Психология магистрі
С.М.Үсенова
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
БІЛІМГЕРЛЕРДІҢ
ТҰЛҒАНЫҢ ЖЕТІЛУІНЕ ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДЫҢ
МАҢЫЗЫ
Өзін-өзі тану ұғымының мазмұны
психология ғылымында неғұрлым толық ашылып
көрсетіледі. Мұнда өзін- өзі тану
ұғымының әртүрлі сатылары жіктеліп
қарастырылады.
Неміс психологы Ф.Перлз негізін қалаған гештальттерапия
бағытында өзін-өзі тану-бұл адамның
тұлғалық жетілу шегіне ие болу тәсілі болып табылады.
Ф.Перлз адамның тұлғалық жетілу шегінің көрсеткіші
ретінде мыналарды бөліп көрсетеді: өз-өзінен
қолдау таба білу; жауапкершілік ала білу қабілеті; күрделі
жағдайларда өз мінез-құлқын реттей білу;
тығырықтан шығу үшін тәуекелге келу тағы
сол сияқты қабілеттері. Сонымен қатар, өзін-өзі
тану мәселесіне гуманистік бағыттағы психология да басты
назар аударады. Мұнда өзін-өзі тану бұл
тұлғаның өзіндік дамуы, өзін-өзі
жетілдіруге қажетті негізгі шарт болып қарастырылады. Бұл
бағыттың танымал тұлғаларының бірі американ
ғалымы К.Роджерс өзінің концепциясында адамның бойында
кездесетін екі құрамдас бөлігін ашып көрсетеді: Шынайы
Мен және Идеалды Мен; және де адамға бағынбайтын,
бірақ үлкен ықпал көрсететін құрамдас бөлік-бұл
әлеуметтік орта.
Шынайы Мен-өзі жайлы, сезімдері, ой-пікірлері, ұмтылыстары
тағы басқалар жайлы түсініктер жүйесі. Идеалды
Мен-адамның тәжірибесі мен терең толғаныстары,
оның болғысы келетін деңгейі. Әлеуметтік орта-бұл
адамға сырттан жүктелетіннің барлығы: ережелер,
құндылықтар, көзқарастар,
мінез-құлық түрлері тағы басқалар. Шынайы
Мен және Идеалды Мен арасында туындайтын сәйкессіздік қобалжу
сезіміне, мінез-құлықтың бейімделмеген формаларына,
әртүрлі психологиялық мәселелерге алып келеді;
оның нәтижесінде тәжірибеде ауытқу немесе оны теріске
шығару пайда болады.
Психология ғылымында өзін-өзі тану орталарын ең
алғаш рет американ психологы У.Джеймс бөліп көрсеткен
болатын. Ол адам санасында тағылатын элементтердің қатарына
мыналарды жатқызады: денелік тұлға, әлеуметтік
тұлға және рухани тұлға. Денелік
тұлға-бұл адамның денелік ұйымдасуы және де
адамға қажеттігі, оны қоршайтын ортаның талап ететін
ерекшеліктерін құрайтынның барлығы: киімі,
жанұясы, өзіндік еңбек ету өнімдері, күйлері.
Әлеуметтік орта–бұл басқа адамдардың бізді
тұлға ретінде мойындауы болып табылады. У.Джеймстің айтуынша,
адамның әлеуметтік тұлғасы-қаншалықты
индивидтердің оның бойынан жеке тұлғаны мойындауына
және ол жайлы түсінік ала білуіне байланысты.
Рухани тұлға-сананың жеке күйлерінің, рухани
қабілеттерінің және қасиеттерінің тұтастай
бірігуі болып табылады. Отандық психология ғылымында
өз-өзін тануды ұйымдастырудың, өз-өзіне
сипаттама берудің, басқа адамдарға жан-жақты сипаттама
берудің көптеген схемалары кездеседі. Жалпылама түрде өзіндік
талдау мен өз-өзін тану процестеріне сүйенетін блоктарын
төмендегідей келтіруге болады:
Тұлғалық-мінездік қасиеттер: адамның
басқа адамдарға деген қатынасы (мейірбандық,
көнбістік, сыпайылық, ашықтық т.б.); еңбекке,
іс-әрекетке, оқуға, деген қатынасы
(бастамашылдық, орындаушылық, еңбексүйгіштік және
т.б.); өз-өзіне деген қатынасы (өз-өзін сыйлау,
сенімділік-сенімсіздік); затқа деген қатынасы
(ұқыптылық, тазалық т.б.); табиғатқа деген;
өнерге; ғылымға деген қатынасы көрінетін жеке
тұлға қасиеттері мен мінез бітістері.
