ҚАЗАҚ ТІЛДІ ОЙЫН-САУЫҚ ПОРТАЛЫ ТІЛІ:

СТИЛЬДІК ЖӘНЕ ГРАММАТИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІКТЕР

 

Шаймерденова Гулдер Елтаевна

СҚО, Пеньков орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Қазіргі кездегі баспасөз материалы, кез келген ақпараттық құрал, соңғы кезде жарық көріп жатқан шығармалар және т.б. құжаттарда екі түрлі мән туындайтын (оқырман, тыңдарманды екі ойда қалдыратын мысалдар көптеп кездеседі. Ғылыми әдебиетті ғалымдар бұл туралы бірз қалам тартқан. Біз сол ғалымдардың пікіріне сүйеніп, қайшылық, екі ойлық, қос мәнділік туындатпайтын жол іздейміз.

Қос мәнді семантикалық қайшылық топтары [1]:

(а) көп мағыналы сөздердің негізінде пайда болған қос мәнділік;

(ә) омонимдерді қате пайдаланудан туындаған қос мәнділік;

(б) дейксистен пайда болған қос мәнділік;

(в) сөздер мен тілдік құрылымдардың орын өзгерулерінен туындаған қос мәнділік;

(г) эллиптикалық үдерістің негізінде пайда болған қайшылық;

(ғ) автордың өзі қолданып отырған сөздің мағынасын білмеуі не семантикалық құрылымына мән бермеуінен пайда болған қайшылық;

 (д) қабылдаушы өзіне беймәлім сөзді кездестіруінен болған қос мәнділік;

(е) автордың қабылдаушыға түсініксіз сөздерді қолдануынан келіп шыққан қос мәнділік;

Оқушылар көп мағыналы сөзді басым жағдайда түсіне бермейді. Бұл тек оқушыға ғана емес, жоғарыда ұсынылып отырған сараптамадан көргеніміздей, кей шығарма, жинақ, сөйлеу барысында жиі кездесетін қос мәнділік. Көп мағыналы сөз тілдегі бар сөзді ауыспалы мағынада қолдану көмегімен жасалады. Троптың метафора, метонимия, синекдоха деп аталатын түрлері барын ескеріп, осылардың әрқайсысынан болатын қос мәнді қайшылықтың Интернеттегі көрінісіне тоқталып өтіп отырмыз.

Қазіргі кезде жастардың көз-жауын, ой-елегін жаулап алған «Интернет» желісінен материал алып, соларды талдауды дұрыс шешім деп таныдық.

«Massaget.kz» ойын-сауық порталынан алынған тілші Қарлыға Бүйебайдың «Мен – сенің жаңбырыңмын» деген мақаласына жасаған талдауымызды ұсынып отырмыз.

Жас тілшінің ой-толғауын түгел беруге мүмкіндік жоқ, сондықтан бастапқы екі абзацты үлгі ретінде ұсынып отырмыз.

«Мен – сенің жаңбырыңмын»

«Соломон патша ақылды ел басқарушы болса да, жүрегі жай таппайтын еді. Бір күні өмірден баз кешіп, данагөй қарттан ақыл сұрайды. «Бұл өмірде мені көп нәрсе ашуландырады. Әр нәрсеге құмартудан жалықпаймын. Осы құмарлығым түбіме жете ме деп қорқамын» дейді. Сонда қарт: «Саусағыңа мына жүзікті тақ. Онда «Бәрі уақытша» деп жазылған. Жүрегің алып-ұшып қатты қуанғанда, бойыңды ыза мен кек кернеп қатты ашуланғанда осы жазуға қара. Ол сені бірден тәубеңе келтіреді» деп жауап қайырады.

Қарттың өсиетін тыңдаған Соломон патша сақинаны қолына таққан кезде, жүрегі бұрынғыдай емес, жан-дүниесінде тыныштықтың сарайы орнағанын сезінеді. Алайда күндердің бір күнінде бұрынғысынан да бетер ашуланатын жағдай туады. Жүзіктің еш пайдасы тимейді. Сол сәтте оны шешіп, алысқа лақтырып жібермек болады. Кенет ішінде де жазу бар екенін байқайды. Қараса «Бұл да өткінші» деп жазылған екен...» (үзінді).

Автордың сөйлемдерін еш өзгертпестен курсивпен, астын сызып ұсынып отырмыз.

«Соломон патша ақылды ел басқарушы болса да, жүрегі жай таппайтын еді».

