РАДИОТЕЛЕВИДЕНИЕДЕГІ
СӨЗ СӨЙЛЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Үдербаева
А.Ө.
Алматы қ., Қазақстан
Адам сөзінде қаншама күш, қаншама
қуат бар. Сөз арқылы
ойды әрлеп, сезімді әсерлеп жеткізуге болады. Адам сөзді
мыңдаған түске бояп, құбылта алады. Адам ойы
түрлі пішінде айқындалуы мүмкін: жартаста иероглиф немесе
сурет түрінде салынып, қолдан жазылып немесе
қағазға басылып шығады, бірақ сол жазылған
сөз дауыстап оқылып, дыбысталғаннан кейін,
әрқайсысы үшін түрлі қасиетке ие болады.
Сөздердің айтылуы оларға түрлі сипат береді:
дауыстың дыбысталуы мен әуезділігі, интонация, сөз
динамикасы, дауыстың қатты немесе жай шығуы, бөлек
сөз тіркестерінің оқылу динамикасы, мұның
барлығы адам сөзіне ерекше сипат береді. Әр адамның
сөйлеу мәнеріне ырғақтығы, дауыс тембірі оны
өзгелерден ерекшелендіріп, даралық қасиет береді. Көп
жағдайда айтылған сөзден гөрі, сол сөзді
айтқандағы немқұрайлық үні, дауысындағы
мысқылдық, мазақ етіп айтқандығы адамның
жанына, түйсігіне қатты әсер етеді. Бір ой
әртүрлі ырғақта айтылып, әртүрлі әсер
етеді.
Қазіргі уақытта адам қарым -
қатынасы кеңейе түскен кезде, дыбысталу байланысының
рөлі де едәуір арта түсті. Сөздің дыбысталуы
ерекше мағынаға ие болды. Сөз дыбысының
қаншалықты мықты күш екеніне көз жеткізу
үшін, радио тәжірибесіне жүгінсек жеткілікті.
Радиоқойылымдардың барлығы сөздердің айтылуына,
драматургиясына ерекше ден қояды. Кезінде олар да акустикалық фильм
деп аталатын. Радиоқойылым жанры тереңге тамыр жайып, кино мен
телевидениедегі бәсекелестікке қарамастан бүгінгі таңда
кең таралған. Радио арқылы жарияланатын қойылымдар
дыбыстың мол мүмкіндігін пайдалану мен сөздің
құлаққа әсер ету деңгейіне байланысты
жазылады. «Мен сені көріп тұрғандай етіп сөйле» –
бұл радиоқойылым жинағының аталуы. Дәл осы
сөз, дауыстың мүмкіндігін анық жеткізіп отыр.
Сөздердің дыбысталуы, айтылуы, музыкамен әрленуі,
тыңдаушыны сол айтылып жатқан әңгіменің ішіне
еліктіріп алып кете алады. Радиоқойылымда адамның дауысы құр
сөздерді дыбыстайтын аспап емес, ол белгілі тұлғаның
орнын басатын мықты аспап. Адамды алғаш көрген кезде сырт
келбетіне көңіл бөлгендей, сөйлеу мәнері мен
дауысын да бағалайды. Дауыс адамның сырт келбеті, айтылатын
мәтіннің мәнері мен
мазмұны секілді өте маңызды. Дауыс және көркем
сөйлеу – бұл жүргізуші мен аудиторияның арасында
өзара түсіністік орнатуға, айтайын деген хабарыңызды
аудиторияға жеткізуге, тыңдаушыларды өз
жағыңызға қаратуға, олардың сеніміне кіруге
көмектесетін құрал. Сіз адамдарды сөйлеген
сөзіңіз арқылы қимылдауға шақыра аласыз,
немесе ұйықтата аласыз, таңқалдыра аласыз, болмаса
жиіркендіре де аласыз. Сөзсіз, шешендік дағдылар белгілі бір
имиджді ұстап тұрумен қатар, қаржылай немесе іскерлік
табыстарға жетуге де мүмкіндік туғызады. Дауыс пен сөз
сөйлеу – іскерлік пен өзара қарым - қатынастық
коммуникацияның құдіретті құралы! Біз өмір
сүріп отырған микротолқынды және спутниктік байланыс
заманында, дауыстар барлық жер шарына тасымалданып отырған кезде,
әрбір адамның дауысын эфирге жіберуге болады. Ал телевидениеде
жұмыс істейтін журналист үшін жоғарыда айтылған
