Жанузакова К.Т.
Ф.ғ.д.,
доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті, Қазақстан
Герменевтика – интерпретация теориясы
Қазіргі
әдебиеттануда көркем шығарманы қабылдау мен оқырман
мәселесі қызу талқылау нысанына айналуда. Осы тұрғыдан
келгенде көркем шығармашылықтың
аса маңызды саналатын коммуникативті сипатын естен шығармау қажет.
Өнер туындылары, оның ішінде көркем шығарма да
адамдардың өзара тығыз қарым-қатынасына
негізделеді. Өйткені автор өз туындысын халыққа, белгілі бір қауымға, біреуге
арнап жазады. Көркем шығарма – оны тудырған адамның
жолдауы іспетті. Сондықтан оқырман сөз арқылы туындының
көркемдік әлемін және оны жасаған авторды қабылдайды. Көркем тілдің
адамды сендіретін, жұбататын, ойлантатын құдіретті күші
бар. Кейде автор шығармадағы баяндауға араласып, кейіпкеріне
болысатын, оқырманмен сырласып,
ой бөлісетін, сұхбат құратын жайттар да кездесіп
жатады. Сондықтан соңғы жылдары әдебиеттану шығарманың мәтіндік жүйесіндегі
автор образы, оны оқырманның қабылдауы, оған әсері
сынды күрделі мәселелерге көңіл
бөле бастады. Бұл тұрғыдағы зерттеулер – қазіргі
қазақ әдебиеттануында қарқын алып келе жатқан
герменевтиканың үлесінде.
Герменевтиканың әдебиет теориясы үшін маңызы зор.
Ол әдебиеттану ғылымының ғана емес, гуманитарлық ғылымдардың
методологиялық негізін құрайды.
«Герменевтика» ұғымның өзі алғаш
көне Грецияда пайда болды, алынған хабарды белгілі бір ережелер мен
интуицияға сүйене отырып түсіндіру өнері дегенді
білдіреді. Герменевтиканы
(көне грекше «түсіндіремін» етістігінен туған) екі тұрғыдан
қарастыруға болады. Бір жағынан,
мәтіндерді пайымдау теориясы, көркем мәтіндерді түсіндірудің
талдау әдісі, екінші жағынан, герменевтика
– түсіндіру, рух туралы ғылымдарды менгеру туралы қазіргі философиялық ілім.
Герменевтиканың теориялық тарихы ХҮІІІ ғасырлардан
бастау алады. Ф.Д.Шлейермахер, Г.Ф.Майер, Х.Вольф, А.Бек, Ф.Аст өзінің еңбектерінде
герменевтиканы мәтіндерді түсіндіру өнері ретінде негіздеді.
Кейіннен герменевтиканы В.Дильтей, Х.Гадамер. М.Хайдеггер дамытты.
Герменевтиканың негізін қалаушы
Ф.Шлейермахердің (1768-1834) түсіндіруі бойынша, ол - Евангелие
мәтіндері авторларының рухани дүниесіне ену тәсілі. Ф.Шлейермахер
«Герменевтика», «Критика» атты зерттеулерінде мәтіндерді түсіндіру
теориясының негізін жасады. Ол зерттеуші мәтінді автордан гөрі
тереңірек, жан-жақты түсінеді, дұрыс бағалалай
алады деп санады. Ф.Шлейермахер Ф.Новалис, Л.Тик, ағайынды В. мен
Ф.Шлегельдермен тізе қосып, неміс романтиктерінің философиялық-әдеби
үйірмесінде дәріс оқыды, осы әдеби бағыттың
да теориялық іргетасын қалауға атсалысты.
Герменевтикада философиялық пайымдау объектісі
болып тіл танылады. Неміс философы В.Дильтей герменевтиканың өрісін
кеңейтіп, оның міндетін белгілі бір философиялық бағыттың
ғана емес, тұтас дәуірдің, мәдениеттің ішкі
дүниесін түсінуге мүмкіндік беру деп анықтады. Ол
герменевтиканы барлық қоғамдық ғылымдардың
негізі, іргетасы ретінде қарастырды және оны мәдени, жазба
ескерткіштер мен әдеби мәтіндерді
түсіндіру, пайымдау ерекшеліктері туралы ілім деп қабылдады.
М.Хайдеггердің ойынша, «тіл – болмыстың үйі»,
яғни тіл арқылы адамның ішкі феномендеріне үңілуге
болады, ол -
түсінудің бастауы. Неміс философы
Х.Г.Гадамер мәтінді «соңғы
шындық» деп таныды, оны философиялық пайымдау нысанына айналдырды.
