Нысанова Камшат

Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану  мамандығының 2 курс магистранты

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Жалпы және этникалық педагогика кафедрасы

Ғылыми жетекші: п.ғ.к., доцент Г.А. Касен

 

ОҚУШЫЛАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ ТЕОРИЯСЫ

 

Қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қылмыстың,  құқық  бұзушылықтың алдын алу. Бұны бүгінгі таңда  барлық деңгейдегі қызметкерлерден бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлері,  ұстаздар  мен  ата-аналар да түсінуде. Біздің қоғамымыздың дамуы, әрбір адамның өз құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыра алатын мүмкіндіктерінің болуы арқылы көрініс табатын болса, ал олардың мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқан құқықтық құзыреттілігін тәрбиелеуге тікелей байланысты.

Әлеуметтік педагогикалық тұрғыда құқықтық мәдениетті, құзыреттілікті, сананы қалыптастыру мәселелеріне көптеген жұмыстар арналған. Ол жұмыстарда педагогикалық іс-әрекеттің диалектикалық үйлесімділігінің кейбір жақтарының күрделігігі көрсетілген. Аталған үйлесімділік бүгінгі әлеуметтік жаңғыру барысында оқушылардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу практикасы мен адамгершілік теориясы негізінде тәрбиенің ізгілігін қамтамасыз ететін жаңа педагогикалық ойларды талап етумен түсіндіріледі.

Ғасырлар бойына адамдар бір-біріне зиян келтірмес үшін мінез-құлық ережелерін ойлап тауып, оны жетілдірумен болды.  Осындай ізденістің соңғы ең жетілген қорытындысы ретінде құқық өмірге келді.  Оның пайда болу тарихына тоқталайық. Зерттеушілердің пікірінше, құқық мемлекетпен бірге пайда болған. Құқықтың пайда болуының бірнеше негіздері бар: әлеуметтік негіз – адамдар мінез-құлқы мен психологиясындағы өзгерістерге байланысты. Адамдар өз мінез-құлқының түрін таңдай алатын деңгейге жетті. Бірақ бұл өз кезегінде әртүрлі мүдделердің қақтығысын туғызатын бостандық болып шықты.  Адамдар енді өз мінез-құлықтарын  бір-біріне сәйкестендірудің ыңғайлы жолын іздестіре бастады. Нәтижесінде адамның өзіне қажетті бостандық аймағымен қамтамасыз ететін, осы аймақтан шығып, басқа адамдармен және қоғаммен қарым-қатынасқа түсерде қандай ережелерді ұстануы қажеттігін айқындайтын мағынадағы құқық өмірге келді[1].

Тұлғаны жан – жақты үйлесімді тәрбиелеу саласының бірі – құқықтық тәрбие. Ол қоғамның әрбір азаматының мемлекеттік заңдарды аса жауапкер -шілікпен орындап отыру талаптарымен тығыз байланысты. Әсіресе, оның елімізде жүріп жатқан жариялық, құқықтық және зайырлы қоғам орнату про -цесімен байланысының маңызы ерекше. Ол үшін адамзаттық сан ғасырлық уақытта жасап шығарған жалпы адамзаттық негіздегі моральдық нормаларын қоғамның әрбір өскелең жастарының сана- сезімімен, күнделікті мінез – құлықтарына қалыптастыру қажет[2].

Бүгінде оқушылармен жүргізетін құқықтық тәрбиенің мазмұнын айқындауда педагог ғалымдардың “қандай да бір құқықтық тәрбие болмасын, егер ол белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылып жеке адамның мұқтаждығына негізделсе, екіншіден, ұжымдық жұмыстарға оқушылар шаруашылықпен қатысса, соғұрлым алдыңғы буын ағалардың әлеуметтік- құқықтық жетістіктерін, тәжірибелерін қабылдап, өз мінез – құлықтарына қалыптастырады” - деп осы мәселеге қатысты айтқан пікірлерін басшылыққа алудың маңызы ерекше.

А.С. Макаренко сөзімен айтқандай, “Тәлім - тәрбие, кең түрде алғанда әлеуметтік процесс”. Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен, адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтар бірінші орынға шығады деген екен. Олай болса, құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін, отбасы жағдайын жан- жақты танып білу қажет. Бүгінгі таңда бұл жұмыс табысты жүргізіледі деп айту қиын. Соның нәтижесінде балалардың мінезіндегі кейбір ауытқулары мұғалімдер тарапынан дер кезінде байқалмауы, түбінде орны толмас үлкен өкініштерге әкеліп тірейтіні даусыз мәселе.