Тұлғаның мотивациялық құндылық
сферасы өз бойынан іс-әрекет пен мінез құлықты
анықтайтын: өзінің қызығушылықтарын,
мүдделерін, себептерін, құндылықтарын тани білу.
Тұлғаның эмоциялық-еріктік
сферасы-өзінің эмоциялық күйлерін, басымдылық
танытатын сезімдерін, өзінің күйзеліс жағдайында
көрінетін мінез-құлықтарын реттей білу, тұрақтылыққа,
мақсатқа бағыттала білу сияқты қабілеттерін тану.
Қабілеттер мен мүмкіндіктер сферасы-әртүрлі өмір
әрекеттерінде өз қабілеттерін талдау, мақсаттарды
жүзеге асырудағы өз мүмкіндіктерін бағалау.
Тұлғаның танымдық сферасы-қабылдау, ес, ойлау,
қиялдау сияқты психикалық процестердің, өз
ақыл-ойының қасиеттері мен сапаларының, өмірлік
және кәсіптік мәселелерді шешу тәсілдерінің
қызмет атқаруын түсіне білу мен сезіне білу.
Темперамент қасиеттері мен сыртқы көрініс
сферасы-өзінің сыртқы көрінісі, түр-сипаты,
жүріс-тұрысы, өзін ұстай білу, сөйлей білу
мәнері, сонымен қатар темпераментті анықтайтын
қасиеттер жинағы өзіндік талдауға жүгінеді.
Қоршаған адамдармен қатынасының сферасы-адам
басқа адамдармен өзара байланыстары қалай жасалғаны
жайлы, өзара әрекет етуі қалай орындалатыны жайлы, өз
мінез-құлқы, қақтығыстары және
кедергілері жайлы талдау жасайды.
Іс-әрекет сферасы-адам қандай білімдерді, іскерліктерді,
дағдыларды, қабілеттерді игеретіні жайлы, оларды өмірде
және іс-әрекетте қалай қолданатыны жайлы, оларды
өз бойында қалай дамытатыны жайлы білу маңызды.
Өзінің өмірлік жолының сферасы-әрбір адам
қандай да бір дәрежеде өткенді талдап, қорытындылар
шығарады, келешекке жоспар құруды, жеке
тұлғасының болжамын жасайды. Өзін-өзі тану
процесс ретінде жеке белсенділікті таныту формасы, яғни оның
негізінде өзін-өзі тануға деген қажеттілік әрекет
етуге болатын мотив орын алады. Адамды барлық тіршілік иесі сияқты
белсенді іс-әрекетке келтіретін күш-бұл қажеттілік.
Индивидтің өзінің тіршілік етуінің және
дамуының қажетті жағдайларына тәуелділігінің
көрсеткіші.
Гуманистік бағыттың өкілі А.Маслоу өзінің
ұсынған теориясында тұлға
құрылымын-адамның қажеттіліктерінің сатылық
жүйесі үлгісінде келтірген болатын. Бұл үлгі бойынша
адамның дүниеге келген уақытынан бастап қажеттіліктердің
жеті түрі пайда болады: Физиологиялық (ағзалық)
қажеттіліктер; қауіпсіздікке қажеттіліктер;
сүйіспеншілік пен мейірімділікке қажеттіліктер;
сыйластыққа қажеттліктер; танымдық қажеттліктер;
эстетикалық қажеттліктер; өзін-өзі белсендіруге
қажеттілік. Бұл ұсынылған қажеттліктердің
сатылық үлгісі жоғары деңгейде дамыған
тұлғаға тән қажеттіліктер тізбегі. Мұндай
тұлғаның ең негізгі әрі маңызды
қажеттілігі өзін - өзі белсендіруге ұмтылысы болып
табылады.
