бастады.
Шоқан
еңбектерінде патша өкіметінің Қазақстанда
жүргізген экономикалық саясатына айтылған құнды
сын пікірлер де кездеседі.
ХІХ
ғасырдың орта кезінде әр жүздің
қазақтары Ресейге әртүрлі салықтар төлеп
келді. Мысалы кіші жүздіктер жыл сайын түндік басына 1 сом 50
тиыннан күміс ақша есебімен үй салығы төлесе, ал
орта жүздіктер әр жүз мал басынан бір мал төлеп отырды.
Ал кейбір жерлерде көлік беру салығы деген түрлері де болды.
Бұл салықтардың түрімен бірге салмағы да ауырлай
түсті. Мысалы, 1822 жылы «Сібір қазақстарының уставы»
бойынша салық жоғарылап, әр жылқыдан 18 сом, сиырдан 8
сом, қой-ешкіден 1 сом күміс жиналатын болған. [4].
Ғалым
Шоқан өзінің салық туралы мақалаларында
мұндай жайлардың заңсыз екенін дәлелдейді.
Әсіресе, ешбір заңға симайтын «көлік міну
салығына» қарсы шыққан. «Қазақтардың
көлік міну салығында ешқандай тәртіп болмайтын»,-деп
көрсетті ол. Чиновниктердің көпшілігі қазірдің
өзінде бір сапар үстінде 40-60 жылқы алады және
иелеріне ештеңе төлемейді. Кейбір жалға алған аттарды
қайтармай кетуі де жиі кездеседі». Патша чиновниктерінің осындай
бассыздық пиғылдарын көрсете келіп, Шоқан өкімет
орындарынан олардың жолсыздық істерін қатаң жазалауды
талап етеді.
Қазақ
халқының ағартушысы Ы.Алтынсарин мектепте берілетін
экономикалық тәрбие мен дағдыны халыққа пайда
келтіру тұрғысынан бағалады.
Ыбырай Алтынсарин бүкіл
өмірін мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға
тартуға, еңбекпен айналысуға үндеді.
Оқу-ағарту ісіне Ыбырай енгізген жаңалық
қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін
көтере білді. Ол қазақ халқының
шаруашылық-экономикалық дамуына қажетті мамандар даярлау
ісіне ерекше мән берді: қолөнер, ауыл шаруашылығы
училищелерін ұйымдастырды.
Қазіргі
уақытта Ы.Алтынсарин еңбектерінің, идеяларының
оқушыларға экономикалық білім беруде маңызы зор. Ол еңбектерінде жастарды сабырлыққа,
әдептілікке, ұқыптылыққа, еңбек
сүйгіштікке үйрете отырып тәрбиелеуді мақсат еткенін
көреміз.
Ы.Алтынсариннің
көлемі шағын әңгімелерінде еңбек, байлық,
кәсіпкерлікті үйрену, баюдың жолдары жолдары нақты
мысалмен түсінікті жазылған. Оның «Малды пайдаға
жарату», «Дүние қалай етсең табылады», «Білімнің
пайдасы», «Қыпшақ Сейтқұл», «Петр патшаның
тергелгені», «Мұжық пен жасауыл», «Жомарт», «Сараңдық пен
жинақылық» деген т.б. әлеуметтік-экономикалық
тәрбиесі зор шығармалар болып табылады. [5].
Халқымыздың
ұлы ғұламаларының еңбектеріндегі
ұлттық құндылықтарды мектеп білім
алушыларының экономикалық
білімін жетілдіруде
қолдану білім сапасының артуына септігін тигізуде.
Бүгінгі
таңда ұлы ғұламаларымыздың ұлттық
құндылықтар негізінде жеке тұлға
тәрбиелеуге
бағытталған ой-пікірлерін басшылыққа ала
отырып, заман талабына сай
бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу міндеті басты
орында деуге болады.
Қазіргі
өзгермелі дүние жағдайында адамның мәні
мен әлеуметтік рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр.
Соған сай рухани құндылықтар әлемі де
түбегейлі жаңарып, адамның ақыл-ой қуаты мен
интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы
білімнің маңызы туралы қағидалар түбірімен
өзгерді. ХХІ ғасырдың оқыту жүйесінде
меңгерілетін білімнің түпкі нәтижесі ең
тұғырлы мәселеге айналды. Сондықтан жалпы білім беретін
мектеп қабырғасындағы әрбір білім алушыны дара
тұлға ретінде жетілдіруге, оның шығармашылық
қабілеттерін құзыреттілік тұрғыда дамыту
бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Сарбасова Қ.А. «Ж.Баласағұнидің экономикалық
мәдениет туралы тәлім-тәрбиелік идеялары» //Білім
әлемінде. №5, 2010ж-19б
2. Темір,
Дәуір,Тұлға,
Әрекеттері-М, 1992, 112 бет
3. Қабдиев Д.К. Абай и современность //Экономика и бизнес. 1996, №1,
С70-71.
4. Мақаш Елеусізов «Шоқанның экономикалық
көзқарасынан...» //Ақиқат. №6. 1995ж.маусым -63б.
5. Сыдықов Ә.С. Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеялары
мен қызметі. Алматы, 1969.