Филология ғылымдарының кандидаты Акатаева Ш.Б.,

І курс Лог-12 тобының студенті Кобина К.

Қарағанды қ., Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫ

 

Киіз үй -   көшпелі  өмірге  бейімделген,  ерте  заманнан  келе  жатқан  көшпелілер  баспанасы.  Еуразия  далаларындағы  жартылай  көшпелі  және  отырықшы  халықтардың  арасына  кеңінен  тараған. Түйе мен  атқа  тиеу    арқылы  жеңіл  көшіріледі,  оның  киіз  туырлықтары  мен үзіктерінен  жауын  өтпейді.  Ыстық  күнде  киіз  үй  салқын  болса,  қысты  күні  керегесін  екі қабат  киізбен  қаптап,  ошақ  жағып,  жазға  дейін  отыра  беруге  болады.  Киіз  үй - өзіндік  баға жетпес  өнер  туындысы,  қазақ  халқы  үшін  өмір  салты  мен  әдет-ғұрпының, дүниетанымының,  санғасырлық  мәдениетінің  жарқын  айғағы.  Көшпенділердің  кіші  әлеміне  айналған  киіз  үй  олардың  өмірінің  көп  бөлігі  өтетін  дәстүрлі  тұрақты  мекен-жайы  болған.

Киіз  үйдің  пайда  болуы  қола  дәуірінен басталады екен. Киіз  үй  біздің  заманымыздан  бұрынғы  VII ғасырда  кеңінен  пайдаланып, киіз басу  белгілі  бір  кәсіпке  айналды.      Киіз  үйдің  сыртқы  пішіні,  қабырғалары  шеңбер,  төбесі  күмбезденіп  келеді.  Киіз  үйдің  негізгі  қаңқасы  кереге,  сықырлауық,  уық,  шаңырақтан  тұрады. Туырлық – кереге  іргесінен  уықтың  орасына  дейінгі  жерді,  үзік – кереге  басынан  шаңырақ  шеңберіне  дейінгі  аралықты,  түндік -   шаңырақты,   киіз  есік – сықырлауықты  жауып  тұрады.  Киіз  есіктің  сырты  киіз,  ортасы  ши,  астары  жарғақ  теріден  жасалады.  Шиыршықтап  түріп  қоюға  ыңғайлы.  Көбінесе  жел  болғанда  немесе  салқын  түскенде  пайдаланылады.

Қазақтың киіз үйі - әрбір шаңырақ иесінің, әрбір қазақ баласының қоғамдағы орнының, ел ішіндегі беделінің, тұрмыстағы байлығының көрінісі десек, қателесе қоймаспыз.   Қазақ салт-дәстүрі бойынша, киіз үйдің маңдай алды міндетті түрде шығысқа қаратылып тігіледі.

Киіз үй - қазақ үшін адамгершіліктің ұясы, қасиет тұтар орда болған. Ұзатылған қызына да, бөлек шығарған ұлына да қазақ халқы үй көтеріп беретін болған.

Киіз  үйдің  басқұрлары  мен  желбаулары  да  әшекейлі  өрнекпен  көмкеріліп,  түрлі-түсті  жіппен  тоқылады.

Қолөнер шеберлерін, суретшілер мен сәнгерлерді ұлттық рухта тәрбиелеуде ою-өрнектің атқаратын ролі өте зор. Сүңғат және бейнелеу өнерінде, сондай-ак қолөнер шеберлері жасаған бүйымдарда ұлттык нақыш анықталып тұруы қажет. Сол ұлттық нақышты айқындап бейнелейтін өнер түрі - қазақтың ою-өрнегі. Суретшілер мен сәулет өнерінің ма-мандары ою-өрнектің сырт пішінін көшірме ретінде пайдаланып қана қоймай, оның мазмұнынан, атаулары мен шығу тарихынан хабардар болса, салған суретінде немесе жасаған бұйымдарында сол біліктілік ізі ұлттық нақышта айқын көрініп түрады.

Қазақ халқының ою-өрнек өнері байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең ежелгісі, әрі кең тараған саласы. Бұлұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззәт сыйлайтын, эстетикалық мәні зор өнер.

Оюлардың өзіндік көркемдік мәні және сюжеті болады, дегенмен, өрнектегі барлық элементтер ырғаққа бағынады.

Ою-өрнек өнері табиғатында поэзияға, өлеңге ұқсамайтын өнер түрі, соған қарамастан бұлардың екеуі де ырғақ заңдылықтарына бағынады. Ою-өрнектің құрылымы, ырғақ заңдылықтары бүгінгі күнге дейін ғалымдардың назарынан тыс қалып отыр, себебі өнертанушылардың оюлар саласына жүргізген ғылыми зерттеулерінде өрнектің түп-тамыры, пайда болуы мен символикасы бізге әзірше жұмбақ.

Біз сәулет өнерінен, үй-жиһаздарына, сандыққа, кебежеге, бесікке, жүкаяққа, ұлттық киім-кешекке, ер-тұрман, қару-жараққа салынған оюлар ретінде қабылдаймыз, яғни ою-өрнекті қандай да болмасын бір затпен байланыссыз елестете алмаймыз. Ою-өрнекті салып не қиып дағдыланған шебер өлең жазатын акын секілді, табан астында-ақ мағынасы мен құрылымы сәтті үйлескен ою үлгісін өз қиялынан шығарып, сол сәтте қиып бере алады. Көне дәуірдегі қолөнершілер "егіз" өрнегін немесе егіз аңды, жануарды бейнелегенде өмірде бейбітшілік пен тепе-теңдікті сақтау ұғымын білдірген. Мүмкін болашақта ою-өрнектің мағынасын, логикалық күшін түсіне отырып, оюдың әр элементін көркем туынды ретінде қабырғаға әсемдік үшін ілетін болармыз.

Өйткені ғасырлар бойы "тұмар", "ұмай", "қошқармүйіз" ою-өрнегінің магиялық күші бар деп сенген ата-баба дәстүрінің әлі де ашылмай жатқан құпия сыр бар.

Еліміз  егемендігін  алғаннан  бері  уақытта  тарихымызға,  мәдениетімізге  деген  халқымыздың  қызығушылығы  арта  түскені  белгілі.  Сол  мәдени  мұраларымыздың  бірі – киіз  үйдің  көшпелі  халқымыздың  өмірінен  алатын  орны, өрнек жасалу  технологиясы,  киіз  үйдің  бөліктері,  оның  түрлері  туралы  түсініктер  жұмыстың  құндылығы  болып  табылуда.  Бұл  мақаланы жазудағы  мақсатымыз  киіз  үйдің  ата-бабаларымыздың  өмірінде  алатын  орны  түрлі  пікірлерді  келтіре  отырып  бүгінгі  ұрпақтың  бойына  мәдени  мұраларға  деген  көзқарасты  қалыптастыру, тәуелсіз  елімізге  деген  патриоттық  сезімдерін  дамыту  болып  табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Кенжеахметұлы С.Қазақ халқының салт-дәстүрлері. 2004ж.

2.Байғабанова Қ. Киіз үй. 2001ж.

3.Өмірбекова М. Қазақтың ою-өрнектері. 2003ж.