1Мажитаева Ш., 2Жамалова А. Д., 2Ергали  А. Е.

(Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан)

1 ф.ғ.д., проф.; 2КО-41 тобы студенттері

 

КӘМЕЛ ЖҮНIСТЕГI ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СӨЗ ТАПТАРЫНЫҢ ДИАЛЕКТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСЫ

 

Тіл дамуының қазіргі сатысында ұлт тілінің жоғарғы және төменгі формалары бар. Жоғарғы формасы – әдеби тіл де, төменгі формасы – қазақ тіліндегі диалектілер мен говорлар. Диалект сөздер мен говорларға байланысты «Қазақ диалектологиясы» атты кітапта мынадай анықтама берілген: «Тіл білімінің диалектілер мен говорларды зерттейтін саласы – диалектология деп аталады. Диалектологияның міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді. Диалект, говор деп халықтық я ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін атаймыз. Ол жалпы тілге тән ортақ белгілерден өзгеше ерекшеліктерді қамтиды» [1, 4].

Көркем шығарманы барынша әсерлі, шебер де тартымды, оқырманға түсінікті тілмен суреттеу үшін жазушы кәсіби сөздерді, жаргондарды пайдаланады. Диалект сөздер мен говорларды жазушы  көркем шығармаларда стильдік мақсатпен қолданады. Жазушы көркем шығармада сипаттап отырған кейіпкерін өзіне тән ерекшеліктерімен толық көрсету үшін диалектілерді қолданады. Бұл – жазушының кейіпкерді неғұрлым нанымды, жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік береді.

Бұл мақалада жазушы Кәмел Жүністегінің шығармаларындағы диалектілердің морфологиялық ерекшеліктерін мынадай топтарға бөліп қарастырдық:  зат есім, сын есім, етістік, үстеу мағыналы диалектизмдердің қолданылу ерекшеліктері.

Мысалы:  Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, жекжат деген баршылық (Жүністегі К., 2006, 29).  Осы сөйлемдегі жекжат сөзі диалект сөз болып табылады. Әдеби мағынасы қыз беріп, қыз алысып жүрген адамдар, ағайын дегенді білдіреді. Алматы облысы, Жамбыл облыстарында көп қолданылады.

Көрші киіз үйде осы қыстақтың қора-қопсысын жөндеп-түзеуге келген екі-үш жас жігіт, үй иесі, әйелі және өзі құралыптас баласы бар еді (Жүністегі К., 2008, 13). Құралыптас (құралпас) – қаралас, жас шағынан шамалас деген мағынада Шығыс Қазақстанда қолданылады.

Көк темірге құрсанған шеріктер атой салып шапқан сарбаздардың басына оғын да, добын да бүркіп, тоздырып жіберді (Жүністегі К., 1996, 71). Осы сөйлемдегі шерік сөзі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы және Моңғол Халық Республикасы үшін әскер, қол деген мағынада қолданылады.

Оқтаудай жараған қазанат белдеуден кеткелі машинаның бортында сел-кілдеп, жасаулы мылтықпен қоян үркіткен аңшылар көбейіп кеткен жоқ па (3, 2008, 15). Бұл сөйлемде қазанат – сөзі сырт пішіні әдемі, кеудесі кең, шоқтығы биік, сирақты, денесі жеңіл жылқы тұқымы деген мағынада Алматы облысы Талдықорған қаласы Панфилов ауданының тұрғындары қолданады. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөзіндегі қазанат сөзінің мағыынасы ұзақ жолға шыдамды, мықты ат, қазақ жылқысының байырғы бір тұқымы.

Жаз ортасында қолдарына шалғы беріп, сай-сайдың шұңқыры, қарамотау өскен неше алуан бытқылды қоймай шаптыратын (Ж.К., 2008, 327). Осы сөйлемде қараматау деген диалект сөз қарамотау деп қолданылып, фонетикалық өзгеріске ұшырыған. Қарамотау – сортаң, ащы жерге шығатын аласа шөп. Алматы облысы Жамбыл ауданы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындардың қолданысындағы сөз.

̶  Денеңе қадалған шөгірді алып тастамасаң ол іріңдеп, ауыртады (Ж.К.,1996, 71). Шөгір сөзі диалект. Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Қарақалпақстан, Ақмола облысы Еңбекші аудандарының халықтары үшін бұл сөз тікен деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде шөгір сөзі – шидің, бұтаның тұқылы, тақтайдың жарқыншағы, шөңке деп берілген.

