1Мажитаева Ш., 2Шингисбаева А., 1Сейтiм А.
1 Е.А.Букетов ат.ҚарМУ, Қарағанды
2 №101 мектеп-лицей, Қарағанды
ҚАЗАҚ
ЕРТЕГІЛЕРІНІҢ ТАНЫМДЫҚ КӨРІНІСІ
Кез-келген
халық тілі – сол халықтың шынайы этникалық
болмысының көрінісі. Тілді жаңа ғасыр
баспалдағында теориялық-танымдық үдерісте
зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл үдеріс тіл мен адам
санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам
санасының жемісі, күрделі ассоциативті-вербалды
құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде тараушы жүйе
ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Адамзат өзін
қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан
құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін сезім
мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана
қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше
жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз
күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады,
елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады,
бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі
жасалады.
Жұмыс балалар
ертегілерінің тілдік көрінісін, ерекшеліктерін талдауға
арналады. Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың
тілдік тұлғасын қарастырған зерттеу еңбектері
болғанымен, балалар ертегілеріндегі кейіпкердің тілдік ерекшелігін,
ой-танымы мен болмыс-бітімін салыстыра отырып, оны этнолингвистикалық тұрғыдан салыстыра зерттеу,
лингвистикалық түрде қарастыру, осы кезге дейін қазақ тіл біліміндегі когнитивтік
лингвистикада арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған
байланысты таным – мәдениет – тіл үштігінің
принциптері негізінде, балалар ертегілеріндегі танымдық ерекшелігін
тілдік фактілер арқылы когнитивтік құрылым
тұрғысында ғылыми талдау қай кезде болса күрделі
мәселелердің бірі болып табылады.
Кейінгі онжылдықтар белесіндегі зерттеулер этносты,
ұлт мәдениетін тіл арқылы анықтауды негізгі
қағида етеді (Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық,
Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева т.б.).
Нақты айтқанда, тілді тұтынушы ұлтты
алғашқы орынға қоятын лингвистикадағы
антропоцентристік парадигма өз аясында жаңа бағыттарға
жол ашуда. Осымен байланысты Г.Снасапова, Ш.Елемесова, Ф.Қожахметова,
М.Күштаева, Қ.Қайырбаева, Н.Аитова, А.Әмірбекова,
Ж.Саткенова сынды жас ғалымдардың жұмыстарында тіл таным
кілті деп қаралып, когнитивтік лингвистика мәселелері
этнолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, әлеуметтік
лингвистикамен тығыз байланыста зерттелген.
Осыған орай соңғы кездері
қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистиканың негізгі
категориясы концепт табиғатын нақты дәйектер негізінде
ашуға бағытталған еңбектердің көбейіп келе
жатқаны байқалады. Ғалымдардың зерттеулерінде бақ,
тағдыр, өмір, өлім, жан, қайғы, мұң,
тары, батырлық, қаһармандық, соғыс,
түр-түс, сұлулық, әсемдік, т.б.
концептілердің мазмұны көрсетіліп, олар әр
қырынан қарастырылған.
Осындай тың
мәселелердің бірі – ертегі жанрындағы сананың,
танымның, ойлаудың тілдегі таңбасы бүгінгі лингвистикада
кешенді зерттеуді қажет етеді. Ертегілер – барлық елдің ауыз
әдебиетінен мол орын алған және халықтың
жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша кезінде ауызша
шығарған күрделі шығармасының бір түрі.
Ертегілер, көбінесе, қара сөз ретінде айтылғандықтан,
оны халықтың ерте заманда шығарған көркем
әңгімесі деп қараймыз. Халық әдебиетінің
басқа түрлері секілді, ертегілер де адам баласының
еңбек-кәсіп ету, тұрмыс-тіршілік құру
тәжірибесіне байланысты туған.
ХІХ ғасырдан
бастап қазақ ертегілерінің ғажап та көркем
үлгілерін В. Радлов, Г. Потанин, И. Березин, А. Алекторов, П.
Мелиоранский, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев сияқты белді де белгілі
ғалымдар жинап, жариялай бастады. Қазақ фольклорының
кейбір нұсқалары «Дала уалаяты», «Айқап», «Туркестанские
ведомости», «Тургайская газета», т.б. мерзімді баспасөз бетінде
жарияланып келді. «Образцы народной литературы тюркских племен» атты 10
томдық жинақтарында В.В. Радлов қазақ,
қырғыз, ұйғыр, өзбек, әзербайжан
сияқты көптеген түркі тайпаларының эпостық
жырлары мен ертегілерін молынан жариялаған [2, 110].