«Қазақстан Республикасында оқушы жастарды құқықтық оқыту тұжырымдамасында» (1995ж 21 маусымда) қоғамымызды одан әрі демократияландыру, құқықтық мемлекет құру ісінде құқықтық оқыту мен тәрбиені жетілдіру, халықтың барлық топтарын, ең алдымен оқушы жастарды қамтитын, оларды оқытудың барлық кезеңінде үздіксіз құқықтық даярлау тұрғысында жалпыға бірдей заң білімін беруді ұйымдастыру жөнінде кезек күттірмейтін және пәрменді шараларды өткізудің талап етілгендігі ерекше көрсетіледі[3].

Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде олардың құқықтық сана сезімін бірінші кезекте қалыптастырдың маңызы зор. Себебі, құқықтық сана – қоғамдық санның ерекше түрі. Сондықтан, құқықтық тәрбие беруде оқушылардың санасын тәрбиелеу, жауапкершілік сезімін көтеру, ұйымшылдық пен тәртіліптікті нығайту - мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының негізгі бір бағыты болып табылады [2].

Мектеп құқықтық тәрбие жұмысын 1- сыныптан бастап, белгілі бір жүйелікпен ұйымдастырылған түрде оқушының оқуды бітіргенге дейінгі аралығында жүргізуі қажет. Ол үшін, Қазақстан Республикасының Ата Заңының “Адам және азамат” деп аталған ІІ бөліміне енгізілген тәуелсіз еліміздің азаматтарының құқықтары мен міндеттері жайында баяндалған 1-бапта “Менің Отаным - Қазақстан Републикасы. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы” деген жолдардан бастап, 1995 жылы 30тамызда Бүкілхалықтық референдумда қабылданып, 1995 жылы 5 қыркүйектен күшіне енген Ата Заңның – Конституцияның мазмұнымен әрі ондағы құқықтық ұғымдарды таныстырудан, түсіндіруден аяқтаған жөн. Себебі, құқық әрбір адамның туғаннан, өлгенге дейін қоғамдағы жүріс - тұрысын, мінез - құлқын, адамдармен, жалпы тіршілік ету ортасымен қарым - қатынасын реттейді.

Құқықтық тәрбие мен білім беру қазақ халқының тарихи кезеңдерінен бастау алғаны белгілі. Құқықтық тәрбие мен білім берудің этнопедагогикалық негіздері бар. Қазақ халқы жас балаға ерте кезден еңбек, адамгершілік тәрбиесімен бірге өзгенің затын рұқсатсыз пайдаланып, оның хақын жемеу керектігін үйреткен. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие құқықтық ережелер, әдет-ғұрып нормалары арқылы беріліп отырған. Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер мен шешендер, ел ақсақалдары белсенді ықпал еткен. Қазақ халқының қоғамында құқықтық ережелер мен тәртіптің болғанын тарихи деректер мен халық ауыз әдебиетінің көркем шығармаларынан білеміз. Ол кезеңдердегі құқықтық ережелер әдет-ғұрып нормаларына сай жасалынып, ұлттық салт-дәстүрді сақтауды ескерген. Бізге дейінгі қазақ қоғамында жасалынған құқықтық әдет-ғұрып ережелерінің ішінде ең маңыздылары «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және осы заңдар негізінде жасалынған Тәуке ханның «жеті жарғысы» болып табылады. Бұл қазақ халқының әдет-ғұрып заңдарының жинағы халықтың амандығы мен елдің тыныштығын сақтап, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге арнап жасалынған. Қазіргі таңда оқушыларға беріліп жатқан құқықтық тәрбие мен білімнің теориясы қазақ халқының тарихынан бастау алады. Құқықтық тәрбие мен білім адамгершілік-рухани, еңбек, азаматтық тәрбиемен бірлестікте, сабақтастыққа беріледі.

Құқықтық тәрбие – құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған мемлекет органдары мен мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың заңдарды оқыту, таныстыру, оларды жүзеге асырудың, бұзбаудың қажеттігіне жастардың көзін жеткізіп, оларға түсіндіру жұмысы. Бұл ұйымдастырылған, жүйелі түрде белгілі мақсатпен жеке адамға әсер ету әрекеті, сөйтіп құқықтық тәрбие оның құқықтық санасын, құқықтық көзқарасын, әдетін қалыптастырып, белсенділік әрекетке жұмылдырады, бағыттайды. Демек құқықтық тәрбие заңды білумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар ол адамның  рухани қасиеттерін байытып, оның саналы түрде белсенділікпен  құқықтық қатынастарға қатысып, өзіне де қоғамға да пайдалы әрекеттер жасауына негіз болады.