көрсеткіштер аздық етеді. Тележурналистің кадрда өзін
ұстай білуі, көпшілік алдында ойын ашық жеткізіп,
көрерменді сендіре алу, жеке басының қасиеттері мен сырт
келбетінің сай болуы басты талаптардың бірі. Сырт келбеті
көріксіз журналист эфирде бағдарлама жүргізіп тұрса,
немесе жүргізуші өз жеке басының проблемасын ысырып қоя
алмай, жеке басындағы проблемасы келбетінде суреттеліп, ашуы келіп,
өтірік күліп отырса, мұндай жүргізуші ешкімді сүйсіндіре
алмайды, керісінше, көрерменнің ашуын келтіріп, жек көрініш
сезімін тудырады. Осы арада бағдарлама барысында көтеріліп
жатқан тақырыптың қаншалықты өзекті,
дайындалған сюжеттердің қаншалықты қызықты
болғанына қарамастан, көрерменді еліктіріп алып кету
мүмкін емес. Осы кезде бүкіл ұжымның істеген
жұмысы ысырап болады. Жүргізуші эфирге шыққан кезде,
өз жеке басының қамын ойламай, проблемаларының
бәрін ысырып қойып, көрермен алдында сүйкімді болып,
нұр шашып, көпшілікті шынайы ақпараттандырып отыруы керек.
Телерепортер – ол да
көпшілікті ақпараттандыратын журналист. Ол белгілі тақырыпты
зерттей отырып, болған оқиғаның мән - жайын
кадрда өзі жүріп түсіндіреді. Репортер ол
ақиқаттың бетін ашуға тырысады. Соңғы
уақытта телевидениеде модератор деген жаңа термин пайда болды.
Модератор – бұл тележүргізушінің бір түрі. Мұнда
жүргізуші бағдарлама барысында жан - жақты ойларды
біріктіруші, байланыстырушы тұлға. Ток - шоу, теледебат, дискуссия,
телекөпір секілді жанрларда өткізілетін бағдарламаларда
жүргізушінің орнына модератор болады. Мұнда
модератордың өзі талас - тартысқа қатыса алмайды, тек
әр қатысушының ойын тыңдап, тақырыптан
ауытқып кетпеуін қадағалап, жетелеуші сұрақтар
қойып студияда қалыпты атмосфераны сақтап отырады. Модератор
тақырыпқа байланысты ақпараттарды айта отырып,
студияның бір қонағына сол факт арқылы әсер ете
алады. Мықты жүргізуші кәсіби журналистен
ғана шығады. Жаңалықты өзі іздеп,
ақиқаттың бетін ашуға тырысып, ізденісте болған,
зерттеу жүргізген тілші мұның барлығын көзімен
көрмеген, құр дайынға келе салған
жүргізушіге қарағанда мәселенің мән - жайын
анық, көрерменге түсінікті, толыққанды жеткізеді.
Бұрынғы уақытта «диктор» деген бөлек түсінік
болған. Қазіргі уақытта диктор деген мамандық ысырылып
тасталған. Оның орнына жүргізуші - редактор термині
енгізілді. Яғни жүргізуші өзі текст жаза білуі керек. Сюжеттің
қалай жасалатынын, мақала жазуды меңгерген, редакторлық
деңгейі бар журналист – жүргізуші бола алады. Қазіргі заманда
телевидение мен радионың тыңдаушыларға әсері зор. Радио хабар кезінде, тыңдаушы
визуалды әсерден тыс қалады, сондықтан материал анық,
түсінікті тілде, таза дикциямен жеткізілуі тиіс. Мәтін
тыңдаушы назарын іліп алып кететіндей дұрыс құрылып,
шектеулі хронометражда артық сөздерсіз айтылады.
Телевидениеде
жүргізушінің сырт келбеті үлкен рөл атқарады.
Мұнда көрермен адамның келбетін көріп отырып,
оның ірі планда бет әлпетін, мимикасын, жестикуляциясын, экранда
өзін еркін ұстауын, жүргізушінің эмоциялылығын
көріп отыра алады. Телевидение мен радио тілінде
өз ерекшеліктері бар. Осы арада екі жаққа да ортақ,
эфирге тән ережелер де бар.
1.