ХХ ғасырда
қазақ ертегілерін зерттеуге М.Әуезов,
Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин,
Б.Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, С. Садырбаев, С.
Қасқабасовтардың қосқан үлесі де елеулі.
Қазақ
ертегілерінің қай түрі болса да, замана елегінен өтіп,
халық санасына сіңіп кеткен сюжеттер. Онда бір елден екінші елге
ауысып, төл сюжет болып жүрген мотив образдар да аз емес.
Ертегінің тұтынушылары қоғамның түрліше
тобынан шыға береді. Төменгі тап ортасынан шыққан
ертегілерде сатира, демократия сарыны елеулі болатынын кезінде М. Әуезов
жақсы айтқан болатын.
Ауыз
әдебиетінің басқа эпостық түрлері секілді,
ертегілердің де өзіндік құрылысы, көркемдік
ерекшеліктері бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке
құрылады, өзінше басталуы, аяқталуы болады. Ертегі
кейде
Ертек-ертек ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен,
Қырғауылы қызыл екен, – деп немесе «Баяғыда бір бай
болыпты, оның үш баласы болыпты»... т.б. басталуы мүмкін.
Қазақ
ертегілерін тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге
болады. Олар:
1) мифологиялық (қиял-ғажайып) ертегілер
2) хайуанаттар (жан-жануарлар) жайындағы ертегілер
3) реалистік (тұрмыс-салт) ертегілері [1,
98].
Қазақтың
қиял-ғажайып ертегілеріне «Ер Төстік» ертегісі жатады.
Ертегіде драматизм мен ерлік ғажап ұштасқан. Ертегінің
бас кейіпкері – Төстік. Ертегі осы Төстік жайлы өрбиді. «Ер
Төстік» сюжетіндей мазмұн оқиғасы бай, тілі
көркем, нұсқалары көп емес. Ертегі қазақ
өмірі мен ой-санасының сан ғасырларға созылған
суретін береді. Оқиғаның реалдық-тұрмыстық
және қияли желілері бар. Сюжеттің ұзын желісі мен
қысқа желісі бірін-бірі жақсы толықтырады. Ертегідегі
құрылған монологтар да өте жоғары деңгейде
оқиға желісін ашқан.
Ертегінің
тілінде жеңіл сөз, желдірмелі фразалар жоқ. Ертегінің
лексикасы мен синтаксисі халықтық ойлау тілінің
байлығына негізделген. Ішінде араб-парсы сөздігі жоқ. Тілі
біздің дәуірімізге бұзылмай, шұбарланбай жеткен.
Өйткені ол үлкен айтушылардың қолдарынан өткен.
Ертегінің синтаксистік құрылысы бүгінгі әдеби
тілімізден көп бөлек емес, көбіне күрделі
құрмалас сөйлемдер кездеседі. Тілінде «Құба інген», «Ақсырмал»,«желі толған
түйе» деген табиғи эпитеттер, қаратпа сөздер,
мәселен, («арнап та алған
Құба інген», «Сүйген жарың Ер Төстік,
Құтты болсын Кенжекей!») сағыныш қуаныш,
қайғыны білдіретін сөздер тіпті көп [5, 137].
Ертегі ауызекі
тілдің өте көне лексикалық, фонетикалық,
морфологиялық, синтаксистік белгілерін бойында мол сақтаумен
ерекшеленеді. Сондықтан да ертегілерде сарын алған стильдік бояулар
әртүрлі концептілерде көрініс береді.
Мәселен, «Дүние,
табиғат», «Жақсылық» және «жамандық»,
«Өлім», «қайғы», «мұң» концептілерін жатқызуға болады.
Дүниенің
жаратылуы туралы мәселе саналы адам баласын ертеден толғандырып
келе жатқаны белгілі. Адамзаттың таным кеңістігіндегі
ең басты меже дүниені тануға бағытталады.
Қазақ халқының дүниенің жаратылуы туралы
танымы (әлем моделі) мифологиялық, діни түсініктер
арқылы, соған сәйкес діни тілдік бірліктермен
өрнектелген [4, 140].
Дүниенің
тілдік бейнесі қазақ халқының ауыз әдебиетінде,
жыраулар поэзиясында және басқаларында аңғарылады. Мысалы, алғашқы қауымдағы
мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат
мақұлықтар (жезтырнақ,
жалғыз көзді дәу, дию, албасты т.б.) жер беті пайда
болған заманда өмір сүрген түсінік халық
ертегілерінде баяндалған.