Қазіргі әдеби герменевтика саласы бойынша өнімді еңбек
еткен америкалық әдебиеттанушы
- Э.Д. Хирш. Ол «Достоверность интерпретации» (1967), «Три измерения
герменевтики» (1972), «Цели интерпретации» (1976) атты еңбектерінде
герменевтиканың теориялық мәселелерін әдеби мектептер мен бағыттармен
тығыз байланыста қарастырады. Э.Хирш қазіргі структуралистердің, постмодернистердің
көркем мәтіндегі автор образын мансұқтауына қарсы
шықты. Ол мәтінді объективті тарихи тұрғыдан зерттеуге,
автордың түпкі ойына ерекше мән береді. Э.Хирш бойынша,
герменевтиканың мақсаты - мәтіннің бастапқы, түпкі
мән-мағынасын іздеу,
танып-түсіну. Ол бір шығармаға әртүрлі
интерпретация жасауға, әр зерттеушінің оның әртүрлі
түсінуіне қарсы шықты. Зерттеушінің міндеті – шығармаға
алғашында автор берген нақты мағынаны, автордың ой өзегін
айқындау болмақ.
Зерттеушілердің пайымдауынша, мәтінді тану үшін
жан-жақты, көп қырлы талдау қажет. Мәтіннің
мағыналық мазмұны мен композициялық құрылымының
ерекшеліктерін түсініп қана қоймай, сонымен қатар
авторлық ұстанымды, автордың ішкі әлемін, шығармашылық
даралығын, дүниетаным ерекшелігін, оның шығарманы кімге
бағыттап жазғанын да ескерген жөн. . Герменевтика өнер туындысын жеке дара қарастырмай,
оны тудырған, дүниеге келуіне ықпал еткен дәстүрлі
мәдениет аясында тану, түсіну қажеттігін алға тартады.
Герменевтикада мәтінді тануға қатысты екі түрлі көзқарас бар.
Біріншісі - мәтінді әлеуметтік, мәдени-тарихи
жағдайлардың ықпалынсыз, тек оның
өзіне ғана сүйене отырып, түсіндіру қажеттігін қолдайды.
Екінші жақтың ұстанымы бойынша герменевтика –
философия. Мұнда мәтінді түсінуден, интерпретация жасаудан гөрі
ол турасында ой толғау басым.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы
да герменевтика тәсілдеріне жүгініп, автор мен оқырман
арасындағы күрделі қарым-қатынасты
ашуға, жеке тұлғаның ішкі әлеміне, тылсым тереңіне
үңілуге бағдар алғанын байқаймыз. Т.Есембеков мәтін
поэтикасын, оқырман мен автор байланысы мен түрлерін жан-жақты
зерттеді [1]. Қазақ философы Ғ.Есім «Хакім Абай» атты еңбегінде
герменевтиканың негізгі ұстанымдарына
сүйене отырып, ұлы ақынның шығармаларын жеке әдеби
құбылыс ретінде ғана емес,
оны тудырған тарихи кезең аясында, зор мәдени дәстүрлер
контексінде қарастырады [2]. Ғалым герменевтикалық талдау арқылы
Абай шығармаларын оның дүниетанымымен, этикалық,
эстетикалық идеалдарымен сабақтастыра қарап, ақынның
терең ойлы дана философ, гуманист екенін дәлелдеп шықты.
Герменевтикада түсіну ұғымы басты орын алады. Бұл
орайда мәтінді интуитивті тану мен ондағы мағынаны пайымдау,
түсіндіру аса маңызды. Сондықтан
түсінудің басты шарты – интерпретация (зерделеу)
болмақ.
Әдебиеттануда интерпретация көркем шығарманың тұтастай
мағынасын, мазмұнын, оның идеясын, концепциясын тану, түсіну,
зерделеу болмақ. Оның бірнеше түрлері бар:
1.
Алғашқы, оқырмандық интерпретация адамның шығарманы
оқып шыққаннан кейінгі алғашқы әсеріне, көңіл-күйіне,
сезіміне негізделеді.
2.
Ғылыми интерпретация. Әдебиеттанушы
оқырман ретіндегі алғашқы әсерін ғылыми
негізде жинақтап, нақтылап,
әдеби талдаумен тексереді.
3.
Шығармашылық-образдық интерпретация әдеби шығарманы
көркемөнердің басқа
түріне көшіру (мысалы, әдеби шығарма негізінде көркем
фильм түсіру, сахналық қойылым, опера немесе балет жасау т.т.).
Түсінудің кісіаралық сипаты басым. Көркем шығарма
мен ондағы образдар жүйесі күрделі, көп қабатты,
терең мағыналы болғандықтан әдебиеттанушы ғалымдар
кейде бір туынды төңірегінде сан алуан, бір-біріне ұқсамайтын,
тіпті бір-біріне қайшы келетін пікірлер, көзқарастар айтып
жатады. Мұндай мәтіндер қызу таластың, ғылыми
айтыстың нысанына айналады. Мәтінді талдау барысында зерттеушіге
немесе оны қабылдаушы оқырманға байланысты ол өзгеріп,
жаңа мағына-мән үстеуі мүмкін. Осыдан келіп, интерпретацияның
(зерделеу) шығармашылық қуаты мен таңдамалы сипаты
көрінеді.
