Кадина Ж.З.
филол.ғыл.канд., доцент
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Мифологиялық
таным жайындағы зерттеулердің
тілге
қатынасы
Мифтің
теориясы әлі күнге дейін толық
құрылмағанымен, миф туралы әр түрлі концепциялар,
болжамдар XIX ғасырдың ортасынан бері қалыптаса
басталған. Солардың ішінде Э.Тейлордың, Д.Юмның,
Г.Спенсордың, В.Вундттың, К.Г. Юнгтың,
Б.Малиновскийдың, Р. Барттың, Дж.Фрезердің, Ф.
Лосевтің, Қазақстан зерттеушілерінің (Б.М. Тлеубердиев,
Б. Ақбердиева, С.Е.Керімбаева) де ғылыми тұспалдары бар.
Мифтің философиясын XVIII ғасырда ең алғашқы рет
Дж. Вико құрған. Ғалымның пайымдауы бойынша, миф
қиял, ой ретінде қалыптасады. Мифтердің пайда болуының
негізгі себебі – жоғарғы күштердің нақты
түрде бар екенін түйсік негізінде сезіну, олардан
қорқу: «Ең бірінші адамдар заттар туралы әртүрлі
ұғымдарды құра алмаған, сондықтан да
поэтикалық мінез – құлықтарды, қиялдық түрлерді
немесе әмбебаптық құрылымдарды ойлап
шығарған. Оларды идеалдық сурет ретінде санап, соларға
жеке түстерді жатқызған»[1,87].
Э.Тейлордың
айтуынша, мифтердің негізінде анимистік болжам жатыр, себебі мифтерде
жансыз заттар жандылар ретінде қарастырылып, жаны бар
құрылымдар ретінде қарастырылады. Жандылардың іс –
қимылдарын оңай түрде түсіндіруге болады.
Дж.Фрезерше,
миф магиялық іс-әрекеттің мәнін ақыл–ойлық
немесе сөздік тәсілдер арқылы түсінуге болады,-деп
тұжырымдайды [2].
В.Вундттың,
Л.Леви–Брюльдың, К.Г. Юнгтың пікірінше, мифтің негізінде
ежелгі адамдардың дүниені қабылдауда орын алатын
ерекшеліктері жатыр, себебі байырғы адамдар сезім, эмоцияларды
мифологиялық апперцепцияның қасиеті деп санаған.
Сондықтан да миф ерекше ойлау іс-әрекетінің
(«алғашқы ойлау түрінің») өнімі. Миф арқылы
эмоциялар бейнелі түрде жүзеге асырылған [3].
Қазіргі
ғалымдардың миф туралы түсініктерін келесі түрде
топшылауға болады: 1)мифтер – адамдардың өзінің
болмысының ұғыну әрекетінде пайда болған
құрылымдар. Алғашқы адамдар мифтерге әбден
үйір болып, солармен өздерінің эмоцияналдық және
логикалық ассоциацияларын үйлестірген; 2) Мифологиялық ойлау
тәсілінің пайда болуы себебі ретінде абстрактілік
ұғымдардың жеткіліксіздігі деп санауға болады.
Өйткені жалпы,
әмбебаптық ұғымдарды нақты түсініктер
арқылы білдіру қажеттілікке айналған; 3) Миф
алғашқы адамдардың санасезімдерінде қалыптасқан
табиғаттық құбылыстардың ырғақтарын,
олардың қайталанбалы кезеңдерін бейнелі түрде
көрсетеді; 4) Мифтік құрылымдар адамның
психикасының ерекшеліктерін бейнелейді; 5) Миф ұжымдық
тәжірибені сақтайтын құрал. Ұжымдық
тәжірибе жеке тұлға үшін сенімнің нысаны болды,
себебі ол ата – бабалардың даналы сөзі, үлгісі ретінде
қаралды. Жеке тұлғаның тәжірибесі оны
өзгерте алмайтын болды, себебі миф – ата – бабалардың наным –
сенімі ретінде қарастырылып, ақиқат болды, сондықтан
тексеруге жатпайтын даналық түсінік ретінде саналды; 6)Миф
табиғаттың заңдылықтарын бейнелі түрде
көрсететін тәсіл. Мифтерде абстрактілік ойлаудың
әлсіздігінен табиғаттың құбылыстары дербестелген,
оларды алғашқы адам саналы түрде жүзеге асырылатын ерік
– жігермен байланыстырған. Сондықтан да мифтерде негізгі
тұлға Құдырет болған.
