Түйте Е.Е.

 

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Тіл мен ойлау

 

Тіл мен ойлау – тек тіл білімінде ғана емес, қазіргі жалпы ғылымда күрделі мәселелердің бірі. Адамның ойлауы – өте күрделі үдеріс. Бұл мәселемен тек гуманитарлық бағыттағы ғылымдар (философия, лингвистика, психология) ғана емес, жаратылыстану ғылымдары да (биология, математика, кибернетика) айналысады. Аталмыш ғылымдардың ешқайсысы ойлау үдерісін тікелей бақылай алмайды, тек соның нәтижесін ғана көре алады. Мәселен, тіл білімінде ойлауды тілдегі сөздердің түзілуі мен сөйлемдердің құрылуынан ғана көре аламыз. Тіл ойлауды жүзеге асырады. Кез келген адамның қандай дәрежеде ойлай алатынын оның сөздері арқылы білеміз. Сонымен қатар, адамның ойлау құрылымын зерттеумен айналысатын барлық ғылым тілдің көмегіне жүгінеді, ол адамның болмысы мен оның қоғамдағы орнын айқындайтын менталдық үдерістерге жол ашады. Сол себепті тіл білімі бүгінде жан-жақты қарқынды дамуда. Тіл мен ойлау мәселесінен тіл білімінің психолингвистика, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, нейролингвистика т.б. салалары туындады.

Адам ойлауы арқылы қоршаған ортаны таниды, танымын кеңейтеді, ал оның кең түрдегі сипаты тіл арқылы көрініс береді. Осыдан келіп әлемді тіл арқылы тану деген қағида шығады. Әлемнің тілдік көрінісі халықтарда әр басқа. Бұл әр ұлттың ойлау дәрежесімен байланысты. Бұған сол халық орналасқан географиялық орта, климаттық жағдай, күнделікті тұтынатын заттары, айналысатын кәсібі т.с.с. жағдайлар әсер етеді.

Тіл мен ойлау, ойлау мен сана ұғымдары өзара тығыз байланысты. Алғашқы кезде ойлау адамзат баласы тілінің шығуына әсер етті. Себебі үздіксіз ойлау үдерісінің негізінде адам баласы өзін қоршаған объективті ортаны таныды, сөйтіп санасы қалыптасты, білім жинай бастады. Сананың бірінші кезеңі арқылы адам (санаға әсер еткен сезімдері арқылы) сыртқы ортадағы заттардың бар екендігіне көз жеткізді. Сөйтіп түсінік қалыптасты. Ал екінші кезеңінде санадағы түсініктер белгілі бір формаға ие болып, сыртқа шықты. Демек, сананың нәтижесінде тіл шықты. Уақыт өте келе керісінше тіл ойлаудың дамуына белгілі бір дәрежеде әсер етті. Тілдегі бір буынды қарапайым сөздерден ойлаудың нәтижесінде бірнеше көп буынды сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, сөйлемдер қалыптаса бастады. Мысалы, кү – күн – күндіз – күндіз-түні; күнде – күнделік – күнделікті; күн арқан бойы көтерілді. Алғашында жабайы адамдар ортаны көру, есту, иіс, сезу, ұстап көру әрекеті арқылы нақты тани бастап, объективті шындық адам санасында сәулелене бастады. Үздіксіз ойлауының нәтижесінде қоғамдық қатынасты дамытты. «Мысалы, алғашқы адамдардың ең жабайы құралдарды жасауы үшін оған қажетті материалдың қаншалықты қатты және ол құралдың үшкір немесе өткір болып шығуын білу қажет болды. Демек, құралды даярлаудың осы бастапқы дәуірінің өзінде-ақ алғашқы адамдарда заттардың мәні емес қасиеттерінен дерексіздену және сол құралға тән жалпылама қасиеттерді айқындау бейімділігі болды.