Қазақ
айтатын қиял ертегіде әдемілікті «ай десе аузы, күн десе
көзі бар» Күн астындағы
Күнекей сұлу, не «алтын
шашты» қыз деп суреттесе, сонымен қатар ұсқынсыз
жауыздарды «жалмауыз, қазық
аяқ, қарға тұмсық кемпір, жезтырнақ,
жалғыз көзді жалмауыз, жеті басты жалмауыз» не болмаса «шық
бермес Шығайбай» т.б. түрінде сипаттайды.
Ертегілерде
«өлім» концептісі жалпы өлім туралы қалыптасқан адами
ұғым бойынша адамның тәнінен жанның ұшып
шығуы өлім деп түсіндіріледі. Жанға ұшып
шығу әрекеті тән, яғни ол (жан) ұшатын
қабілеті бар, өте жеңіл көзге көрінбейтін
нәрсе ретінде сипатталып, көбелек, шыбын тәрізді
жәндіктерге баламаланып беріледі:
шыбын жан, бір шыбындай жан, көбелек жан, шыбын шыраңнан т.б.
Осы «шыбын жан», «бір шыбындай жан» секілді тіркестер
«Ер Төстік» ертегісінде айқын көрініс береді. Мәселен, «Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді.
Ерназарда тап жылжуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып
байқап еді болатын шама жоқ. Ерназардың мойыны үзіліп,
буынып барады. Шыбын жаны шығып барады».
Бұл,
әрине, ертегілердің жазылуындағы ерекшеліктер. Ал
ертегілердің лексикалық құрамы, сөздік
қордың молдығы, я болмаса, сөз
жұтаңдығы мүлде басқаша көрініс табады.
Жалпы ертегілерде кездесетін сөздердің лексикалық
құрамын былай сипаттауға болады: ертегі тілінде
қазақ халқының тарихи сөз қорына жататын – домбыра, көрік, көмір, алтын,
күміс, күл, темір, темір үй, алтын табақ секілді
сөздер әр ертегілерде қайталанып отырады. Сонымен
қатар, мылтық,
қайық, базар секілді модернизмдер; ауру, дерт, сейіл, зорлық, жақсылық, жамандық,
бұйрық т.б. абстракт ұғымдарды білдіретін
сөздер; бала, қарындас,
ұл, қыз, қатын, әке түріндегі туыстық
терминдер жиі кездеседі. Бұлардан басқа кейіпкерлерді
кәсібіне, қоғамдағы алатын орнына қарай атайтын,
хан, бадса (патша), уәзір, би, молда, құл, дәркер
(дәрігер), шебер, ұста типтес титулдарға қарап та
ертегідегі әлеуметтік құрылыс жүйелерінен хабардар бола
аламыз.
Ертегілерде кездесетін
күрделі сөздердің жасалу жолдары тіліміздің
грамматикалық заңдылықтарына, аналитикалық
тәсілдерге негізделген синтаксистік қатынастарға толық
сай келеді. Барлық ертегілерде көп кездесетін өлшем шамалары:
а) салмақ – жеті батпан болса,
ә)
ұзындық – бір шақырым
болып,
б) уақыт – көзді ашып-жұмғанша
деген тіркесіммен жазылады. Және ол бір емес, бірнеше ертегілерде
қайталанады [3, 112].
Жалпы алғанда,
қазақ ертегілерінің мазмұны дидактикалық сарынмен
баяндалады. Алайда тілдік тұрғысы жағынан оларды
«асқақ», көтеріңкі стильге жатқызуға
болмайды. Бастан аяқ бір сарында, оқырманға
қызықты, мифтік ұғым-түсініктермен
көмкеріліп жазылады.
Келешек жазылатын еңбектерде
балалар ертегілеріндегі көрініс тапқан концептерді анықтап,
тілдік-танымдық тұрғысынан алып талдамақпыз.
Пайдаланылған
әдебиет:
1.Қоңыратбаев
Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы. Ана тілі, 1991. 286 б.
2.Ғабдуллин М.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы. Мектеп,
1974. 319 б.
3.Диваев Ә. Тарту. –
Алматы. Ана тілі, 1992. 250 б.
4.Нұрдаулетова Б. Когнитвтік
линвистика. – Алматы, 2011. 308 б.
5.Қасқабасов С.
Қазақтың халық прозасы. – Алматы. Ғылым, 1984.
269 б.