А.Ф. Лосев,
Л. Кассирер, Дж. Кемпбелл, С. Криппердің еңбектерінде миф
әрбір адамның сана–сезімінде ұялаған,
әлемнің бейнесі деп түсіндірілген. Осындай
әлемнің мифтік бейнесі өзін обьективтік әлемнің
фрагменті ретінде ұжымдық және жеке санаға келесі
елестерді кірістіреді: өзіне қатынасы бар елестер мен
қатынастар, басқа адамдармен байланыстыратын қатынастар,
қазіргі заманға және тарихи мерзімге қатысы бар елестер
мен байланыстар. А.Ф.Лосев мифтің метафоралардың және символдардың
ара жігін айыра отырып, мифке келесі анықтама береді: «Миф бейнелерді
нақты субстанциялды түрде көрсететін тәсіл.
Аллегорияда, метафорада, символда шартты түрде түсіндірілетін
ұғымдар жүзеге асырылады, ал мифта осындай
мәнділікті бейнелер нақты
оқиғалар ретінде көрініс беріп, нақты
субстанциялық түрде жүзеге асырылады» [4, 444].
Миф туралы
көптеген теориялардың ішінен Э. Кассирердің
көзқарасын да атап өту жөн болар еді. Ол мифологияны
тіл мен өнермен қатар мәдениеттің дербес бейнелілік
нысаны ретінде қарастырды. Мифтік сана кілтті қажет ететін
құлып ретінде түсіндіріледі. Миф шығармашылық
тәртіптің, тіпті болмысты танудың нысаны ретінде
көрсетіледі [5].
Мифологиялық
танымды адамның сана-сезімінде қалыптасқан
ментальды-бейнелілік схема ретінде қарастыруға болады. Бірақ
оның тілге қатысы бар,себебі сырттану үдерісінде тілдік
тәсілдер арқылы айқынданады. Сондықтан да Р.Барт мифті
мәдениеттің симфоликалық тұлғасы ретінде зерттеп,
мифтік сана-сезімді белгілі кілті бар код ретінде сипаттаған.
Р.Барттың пайымдауынша, «мифті коммуникативтік жүйе, хабарлама деп
те санауға болады,»- дейді. Өзінің анықтамасында
ғалым келесі пікірін білдіреді: «Миф коммуникативтік жүйе ретінде
жүзеге асырылады. Ол белгілі ақпаратты жеткізу тәсілі, миф
ұғым да, зат та, идея да емес, ол ментальды тұлға
белгілеу тәсілі [5].
Мифті
ойдың қиялы емес, өткеннің қалдығына
жататын құбылыс деп санауға болмайды, ол ежелден бері
адамның өзін-өзі, қоғамды, әлемді сипаттау үдерісінде оны
әр құрылымдарға бөліп, түсіндіруінде
көрініс тапқан алғашқы сипаттау тілі. Миф пен
сананың фетишизациясы ұғымы тығыз байланысты. Осындай
пікір миф арқылы объектілерге оларда жоқ қасиеттерін тиістендіру әрекетінен туындайды. Адам
үшін мифтердің маңызы өте зор. Олар арқылы
адамдар әлем туралы жан-жақты түсінік құрып,
әлемді өзгеше түрде қабылдауды реттейді. Олар
өмірге бейімделудің ғылыми білім нысанына қатысы бар
баламалы нысан болып табылады.
