Исахметова А.А.

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

Наурызбаева А.А. магистрант

Аймақтық әлеуметтік инновациялық университеті, Шымкент қаласы, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ШАҒЫН БИЗНЕСТІ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУДЫ  ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті  дамыту  жөніндегі  жеделдетілген  шараларды іске асыру күн өткен сайын өзінің өзектілігін сақтап отыр. Шағын  кәсіпорындардың  дамуы  нарықты  тауарлармен  және  қызметтермен толықтырады, экспорттың әлеуетін арттырады және  жергілікті  шикізат  ресурстарын  тиімді  пайдалануға  мүмкіндік  жасайды.   Шағын  бизнес кәсіпорынының  дамуы Қазақстан экономикасындағы  жүзеге асырылған реформаларының бірі болып табылады. Үлкен  мөлшерлемедегі инвестицияны қажет етпейтін осы  кәсіпорындар ғана  әлеуметтік  тұрақтылық  кепілі,  нарықтық  кеңейту  шаралары  және  елдегі  бәсекеге  қабілеттілікті  жоғарылату  қайнар  көзі  болып  саналады. Қазіргі кезде бұл кәсіпорындарды дамыту, алдымен қаржылық  қамтамасыз  ету  және қаржылық-несиелік  талдауды  іздеу мәселелерімен  байланыстырылады.

Қазақстан  Республикасында  шағын  кәсіпкерлікті  дамыту  жөніндегі  жеделдетілген  шаралардың  бірі - мемлекеттің  жеке  сектормен  өзара  іс-қимылының  жаңа  идеологиясын  құру, кластерлік-желілік  ұстаным  негізінде  өмір  сүруге  қабілетті  инфрақұрылымдық  жүйені  құру  және  қамтамасыз  ету, шағын  кәсіпкерлікті  дамыту  үшін  барынша  ашық  заңнамалық  негіз  құру, шағын  кәсіпкерліктегі  көлеңкелі  айналымдағы  қысқарту  [1].

Экономикалық процесстердің ғаламдануы, тауарлар өндірісінің индустриализациясы негізінде трансұлттық компаниялардың дамуы объективті түрде шағын және орта кәсіпкерлік дамуына әкеледі.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қоғамның экономикалық және әлеуметтік прогресінің маңызды факторы болып келеді. Нарықта болатын өзгерістерге жедел бейімделетін шағын және орта кәсіпорындар экономикаға қажетті икемділікті қамтамасыз етеді. Мұндай кәсіпорындар сұраныс пен ұсыныс өзгерістеріне тез ыңғайланады, сондықтан нарықтағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді де, экономикадағы бәсекелес ортаның құрылуына едәуір үлес қосады.

Шағын және орта кәсіпкерлік секторы – бұл ұлттық экономиканың жетекші секторларының бірі.Ол экономиканың өсу қарқынын, жалпы ұлттық өнімнің құрылымын және сапасын анықтайды. Сонымен қатар бұл сала әлеуметтік құбылыс ерекшеліктеріне иемденіп, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, жұмыссыздықты қысқартады және кедейлікке шек қояды.

Кәсіпкерліктің қаржы-несиелік ынталандырылуы коммерциялық банктермен жүргізіледі. Банктер кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бағдарламаларын дайындайды және қолданылады. Кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру және оны қолдау шаралары ретінде лизинг және франчайзинг қолданылады. Негізгі құралдардың тозуы нәтижесінде оны ауыстыру қажеттілігінен және жаңа техника мен технологияларды сатып алу үшін шағын кәсіпорындардың қаражаттары шектелгендіктен лизингті қолдану кең өріс алып жатыр. Франчайзинг шағын кәсіпкерлік субъектілердің қызметін қаржыландыру құралдарының бірі болып, негізгі компанияның шағын кәсіпорынға белгілі бір уақыт аралығында және белгілі бір жерде кәсіпкерлік қызметті жүргізуге құқықты беретін құрал.

Банктің несиелік қызметі оны банктік емес мекемелерден айыратын маңызды критерий. Коммерциялық банктердің қызмет етуінің негізі - несиелік операциялар, себебі олар коммерциялық банктер түсімдерінің негізгі бөлігін құрайды. Банктердің несиелік функцияларды сапалы жүзеге асыруына байланысты, олар қызмет көрсететін аймақтың экономикалық жағдайы анықталады, себебі несиелер жаңа кәсіпорындардың пайда болуына және бұл аймақтарда жұмыс орындарының көбеюіне септігін тигізеді.

Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы ролінің маңыздылығына және мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке жан-жақты қолдаудың көрсетілуіне байланысты, бизнес субъектілерін несиелендірудің артуына және қаржыландырудың жаңа түрлерінің пайда болуына байланысты бұл саладағы жан-жақты зерттеулер жүргізу өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Шағын  кәсіпорындардың  дамуы  нарықты  тауарлармен  және  қызметтермен  толықтырады,  экспорттың  әлеуетін  арттырады  және  жергілікті  шикізат  ресурстарын  тиімді  пайдалануға  мүмкіндік  жасайды.  Шағын  кәсіпорын  дүниежүзінде  маңызды  орын  алады.  Ол  тек  қана  тұтыну  сферасында  емес,  сол  сияқты  кейбір  бөлек  тораптар  мен  механизмдерді  шығару  жағдайында  немесе  жартылай  фабрикаттар  өндіріп,  негізгі  басты  өндірісті  қамтамасыз  етуде  маңызды  орын  алады.  Шағын  кәсіпкерлік  субъектілері  сондай-ақ,  жеке  адамдар  да  болуы  мүмкін [2].

Шағын бизнестің  басты мәселесі – ол несие  беру  саясаты.  Несие  тек  қана кепілдеме  ретінде  мүлікке  беріледі.  Ал  кепілдікке  жарайтын  мүлік  кәсіпорында  жоқтың  қасы,  сондықтан  шағын  кәсіпорындардың   керекті  несиесіне  кепілдік  бере  алмайды.  Сондықтан,  шағын  бизнесті  қолдайтын арнайы банк,  несие банктің бір  бөлімі  болуы  керек  [3].

Қазақстанда  шағын  бизнесті  мемлекеттік  қолдау  барысында  салықтық  преференциялар  ұсыну,  мемлекеттік  қаржыландыру  есебінен  жеңілдетілген  қаржы  бөлу  шаралары  жасалды  және  бұл  шара  өз  нәтижесін  де  белгілі  бір  деңгейде  беріп  келді.  Дегенмен  де,  еліміздің  бәсекеге  қабілеттілігін  арттыру  тұрғысында,  бұл  салаға  арналған  мемлекеттік  саясат  жаңаша  өрбуі  қажет.  Әсіресе,  2015  жылға  дейінгі  индустриялық-инновациялық  даму стратегиясын  жүзеге  асыруда  мемлекет  пен кәсіпкердің өзара қарым-қатынасы бойынша идеологиялар  көрініс  тапса  игі.

Аймақтарды  дамытуға  қаражат  жұмсайтын  инвесторлар  үшін  тікелей  қаражат  жұмсауды  мемлекеттік  қолдау  туралы  заңдарда  көзделген  тәртіппен  және  шарттармен  бірқатар  жеңілдіктер  мен  преференциялар  қолданыла  алады.  Жеңілдіктер мен преференциялардың мөлшерлемесі  тікелей  инвестиция  көлеміне, инвестордың жобаны іске асыру мерзімі жөніндегі  міндеттемелеріне, оның өзін-өзі өтеуіне, экономика секторының  басымдылығына  және  басқа  жағдайларға  байланысты  айқындалады. 

Шағын кәсіпкерлікті  республикалық  деңгейдегі  қолдау  құрылымдары  құқықтық-нормативтік  және  әдістемелік  көмек  көрсетіп  қана  қоймай,  аймақтық  және  жергілікті  деңгейдегі  қолдау  құрылымдарына  тікелей  қаржылар  аудару  арқылы  да  жәрдемдесуге  тиіс.  Республикамызда  шағын кәсіпкерлік пен кәсіпорындарды дамыту үшін  мынадай  шараларды  жүргізу  керек:

салық салу базасын жетілдіру;

— салықтың түрлерін анықтауға қатысты салық заңдарына өзгерістер енгізу;

несие беру мерзімдерін ұзарту және аймақтық мәні зор шағын  өндірістік  кәсіпорындар  үшін  пайыздық  мөлшерлемелерді  төмендету арқылы  отандық өндірістерді ынталандыру және сапасы төмен арзан қолды тауарларды тасып әкелуге  тосқауыл  қою;

— шағын кәсіпорындарды несиелендіру механизмдерін жетілдіру үшін  лизингтік несиелерді, венчурлық қаржыландыру, факторинг, сонымен  бірге,  кепілдік қорларды құру және өзара несиелендіруді.