Тұлғаның өзін-өзі таныту теориясының
негізін салушы А.Маслоудың анықтамасы бойынша,
«Өзін-өзі таныту-бұл адамның өзінің
барлық тұлғалық мүмкіндіктері мен
шығармашылық қабілеттерін толық ашуға және
дамытуға үздіксіз ұмтылысы». Өзін-өзі
танытудың психологиялық механизмі-ол тұлдғаның
құндылық-мағыналық өзіндік реттелуі,
өзінің барлық жеке-дара, типтік қасиеттерін,
эмоционалдық-еріктік, мотивациялық, танымдық аумақтарын
жетілдіруі. Сонымен қатар, білімгерлердің белсенділігінің
негізгі ынталандырушы және адамзат жағы ретінде біз адамның
өзі үшін, өз халқы, қоғам және
адамзат үшін өмірлік жауапкершілігінде көрінетін
мәдени-адамгершілік қуатты жетілдіруді қарастырамыз.
Біздің ойымызша, өзіндік тану, өзіндік сана, рефлексия
және әлеуметтік талаптарды есепке алу арқылы
өзін-өзі дамыту білімгерлердің өзін-өзі тануының
алғы шарты болып табылады.
Тұлғаның өзін-өзі танытуының негізгі
құрамдас бөліктерін эксперименттік түрде анықтау
мақсатымен біз оның негізгі аумағын және олардың
параметрлерін бөліп қарастырамыз:
1) тұлғаның мотивациялық аумағы:
мінез-құлықтың және іс-әрекеттің
мотивтері, әлеуметтік қажеттіліктер;
2) белсенділік аумағы: интерналдылық, инициатитілік,
өзіне-өзі сенімділік, өзін - өзі таныту;
3) тұлғаның
құндылықтың-мағыналық аумағы:
құндылықтық бағдарлар, өмірдің
мағынасы мен мақсаттары;
4) тұлғаның этникалық өзіндік санасының
аумағы-этникалық жаңсақ нанымдардың негізінде
қалыптасатын этномәдени сәйкестілік.
Субъект ретіндегі тұлға белсенділігінің негізгі
көзі-бұл мотивтер. Ал, білімгерлердің ең
жоғарғы мотиві-өзін өзі таныту. Мұның
өзі дамыған, шығармашылық
құндылыққа бағытталған белсенділікті
бейнелейді. Өзін-өзі таныту песихологиялық феномені
өзінің мазмұндық және динамикалық
табиғатында мотивациялық құрылым болып табылады.
Бұл жәйтті А.Маслоу және т.б. гуманистік психологтар орынды
атап кеткен. Олар өзін-өзі танытуды тұлдғаның туа
біткен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы ретінде
қарастырады. Сондықтан білімерлердің белсенділігін талдауда
оның негізінде жататын қажеттіліктер, мотивтер мен
қызығушылықтарды ескеру өте маңызды. Ал осы
мотивациялық жүйенің өзі белгілі-бір
қауымдастықтың қоғамдық-тарихи
дамуының өнімі болып табылады. Сондықтан бұл
әртүрлі өкілдеріндегі осы мотивациялық аумақ
бойынша өзіндік ерекшеліктерді түсіндіруге негіз бола алады.
Өзін-өзі танытатын білімгерлердің негізгі
қасиеттерінің бірі-белсенділік. Оны біз К.А.Абульханованың
көзқарасы бойынша қарастырамыз. Оның пікірі бойынша,
«белсенділік -бұл тұлғаның қажеттіліктерді,
қабілеттерді, өмірге қатынастарды және
қоғамның тұлғаға қоятын талаптарын
интеграциялау негізінде тұлғаға ғана тән, өмірді
ұйымдастыру, реттеу және өзіндік реттелу тәсілі».