Адам мифтерді
өзі ойлап табады да, соларға өзі ерікті түрде
бағынады. Бұл жерде айқын мысал ретінде теледидар хабарларын,
жарнаманы атауға болады. Бұл бейнелер әр түрде
түсіндіріледі. Неміс зерттеушісі К.Хюбнер мифтік бейнені түсіндіру
үшін қолданылатын
тәсілдердің тізімін келтіреді: бір нәрсеге сыйыну,
құдірет тұту, сәбилердің тіліне аударуы ретінде
(мысалы, күн қуанады, жаңбыр жылайды т.б.) рәсім
ретінде (мысалы, жерлеу рәсімі) бейне ретінде (мысалы, шығыс
бейнелері) [6].
Мифтік ойлау
жан-жақты сипатқа ие. Ол өмірді тудырады және өзі
өмірлік тәжірибемен тығыз байланыста болады.
Мифтің
бес негізгі белгісі арқылы оның мәнісін түсіндіруге
болады. Олар: 1) эмоционалдық
бояуы; 2) мінез-құлықтың үлгісі модель ретінде
іске асырылады; 3) қорытындылық сипаты (қабылдау және
күйзелістің, елес және іс - әрекеттің, бейне
және идеяның тұтастығын қамтамасыз етеді); 4
)түсіну және мағыналық талдаудың нормаларын
белгілейді; 5) бір нәрсе туралы ұғымды,
ақиқаттық түрде жете ұғындырылады [7, 15].
Мифтің
осындай белгілері адамзаттың әмбебаптық
көзқарасының қалыптасуына себін тигізді, өйткені
миф әлемнің пайда болуы туралы түсінік беріп, адамның
мәнісін және орнын айқындаған, жеке Құдырет
пен адамдардың өзара қатынастарын қарастырып,
өлім мен өмір мәселелерін шешуге тырысқан, оның
бастапқы ерекшеліктері адамдардың көзқарасының
қалыптасуына ықпал еткен. Олар: 1)әлемнің
тұтастығы. Ғарыш, табиғат, адам өзара байланыста
болған олардың бәрі рухтанған бастамамен жандаған
(әлемдік жан). Барлығы бар элементтермен байланыстырылған; 2)
Адамның дамуы Құдыретпен, Ғарышпен байланыста
болған. Адамның болмысына қатысы бар құбылыстар,
адам үшін мағыналы түсініктер, ұғымдар –
бәрі де ғарыштан шыққан; 3) Әлемді тану
қабілеті адамға бастапқы кезде берілген. Сондықтан адам
одан бұрын не болғанын тек ғана есіне түсіріп отырады.
Адамдар өздерінің іс – қамылдарында
құдайдардың ежелгі заманда жасаған әрекеттерін қайталайды;
4) әлемнің күрделілігін символдар арқылы тануға
болады, себебі символ – абсолюттықтың белгісі.
М. Элиаде миф
жөніндегі өз ойларында, реалды дүниеге қатысты болуына
орай кәміл, шексіз ақиқат және жасампаз
іс-әрекеттің нәтижесі болғандықтан киелі деп
есептейді; миф әрқашанда
«жаратушыға» қатысты болады, ол әлдененің дүниеге
қалай келгендігін немесе әлдебір жүріс-тұрысының,
ережелердің және еңбек машықтарының қалайша
пайда болғандығын әңгімелейді, нақ
сондықтан да миф адамның жүріс-тұрысындағы елеулі
деуге болатын барша харекеттің парадигмасын құрайды; мифты тану арқылы адамзаттың
«шығу тегін» танитын болады, сол
оған заттарды иеленуге және өз қалауына сай
басқаруға мүмкіндік береді; бұл жердегі сөз
«сыртқы», «елеңсіз» (абстрактный) таным жөнінде емес, мифты
жоралға түрінде қайталау кезінде немесе оның
ғұрыпты өткізу барысында (сол ғұрыпқа
тұғыр болып келетін) қайталау кезінде жоралғы
деңгейінде «бастан кешіруге»
болатын таным жөнінде
болып отыр; қалай болғанда
да миф, жадына қайтадан, реактуалданған
оқиғалардың қасиетті және киелі
құдыретіне «ой алдырған
аудитория тарапынан бастан кешіріледі» [8, 38-39].