Жасыратыны жоқ, шағын фирмалардың денінің қаржылық нашарлауына  халықтың басым көпшілігінің кедейшілік халге жетіп, төлем қабілетінің  құлдырауы тікелей әсер етуде.

Шағын  кәсіпкерлікті  қолдаудың  негізгі  мақсаты – олардың  әлеуметтік-экономикалық  қызметін  тиімді  атқаруына  мүмкіндіктер  жасап,  өмір  сүру  мерзімінің  неғұрлым  ұзаруына  ықпал  ету.  Біздің  пікірімізше,  мемлекеттік  қолдаудың  бағыттары  бойынша  бірнеше  нақты  шараларды  іске  асыру қажет.

Бірінші шара – шағын  кәсіпкерлік  пен  кәсіпорындардың  мүдделерін  қорғайтын  салық  реформасын  жасау  керек,  атап  айтқанда,  біріншіден  экономиканың  бұл  секторына  мемлекет  тарапынан  таза  фискальдық  көзқарасты  өзгерту;  екіншіден,  тиімді  инвестициялар  тарту  үшін  салық  жеңілдіктерін енгізу.

Екінші  шара – шағын кәсіпкерлікке қаржылық жәрдем  беретін  арнайы  қаржылық қорларды құру,  қалыптастыру жолдарын ұсынамыз.  Мемлекеттік қолдаудың бүгінгі күнге дейінгі жүйесіз іс-әрекеті шағын бизнес  нысандарының жабылуын   жылдамдатты.

Үшінші  шара  – монополияға  қарсы  күрес, әділетті бәсекелестік орнату,  тұтынушылар құқығын қорғау, осыларды іс-жүзінде жетілдіру үшін  республика  бойынша  шағын  кәсіпкерлік  пен  бизнесті  қолдаудың  жүйесін жасау.

Шағын  кәсіпкерлікті  қолдау  мен  дамытудың  қажетті  инфрақұрылымдарын  құру-мағынасы  терең  мәселе.  Айталық,  шағын  кәсіпкерлікті дамыту қорының тікелей міндеттерінің бірі – осындай құрылымдар  қалыптастыру  болатын.

Өкінішке  орай,  бұл  дамыту  қоры  халықаралық  ұйымдардың қаржыларын тартумен ғана айналысуда. Аймақтық және  жергілікті кәсіпкерлерді былай қойғанда, ірі қалалардағы шағын кәсіпкерлік  пен кәсіпорындардың нысандары дамыту қорынан консалтингтік көмек  те ала алмауда. Біздің ойымызша, дамыту қоры өзінің тікелей міндеттерінен  алшақтамай, мынадай мәселелерді толық шешуі  керек:

—жергілікті билік органдарымен қарым-қатынас орнату арқылы  жылжымайтын  мүліктер мен ғимараттар алу. Сол  аймақтардан бизнес  орталықтарын ашып, кәсіпкерлерге нақты ақылы кеңестер  көрсету, бизнес-жоспарлар әзірлеуге жәрдемдесу және несиелер бөлу;

−шағын кәсіпорындар басқа қаржы институттарынан несиелер алғанда,  оларға  кепілдік  беруді  тәжірибеге  енгізу;

—дамыту қорынан несие алуға қажетті құжаттардың тізімін барынша  ықшамдау.

Сонымен шетелдік нарық экономикасының тәжірибелері шағын  кәсіпкерлік пен кәсіпорындарды дамытуды қолдауда лизингтік және  франчайзингтік қарым-қатынастардың қолайлылығын да дәлелдеді. 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.    Назарбаев Н.Ә.  «Қазақстан-2050»  стратегиясы  – қалыптасқан  мемлекеттің  жаңа  саяси  бағыты»  атты  Қазақстан  халқына  Жолдауы //Егемен Қазақстан. – Астана, 2012.

2.    Шеденов Ө.Қ., Жүнісов Б.А., Байжомартов Ү.С., Комягин Б.И. Жалпы экономикалық теория.  – Алматы-Ақтөбе, 2002.

3.    Мейірбеков А.Қ., Әлімбетов  Қ.Ә. Кәсіпорын  экономикасы.  –Алматы: Экономика, 2003. –250 бет.