Ең алғашқы қарапайым еңбектің түріне талдау жасаудың өзі ол еңбектің шындықтың абстракті және жалпылаушы сәулеленуінің негізінде ғана мүмкін болатындығын көрсетеді. Еңбек әрекеті мен абстракті, жалпылаушы ойлау бірлікте болады» [1, 57]. Әлемді, қоршаған ортаны тану адамның танымымен, ойлау үдерісімен тығыз байланысты дедік. Алайда адам санасындағы әлемнің бейнесі оның тура көшірмесі емес, біз тек объективті әлемді (табиғатты, болмысты, тарихты) ойлауымыз арқылы жүйелеуге ғана тырысамыз. Түсінгендігіміз бойынша қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға тілдік таңбалар арқылы атау бердік. Мысалы : «Қазақша суық торғайды орыстар снегирь деп, атағанда алғашында оның бір-ақ белгісін – қар жауысымен ұшып келетінін еске алса керек; ал сербтер мұны – зимовка, немістер шоқалақтап, секіріп жүретініне қарап «Gimpel» деп, француздар малмен бірге еріп ұшып жүретіндігінен латыншалап «le bonvrenil» (пастушок) деп те, түр-түсіне қарап «pivoine» деп те атайды екен» [2, 95]. Бұдан барлық тілдегі сөздер оның қасиетіне байланысты шыққан деп жалпы топшылауға да болмайды.

Тіл – әлемді танудың негізгі құралы. Тіл арқылы адамдар (тұтас бір ұлт немесе жеке адам) өзіндік көзқарасын білдіреді. Тіл – таңбалар жүйесінен тұратын код. Бұл кодтың негізінде ой жатады. Басқаша айтқанда, адамның тілі арқылы оның ойы декодталады. Тіл ойды материалдандырады. Бірақ бұл дүниенің қыр-сырын толық қабылдауда «... адам санасы шектеулі. Әрі не нәрсені де айналасындағы өзі көрген, білген дүниелермен ғана салыстырып пайымдай алады. Көбінесе мына дүниенің физикалық өлшемдерімен шыға алмай, ойын қысқа қайырады» [3, 12]. Көрмеген, білмеген нәрселерімізді, әдетте біз, түсіндіре алмаймыз, өйткені ол біздің тәжірибемізде жоқ.

Тіл арқылы адамдар қарым-қатынасқа түседі. Тіл материалдық және идеялдық формада болады. Бұл екеуі бір-бірімен өте тығыз байланысты. Тілдің материалдық жағын дыбыс не таңба құрайды, сол арқылы біз сөйлейміз не жазамыз. Идеялдық жағын ойлау құрайды. Адам сөйлегенде заттың атауы мен белгісін ғана атап қоймайды, жағдаятқа байланысты оған өзінің көзқарасын білдіріп отырады. Ойлану арқылы қай сөзді қай жерде қалай қолдану керектігін үйренеді. Таңдалынып алынған сөз (сөйлем) әр жеке адамның «өз әлемін» танытады. Ойлауы арқылы жеке тұлға болып қалыптасады. Ойлау арқылы өзінің білімін танытады, белгілі бір затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіреді. Бұл таңбалар (сөз, формула, сурет т.с.с) арқылы жүзеге асады. Таңбалардың күрделілігі, яғни сөздік қорының байлығы оның әлемінің кеңістігін (ойлаудың өрісін) анықтайды.

Тіл мен ойлаудың байланысында сөздің алатын орны ерекше. Қазақта «Сөзі түзудің өзі (ойы) түзу» деген жақсы нақыл бар.

Тіл мен ойлаудың негізінде сөздің атқаратын қызметі ерекше. Ол: 1) Белгілі бір затқа, құбылысқа, әрекетке атау беру; 2) субъект объектімен қарым-қатынас орнату үшін;  3) интеллектуалдық және ақпараттық іс-әрекетті қамтамасыз ету үшін; 4) ойымызды деректендіру үшін; 5) символдандыру үшін (су – зат атауы және тіршіліктің көзі; көгершін – құс атауы немесе бейбітшіліктің символы); 6) бағалауыштық қасиет үшін (бір нәрсеге деген көзқарасыңыз); 7) ауыспалы мағынаны білдіру үшін (түлкі – аң атауы немесе адам бойындағы қулықты білдіреді); 8)саналы әрекетімізді жүйелеу үшін қажет.

Ойлау үнемі жаңа нәрселерді тудыруға себеп болып отырады. Мәселен, «құс» деген сөзді айтатын болсақ, екінші адамның миына сан түрлі ой келеді. Қандай құс, қай құс, етістік мәнді сөз бе т.с.с. Біздің санамызда бұл сөзге қатысты сан алуан түсінік болғандықтан, контекстегі мағынасына қарап отырып, біз оны дұрыс қолданамыз. Бұл – ойлаудың нәтижесі.

