Газаев А.И., Қарабекова К.
М.Х. Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
ЖӘБІРЛЕНУШІМЕН
ТАТУЛАСУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ СОНЫҢ ІШІНДЕ МЕДИАЦИЯ АРҚЫЛЫ
ТАТУЛАСУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН
БОСАТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақстан
өз алдына мемлекет болып тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін,
егемендігіне, азаматтардың өмірі мен бостандықтарына тірек
болатын, өзінің барша құқықтық
негіздерін қайта құру қажеттілігі туды. Осы
бағытта қыруар жұмыстар атқарылды. Мемлекетті
басқару, экономика, әлеуметтік- саяси өмір, мәдениет,
құқықтық тәртіпті сақтау, елді
қорғау, сыртқы саясат қатынастарын реттейтін
көптеген заңдар мен жарлықтар қабылданып жүзеге
асырылуда.
Адамның
және азаматтың құқықтары мен
бостандықтары мемлекет арқылы қорғалады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында
«ең қымбат қазына –адам және адамның өмірі,
құқықтары мен бостандықтары»,- деп
жарияланған [1]. Осыған орай, Қазақстан
Республикасындағы барлық құқық салалары,
соның ішінде Қылмыстық құқықта адамды
қорғауды өзінің міндеті деп санайды.
Әділсоттылықты, заңдылықты жүзеге асыруда
Қазақстан Республикасының Қылмыстық және
Қылмыстық іс жүргізу құқықтарының
маңызы өте ерекше.
Қазақстан
Республикасының
қылмыстық-құқықтық саясат
тұжырымдамасына сай қылмыстық заңнамада қорғалатын
әлеуметтік жоғары құндылықтар ретінде адам
құқықтары мен бостандықтарының басым
екендігін және ажырамастығын тану негізге алынуы тиіс.
Қылмыстық
заңнаманы жетілдіру
қылмыстық-құқықтың негізгі
қағидаларын бұлжытпай сақтай отырып жүргізілуі
тиіс екендігі тұжырымдама талаптарының бірі болып танылады [2].
Елбасымыз Н.
Назарбаевтың 2010 жылдың 17 тамызында «ҚР
құқық қорғау қызметі мен сот
жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы»
Жарлығында «Қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік
рәсімдерін кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын
дамытуға, сондай ақ жеке және бұқаралық айыптау қылмыстық
істерінің санатын кеңейтуге» тапсырма бергені баршамызға мәлім [3].
2011
жылдың 28 қаңтарында Елбасымыз қол қойған
Қазақстан Республикасының « Медиация туралы» заңы 2011
жылдың 5 тамызында заңды
күшіне енді. Енді біз аз-кем осы ұғымға түсінік
бере кетсек.
Медиация
сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету,
яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе
мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Медиация – үшінші
бейтарап көзқарасты ұсынатын тараптың, яғни
медиатордың қатысуымен дау –жанжалдарды шешудің
баламалық әдісі. Ол екі
жақтың еріктілік, құпиялық, тең
құқылығын сақтай отырып, тараптардың
өзара бітімге келуіне жол ашады. Аталмыш Заң жеке және
заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек,
отбасылық және өзге де құқық
қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы
орташа қылмыстар туралы
қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын
дауларды шешуге қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың
мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып
табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар
және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару
мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер
бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру
саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп,
жүргізу қағидаттар
мен рәсімін және медиатордың мәртебесін
айқындайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Медиаторлар
екіге бөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы
білім алып, тәжірбие
жинақталған кәсіби
медиаторлар. Ал екіншісі - кәсіби
емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей,
медиаторлықты
таңдаған адам өз қызметін кәсіби де,
кәсіби емес те негізде жүзеге асырады. Жоғары білімі бар,
жасы 25 -ке толған, ҚР Медиаторлар
одағының арнайы
оқудан өткен кез
келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа
толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық
мүмкіндігі бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті
атқару органдарына тіркелуге
тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес.
Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке
құқықтық қатынастар бойынша
жүргізеді. Мемлекеттік қызметкерлерге, сотты болып, ақталмағандардың бұл қызмет түрімен айналысуларына рұқсат етілмейді [4].
Ең бастысы, медиатордың
бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді.
Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа
дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге
келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келімсімге келгеннен кейін іс сотта
бейбіт келісім ретінде
мақұлданады. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы
қылмыстық істер бойынша
жәбірленушіге
айыпталушы жақ келтірген
залалдың орнын толтыру туралы
екі жақты келісімге
келетін болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық
кодексінің 67 бабы негізінде қылмыстық іс қысқартылады. Ауыр емес
қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе
оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр
қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен,
арыз берушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса,
қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады [5].
Орташа ауыр
қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен
татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және жәбірленушіге,
арыз берушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық
жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
1997 жылы 16
шілдеде қабылданып 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап
заң күші бар Қазақстан Республикасының
Қылмыстық кодексінің 67-бабында орын алған «Жәбірленушімен
татуласуына соның ішінде медиация арқылы татуласуға
байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» нормасы
қылмыстық құқықта бірінші рет орын алып
отыр. Бұл норма қылмыстық құқықта
алғаш рет орын алғанымен қылмыстық іс жүргізу
құқығында осыған дейін және қазіргі
уақытта келелі орын алып келе жатқан норма болып табылады [5].