Құқықтық тәрбиеге оның мәнін көрсететін және мазмұнын құрайтын тұрақты белгілер тән. Құқықтық тәрбиенің бұл белгілерін біз құқықтық тәрбиенің ерекшелігі ретінде қараймыз. Құқықтық тәрбиенің ерекшеліктерін мыналар құрайды:

-              Құқықтық тәрбие қоғамда болатын өзгерістерге тез сезімталдық таныта алатын құбылыс болып табылады.;

-              Құқықтық тәрбие қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті орнықтыруға ерекше әсер ете алатын күші бар факторлардың бірі. Яғни, қоғамдағы құқықтық тәртіппен заңдылықтың сақталуы, қалыптасуы және тиімділігі осы құқықтық тәрбиенің дұрыс және орайлы  ұйымдасуы мен өте тығыз байланысты.;

-              Құқықтық тәрбие тәрбиенің басқа да бағыттарымен бірлесе отырып атқарылатын кешендік сипаттағы іс-шара;

-              Құқықтық тәрбие қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен міндетін жоғары деңгейге көтеруге қабілетті бірден-бір құқықтық құрал қызметін атқарады;

-              Құқықтық тәрбие мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың жүйелі, мақсатты арнайы жүргізілетін қызметтері мен бірлескен әрекеттерінің бағыттары болып табылады;

-              Құқықтық тәрбие қоғам мүшелерін құқықтық білімді осы күнделікті ұстанымға айналдыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде түсінуге болады [4] ;

Құқықтық тәрбиеге бұдан да басқа белгілер тән. Біздің ойымызша жоғарыда бөліп көрсеткен құқықтық тәрбиенің ерекшеліктерін сипаттайтын белгілер тұрақты құқықтық тәрбиенің мәні мен мазмұнын ашып көрсете алады.

Елдегі құқықтық тәрбие мен білім берудің басты мақсаттарының қатарына  заңды жалпылама оқыту мен жоғары құқықтық құзыреттілік пен мәдениетті қалыптастыру жатады. Одан құқықтық сана мен белсенді құқықтық қызметтің жоғарғы деңгейі көрінуі тиіс.

Құқықтық тәрбие  мен білім берудің маңызды міндеттерінің бірі- жас ұрпаққа айтылған заңдылықтарды түсіндіру. Сондықтан құқықтық тәрбие берудің дәрежесі неғұрлым жоғары болса, осы жұмыс құқықтық білімнің қалыптасу, даму және қоғамға қызмет істеу заңдылығын тану арқылы жүргізілсе соғұрлым құқықтық санада жоғары болады.  Құқықтық тәрбие берудің түрлері мен әдістері ғылым жетістіктеріне негізделе отырып қолданылуы қажет. Жастарға құқықтық тәрбие беру, олардың құқықтық санасын қалыптастыру – өте күрделі де ұзақ жұмыс.

Құқықтық тәрбие мен құқықтық білім беру негізінен қоғамдық құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталады. Қоғамда құқықтық білім беру мен тәрбие өз деңгейінде жүргізілсе соғұрлым қоғам мүшелерінің құқықтық санасы өз дәрежесінде, жоғары деңгейде қалыптасады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Қ 74 Құқықтық тәрбие негіздері. Студенттік топтар кураторларына көмек ретінде. 7-кітап / ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтің редакциясымен – 2-ші басылым, өңдел. және толық. - Қарағанды: Қараганды мемлекеттік техникалық университеті баспасы, 2011.– 103б.

2.      Әлиев Д.М., Құқықтық мінез-құлық: мәні, құрылымы және қалыптасу жолдары, Түркістан 2010ж

3.      ҚР Президентінің 1995ж 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы» №2347 қаулысы.

4.      Бейсебаев С.Б. Жастардың құқықтық мәдениеті: Заң ғыл. Канд. Дис. – Алматы, 2004. – 120 б.

 

Резюме

 

В статье раскрывается важность правовой культуры общества и уровень правосознания людей. Рассматривается проблема правового воспитания учащихся в средней школе.

Ключевые слова:  правовое воспитание, правовое обучение, правовая культура, правовое сознание.

Sammary

Importance of legal culture of society and level of sense of justice of people open up in the article. The problem of legal education is examined students at high school.

Key words: legal education, legal culture, legal consciousness.