Телекоммуникация
мәдениетінің дамуы
Өнердің
басты міндеті бейнелеу болып, бұл міндетті өнердің өзі
шешіп жүрген уақытта бейне мен шыңдық арасындағы
айырмашылық бейнелеу өнері мен кинематографияда бейнені жеткізу
жолында түбегейлі өзгеріске ие болды. Баяу, әрі аз қозғалысқа
ие бейнелеу өнеріне қарағанда кинематографияда жанды, табиғи,
жылдам, сондай-ақ өмірді өз қалпында, нақты бере
білу қасиетімен ерекшеленді. Теледидар пайда болғалы кино мен
бейнелеу өнері арасындағы бейнені жеткізе білу айырмашылығы күннен
күнге әлсірей бастады. Керісінше, олардың өнердің
«жаңа» түрі – теледидарға жақындығы, туыстығы,
ұқсастығы байқала бастады. Теледидар киноны да, әдебиетті де бір тарихты жеткізудің
екі түрлі тәсілі ретінде қарастырады.
Көбіне
теледидарды ұқсастығына, жақындығына қарай киноның апасы деп те
атайды. Алайда кино мен театрдың ұқсастықтары көбірек
бола тұра, айырмашылығы тек алғашқыда түбегейлі
болып көрінгеніндей, кино мен теледидардың ұқсастығы
да түбегейлі айырмашылықтарына қарамастан тығыз болып көрінеді.
Шынтуайтқа келгенде, олардың жақындықтарынан гөрі
айырмашылықтары көбірек. Киноға қарағанда
теледидар бөлек тарихқа, бөлек онтологияға және
стратегияға жазылған. Ол коммуникациялық дамудың «қимылсыз
суреттерді қозғалысқа келтіру тілегіне» емес, «коммуникациялық
тілектің» – ақпараттарды әлемнің кез-келген түкпіріне,
кез-келген ара қашықтыққа өте жылдам немесе шұғыл
арада дәлме-дәл жеткізуді көздейді. Кітап пен газеттің
уақытында ақпаратты жіберу қашықтығы мен жылдамдық
мәселесі шешуші рөл атқара алмайтын. Газеттерді жеткізу мәселесі
тасымалдау көздеріне, яғни атты поштаға тәуелді болды.
Алыс жерлерде немесе алыс қалаларда тұратын газет оқырмандары
өздерінің басылымдарын бірнеше тәулік, кейде тіпті бірнеше
апталап күтетін және де бұл жағдай орынды болып көрінетін.
Ал кітаптардың баспасөзден оқырманға жеткізілу жылдамдығы
мүлде есепке алынбайтын. Ал жаңа коммуникативті-технологиялық
жаңалықтар ақпаратты жеткізудегі жылдамдық пен ара қашықтық
мәселесін шешуші орынға қояды.
Теледидардың
шығуының жалпы әлеуметтік детерминациясы ХХ ғасырда өркениетті
адамзат қоғамындағы жаһандану мәселесі болып
табылады. Капитализм мен өндірістік төңкерістің қарқынды
дамуы ақша айналымы мен
коммерциялық келісімдерді жылдамдату мәселесін қажет
еткендіктен, ортақ халықаралық нарықтың құрылуына
алып келді. Көліктік коммуникация түрлері – темір жол, теңіз
жолдары мен қалалық жолдардың қарқындап дамуының
да дәл осы кезеңге тұспа-тұс келуі кездейсоқ оқиға
емес. Отаршыл мемлекеттер де ауқымды, үлкен территорияларын тиімді
басқару үшін коммуникацияның жаңа түрлерінің
тез дамуына зәру болды. Қоғамды саяси басқару тәсілдері
де өзгерді. Монархиялық басқарудың орнына келген
демократиялық басқару жүйесі де бұл жаңалықтарға
кәсіпкерлер мен іскерлерден кем зәру болмады. Бұл жағынан
қарағанда ХХ ғасырда пайда болған телеқатынас
технологиялары мен теледидар жүйесі кездейсоқ нәрсе емес.
Телеқатынастар
жүйесінің пайда болуына электр мен электр тоғы арқылы пайда болатын магниттік құбылыстардың
жиынтығын зерттеудегі ғылыми-техникалық зерттеулер негіз
болды. Бұл тараптағы зерттеулер алғашқы кезде көптеген
ғалымдар тарапынан жалған ғылым ретінде бағаланды,
тіпті Максвеллдің теориясы да «ғылымға қарсы көзқарас»
деп танылып, қатаң сынға ұшырады. Тек электр теориясын
тәжірибе жүйесінде қолданыла бастағаннан кейін ғана
ол толыққанды ғылыми мәртебеге ие болды. Электр
теориясының егжей-тегжейіне үңілмей-ақ қазіргі
электр энергиясының батарея көзі,
теледидар мен компьютерларға негіз болып табылатын магнит өрісі,
жылу, дыбыс, жарыққа айнала алатынын айтуға болады.
Телеқатынастар
жүйесінің алғашқы үлгісі деп телеграфты айтуға
болады. Сөзбе-сөз аударғанда ол «алыс қашықтыққа
жазу» (грекше tele – алыс, grapho – жазамын) дегенді білдіреді. «Телеграф қағидаты» телеқатынастар
жүйесінің ең көне
үлгісі болып табылады. Телеқатынастар жүйесінің
дамуындағы маңызды кезең деп телефонның шығуын
айтуға болады. Қазіргі күні телефон техника кереметі (тіпті ұялы
телефон түрінде де) ретінде қаралмайды, алайда бастапқы кезде
ол техниканың ұлы кереметі ғана емес, әлеуметтік-мәдени
маңызға ие жаңалық ретінде қаралды. Телефонды
біздің қазіргі қабылдауымыз ХХ ғасырға тән ұлы
өнертабыстардың – радио, киноөндіріс, теледидар, Ғаламтордың
көлеңкесінде қалып қойған, дегенмен «ескі
технологиядағы жетістіктер жаңа болып тұрған уақытта»,
яғни телефон өзінің жаңа әрі мықты
інілерінің көлеңкесінде қалып қоймай тұрған
кезде, ол мүлде өзгеше қабылдауға ие болған.
