Амангельдиев Асан Азимханович

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Қазақстан, Астана

 

ХАЛЫҚ ӨЛШЕМДЕРІНІҢ ҚЫРЛАРЫ

 

 

«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» - деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, ұрпағы білімсіз елдің келешегі де бұлыңғыр екені баршаға аян. Әрбір мемлекет, әрбір ұлт өзінің білімі мен бойындағы ерекше қасиеттері, таланты мен дарындылығы, өзгелерден ерекше табиғи қабілеті арқылы биіктерден көрініп, басқаларға қарағанда оқ бойы озық тұратынымен бағаланады. Өз ұлтының салт-санасы мен ата-бабасынан келе жатқан дәстүрін бойына ана сүтімен, әке қанымен сіңірген әрбір ұрпақ осы заман талабына сай біліммен қаруланса, ел келешегі еңселі, мәртебесі биік, арманы асқақ, елдің мерейі үстем болмақ.

Ұлт мәдениеті мен тарихының қызықты салаларының бірі - халық өлшемдері. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей халық өлшемі анық өлшем десек қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Енді халық өлшемдерінің негізгі түрлеріне жеке-жеке тоқталсақ.

УАҚЫТ ӨЛШЕМІ.   Қазақ халқы уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірибе жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін тауып, жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын да орайластыра білген. Уақытты анықтауда халқымыз өзінің тұрмыс-тіршілігінде үш түрлі күнтізбе пайдаланған: Ай, Күн және Юпитер (Есек қырған)  күнтізбесі. Олардың жиған өмір сүру тәсілі мен өмір сүру тәжірибесі, жыл мерзімі өзгеруіне сай кездейсоқ апаттан сақтану ережелері көшпелі елдің өмір сүруінің табиғи заңына айналған. Бар тіршілігі малға қараған қазақтың баққаны мал, бақылағаны көк: жұлдыздың сыры мен күннің райы. Қашан жаңбыр, қашан қар жауады, айдың туысы қалай, күннің батысы  қалай? Бабалардың көк-аспан туралы айтқан сөзі сол көне заманнан бері атадан балаға мұра болып, беріліп келеді [1. 58-61 б.].

Ай күнтізбесі арқылы бір айды (30-31 күн) анықтаса, күн күнтізбесі арқылы жылдың төрт мезгілін (қыс, көктем, жаз, күз) анықтаған. Юпитер күнтізбесі - Юпитердің Күнді 12 жылда бір айналуынан шыққан. Бұл күнтізбе арқылы дана халқымыз «мүшел жасты» анықтап отырған. Юпитер күнді жер мезгілімен 12 жылда бір айналып жерге, оның ауа-райына және адамға әсер етеді. Қазақ табиғаттың осы заңына орай шаруашылығы икемдеп, көшіп-қонып, жұттың, апаттың болар мезгілін алдын-ала болжап, қоныс аударып, мал басын аман сақтап қала білген [1. 58-61 б.].

Мерзім өлшемдері: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1 сек), сүт пісірім (5-10 мин), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2,5-3 сағат), жарты күн, бір түн (тәуліктік) (24 сағат), апта (7 күн), ай (30-31 күн), тоқсан (3 ай), жыл (365 күн) немесе 12 ай, ғасыр (100 жыл). Адам өмірі де: жас (1 жыл), мүшелмен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25 жас), үш мүшел (37 жас), төрт мүшел (49 жас), т.с.с. бөлінеді. Уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де өте бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, жөппелдеме, намаздыгер, ақшам (намазшам), ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне т.б. Мұнан тек уақыт шамасы ғана емес халқымыздың таным-түсінік, ой, әр істің байыбына терең бойлау, бағдарлау, тіл қабілетінен жоғары тұрғанын дәлелдеп береді. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап анықтаған [2, 49 б].

САЛМАҚ ӨЛШЕМІ. Дана халқымыз салмақ өлшемдерін былайша жіктеген. Мысқал (1гр.), қадақ   (750 гр.), келі (1кг.), пұт (16кг.), батпан (100 кг.).  Бұл өлшемдер мен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады. «Батпан» сөзінің мағынасына тоқталсақ. Қазақтарда батпан өлшемі өте ерте заманнан бастап – ақ белгілі болған. Ол салмақ өлшемінің ең ауыр түрінде қолданылған. «Батырлар жырында» алып батырлардың  күрзісі үнемі батпан өлшемімен көрсетіледі.

КӨЛЕМ ӨЛШЕМІ.  Көлем өлшемдері белгілі бір заттың немесе малдың саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілеген. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім, бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ, бір топ, бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты т.б. заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шыншақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып, оны мөлшерлеп есептеген [2, 56 б].

ҚАЛЫҢДЫҚ ӨЛШЕМІ. Халқымыз қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны көбіне жылқы қазысының жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3 – 5мм. шамасы), шынашақ, елі, бармақ (бұлар 1–2,5см), екі елі..., сере, табан (7–10см) т.с.с. Басқа заттардың қалыңдығы да көбінесе елімен яғни саусақ қырымен өлшеген. Оны елі дейді.

