Шаяхметова М.Н. , Койшыбаева Е.А.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Қазақтың көрнекті ағартушыларының тәрбие туралы еңбектері мен пікірлері

Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты – әрбір тұлғаны әржақты және жарасымды етіп тәрбиелеу. Педагогика - тәрбие туралы ғылым ретінде тәрбиенің мәнін, қоғамдағы қызметін, мазмұны мен ерекшеліктерін, оның жеке тұлғаға ықпалан анықтайды, түсіндіреді, дамытады. Тәрбие анықтамасына педагогикалық еңбектерде қалыптасқан ортақ пікір жоқ, оған әр түрлі дәлелдер мен пікірлер айтылып келеді. Қазақ халқының біртуар ұлдары, әйгілі Алаш қайраткерлері, көрнекті ағартушы педагогтары – Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды тұлғалардың тәрбиеге байланысты көптеген еңбектері мен шығармаларының өзіндік мәні, маңызы, мазмұны бар. Олар тәрбиенің адам өміріне, әлемге, қоғамға қалай әсер ететіндігін айтқан. «Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді»,-дейді қазақ халқы. Жерге отырғызған жас көшетте қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Адамды табиғат жаратса, қоғам әрбір жеке адамның қабілетін дамыту үшін бәріне бірдей жағдай жасап, ортақ тәрбие беруге тиіс. Көрнекті педагог М.Жұмабаевтың тәрбие жайлы айтқан пікірінен мысал келтірейік: «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда адам баласы туғанда өте әлсіз, зағип, осал болып туады. Малдың төлі туа салып аяқтанады, тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Адам баласы туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет, ақылы, есі жоқ, денесі тым әлсіз, өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндіктен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни «тәрбия» қылмай болмайды»[1, 23б]. Демек, адам баласында тәрбиенің дамуы бір-бірімен өзара байланысты екі жағдайда – биологиялық және әлеуметтік салада жүзеге асады. Тәрбиені тар және кең мағынада ажыратып түсіндірудің маңызы да ерекше болып табылады. М.Жұмабаев бұл жайында: «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне  тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі»[1, 26 б] деген пікір айтқан. 

Қазақ педагогикасын зерттеу қажеттігі туралы қазақтың көрнекті ғалымдарының арасынан ең алғаш пікір айтқан профессор М.Ғабдуллин болатын. Ол өзінің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде: «Қазақ халқының өмірінен орын алған тәрбиенің тарихын жан-жақты түрде қарастыру өз алдына зерттелетін мәселе. Біздің мақсатымыз – революцияға дейінгі қазақ арасында жас ұрпақты еңбек пен ерлікке тәрбиелеуде халықтың нені арман еткенін және баланы жастайынан тәрбиелегенде, өсе келе кім болуын көздегенін шолып өту. Мұндай шолудың керек болып отырған себебі, біріншіден, халқымыздың бала тәрбиелеудегі өткен кездегі арман-мақсатымен танысу, екіншіден оларды бүгінгі күннің тілек-міндеттерімен салыстыру еді»[2, 197б]. Демек, автордың сөзінен қазақ халқының сан ғасырлық ұлттық тәлім-тәрбиелік дәстүрлерін елге таныстыра отырып, болашақ зерттеушілерге еліміздің өмірінен орын алған тәрбиенің тарихын зерттеу қажеттігін, оның бастауының өзі қайдан шыққандығын және оны зерттейтін ғылымды анықтау керек деген тұжырым жасауға болады. Белгілі ағартушы-педагог М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты оқулығында «Әрбір ұлттың бала тәрбиесі туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс»[3, 4б] - делінген. Ақынның «Педагогогика» кітабы – айтары жоқ, қазақ баласын тәрбиелеуде күні бүгінге дейін мұғалім, жалпы қазақ қауымы үшін таптырмайтын үлгі, басты оқулық. Ол жайында, Мағжанның «бұл кітап, баланың бесікке салған күнінен бастап, тәй-тәй басқан әр қадамына, елжірей көз салуы, қайтсе ол нағыз жігіт, азамат болады, осы заманғы өркениет өресіне қол артады»[1, 320б] деп толғануы ғажап пікір, нағыз педагогикалық толғаныс, таза шешім.

Қазақ педагогикасың негізін салушы, ағартушы-педагог, балалар жазушысы әрі көсемсөзші – Ыбырай Алтынсарин. Әйгілі педагогтың еңбектеріндегі тәрбие туралы пікірлерінен бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алатын орны гуманистік көзқараста екендігін аңғара аламыз. Яғни шәкіртке жылы жүректі болу, оны адамгершілік қасиет пен тәрбиеге үйрету, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерін орнату керектігін бірінші орынға қояды. Қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының поэтикалық шығармалары мен "Гадлия" сөздері педагогикалық ой-пікірлерге толы. Ақынның педагогикалық көзқарасының қоғамдық қатынастар тұрғысындағы пікірлері, жастарды халқының әдеп-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға шақыруы дүниежүзілік педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен үндеседі. Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ахмет Байтұрсынұлы көптеген педагогикалық мұра қалдырып, бүкіл саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім-ғылымының дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып, кемелденуіне арнады. Жантанушы Жүсіпбек Аймауытұлы «Тәрбиеге жетекші» атты кітабында: «Тәрбиесіз білімді адам сол білімін адамзаттың игілігіне де, сорына да оңды-солды жұмсай беруі мүмкін.Тәрбиелі адам, яғни иманды адам, толық адам ондайға бармақ емес, ол білімін өз орнына, игілікке, адамзаттың гүлденуіне жұмсайды...»-дей келе, «Ғылымсыз білім сыңаржақ: ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ, білімді орнына жұмсау керек. Білімді орнына жұмсайтын не? Ол – тәрбие»- деген пікір айтады[1, 322б]. Тағы бір өзінің «Тәрбие» деген мақаласында ағартушы адамның хайуаннан айырмашылығы жайында әңгіме қозғай отырып, адам бойындағы ұнамсыз мінез-қылықтарының барлығы тәрбиенің кемдігінен деп қорытынды жасайды. Оның айтуынша «адам табиғаттың емес, тәрбиенің құлы болуы керек»[1, 323б]. Адам өміріндегі тәрбиенің рөлін зор бағалаған ол тарихтағы ірі құбылыстардың бәрін тәрбиемен байланыстырады.

Қазақтың қай педагогын алып қарайтын болсақ та, әр ағартушы педагогикаға соның ішінде тәрбиеге кеңінен тоқталып өткен. Жасөспірім бойына халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, имандылық пен ізгілік нұрын сіңіруге баса назар аудару бүгінгі таңда басты мақсат-мұратымызға айналып отыр. Ол үшін өз жерін, өз елін сүйетін, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін қадірлеп-қастерлейтін азаматты тәрбиелеу, ұлттық санасын дамыту болып табылады. Ұрпақ тәрбиесі – келешек ұлт тағдыры, олай болса тәлім-тәрбиеде бүкіл халықтың қолдауы қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Әбенбаев.С., Әбиев Ж. Педагогика: оқу құралы. –Астана: Фолиант, 2009.

2.                 Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1976.

3.                  Жұмабаев М. Педагогика –жан тәрбиесі// Ар ілімі – 2011. -№2.