Соломон ақылды – «жүрегі жай таппау» деген ауыспалы мағынадағы тіркесті қарсы қоюға болмайды. Бұл жерде жоғары айтып өткеніміздей ауыспалы мағыналы сөздерді дұрыс қолданбау әсерінен туындаған қателік.

«Соломон ақылды болса да, қателік жіберетін еді (не ақылға қонбайтын шараға баратын еді)» десе бір жөн.

Не болмаса «Соломон өте салқын қанды адам еді, бірақ жүрегі жай таппайтын» деп қолданса болар еді. Оның өзінде де «жүрегі жай таппау» деген уақытша дүниені білдіреді, өмір бойы адамның «жүрегі жай таппауы мүмкін емес».

Мағынасы жағынан сәйкес емес сөздерді қарсы қоюға болмайды.

«АДАМ өмірден бір күні баз кеше алмайды», тағы да тіркесті сәтсіз қолданған. Бұл жерде жоғарыдағы талдаудан көргеніміздей, автор «баз кешу» тіркесінің мәнін дұрыс түсінбеген. Сондықтан осындай қателік туындап тұр.

«Жүрегі бұрынғыдай емес, жан-дүниесінде тыныштықтың сарайы орнағанын сезінеді».

Тағы да қарсы қойылмайтын тіркестерді қарсы қойған. Жүрегі мен жан дүниесі неге бір деңгейде болуы керек? Жас қыз зі не жазып отырғанын аңғармаған тәрізді.

«...Жүрегіміз бен жадымызда алтын әріптермен жазылған тарих».

Алтын әріппен жүрек пен жадыда жазылмайды, «тарихта алтын әріппен жазылу» деген тіркесті өзгертіп қолданған, меніңше бұл сәтсіз қолданыс. Метафора ретінде, яғни ауыспалы мағынада ұсынамын дегеннің өзінде бұл өте сәтсіз қолданыс.

«...Ол жүрегімізді қарып өтсе».

Сонда алтын әріп қыздың жүрегін қарып өте ме?

Әлде сәт қарып өте ме?

Екіншісі Кім бе? Не ме?

Әлде «бірінші өмір», «екінші өмір» деп санамалап отыр ма?

Ол неге «еріксіз жүзіңе күлкі үйіреді?»

ТАҒЫ ДА ТҮСІНІКСІЗ:

Еріксіз жүзіңе ме,

Еріксіз күлкі ме,

Еркіңнен тыс па? әлде

Еркің жоқ жүзіңе ме?

Көріп отырғанымыздай, тілші екі емес, төрт түрлі ой туындататын тіркесті қолданған. Сондықтан осындай қателік, түсініксіздік туғызатын тіркестерден аулақ болу керек.

«Жалғанның қайғы-мұңын ұмытып, таңғажайыптар әлеміне саяхаттатып» деген құрылыммен автордың не айтқысы келгені түсініксіз.

Қай жалғанның қайғысы мен мұңы?

әлде «жалған дүние» туралы айтып отыр ма? Тағы да автор өзі толықтай түсінбейтін сөздер мен сөз тіркестеріне жүгінген. Естір құлаққа, оқитын оқырманға әсер еткісі келгендіктен болар?

Кез келген қазақ әдетте «тесірейіп күлу» деген тіркесті қолданбайды. Бұл жерде автор сөзді дұрыс түсінбегентіктен ағат тіркес қолданудан күлкілі жағдай туындап тұр. Адам тесірейіп қарайды. Тесірейіп күлген адамды көрмеппіз.

Сонымен қатар автор өз әңгімесінде «өмір» мен «естелік» деген ұғымдарды ауыстырып алғанға ұқсайды.

«Сол сәтте өмір атты ұзақ жолда ақырғы нүктеміз қойылғандай сезінеміз. Ешнәрсеге зауқымыз болмай, кең дүниеден баз кешеміз» - ақырғы нүктенің қойылған сәтін сезіну дегенді қалай түсінеміз? Ол, әрине, орыстың «последняя точка» деген тіркесін - сәтсіз қолдану. Байқап отырғанымыздай, «баз кешу» автордың сүйікті тіркесі екен. Келсін, келмесін «баз кешу» дегенді орынды-орынсыз қолдана берген. Бұл да сөздің мәнін дұрыс түсінбеуден туындаған қателік. Адам кең дүниеден ешқашан баз кешпейді.

