Әбділлаев Ә.К. ХҚТУ профессоры

 Абусейтов Б.З. п.ғ.к., доцент

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ түрік университеті,  Түркістан қаласы

ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІ ҮДЕРІСІНДЕГІ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жас өскін балалар мен жас жеткеншектердің өзін-өзі тануы, өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі бақылауы, өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі тәрбиелеуі, өзін-өзі көрсетуі үшін кең мүмкіндіктер туғызу мақсатында балалар, жеткіншектер және жасөспірімдерге арналып, мемлекеттік деңгейде құрылған ресми мекемелер жүйесіндегі ұйымдарда, сол сияқты  бейресми бірлестіктердегі әр түрлі бейнедегі қызмет түрлерінде олардың әлеуметтік белсенділіктерін барынша жетілдіру қарастырылған. Балалар мен жас жеткіншектердің қажеттілік және қызығушылық сұраныстарын қанағаттандыратын дене жаттығуларымен шұғылдануы басты жеке тұлғалық міндеттердің бірі болғандықтан, маңызды орын дене мәдениетіне беріледі.

Тәрбие балалар мен жас жеткіншектердің адамдардың өмір жолындағы тәжірибелерін алуы, әлеуметтенуінің маңызды жақтарының бірі болып табылады. Тәрбиенің оқытып, үйретуден айырмашылығы, мұнда адамның танымдық үдерістерінің қалыптасуы, яғни қабілеттері, олардың білім, біліктілік және дағдыларды бойына сіңіруі, тұтастай алғанда тәрбие жұмыстары адамның жеке тұлға ретінде қоршаған ортаға, қоғамға, адамдарға деген жағымды қарым-қатынасын, дүниетанымын, көзқарасын қалыптастырады.

Оқытып, үйрету және тәрбие үшін жалпы тән қасиет, бұл адамның әлеуметтік тәжірибе жинақтау механизмінің негізгі, ал спецификалық (өзгешелік) жағынан, осы алынған тәжірибені құндылық ретінде қабылдауының субъективтік нәтижесі, сонымен бірге, тәрбиелік іс-әрекетінің үлгісі, ал білім берудегі қолданыста білім, біліктілік және дағдылары болып табылады..

Тәрбие жқмыстарымен, оның ғылыми негізделуімен психология мен педагогикадан басқа философия және социология айналысады. Тәрбие өзінің мақсаттарын анықтаудан басталады. Тәрбиенің басты мақсаты жас ұрпақты қоғамдағы тіршілік үшін оларға қажет, пайдалы жеке тұлғалық сапаларын қалыптастырып, дамыту болып саналады. Тәрбие мақсаты кез келген қоғамда өмір бойына және тұрақты белгіленбейді. Қоғамдық жүйке құрылымы мен әлеуметтік қатынас өзгерсе, онда тәрбие мақсаты да өзгереді.

Тәрбиенің жалпы мақсаттарымен қатар арнайы мақсаттары да болады. Тәрбиенің арнайы мақсаттарының ішінде қоғамдық прогрестің қазіргі заманғы ұстанымдарына сәйкес келетін, дене мәдениетімен және спортпен шұғылданатын, бастамашыл, табысқа жетуге адал, тазалықпен талаптанатын жігерлі балаларды, жеткіншектерді және жастарды тәрбиелеу басты орын алады.

Психикалық (грекше «psyche»- жан ұғымын береді) дені сау адамды қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі дене мәдениетімен және спортпен шұғылдану қызметі болып табылады. Дене тәрбиесі пәні оқытушысы мен спорт түрлері жаттықтырушыларының басты міндеттерінің бірі, олардың дене мәдениеті бойынша өткізетін шұғылдану сабағы балалар мен жас жеткіншектердің тек дене дамуы үшін ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғалық интеллект ретіндегі жағымды қасиеттерін қалыптастыру мақсатында сабақтың психологиялық жағдайларына, яғни өзімшілдік, екі жүзділік, арсыздықты жоюға мүмкіндік туғызатындай деңгейде жүргізілуімен қорытындыланады. Сонымен бірге, педагог шұғылданушылардың өздерінің жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін бағдарлауына баса назар аударуларына күш салуға міндетті. Бұл, тәрбиенің негізі өзін-өзі тану үдерістерін жандандыруға мүмкіндік туғызады.