Жалпы, белсенділік және оның құрамдас бөліктері
білімгерлердің өзіне-өзі сенімділік сияқты
мінездемесімен тығыз байланысты. Сондықтан біз өзін-өзі
танытатын білімгерлердің маңызды қасиеті ретінде өзіне
сенімділікті қарастырамыз. Өзіне сенімділіктің аз немесе
тіпті болмауы көп жағдайда пессимизм мен қысылуда
көрініс табатын білімгерлердің невротикалық симптоматикасына
әкеледі. XX ғ. 40 – жылдары АҚШ – тағы невроз
клиникасының бас дәрігері Андре Сальтер өзіне сенімсіздікті
коррекциялау, емдеу және әлсірету проблемасымен ең
алғашқы болып айналысты. Ол И.П.Павловтың теориясына
сүйеніп, өзіне сенімсіздіктің себебін тежелу
процестерінің қозу процестерінен басым болуынан «тежелгіш
тұлғаның» пайда болатынымен түсіндіреді. «Мұндай
білімгер өз сезімдерін, қажеттіліктерін ашық түрде
шығара алмайтын, өзіне-өзі жүзеге асыруда шектелетін,
соның нәтижесінде адамдармен қатынасқа түсе
алмайтын болады»- деді. А.Сальтер өзіне-өзі сенімді
тұлғаның алты мінездемесін бөліп көрсетті:
сөйлеудің эмоционалдылығы; экспрессивтілік және
конгруэнттылық; қарсы тұра алу және шабуылға
шыға алу, тікбеткейлік; «тығылмау», өз «Менін» ашық
білдіре алу қабілеті, ұялмаушылық; өзін - өзі
кемсітуді және өз күші мен қасиеттерін жеткілікті
бағаламауды қабылдамау; импровизацияға қабілеттілік.
1970- ші жылдың басында сенімділік туралы көзқарас
қалыптасты. Ол өз құрамына эмоционалдық
(үрей, мазасыздану), мінез-құлықтық
(әлеуметтік мінез-құлық дағдысының
жетіспеуі), когнитивтік (өзін-өзі түйсіну мен өзін-өзі
бағалаудың төмендігі) компоненттері бар адамның
комплекстік мінездемесін кіргізді. Сонымен, өзіне-өзі
сенімділік-индивидтің өз дағдылары мен қабілеттерін
өзінің мәнді мақсаттарына жетуде және өз
қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті ретінде позитивті
өзіндік бағалауынан тұратын, білімгерлердің
тұлғалық қасиеті болып табылады.
Адамның негізгі мотивтерін зерттеуге тырысу білімгерлердің
тұлғалық құндылықтарын талдау
қажеттілігіне әкеледі. Өзін-өзі танытатын
тұлғаның келесі зерттеу аумағы ретінде бізбен
құндылықтық-мағыналық аумақ
бөлініп шығарылды. Құндылықтық
бағдарлар-бекітілген нұсқаулардың жүйесі. Ол
тұлғаны осы мәдениеттің
құндылықтарына бағдарлайды және
тұлғаның өмірлік және
мінез-құлықтық шешімдерін елеулі анықтайды.
Құндылықтар-адамдардың тарихи тәжірибені
және этнос мәдениетінің мағынасын шоғырландырып
көрсететін, мінез-құлықтың, мақсаттар мен
норалардың жалпыланған түсініктері. Құндылықтардың
психологиялық табиғаты күрделі. Бұл олардың, бір
жағынан, әлеуметтік, ал екінші жағынан, жеке даралық
болып табылумен түсіндіріледі. Себебі, оларды белгілі-бір адамның
қайталанбас өмірлік тәжірибесі, сонымен қатар,
қызығушылықтары мен қажеттіліктерінің,
әдістерінің ерекшеліктері жинақталған. Осыған
байланысты, біз әрбір тұлға өзін - өзі танытуда
этноәлеуметтік те, жеке даралық та құндылықтарды
басшылыққа алады деп айта аламыз.
С.М.Жақыпов этникалық жансақ нанымдарды
тұлғаның этникалық стериотиптері мен
құндылықтық бағдарлары арасына орналастырады.
Автордың түсінігінше, этникалық жаңсақ нанымдар
өзіне этникалық стериотиптердің динамикалық
мазмұнын және құндылықтық
бағдарлардың этникалық мазмұнын кіргізеді.