ҰЗЫНДЫҚ ӨЛШЕМІ. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде ұзындық өлшеміндегі өлшем сөздер кез, аршын, сүйем, құлаш, тұтам, шынтақ, қарыс, елі, табан т. б. түрінде кездеседі. Сол сияқты ұзын, қысқа деп шамамен есептей береді. Кез – көне өлшем бірлік сөзі. Шамамен 50 см-ге тең ұзындық өлшемі.

Құлаш – иық деңгейінде көтерілген қолдың екі саусағының арасына тең өлшем. 1 құлаш =2 таяқ тастам жер = 8 қарыс = 2,5 шариат кезі = 167,5 см.

Елі – сұқ саусақтың екінші буынының еніне тең өлшем: 1 елі ≈ 2 см.

Қарыс – бас бармақ пен шынашақтың керіп ұстаған арасы. 1 қарыс ≈ 23 см.

Шынтақ – ежелден бері қолданылып келе жатқан шамамен екі қарысқа тең өлшеуіш. Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты керген кездегі ұзындық. 1 сүйем ≈ 18 см-ге тең. Аршын –бір метрге тең өлшем. Аршын – заттың көлемін аршынмен өлшеу, мөлшерлеу.    

ҚАШЫҚТЫҚ ӨЛШЕМІ. Енді қашықтық өлшеміне тоқталсақ. Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым (қадам) (1м), таяқ тастам (10-15м), әй дейтін жер (100м), дауыс жететін жер (250-300м), шақырым (1 км), иек астында, бір төбе астында (4-5км), қозы көш жер (5-6км), көз ұшында (6-7км), тай шаптырым (4-5км), құнан шаптырым (8-10км), ат шаптырым (25-30км), бір күндік жер, айшылық жол ...  т.б. Бұл межелер ауыл ішінде бұл күндері де жиі айтылады.

Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең, тайыз, биік, аласа деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жай жоғарыдағы аталған өлшемдер бірі-бірінің орнына жүрмейді.

АУА РАЙЫ ӨЛШЕМІ. Ауа райын бақылау, ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері мен қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық, салқын, мұздай тағы да осылайша анықтап бір заттың, судың, астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды [2, 57 б].

ҚҰН ӨЛШЕМІ. XX ғасырдың басына дейін ел ішінде Әз-Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заң негізі құқықтық негізде шығын және құн мөлшерін белгіледі. Дау-жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы: ер адам құны 100 жылқы. Біреудің белін сындырған толық адам құнын төлейді. Бір көзін шығарса адамның жарты құнын төлейді. Ұрыс-төбелесте бас бармақ сынса 100, шынашақ сынса 20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген [3, 43 б]. Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды.

САУДАДА. Қазақ халқы саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын, күміс жамбы (қойтұяақ, тайтұяақ) сияқты құнды металдарды қолданған. Ал, айырбас саудада әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені – құлынды биеге, биені – бұзаулы сиырға, сиырды – тай, құнанға, тайды – 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп мал, бұйым саудасында да әр затқа лайық кесімді өлшемдері болған.

Бұдан бөлек халқымызда әр түрлі өлшемдер жиі кездеседі. Олардың көбінің мағынасы әлі зерттелмеген. Кейбір көне өлшемдерді келтірейік. Мысалы: 1 көнек сүт шамамен  6 – 7 литр, 1 қап шамамен 4 пұт = 65 – 66 кг., 1 пітір бидай шамамен  3 кг, 1 қайнатым шай шамамен  6,5 г., 1 шөкім тұз шамамен  12,5 г., 1 қазық бойы шамамен 3 метрдей, 1 көген шамамен  25,5 м., 1 бұршақ шамамен 3 – 4 сүйем, 1 сүйем  шамамен  18 см. және т.б.

Халық өлшемдерінің қырлары өте көп. Қорыта келгенде, еліміздің әрбір парасатты азаматы ең алдымен, өз халқының тілін, дінін, тарихын білуі қажет, себебі өзін, өз халқының жақсысын түсіне білген адам ғана өзгені де сыйлай алады. Туған тілінің асыл қазынасының тұнығынан тұшынып іше білген, оның інжу-маржанын мөлдіретіп тізіп ала білген ұрпақ қана халқын сүйеді, елінің ертеңін ойлайды. Байтақ далада сан ғасыр көші - қонды күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін өлең – жырымен ағытқан, ақыл мен ойдың кені даналық сөз өнерінде деп қадірлеген, жүйелі сөзге жүгінген. Сөз асылы жыраудан – жыршыға, атадан – балаға ұласып, тот баспай, ғасырлар аттап, біздің дәуірімізге жеткен.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Р.Бейсетаев. «Мәңгі елдің мәңгілік күнтізбесі». «Mangilik El» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, №1 (3) 02.2014 ж., 58-61 б. 

2.   С.Кенжеахметұлы. «Жеті қазына-1 кітап». Алматы, Ана тілі, 2007 ж., 134 б.

3.   «Ақиқат» журналы. 1993 жыл. № 6, 43 б.