Мына сөйлеммен автордың не айтқысы келгені мүлдем түсініксіз:

«Ал бұдан да өткені – осындай сәттер басымыздан өткеніне қарамастан, ойсыз, қамсыз, асыр салып ойнаған баладай жадырап, сұлу бойжеткеннің кеудесіне басын иіп, «мұрнын аймалаған» гүлдей айналамызға «хош иіс сыйлаймыз», сүйегі сықырлап жүре алмай келе жатқан қарияға демеу болған таяқтайын жігерленіп қаламыз».

Мән-мағынасы жоқ тіркестер, қисын жоқ:

Ненің құрметіне сұлу бойжеткеннің кеудесіне бас иеді?

Мұрнын – кімнің???? аймалайды?

«Сүйек сықырлайды» ғой әрине, бірақ атам қазақ «сүйегі сырқырап» деген тіркес қолданады, сүйегі сырқырыған қарияға ҚАНДАЙ таяқ болмақсыз? ДЕМЕУ деген мағынада ма? Сонымен не айтқысы келгені түсініксіз?

«Таяқ» метонимиясы сәтсіз қолданылған. Сөздерді (парноним) сырқырау-сықырлау ауыстырып қолданудан қателік туындаған.

Автор бір-бірімен еш қиыспайтын, бірнеше әңгіменің басын қосып атына заты сай емес «эссе» жазған болған. Себебі осы жерде ой аяқталады да, тағы да бір бөлек үзік сыр кетеді.

«Бала күнімде айналама қарасам, адамдар алып тау секілді көрінетін. Тіпті 1-2 сынып үлкендігі бар оқушылар да. Бізге олардай болу қайда деген ой қылаң ететін. Сөйтіп одан да өттік...».

«Қарасам» шартты райын өткен шақта қисынсыз қолданған. «Бала күнімде айналамдағы адамдар маған тау секілді елестейтін» деп алса болатын еді. –са көрінетін деген бұрыс тіркес. «Ой қылаң ету» деген тіркес орынсыз қолданылған. Мезгілсіз қолданылған. Өткен шақты еске алып тұрып қазіргі кезде «ой қылаң еткенінен» хабар беріп отыр. Бұл жерде етістікті тіркестің шақтық формасын бұрыс қолданудан туындаған қателік. Бұл да (шақ, жақ, райды ауыстырып қолдану) қазақ тілінде кезегін күттірмейтін, өте өзекті мәселе. Ол туралы алдағы уақытта толығырақ айтамыз деген ойдамыз.

«Көрші үйде туған сіңілімдей болып кеткен Анар есімді құрбым тұратын».

Дұрыс нұсқасы - Туған сіңлімдей болып кеткен Анар есімді құрбым көрші үйде тұратын болуы керек.

Анар көрші үйде туды ма? Оның «көрші үйде» (дәл сол үйде емес, сол үйдегі отбасы мүшесі ретінде) метонимия ретінде қолданылған түрде «дүниеге келгені» түсінікті әрине, алайда бұл жерде сөйлем мүшелерінің орны ауысып кетіп «екіұштылық» туындаған.

«Басынан сөз асырмайтын, жөнсіз кеткенді орнына қоятын, қою қара шашы көздің жауын алған, өте сұлу, ең бастысы, жүрегі таза қыз».

Анарды тамаша сипаттаған, алайда адамның мінез құлқы мен кескін келбетін бір сөйлемде біріңғай мүше ретінде бергенсіз. Мәні мен мағынасы, тұрпаты мен қалпы сай келмейтін дүниені бірыңғай мүше ретінде жұмсау қателік. Сондықтан стилистикалық қателік туындап тұр. «Ойнағым келген әткеншек» дегенде жалпы ойын нысандары туралы атқыңыз келген ғой деймін, әлде бірнеше әткеншек пе? Әдетте «әткеншек тебеді», әлде «ойнай ма»? Біздіңше, әткеншек+те ойнайды, әркеншек тебеді. Барыс септігі мен атау септіктің қолданыс өресі әртүрлі екенін ұмытпау керек.

Міне, жастарға тәрбие беретін осындай портал бетінде жарық көрген материалды талдай келе – сөз әдебі, сөз бедері, сөздің дұрыс-бұрыстығы секілді тақырыпты өткен кезде аталмыш қыз-жігіттеріміз қайда болған дейсің де, қайран қаласың?