Дене белсенділігі арқылы өзін-өзі тану бұлшық еттер қызметі, ішкі органдар мен адамның психикалық жағдайлары арасындағы тығыз байланыстың болуымен қамтамасыз етіледі. Дене тәрбиесі үдерісі адамның ішкі дүниесіне, оның санасына және іс-әрекетіне тікелей әсер етеді. Дене жаттығуларының әсерімен организмнің барлық органдары мен жүйелерінің қызмет ету сипаты өзгереді, олардың құрылымы жетіледі, ауруларға, стрестік жағдайларға (титықтау) орнықтылығы артады, дененің соматикалық және психикалық саулығы нығаяды. Осындай бейнеде бастауыш сыныптардың өзінде дене жаттығулары балалардың психикалық дамуына қолайлы жағымдылықта әсер етуі үшін мүмкіндік туғызып қана қоймай, олардың өздері бұлай әсер етудің механизмдері жайлы бастапқы білімді алуы тиіс.

Дене тәрбиесінің тиімділігі, оның көмегімен шұғылданушыларда салауатты денсаулық дағдылары, стрестік жағдайларда өзін-өзі бақылау, агрессивті іс-әрекеттерден бас тарту бейімділігі және агрессивті озбырлыққа жол бермеуге дайын болу сияқты жеке тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Дене тәрбиесі үдерісінде оқушылардың «мен» деген адамдық бейнесі, өзіне деген сенімділігі тәрбиеленіп, қалыптасады.

Қозғалыс белсенділігі өзіне тек қандайда бір қозғалыс әрекеттері мен дағдыларды ғана меңгертіп қоймайды, сонымен бірге танымдық және жеке тұлғалық аспектілері де қатар тәрбиеленеді. Бір жаттығудың өзін қозғалыс қабілеттерін дамыту үшін және қимылдық әрекеттерді жетілдіру ретінде ғана емес, сол сияқты ойындық үлгіде балалардың интеллектуалдық дамуы үшін де пайдалануға болатыны бұрыннан белгілі.

Алайда дене тәрбиесі бойынша жүргізілетін жұмыстарды балалар мен жас жеткіншектердің жеке ерекшеліктерін зерттеусіз жоспарлап, құру мақсатты тәрбиелеу нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік туғызбайды. Тек балалардың жеке ерекшеліктерін зерттеуден кейін олардың психикалық саулығын қалыптастыру үшін дене тәрбиесінің құралдарын (дене жаттығуларын) іріктеп, таңдау кезінде маңызды педагогикалық принцип, дидактикалық (грекше «Дидактикос»- оқыту, үйрету) іс-әрекет кезіндегіден кем түспейді.

Дене белсенділігі барысында жүзеге асырылатын барынша тиімді психологиялық-педагогикалық әдістердің бірі ілеспелі әсер ету принципіне негізделген, яғни оқушылардың іс-әрекетін, жағдайы мен қызметін басқарудың кешенді әдісі болып табылады. Бұл принциптің мәні, мысалы, дене қозғалысының шапшаңдық (немесе күш, төзімділікте т.б.) сапасында нақтылы өзгеріске қол жеткізуге қолданылатын құрал (жаттығу) мүмкіндік туғызады делік, яғни өз кезегінде психикалық өрісінде (мысалы, ақпаратты алу және шешімді тез қабылдау шапшаңдығы)  бағытты өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Мұнда ілеспелі әсер ететін дене жаттығулары келесі дене қозғалысы сапасының дамуы үшін алғы шарт жасайды, сонымен бірге жаттығу бір мезгілде қатарласып (паралель) дене және психикалық ортасына әсер етеді.

Жалпы алғанда, жалпы тәрбие мен дене тәрбиесінің арасында өзара тікелей байланыс болады. Мысалы, жеке тұлғаның, оның ішінде әсіресе жас жеткіншектердің жастарында ерекше маңызды, өмірде өз орынын айқындауында өзін-өзі тану үлкен рөл ойнайды. Өз кезегінде ол дене жүктемелерін анықтаудың жағымды мотивациясы әсерімен, әсіресе қимылдық және спорттық ойындар барысында барынша тиімділікте қалыптасады. Организмнің дене күш-қуаты қорларының артуымен барынша табысты әлеуметтенуіне мүмкіндік жасайды.