Ал сөз сол зат (құс) жайындағы түсінікті ғана (зат есім, етістік категориялары шеңберінде) бере алады, ол одан әрі бара алмайды. Символдық мән ретінде «құс» еркіндікті білдіреді. Мұндай символдық сөз жеке адамның қабілетіне байланысты кенеттен пайда бола салады. Бұл көбіне метафоралық тәсіл арқылы жасалады. Метафора – бір заттың қасиетін екінші бір затқа ауыстыру үдерісі. Мәселен, түлкі – қу, қулықтың символы.

Сөздің негізінде біздің миымызда сан алуан ақпарат бекиді, сақталады. Мысалы, біз «нан» дейтін болсақ, біздің санамызда нан туралы түсініктен басқа, нанға қатысты картиналар (нанды қалай сатып аламыз немесе қалай пісіреміз, дүкенге кешке қарай барсаңыз нанның бітіп қалатыны) нанның иісі, тарихы, нанға қатысты нақыл сөздер пайда болады.

Сонда зат бар (нан), нан туралы түсінік бар (нан дегеніміз не?), оның мағынасын білдіретін сөз бар. Нанға қатысты сезім де бар. Нанды жерге тастауға, тебуге болмайды, біз үшін ол – құраннан да қасиетті. Сонда нанның мәнін түсіну үшін ойлау ғана емес сезімнің де алатын орны ерекше. Біз «нан» дегенде оның еңбекпен, термен келетінін, нан – өмір үшін күрес екендігін тағы білеміз.

Мына бір жағдайға да назар аударып көрейік. Грузияда ғалымдар тарапынан «уақыт» сөзін кім қалай түсінеді деген тәжірибе жасалған. Тәжірибеге 80 адам қатыстырылады. Оның ішінде 38 ер адам, 42 әйел адам. Олар жас мөлшеріне байланысты екі топқа бөлінеді. «А» тобында 36 адам, 16 мен 30 жас аралығында, «В» тобында 44 адам, жас мөлшері 35-тен жоғары. Нәтижесінде: 1) Уақыт – бірлік қана емес, өлшемнің де құралы: сағат, таймер, секундомер, тықылдайды, табло, фотоаппарат. 2) Өмірдің бір үзігі немесе бір кезеңі: аурухана, мектеп, университет, сессия, жұмыс, жарыс, махаббат т.б. 3) Уақыт бағалауыштық және эмоционалдық қасиетке ие: қауіпті, жаман, қорқынышты, жақсы, көңілді, қысқа, шектеулі, ұмытылмас. 4) Адамның қимылымен, әрекетімен салыстырылады: көмектеседі, қайтып келді, ұшып кетті, асықты, емдейді т.б. 5) Өміріміздің кезеңдерін белгілейді: туылған шақ, балалық шақ, ержеткен шақ, есейген кезең, қартайған шақ, студенттік кезең, зейнет жасы. 6) Табиғат жағдайларына байланысты: таңертең, күн, тәулік, түн, күз, жаз, қыс, көктем. 7) Уақыт: мәңгілік, шексіз, космос, қараңғы, тұңғиық. 8) Өмір мен өлім жағдайымен ассоциацияланады [4]. Бұдан шығатын қорытынды «уақыт» сөзі сөздікте көрсетілген түсінік қана емес, сонымен қоса біздің сезімдік толғанысымызды да білдіреді. Ол әр адам үшін әртүрлі. Менің өмірімдегі ұмытылмас сәт сіз үшін түкке де тұрмауы мүмкін. Біздің тәжірибемен жинақталған біліміміз бен ойлау қабілетіміз сөздікте берілген түсініктерден де әлдеқайда күрделі екенін білуіміз керек. Соңғы жылдардағы психология мен психолингвистика саласындағы зерттеулер ойлаудың тек қана тіл арқылы (сөзден басқа) ғана емес, сонымен қатар, адамның сезім мүшелерімен де жеткізілетінін дәлелдеп берді. Мәселен, сазгердің, мүсіншінің, суретшінің туындыларын сезім мүшелеріміз арқылы қабылдап, автордың жандүниесін (не ойлағанын) түсінуге тырысамыз (таңданамыз, жылаймыз, ойланамыз т.б.). Бірақ бұл тілсіз жағдай адамдар арасында қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бермейді. Тек тілдің көмегі арқылы біз сол туынды жайында пікір алысып, ой бөлісе аламыз. Тіл – ойды өрбіту мен дамытудың басты құралы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 2002. – 664 б.

2.     Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы: Санат, 2003. – 416 б.

3.     Жолдыбайұлы Қ. Имани гүл. – Астана, 2011. – 384 б.

4.     Wikepedia