Педагогика. Современные  методы  педагогики

Ағаділова  Меңтай  Ертайқызы

қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

№104  жалпы  білім беретін мектебі Алматы  қаласы, Қазақстан

 

ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ  ТҰҒЫРЫ

                                                       

                                                      

                                                        «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ».

                                                                                                 Н.Ә.Назарбаев

         Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел –өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлтық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады.  

    Шыңғыс Айтматов: «Әрбір тіл – өзінің халқы үшін!»,- деп айтып өткен. Сондықтан да әр халық өз ұлтының тілін ұлықтайды. Шығыстанушы ғалым В.Радлов: «Қазақтың тілі- әуезді де әсем, шебер де шешен. Әсіресе, сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы, өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таң қалдырады»,- деп баға берген.

     «Ана сүті бойыңды өсіреді, ана тілі ойыңды өсіреді»,- дейді. Тіл- ойды жеткізудің құралы. Тіл даму үшін әуелі ой дамуы керек. Тілді дамыту мәселесі бесіктен басталатыны сөзсіз. Тіл өмірге араласып, заманға тірі күйінде қызмет ету үшін, тілдің өшпейтін өмірі болу керек. Тілдің ортасы-өмір,қорғаны- қоғам.Ендеше,мемлекеттік тіліміз өз топырағында қағажу көрмей,ауыз ашқан сөзге, қия басқан қадамға  араласатын ең құдіретті тіл болуы тиіс.

      Қазақ тілі- қашанда құдіретті, қасиетті тіл. Қазақ тілі – қазақтың ұлы  ақыны Абайдың, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтардың, дауылпаз жырдың Құлагері Ілиястың, сұлу сөздің иесі Сәкен мен Мағжанның тілі.Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы үні- домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әндей. Қазақ халқы ежелден-ақ, тіл қадірін біліп, сөзге бағына білген. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз үйлескен  ырғақ болады. Нақты дәлел келтіретін болсақ, үш кемеңгер биіміздің бірі Төле би былай деп айтқан екен:

Уа, халқым!

Көсіле шабар жерің бар!

Тау көтерген елің бар,

Қол бастайтын елің бар.

Атадан қалған сара жолың бар,

Сөз қадірін біліңдер!

Осындай құдіретті ұлы тұлғалардан қалған қасиетті тіліміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату –бүгінгі таңдағы әр азаматтың борышы.

      “Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай  алмақ  емес,  ондай  ұлт  құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін  бірінші шарт — тілі  болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың  тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс,  мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы  біресе желсіз түндей  тымық,  біресе құйындай  екпінді тарихы, сары далада  үдере көшкен  тұрмысы,  асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі  — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің  ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары  күндерде  бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының  тілі біріксе,  ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса,  сөз жоқ, түрік тілінің  келешек тарихында  қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік”,- деп  Мағжан  Жұмабаев қазақ  тілінің  болашағына  кемеңгерлікпен баға  берген.

       Ұлан-ғайыр қазақ жерінің және елдің иесі қазақ болғандықтан, оның сөйлеу тілі де қазақ тілі болуы тиіс. Өзін мәденеитті, білімді, ұлтжанды санайтын әрбір адам, ең бірінші, өз ана тілінде таза сөйлей білуі қажет. Тіліміздің тұтқасын берік ұстамай, берекелі ел бола алмайтынымыз анық. Өйткені, тіл- елдігіміздің белгісі, тірлігіміздің айғағы. Қазақстанда өмір сүріп жатқан қай ұлт болмасын сол мемлекеттің, сол ұлтың ортақ қазынасын иемденуші болғандықтан, сол елдің тілін қастерлеп, үйренуі керек. Әрбір адам  өзінің адами болмысын көрсете білуі қажет. Олай болса: «Адамға екі нәрсе тірек тегі. Бірі- тіл, бірі- ділің жүректегі»,- деп Жүсіп Баласағұн бабамыз  айтқандай, қазақ тілін қастерлеу- тек қазақ ұлты ғана емес, Қазақстан топырағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің де міндеті.      

     Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі.Біздің осындай қасиетті мұрамыз -қазақ тілі. 

         Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар мен  мәдени мұра сабақтастығын  сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу және шығармашыл, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру, әрбір шәкіртке мемлекеттік тілді меңгерту –  қазіргі заман талабы. Оқушыларды мемлекеттік  тілде сөйлеуге үйрете отырып, әдеби шығармаларымыз арқылы олардың ұлттық сана-сезімін ояту.Қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын танып-білуге талпындырып, тілін құрметтеуге, қазақ халқының үлкенге деген құрметі, кішіге қамқорлығы, бауырмалдығы мен қонақжайлығы туралы мәлімет беру арқылы  интернационалдық, патриоттық рухта тәрбиелеу, саналы да білімді,  жігерлі де қайратты тұлға қалыптастыру. 

      Бүгінгі қазақ тілінің болашағы мен тағдыры Елбасымызды аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі- бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Сондай-ақ, кейінгі Қазақстан  халқына Жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.

   Абайдың даналығын, Абылайдың данышпандығын жырлайтын, Бөгенбай мен Қабанбай батырдың ерліктеріне тамсанып, өмірімізге рухани азық болатын ана тілімізге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне, ұрпағымыздың болашаққа кең қанат жаюына өз үлесімді қоса отырып, Махамбеттей жалынды, Бауыржандай патриот ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздық парызым деп санаймын.