Тәрбие үдерісі жоғары көңіл-күймен сәттілік жағдайында жүргізілсе жоғары табыстылық деңгейінде іске асырылады. Дене мәдениетімен шұғылдану кезінде мұндай көңіл-күй жағдайы әсіресе спорт ойындары кезінде оңай жүзеге асады. Алайда көңіл-күй сәттілігінің деңгейі ойынның мазмұны мен созылу ұзақтығына ғана емес, яғни ойыншылардың жынысына, жасына, дене даярлығы жағдайына да байланысты. Д.А.Беленов және О.В.Козыревалардың (2004) мәліметтері бойынша, мектепке дейінгі жастағы балалар созылу уақыты 20 минуттан аспайтын қысқа уақытқа белгіленген ойындар кезінде барынша қанағаттану сезіміне бөленеді. Жарыс түрінде емес, ойындардың ойнау уақытын арттыруға болады.

Еліміздегі мектеп оқушылары тұтастай алғанда дене мәдениеті мен спорттың өз өмірлеріндегі маңыздылығын өте жоғары бағалайды. Жас жеткіншектердің дене тәрбиесі құралдары арқылы өз денсаулықтарын нығайтуға, жеке дамуының артуының мүмкіндігіне олардың 80% мүдделі. Әрине олардың көпшілігі осы мақсаттарға жетудің құралы ретінде мектептегі дене тәрбиесі сабағын емес, сабақтан тыс спорт секцияларында және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде спорттың бір түрімен жүйелі шұғылдануды ұнатады. Есте қаларлығы балалар мен жас жеткіншектердің санасында олардың денсаулығын сақтау және нығайту ісінде сенімді адамдардың тізімінде ата-аналардан кейінгі бірінші орынға спорт жаттықтырушысын, екінші орынға дәрігерін, үшінші орынға мектептегі дене тәрбие пәні мұғалімін қояды. Бұдан басқа мектеп оқушыларымен жүргізілген сауалнамада белгілі қайраткерлер, атақты адамдар бейнесі туралы олар тек танымал спортшыларды атаған, ал өнер жұлдыздарын бірде біреуі белгілемеген.

Педагогикалық үдерістің дене мәдениеті бойынша негізгі функциясы білім беру, тәрбиелеу және шұғылданушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту болып табылады. Бұл функцияларды іске асыру осы кезге дейін елеулі қиындықтар тудыруда. Республика көлеміндегі мектептердің дене тәрбиесі сабақтары мен спорттық-көпшілік ұйымдастыру жұмыстарын талдау көрсеткендей, дене жаттығуларымен белсенді шұғылданатындар жалпы оқушылар контингентінің 60% ғана құрайды екен. Сондықтан олардың көпшілігі қозғалыс белсенділігінің қажетті нормасын ала алмайды. Организмнің ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз дәрежеде алынған биологиялық қажетті дене жүктемелері балалардың денсаулықтарының нашарлауына әкеледі.

Мұндай жағдайдың туындау себебі мыналар болуы мүмкін:

-         білім алушылардың денсаулық жағдайы;

-         дене мәдениеті мен спорттың мәнін бағаламау;

-         оқу-тәрбие үдерісінің білікті спорт мамандарымен қамтамасыздандырылмауы;

-         нашар материалдық-техникалық база;

-         спорт құрал жабдықтары мен спорттық қондырғылардың жетіспеуі және т.б.

Оқытып, үйретуде және тәрбиелеуде адамдардың дене жетілдірілуіне және қоғамның алға басушы қазіргі заманғы деңгейіне сәйкестікте жан-жақты дамуына бағытталған дене мәдениетінің құралдары, әдістері және формаларының кешенді шаралары қолданылады.

Білім беру үдерісі келесілерді бағдарлайды:

-         жеке дене белсенділігі негіздерін меңгеру;

-         дене мәдениетінен білімді, біліктілікті және дағдыларды үйрену;

-         үйлесімділік қабілеттерін дамыту;

-         өздігінен дене мәдениеті-сауықтыру және спорттық қызмет дағдыларын қалыптастыру;

-         ерік-жігер, өнегелілік сапалары мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту.