Телевидение немесе радио жүргізушісі бағдарламаның
алғашқы секундынан бастап көрерменді немесе тыңдаушыны
бірден еліктіріп алып кетіп, бағдарлама соңына дейін
қызықтыра білуі қажет. Сол себепті әңгімелеу
жанрындағы бағдарламаларда композиялық көмескіліктен
алшақ болған дұрыс. Мұндай бағдарламаларда
мәселе анық және өткір қойылып,
қарқынды дамуы керек.
2.
Теле немесе радиода мәтін сөзін көрермен (тыңдаушы)
назарын бірден өзіне аударатындай тәртіпте құру керек.
Яғни мәтін сөзі көрермен көріп отырған
кадрда өзін елестетіп, немесе тыңдап отырған
әңгімесін өзінің қатысуымен болып жатқан
оқиға секілді әсерде болуы керек.
3.
Материалдың лексикалық саралауы коммуникативті және шынайы
әсер етуі керек.
4.
Аудиторияның әлеуметтік
ерекшеліктерін, жас, жыныс, білім деңгейі мен мәдени ерекшеліктерін
ескерген жөн.
5.
Сөйлеген сөз ақпараттық тұрғыдан анық
болуы керек, өзге жағдайда тыңдаушы айтылған
сөзді түсінбей, келесі айтылған ақпаратты
ұқпайды.
Ой қабілетінің логикаға
сәйкестігі, дәлділігі, шиеленіскен және екі жақты
мәселенің шешімін таба білу өмірде түрлі жағдайда
көмегін тигізеді. Сөз шешеніне де осы қасиет қажет. Ол
үшін адамға логика керек.
Логиканың басты мақсаты – ой
қабілетінің түсініксіз, шиеленіскен, дәйексіз
жұмысы нәтижесінде туындаған қате пікірден арылту.
Логика ережелері адамға бұрыс жолға түскенін сездіртіп,
дұрыс шешім қабылдауға көмек береді. Ережелеріне
тоқталып, талдайтын болсақ оны сақтаған жағдайда қабылданған
шешімнің дұрыс екеніне көз жеткізесіз, аргументация –
дәлелді, айқындылық – сендірерлік, деректерді қолдану –
жетерлік, яғни логика кез келген пікірді қалай тексеріп,
дұрыс шешім қабылдауға көмек береді. Дегенмен, логика
ол шешімге қалай келу керектігін үйретпейді. Көпшілікке
әсер ету – ақпараттандыру арқылы қолжеткізуге болады
деген пікір қате. Адамға ең алдымен ақпарат таратып
жатқан адам мен арасындағы байланыс әсер етеді. Бұл
сөз арқылы жеткізіледі. Сөйлеп жеткізу жазып
түсіндіруден едәуір ерекшеленеді, себебі ақпараттың
мағынасымен қатар (вербалды), қосымша ақпарат, визуалды
(вербалсыз) таратады. Қосымша ақпарат дауыстың ерекшелігінде,
оның интонациясында, сөйлеу мәнерінде беріледі. Бұл
қасиеттер ақпарат таратып жатқан адамның
жүргізушілік қабілетіне, интонациясына, жалпы тұлғасына
байланысты болады. Осы арада қойылмаған дауыстар, әдетте,
жүргізушінің мінез ерекшелігін және оның ойын
айқын көрсетіп тұрады, қысқасы, оның
даралығын көрсетеді.
Ауызша сөз әрдайым біреуге
бағытталған, сондықтан сөйлеп тұрған адам
мен аудитория арасында контакт болуы керек.
Байқалғандай, тыңдарман
көңілін аулауға дауыстың әуезділігі, темпі,
темборы әсер етеді, тонды жоғарылатып, төмендету, дыбыс
күшін арттырып, қайта азайту, пауза, осының бәрі
аудитория назарын аудартуға ықпал етеді.
Мәнерлі сөйлеудің басты әдісі –
ритм мен пауза. Ритм – екпінді буын мен екпінсіз буынның кезектесіп
келуі, сөйлемнің интонациялық аяқталуы. Ол
адамның дауыс мінезі мен оның даралығын айқындайды.
Марк Твен көпшілік алдында сөйлеу кезінде
паузаны қажетті жерде қолдану, ұтымды сөздерді
қолданудан артық әсер етеді дейді.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Тұранқұлова Д. Сахна тілі. А. Білім. 2011. - 264 б.
2. А. Ермилов Живой
репортаж: Профессиональные советы тележурналисту. М.Аспект Пресс, 2010. – 112
с.
3. Үдербаева
А.Ө. Эфирдегі сөйлеу мәдениеті мен тіл техникасы. А.2015. – 114 б.