Психологиядағы құндылықтық тұрғының
бір ерекшелігі-ол тұлғадағы қандай тенденциялар
өсу және даму тенденциялары, ал қандайлары деградация
тенденциялары екендігін түсінуге көмектеседі. «Оқу процесін
басқару білімгердің ішкі күштері мен мүмкіндіктеріне
сүйене отырып, жүргізуді қажет етеді»,- деген
Л.М.Фридманың пікірі де жеке тұлғаның
рухани-адамгершілігін дамыта оқытуды педагогика мен психология
заңдылықтарымен қатар деген ынта-ықыласын, зейінін
жетілдіріп тәрбиелеу үшін әр білімгердің жоғарыда
айтылғандай, психологиялық ерекшелігін білу қажет.
Соңғы он жылдықта ресей психологтары аса белсенділікпен
өмірдің мағынасы мәселенің түрлі
аспектілерін зерттеумен айналысуда Б.С.Братусь, В.Т.Ганжин, В.Э.Чудновский,
А.А.Бодалев адам өмірінің мағынасы мен оның
акмесінің өзара қатынасын зерттеді. А.А.Бодалевтің
анықтамасы бойынша: «Өмірдің мағынасы-ол адамның
санасындағы субъективті ең маңызды құндылық
және оның мінез-құлқының басты реттеушісіне
айналған құндылық». Ал «адам дамуының шыңы
немесе акмесі, - деп ол, - осы процесте өз денсаулығының
белгісі бойынша адам организмінің, құратын
қатынастардың адамгершілік нормаларға сәйкестілік
белгісі бойынша тұлғасының, еңбектегі және
қарым – қатынастағы, сондай-ақ қоршаған
дүние мен өзін-өзі танудағы сәттіліктер белгісі
бойынша іс - әрекет субъектісі ретіндегі қабілеттерінің
жететін ең жоғары нүктесін» - есептейді. А.А.Бодалев бойынша,
адамның өмірдің мағынасына ие болуы мен шыңына
шығуы оның өз өмір жолындағы барлық
жастық кезеңдерінде әсерленетін әлеуметтенуінің
және тәрбиесінің сипаттамаларымен байланысты. А.А.Бодалев
тұлғаның өзегі ретіндегі өмірдің
мағынасына ие болу күнделікті тұрмыстық «Меннен» (бос,
мағынасыз күн көруден) жоғары «Менге» (жалпы
адамзаттық құндылықтармен итермеленетін
мағынаға толы өмірге) өтуді жүзеге асыратын
механизм ретінде қарастырады. Біздің ойымызша, бұл механизмді
тұлғаның өзін - өзі танытуының
маңызды механизмі ретінде бөліп көрсетуге болады. Юнг бойынша,
өмірдің мағынасы рухани және мәдени
мақсаттардың қойлуымен байланысты. Ол өмірлік
мағынаға ұмтылу жан саулығының негізгі шарты
болып табылатындығын айтады. Осылайша, Юнг өмір мағынасын
табуды арнайы міндет пен қажеттілік ретінде санап, оны табуға адамның
іргелі бағыттылығының болуын көрсетті.
С.М.Жақыпов жеке мағыналық құрылымдарды емес, ал
тұлғаның танымдық іс-әрекетінде көрінетін
ішкі психикалық құрылымдардың тұтас жүйесін
қарастырды. Ғалым мотивацияның іс-әрекетке
байланыстылығын іс-әрекеттегі мотивтердің, мағына
және мақсаттың пайда болуымен түсіндіреді.
Білімгерлердің тұлғалық мағыналық
деңгейлерінің иерархиялық түзу моделін біз
Б.С.Братусьта кездестіреміз. Ол тұлғаның
мағыналық аумағында бірқатар өзіндік
ерекшеліктері бар деңгейлерді бөліп қарастырды.
Төменгі, нөлдік деңгей-прагматикалық
жәйттық мағыналар.Бірінші деңгей-өз қамын,
пайдасын, беделділігін ойлаумен анықталатын, эгоцентрлік деңгей.
Екінші деңгей-топқа бағытталған деңгей, онда
ақиқатқа мағыналық қатынас референтті кіші
топпен, адамның жақын ортасымен анықталады. Үшінші
деңгей-проәлеуметтік деңгей, ол қоғамдық
және жалпыадамзаттық, яғни адамгершіліктік бағдарлардан
тұрады.