Бұларға адамгершілік және дене мәдениеті-спорттық қызмет үдерісіндегі қарым-қатынас қуанышы сияқты жеке тұлғалық сапаларды қалыптастыруды қосуға болады.

         Білім беру үдерісінде оқушылардың тиімді дамуы үшін дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы өзінің іс-тәжірибесінде мына төмендегілерді пайдалануы тиіс:

-         қазіргі заманғы озық психологиялық-педагогикалық және психологиялық-физиологиялық технологияларды қолдану негізінде оқытып, үйретуді ең жоғары деңгейге көтеру (оптимизациялау) және күшейту;

-         жеке тұлғаның үйлесімді үндестікте дамуын қалыптастыруға іскерлік қатынас.

Білім берудегі іскерлік қатынас оқушыларды тек дайын білім мен біліктілікті меңгеруге ғана емес, сонымен қатар дене мәдениеті-сауықтыру қызметінің жаңа амалдарын үйренуге бағдарлайды. 

         Педагогикалық үдерісті оптимизациялау мына ұғымдармен түсіндіріледі:

-         оқу-тәрбие қызметінің қарқындылығын арттыру;

-         оқытып, үйретудің мақсатты бағыттылығы және дене мәдениетімен және спортпен шұғылдануға мотивацияны күшейту;

-         оқытып, үйрету әдістерін және шығармашылық үлгілерін қолдану;

-         компьютерлерді, интерактивті тақталарды және басқа техникалық құралдарды пайдалану, сонымен бірге оқу ақпаратын меңгеру.

Дене қабілеттері дамыған, жоғары адамгершілік, ерік-жігер, өнегелілік-рухани және психикалық сапаларын бойына сіңірген студенттерді даярлау үшін егеменді еліміздің жоғары оқу орындарында барлық мүмкіндіктердің бар екендігін тәжірибе нәтижелері дәлелдеп отыр.

Алайда оқу үдерісін интенсификациялау, жаңа пәндерді ендіру, оқытып, үйретуді компьютерлендіру әдеттегі оқу және демалыс ырғағын бұзуға, дене және жүйке-психикалық жүктемелерінің артуына жиі ұрындырады.

Үнемі күштенумен назар аудару, әрекеттің дәлдігі мен уақытында орындалуы, арттырылған жауапкершілік артық қажуға және жүйке күштенуіне әкеледі.

Оқытып, үйретуді интенсификациялау барасында жоғары жұмыс қабілеттілігін сақтау үшін оқушыларға дене мәдениеті бойынша шұғылдану сабақтарында қалыптасатын белгілі дәрежедегі қозғалыс дағдылары мен арнайы психикалық сапаларын меңгеруі қажет.

Білім беру жүйесінде қолданыстағы дене мәдениеті мен спорт басқа білім беру пәндерімен тығыз байланыстағы оқытып, үйрету және тәрбиелеудің міндетті және ажыратылмайтын бөлігі болып табылады.

Дене мәдениеті мен спорт бойынша педагогикалық қызметтің мақсаттарын іске асыру үшін әр түрлі құралдары, формалары және әдістері пайдаланылады.

Оқушылардың жақсы денсаулығы мен дене қабілетінің жағдайы дене мәдениетінен білім берудің динамикалық,  педагогикалық және спецификалық үдерісіндегі басты нәтижелердің бірі ретінде қарастырылады.

Дене мәдениеті жеке тұлғаны жан-жақты үйлесімділікте дамытудың маңызды құралы, дене қабілеттерін жетілдіру мақсатында адамның әлеуметтік ілгерілеуінің қозғаушы күші болып саналады.

 

Пайдаанылған әдебиеттер:

1.     Родионов А.В. Психология физического воспитания и спорта. Учебник для вузов.-Москва. Фонд «Мир» 2004г.

2.     Ильин Е.П. Психология спорта. Питер, 2008 (серия «мастер психологии»).

3.     Кайнова Э.Б. Общая педагогика физической культуры. Учебное пособие. Москва. 2007г.

4.     Кузнецов В.С. Теория и методика физической культуры. Учебник для студентов учреждений высшего професионального образования. Москва, изд. Воцентр «Академия» 2012г.