Серікбол
Қондыбайдың пайымдауынша, «миф ежелгі заман танымының,
ақиқатының, ақпаратының сақтаған
«техникалық тілі», бұл тіл астарлап беріледі яғни ол – сегіз
қырлы, бір сырлы жәдігер» [9, 203].
Б.
Ақбердиева мифтің табиғатын дұрыс көрсеткен. Оны
ментальдық, мифологиялық ойлаудың тәсілі ретінде санап,
тілмен байланысын көрсеткен. Тілдің танымдағы орнын Б.
Ақбердиева келесі анықтамасында көрсетеді: «Мифтік танымды
құрылым ретінде қарастыру, оның логикалық
құрылысын, мифологиялық мазмұнын, психологиялық
мәнін, поэтикалық өріліун, т.б. жақтарының
тұтасып келіп, тілде сабақтасқан көрінісін кешенді
түрде зерттегенде ғана, тіл мен танымның байланысы анықталмақ»
[10,14].
Мифтің
тілге тікелей қатысы бар екенін Қазақстандық
ғалымдардың бірталайы (Б.М. Тлеубердиев, Серікбол Қ.,
Б.Ақбердиева, С.Е. Керімбаева, т.б.) анықтаған. Ономастика
саласындағы лексемаларды зерттеу барысында тікелей мифтердің
құрылымын талдағанда дәлелдеген. Сондықтан да
Ақбердиева тіл мен мифтің байланысын атап өтіп, тілді
мифологиялық дүниетанымның көзі деп қарастырады:
мифологиялық таным түсініктерді сұрыптау және оны
тілдік жағынан түсіндіру қазіргі кезде өте
маңызды. Себебі, тарихи-әлеуметтік тұрғыдан
алғанда, тіл-мифологиялық дүниетанымның
жинақталған бірден бір көзі [11,14].
Зерттеушілердің пайымдауынша, барлық
халықтардың мифологиялық жүйесінде үш
деңгейлі модельдің түрі жүзеге асырылады (жоғары,
орта, төмен). С. Е. Керімбаева
қазақ мифологиясының жүйесінің үш
деңгейлі моделі негізінде құрылған жалқы
есімдерді қарастырып, бұл мифологиялық модельдер туралы пікір
білдіреді: «қазақ мифологиялық жүйесіне көптеген
әлем халқтарының мифологиялық жүйесі сияқты
әлемнің жоғары, орта, төмен деп аталатын үш
деңгейлі моделі тән. Мұнда жоғары – аспан,
орта-жер, төмен – жер асты,
әлем деңгейлері мүшеленеді, әрі
сәйкестендіріледі».
Үш
деңгейлі модельмен қатар мифтік ғалам бейнесінде «жеті»
моделі де орын алған. Н.Уалиұлының пікірінше, жеті
ғалам мифологиялық түсінігінде жеті саны негізгі
бағытты білдірген. Олар – дүниенің төрт бұрышы:
күншығыс, күнбатыс, түстік, терістік және тігінен
келген модельдегі аспан – жоғарғы ғалам, жер – орта
ғалам, жер асты – төменгі ғалам.
Ғаламның
мифтік тілдік бейнесінде мифологиялық кеңістік тігінен үш
модельден құрылса, сонымен қоса оның
көлденең моделінің төрт түрі болады.