Сол порталдың тілшісі Асылан Тілегеновтің Тұрсынбек Башардың шығармашылығына қатысты «Алматының аспаны жылап тұрды» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Жолшыбай талдау жасаймыз. Бұл сауатты жазылған мақаланың бірі. Асты сызылған автордың нұсқасы, сызылмағаны біздің түзетулер.

«Біз өз қатарымыздың, әсіресе, оның ішіндегі өз ортамыздың шығармашылығы туралы жылы лебізді де, қарсы пікірді де автордың алдына жайып салған емеспіз - Біз қатарластар, әсіресе, өз ортамыздағы жастар шығармашылығы туралы жылы лебізді де, қарсы пікірді де алдына жайып салған емеспіз. Қатарымыз, ортамыз синоним, бірақ бірін-бірі толықтыру, осы жағдайда анықтау үшін сәтсіз қолданыс. Қатарымыз – тәуелденіп тұрған бірінші жақ формасы, оның алдына «өз» есімдігін жазу артық, ой қайталау туындатады. Нақтылау қажет болса, біз – өз қатарымыз деп тыныс белгімен реттеу керек. Біреудің шығармашылығы туралы оң, теріс пікірді автор алдына неге жаямыз? Тағы да ой қайталау кеткен, сондықтан «автор» сөзі бұл сөйлемде артық. Кім туралы сөз қозғалғаны бізге аян. Оны қайталаудың қажеті шамалы.

Әгәрәки, өлең оқылғаннан соң көрсетілетін бас бармағымыз-ақ оның бағасын көрсетуі мүмкін.

Әгәрәки????. Араб, парсы, орыс тілінен енген сөздерді орынды орынсыз қолдану да - бүгінгі күні жауыр қылған мәселе.

Неге «мүмкін»? Бас бармақ көтерілген екен, оны кез-келген адам «тамаша» деп қабылдайды, сондықтан «мүмкін» сөзі артық. Дұрыс нұсқасы - Оқылған өлеңнен соң көтерілген бас бармақ - оның шынайы бағасы. Көрсетілген-көрсетуі деген қайталақтау орынсыз. Өлең оқылғаннан гөрі – оқылған өлең деген тіркес орынды. Себебі, кейін берілетін баға әрекетке (оқыған соң) емес, өлеңге (затқа, керек десеңіз, дерекке, біздің жағдайда, өлеңге) берілген баға. «Көрсетілетін» деген есімше формасынан гөрі «көтерілген» деген ырықсыз етіс формасы дұрыс. Себебі бармақты көрсетпейді, көтереді, (көрсетуге болады, әрине, бірақ біздің жағдайда емес).

Бірақ, бұл бұдан артық ештеңе айта алмаймын деген сөз емес және әлгі автор «сендер осыған баға беріңдер» демейді де. Бір-біріміз үшін – «классикпіз!» - Бірақ, бұл - осыдан артық ештеңе айта алмаймын, ал автор «сендер баға беріңдер» деген сөз емес. Бір-біріміз үшін «классикпіз!»

...Жиі жазудың да бірнеше себептері бар – өткенді жиі еске алу, жиі ғашық болу, жиі кітап оқу, т.б. Тұрсекеңнің жиі жазуына осылар қатты араласатын да болу керек. Ақынды осылардың ішінен басқа қайдан іздейміз?!..»

...Жиі жазудың да бірнеше себебі бар – өткенді жиі еске алу, жиі ғашық болу, жиі кітап оқу, т.б. Тұрсекеңнің жиі жазуына осылар «қатты араласатын» болуы керек. Ақынды «осылардың ішінен басқа» қайдан іздейміз?!..»

Бұл абзацта грамматикалық қателік бар. Ол көптік мағына беретін сөздер кейін - көптік мағынада жұмсалуы. Сосын ауыспалы мағына, метонимия орнына тура мағына қолдануы. Сондықтан біз оларды тырнақшаға «қамауға» алып отырмыз. Тырнақшасыз қолдансақ, автор ол сөздерді ақынды келемеждеп жұмсаған деген ой туындауы мүмкін.

Қарап отырғанымыздай, Қарлыға мен Асыланның жіберген қателіктері бір тектес. Бұл жастардың сөз мәдениетіне жеңіл қарауынан туындаған қателіктер екені дау туғызбайды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ:

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Шалабаев Б., Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми теориялық негіздері. Алматы: «Рауан», 1997, Б-81.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Жалмаханов Ш., Лексикалық көп мағыналықты зерттеудің әдіс-тәсілдері мен негізгі принциптері//ҚР БҒМ, ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2002. №2. 11-20б

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.