Қазіргі
уақыттағы қылмыстық
құқықтың саяси бағыт бағдары
қазақ елінің бұрынғы замандағы Тәуке
ханның «Жеті жарғы» қағидаларына сәйкестендіру
барысында пайда болған тәрізді. Себебі, Тәуке ханның
«Жеті жарғысы» қылмыстық, қылмыстық іс
жүргізу, азаматтық құқықтардың
барлығын қамтыған заң нормалары болып келген.
Мәселен, қазақтың әдет - ғұрып
құқығының нормалары шекті мөлшерде болса
да, жәбірленушіге өзінің бастамасымен өзін ренжіткен
адамды қудалап, оны келтірген күнәсі үшін кек
қайтару және оны құн төлеумен алмастыру
құқығы берілген. Құнын өтеу
қазақ әдет-ғұрып
құқығында көп таралған жаза түрі
болып табылады. Өлім жазасы және дене жарақаты
жәбірленушінің немесе оның әулетінің келісімімен,
сот үкімі бойынша құн төлеумен, яғни қан
үшін төлеммен ауыстырылады. Құн төлеумен
кінәлі жеке кек алу мен одан әрі заңмен қудаланудан
босатылады. Құн төлеу жүйесінде кінәлі немесе
оның туыстары жәбірленуші тарапымен айырбас бірлігі -
ақшамен, малмен, мүлікпен, кейде адаммен есептесті.
Тәуке
заңы бойынша ер адамның құны - 1000 қойға
немесе 100 түйеге, немесе 200 жылқыға бағаланған,
ал әйелдердің құны ер адамдардың
құнына қарағанда жарты құнына
бағаланған. Сұлтан немесе қожа үшін жеті есе
көп есептелген. Тәуке заңының белгілі ережелерінде
ақсақалдардың, билердің, батырлардың
қанының құны көрсетілмеген, бірақ
олардың құны қатардағыларға
қарағанда жоғары болғанын айту керек. Құн
жүйесін қолдану қажетсіз қан төгістің
қысқаруына септігін тигізді [6].
Қазіргі кездегі қылмыстық
құқықтағы жәбірленушімен татуласуына
байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормасы да
қылмыстық іс жүргізу құқығы мен азаматтық
құқықтың міндеттерін өз бойына жинауда.
Жәбірленушімен
татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормасы
статистикалық ақпараттарда арнайы көрсетілмеген. Оның
себебі аталған норманың өзі және оны қолдануда
басшылыққа алынатын Қазақстан Республикасының
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37- бабы мен
38-баптарына бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізуге
байланысты екендігімен түсіндіріледі.
Біздің
ойымызша, бұл заңның пайдалы жақтары әсіресе,
аудандық, ауылдық жерлердегі жиі кездесіп жататын кішігірім
дау-дамайларды шешуде өте ықпалды бола алады. Себебі,
ондағылардың көбі істерді сотқа жеткізбеуге
өздері мүдделі екендіктерін талай рет айтып та жүр.
Шет елдегі сот саласында бұл
практика бұрыннан қолданып келеді. Көптеген даулы істер
сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі екен. Мысалы,
Америкада істердің 95 %, Англияда 87 %, кішкентай ғана Словения
елінде 35 % бітімгершілік жолмен өз нәтижесін табатыны белгілі болып отыр [7].
Сондықтан да мұндай
бітімгершілік тәжірибе біздің еліміздің азаматтарына да
көп істерді уақыт созбай, жүйке
тоздырмай бітуіне ықпалын тигізері сөзсіз.
Аталмыш заң өз кезегінде
соттардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот
шешімдердің көбеюіне және бюджет қаражатын
үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым
халықтың сот жүйесіне сенімділігін арттырары сөзсіз.
Біздің
ойымызша, айтарлықтай жаңа қабылданған медиация институтын
дамыту барысында төмендегідей іс шараларды жүргізу қажет деп
санаймыз:
-Қылмыстық
істер бойынша бітімгершілікке келу арқылы істердің
қысқаруынан кейін, сол бітімгершілік шарттарынын орындалу механизмін ойластыру қажет;
-Көрінеу
жалған бітімгершілікке медиатор тарапынан итермелеуге жауаптылық
көздеу ( қылмыстық немесе әкімшілік );
-Медиаторлар
дайындау қызметтеріндегі қиыншылықтарды болдырмау, оны
әрі тереңдете дамытуға толыққанды атсалысып,
бітістіру және келісімге қол жеткізу шараларын дамыту қажет.
Әдебиет :
1.
Қазақстан
Республикасының Конститутциясы, Алматы, 2011ж.
2.
Қазақстан
Республикасының құқықтық саясат
тұжырымдамасы – Концепция правовой политики Республики Казахстан. –
Алматы: Жеті жарғы. 2009ж.
3.
Н. Назарбаевтың 2010 жылдың 17 тамызы «ҚР
құқық қорғау қызметі мен сот
жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы»
Жарлығы.
4.
Қазақстан
Республикасы Парламентінің жаршысы. №2 (2579) қаңтар 2011ж. ҚР «Медиация туралы» Заңы 2011 жыл, 28
қаңтар.
5.
Қазақстан
Республикасының қылмыстық кодексі. – Алматы: Юрист, 2011ж.
6.
Зиманов С., Өсеров Н. Қазақ әдет-ғұрып
заңдарына шариғаттың әсері. -Алматы: Жеті жарғы, 1998.
7.
Статистикалық
мәліметтер. www.google.kz – веб сайты.