С.Қондыбай және Б.М.Тлеубердиев ғаламның горизонтальдық
моделін мифонимдерде, мифотопонимдерде көрсеткен. Мысалы,
С.Қондыбай көлденең космографиясын сипаттау барысында
хантөрткуль, әзіреттің Алатауы, Құндыздың
қара теңізі, Нұрбұлақ, т.б мифонимдерге,
мифотопонимдерге талдау жасаған. Б.М. Тлеубердиев Шартарап, Төрткөл, Су басы, су аяғы
құрдым, телегей (телегей теңіз) т.б мифотопонимдердегі
көрінісін сипаттаған. Көне заманғы және орта
ғасырлық қалалардың төрт бұрышы,
топографиясы болған көрінеді.Соның қалдықтары
(төрткульдер) соны көрсетіп тұр. Ал төртбұрышты
етіліп салынған қалалар мен ежелгі қорғандар –
ғаламның мифтік нобайын (төртбұрышты) горизонтальдық
моделін көрсетіп тұр. Бір қызығы – өлілер мекені
де (қабірі, сағаналары, т.б) төртбұрышты етіп
тұрғызылады және төртқұлақ деп
аталынған.
Төрткөл
мифологиясының ұғымдарының топонимикада
сақталғанын дәлелдеу үшін көркем әдебиеттен
мысал келтірейік: «Ерназардың ауылы хан
төрткөлі деген жерде
отырған.Төңірегінің бәрі бұлақ.
Бұл жердің не себепті хан
төрткөл деп аталғанын бұл күнде ешкім де
білмейді» (Г.Ахмедов. Жем бойында, 82-б)
Б.М.
Тлеубердиев ғаламның көлденең төрт моделі бар
екенін дәлелдеп отыр. Ғалымның зерттеулерінде осы төрт
деңгейлік модель тілде белсенді түрде экспликацияланады:
«төрткуль компоненті жер – су аттары ғаламның горизонталь
мифологиялық келбетін кескіндейді.
Ғаламның мифологиялық тағы бір моделі тоғыз санымен байланысты.
Тоғыз саны әлдебір толықтықты, түгелдікті
білдіреді. Тоғыз санымен нақтыланған мифологиялық
ұғымдар түркі монғолдарда, кельттерде және
германдарда, палеоазиаттарда да бар.
Барлық
нәрсені тоғыз санымен шектеу
арғы-қазақтарға тән болған, мысалы
Рашид-адиннің дерегі бойынша, Шыңғыс ханды хан етіп
сайлауға қатысушылар жаңа сайланған ханның
алдында тоғыз рет тізе бүккен.
Біздің
ойымызша, мифологиялық
дүниетанымның тілдегі көрінісін жалпы есімдерде, фразеологиялық бірліктерде,
мақал-мәтелдерде де табуға болады. Мифологиялық таным
жайындағы зерттеулердің
мазмұны, әлем суретін
көркем бейнелеуде, сыртандыруда тіл негізгі құрал
екендігін дәлелдейді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Вико Дж.Основания новой науки.
-Л., 1940.
2. Фрезер Дж. Золотая ветвь. -М.,
1983.
3. Юнг К.Г. Дума и миф. Шесть
архетипов.
4. Лосев А.Ф. Знак. Символ. Миф.-
М.: Изд-во Московского университета, 1982. -480 с.
5. Кассирер Э. Опыт о человеке
–Человек. -М., 1990. №3.
6. Хюбнер К. Истина мифа. Пер. с
нем. М.: Республика, 1996.
7. Тюнников Ю.С., Мазниченко М.А.
Педагогическая мифология. -М.: Владос, 2004. -352 с.
8. Элиаде М. Миф аспектілері //
«Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» Он томдық. 2-том. Мифология:
құрылымы мен рәміздері. -Алматы: Жазушы, 2005. -22-26 бб.
9. Қондыбай С. Миф // «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы»
Он томдық. 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері.
-Алматы: Жазушы, 2005. -15-22 бб.
10. Уәлиев Ж.
Жұмбақ жетілер // Жалын.- Алматы, 1988. -№ 3. -105-106 бб.
11. Қондыбай С.
Арғықазақ мифологиясы. 1-ші том. Алматы: Дайк-Пресс, 2004.-512-б.