А.Маслоу бойынша, әрбір психикасы сау жетілген тұлғада
өзін-өзі таныту оның жетекші мотиві, өмірлік
мағынасы болып табылады.Егер көптеген отандық және
шетелдік психологтар білімгерлер тұлғасының
өзін-өзі танытуы әлеуметтік сәйкестіліктерден
тәуелсіз, оның жекедаралық белсенділігі деп тапса,
біздің тұжырымымызша, тұлғаның этномәдени
сәйкестілігі тұлғаның тұтас құрылымдық
табиғатының ажырамас бөлігі екендігі анықталды.
Мұның өзі этномәдени сәйкестіліктің
қалыптасуы, тұлғаның өзін - өзі танытуына,
көптеген тұлғалық қасиеттердің дамуына
әсер ететін маңызды әлеуметтік-психологиялық механизм
болып табылатынын көрсетеді.
Біз Б.С.Братусьтың үш деңгейлі
құндылықтар құрылымын дұрыс деп санап,
негізге аламыз. Осының негіізінде біз тұлғамен
өзін-өзі танытудың төменгі деңгейінде-прагматикалық
(оны біз бейімделу құндылықтары деп атадық)
құндылықтар, ортаңғы
деңгейінде-әлеуметтік құндылықтар, ал
үшінші, ең жоғарғы деңгейінде-проәлеуметтік
немесе әлеуметтіктен жоғары құндылықтар,
әлеуметтік қүұндылықтармен бірігіп,
әлеуметтіктен жоғары құндылықтарды
құрады. Яғни, бұл деңгейде адам
өзінің жеке басынан, өзін қоршаған жақын
ортасынан, жалпы адамзаттық игіліктер мен мүдделерді ойлау
деңгейіне шығады. Бұл интеграциялық деңгейге адам
өзінің онтогенездік дамуы барысында біртіндеп, әуелі
бейімделуден, содан кейін әлеуметтену барысында жеке дараланудан
өтіп барып жетеді.Біз бұл жерде А.В.Петровскийдің
дамудағы тұлға теориясында сипатталған
тұлғаның әлеуметтік ортада дамып
қалыптасуының үш фазалы даму идеясына сүйенеміз.
Сондай-ақ, тұлғаның этномәдени ортада
өзін-өзі таныту сәттілігінің негізгі индикаторы ретінде
С.М.Жақыповтың идеясы негізінде этникалық жаңсақ
нанымдарды қарастырамыз. Осындай зерттеудің нәтижесінде
бізбен білімгерлердің өзін-өзі танытуының
құрылымдық-динамикалық моделі жасалынды.
Қорыта айтқанда, білімгерлер тұлғасының
өзін-өзі танытуы жеке-даралық та, әлеуметтік те
факторламен детерминацияланады. Бір жағынан, олар
тұлғаның әлеуметтенуі барысында жекедаралық
қасиеттерімен байланысты болады. Осыдан, әрбір адам
өзінің қайталанбас ерекшілігінде, жеке дара тәсілінде
өзін-өзі жүзеге асырып, өзін-өзі танытады. Екінші
жағынан, білімгерлер өзінің микро және макро ортасына
тәуелді өзін-өзі танытады. Отандық психологтар,
өзін-өзі жүзеге асыруды индивидтің өзімен саналы
және арнайы түрде ұйымдастырылатын, адамгершіліктік
түрде реттелетін өзінің әлеуметтік-психологиялық
қасиеттері мен күйлерін түрлендіруі (жетілдіруі, дамытуы)
ретінде анықтайды. Сонымен, білімгерлер тұлғасының
позитивті этномәдени сәйкестілігінің қалыптасуы
оның өзін-өзі танытуына қолайлы жағдайлар тудырып,
өзіне-өзі жүзеге асыруына елеулі ықпал етеді.
Әдебиет:
1.
Б.Қ.Дамитов. Өзін-өзі тану. Алматы, 2004 ж.
2.
С.А.Назарбаева. Өзін-өзі тану. Алматы, 2004 ж.
3.
С.А.Назарбаева. Этика жизни. Алматы, Бизнес-информ, 2001 ж.
4.
В.И.Гарбузов. Воспитание ребенка. – М, 2002.
5.
С.А.Елеусізова. Қарым-қатынас психологиясы – А, 1985.
6.
О.Л.Зверева. Семейная педагогика и домашнее воспитание – М, 1999.