Телефон жеке тұлғалар арасындағы қарым-қатынас құралы
ретінде ғана емес, маңызы жоғары әлеуметтік, мәдени
институт ретінде қарастырылды. Оның әсер ету аумағы күнделікті
өмірден музыка мен театр, саясат пен халықаралық қатынастар
деңгейіне дейін жететін болғандықтан, оған керемет келешек болжады. Бұл
болжамдар телеқатынастар жүйесінің
басқа түрлері – радио, теледидар және т.б. арқылы жүзеге
асты, алайда бұл телеқатынастар жүйесі «телефон қағидатының»
жаңа өнертабыс түрлерімен байланысының нәтижесінің
арқасында дүниеге келді.
Сауданың аздығы
немесе баяу дамуы телефонның
жетілуін ғана емес, радионың кеш дамуын да баяулатты. Бір жағынан,
телефондық байланыс құралдары іскерлік қызығушылық
танытатын және оны телефон құралдарымен байланыстыратын жаңа
ой ұсынуы тиіс еді. Телеграф пен телефон жүйелері «жаңалықты
жеткізуші» және саяси немесе мәдени жаңалықтарды бір
жолғы жеткізуші қызметін ғана атқарып тұрған
кезде, оларды жаппай мәдени өнертабыс түріне жатқызу қиын
еді.
Кез келген техникалық
немесе технологиялық жаңалық әлеуметтік, мәдени қолданысқа,
яғни социомәдени институтқа айнала бермейді. Оның үстіне
техникалық жаңалықтарды «әлеуметтендіру» мен «мәдениеттеу»
мәселесі техникалық шығармашылықтың емес,
зияткерлік жаңашылдықтың – идеяның нәтижесі болып
табылады. Тек телеграф пен телеқатынастарды кеңінен тарату жүйесін
біріктіру идеясы ғана радио мен радиотаратылымның қазіргі түрін
ерекше құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Телефон жүйесі мен кеңінен таратылымды біріктіру әрекеті оң
нәтиже бермеді, алайда радиобайланыс қағидатымен үйлестіргенде
ғана радиотаратылымдық әлеуметтік
медиаинститут секілді ағыл-тегіл нәтиже берді. Нәтижесінде
радио мен телефон орындарын ауыстырғандай болды, яғни телефон –
жеке тұлғаларды байланыстырушы құрал, ал радио – әлеуметтік
байланыс көзі болды.
Телеқатынастар
жүйесінің бұдан арғы тағдыры теледидар атты мықты
медиаинституттың пайда болуы және дамуымен тығыз байланысты
болды. Зерттеушілердің кейбірі радио мен теледидар арасындағы қарым-қатынасты
қарсыластық пен бәсекелестік ретінде қарайды. Ал басқа
бөлігі оларды «әсер ету аймағын» бөлуде бірін-бірі толықтырып
тұрады деп есептейді. Қалай болғанда да, теледидардың
пайда болуы радиотаралымның дамуына жаңа леп беріп қана қоймай,
көпшілікке әсер ету жолының жаңа тәсілдерін ойлап
табуға алып келді, ал бұлар бірге, яғни радио мен теледмдардың
бәсекелі, бірін-бірі толықтырарлық қатынасына, әлеуметтік
ортадағы елеулі өзгерістерге алып келді. Қазіргі
радиостанциялар аудиторияны өзіне тарту мен ұстап қалудың
жаңа тәсілдерін - студияға қоңырау шалу, радиожүргізушімен
тілдесу, тыңдармандардан туған күнімен құттықтауға
тапсырыс қабылдау секілді тәсілдер ойлап тапты. Радио өзінің
көптеген заттарға әмбебап бейімделгіштік қасиетін дәлелдеді:
белсенді демалып, жұмыс істеп, жүгіріп, жүзіп, ойнап жүріп
те радио тыңдауға болады екен.
Теледидардың
дамуы радионың жетілуі секілді қайғылы әрі абыл-сабыл түрде
болмады. Оның енуіне барлық қажетті алғышарттар: бұқаралық
басылым, сымсыз байланыс пен радио дайын еді, керегі тек технологияны жетілдіру
ғана болды, алайда ол да көп күттірмеді. Теледидар радио
секілді жарнамаға қатты мұқтаж болмады, сондықтан
қаржыландыру мәселесі оңай әрі жылдам шешілді.
Теледидардың мемлекетпен, қоғаммен, көрермендермен
байланысы, авторлық құқық мәселесі және
т.б. радио және басқа да ақпарат құралдарымен
салыстырғанда оңай шешіліп отырды, мұның өзі
радио мен басқа да БАҚ-на қарағанда теледидардың қарқынды
дамуына жақсы әсер етті. Радиотаралымға қарағанда
теледидардың таратылу мәселесі тез жолға қойылды.
Әдебиеттер тізімі:
1. Луман Н.
Реальность массмедиа. – М., 2005.
2. Нечай О. Ф.
Ракурсы. О телевивизионной коммуникации в эстетике. – М., 1990.
3. Телерадиоэфир:
История и современность. – М., 2005.