Интерпретация теориясы мен тәжірибесінддегі басты мәселе – оның
орынды, орнықты, шындыққа сай, яғни адекватты болуында.
Ең алдымен шығарманың шынайы мәнін, терең қабаттарын түсіну үшін интерпретация
жасалады. Автордың айтайын деген ойын дәл межелеп, мәтіннің
мағынасын, тереңінде жатқан астарын дұрыс әрі
орынды зерделеу мақсатында зерттеушілер кейде бірін-бірі сынап, кызу
пікірталастарға барады. Интерпретацияның танымдық мақсатын
талдаудың басқа түрлері – оның концепциясын айқындау
немесе шығарманың көркемдік ерекшелігін анықтау,
болмаса зерттеушінің ешкімге ұқсамайтын ерекше ойын, көзқарасын
білдіруге ұмтылуы т.т алмастыра
алмайды. «Интерпретация дегеніміз – өзінің түсінуі»
деген қарапайым қағидаға ден қойсақ, мұндағы «өзінің түсінуі» - авторға
қарама-қарсы, одан өзгеше түсіну деген сөз емес,
керісінше шығарманың сырын ұғу мақсатында оны «өз
жүрегіңнен өткізу» болмақ.
Интерпретация – көркемдік тұтастықты ғылымның
тәсілдері арқылы тану.
Интерпретация теориясында туындайтын негізгі сұрақтың бірі –
теориялық тұрғыда оның дәлме-дәл, шынайы, яғни
адекватты болуы мүмкін бе [3]. Ол үшін сөз болатын нысан
туралы объективті, дұрыс түсінік берілуі қажет. Мысалы, С.Елубайдың «Ақ боз үй»
романы ХХ ғасыр басындағы кеңестік дәуірдің солақай
саясатын (жаппай ашаршылықты, елге төнген нәубет пен асыра
сілтеу науқанын) сынайды десек –
ол рас, алайда ол жазушы туындысының көркемдік мазмұн
ерекшелігін толық ашып бере алмайды. Мұндай «бас-аяғы күзелген»
интерпретация салыстырмалы түрде дұрыс дегенмен де, дәл емес.
Осы бағыттағы басты қиындық шығарманың
көркемдік мағынасын сөздік-ұғымдық (ғылыми)
құралдар арқылы жеткізу барысында туады. Семиотика тұрғысынан келсек, мұндай экстралингвистикалық көшіру
процесі тұсында кей жағдайларда дәлсіздіктер де болады [4]. Бұл
дегеніңіз - адекватты интерпретациядан бас тарту емес, себебі шығарманы
бір тілден екінші тілге көркем аудару кезінде де кейбір бұрмаланушылықтар
орын алғанымен, біз одан бас тартпаймыз.
Семиотикалық сипаттағы дәлсіздіктер шешуі рөл атқармайды. Өйткені дарынды интерпретатор мұндай бұрмаланушылыққа
жол бермеуге тырысады, сондықтан олар болса да, қатты байқала
бермейді. Екінші жағынан, ондай дәлсіздіктің
сипатын ескере отырып, интерпретация жасауда реттеуге болады. Мысалы, ұғымдық
ойлаудың көркемдік мағынаны қасаңдандырып
жіберетінін ескеріп, шығарманың пафосына көп көңіл
бөлу қажет, мәтінді пайымдау көбінесе көркемді
идеяны «жадағайландырады», сондықтан кейбір нәзік тұстарды,
қайшылықтарды да назардан тыс қалдырмау керек. Әрине, мұның барлығы
шартты, соған қарамастан теориялық тұрғыда нақты
интерпретация беруге ешқандай кедергінің жоқтығын айтқымыз
келеді.
Герменевтиканың ауқымдылығы, күрделілігі автор мен
оқырман арасындағы қарым-қатынас мәселесінің
күрделілігімен байланысты болса керек. Көркем шығарманы оқып,
оны түсіну барысында автор мен оқырман арасында диалог жүреді.
Өйткені жазушы шығармада өмір шындығын өз дүниетанымы
тұрғысынан бейнелейді, ал оқырман ондағы оқиға
мен кейіпкерлер әлемін өз биігінен, өзінің дүниетанымы тұрғысынан бағалайды.
Әдебиеттер
1.
Есембеков Т.У. Көркем мәтін поэтикасы: оқу құралы.
–Алматы: Қазақ университеті, 2012.- 228 б.
2.
Есім Ғ. Хакім
Абай. – Астана,2012. – 400 б.
3.
Борев Ю. Эстетика - М., 2005.
4.
Цурганова Е.А. Герменевтика // Западное литературоведение ХХ века. – М.,
2004.