Сол саудагер онан кейін бір-екі жыл тоғанағын сүйретіп келді де, қайтып көрінбеді (Ж.К.,2006, 201). Тоғанақ сөзі диалект. Бұл сөздің қолдану аймағына қарай бірнеше мағынасы бар. 1. Матаның бір дестесі мағынасында, Шығыс Қазақстан облысы Шубартау ауданы қолданады. 2. Ақтөбе облысы Жұрын ауылында бұл сөздің мағынасы ілгек ағаш, шотаяқ. 3. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында түйеге отын артатын арқанның ұшын байлайтын имек ағаш мағынасында қоданады. Тағы бір мағынасы жауап, тиек болу дегенді білдіреді. Бұл мағынасында Ақтөбе облысының тұрғындары қолданады.

Мына жұрттағы қотанның қиы да қалың сияқты, біреу-міреу қағып кетпей тұрғанда ойып алсайшы,  ̶  деп жанашырлық танытты (Ж.К.,2006, 312). Қотан сөзі Ақмола облысы, Қызылту ауданында бір бөлек ауыл деген мағынаны білдіреді.

Сын есімдердің қолданылуы:

Мына желбуаз сөзден Сыздық Қоқан ханының қан төгілген шайқасты көріп те, естіп те білмегенін танып, бармағын тістеген [2006, 33]. Осы сөйлемдегі желбуаз деген сөз диалект. Әдеби мағынада құр, бос сөз деген мағынаны білдіреді. Қостанай облысын Жангелді ауданында көп қолданылады. Сонымен қоса, буаз деп жүріп қысыр шығу мағынасында Атырау облысы Маңғыстау ауданының тұрғындары қолданылады.

  Тура купеңе жатып алып көзін атыздай етейін (Ж.К.,2008, 254). Атыздай сөзі бұл сөйлемде үрейін ұшырып, қорқыту мағынасында қолданылып тұр.

Дойыр қамшымен салып өтіп, соның көк-жоса ізіне құрт құйғандай денесі құрысты да, көзіне мөлт етіп жас келді (Ж.К.,2006, 61). Дойыр сөзі диалект. Дойыр сөзін – шынжыр балақ шұбар төс мағынасында Түркменстан Республикасы Красноводск, Ашхабад, Ташкенттің тұрғындары қолданады.

Көз алды бұлдыр-бұлдыр, аяғы әнтек-тәнтек (Ж.К.,1996, 104). Әнтек-тәнтек сөзі диалект. Тас-талқан, быт-шыт деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді Алматы облысы Жамбыл ауданыны көп қолданады. Ал, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қалт-құлт, әзер-мәзер дегенді білдіреді.

Осы тыныштық бір күні шарт етіп сынып кетер шөлмектей көрінеді де тұрады (Ж.К.,2006, 66). Бұл сөйлемде шөлмек сөзі диалект. Шөлмек сөзі: 1. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы, Ақсуат, Көкпекті аудандарында құмыра, көзе, балшықтан күйдіріп жасалған ыдыс мағынасында, Түркменстан республикасы Ташауыз облысы, Көнеүргеніш қалалары және Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында шыны, әйнек мағынасында қолданылады.

Дембі де аласұра билеп, әруақтарын шақырып, бірде ошақтағы отты жалаңаяқ таптап, бірде қарғып шаңыраққа асылып, әлемтапырық халде (Ж.К., 1996, 60). Бұл сөйлемде әлемтапырық сөзін  ойы астан-кесен болу, басы қату деген мағынасында Қытай тұрғындары қолданады.

Диалектілік үстеу сөздердің қолданылуы

Бірақ әредік те болса досқа пейіл, дұшпанға көз осы үйдегі шөлмектің соңы сол «сухойдың» шынысы еді (Ж.К.,2008, 281). Әредік сөзі диалект. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы; Атырау облысы, Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандарында анда-санда, кейде деген мағынада қолданылады. Тағы бір мағынасында, күзде немесе қыстың басында туылған төл деген мағынаны білдіреді.

Былай жып-жинақы-ақ азамат еді, сорлының зықысы шығып. Былай (бұлай). Ақмола облысы Қызылту ауданының тұрғындары бұлай деп қолданады. Сонымен қоса, бұлай сөзін кейбір сөйленістерде былайым немесе былайымша деп қолданады. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде былай сөзінің бірнеше мағыналық нұсқасы бар: 1. Нұсқаған жаққа қарай, бөлек. 2. Мынадай, былайша, осылай. 3. Әншейін, былайша, жай деген мағынаны білдіреді.

Қопақардай күдірейіп жүрген кей әкенің күн өтіп жүріп кері кетірген тәлімінің кейпі осылардың мына тұрысынан көрінгендей. Қопақардай сөзі – әлдеқандай деген мағынада Қостанай облысы Жангелді ауданында қолданылады.

Диалектілік етістік сөздердің қолданылуы

Бұл жолы аңыру кезегі жас жігітке тигендей (Ж.К.,2006, 170). Аңыру сөзі диалект мағынада қолданылып тұр. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында аңыру сөзі дем алып, тынығу деген мағынаны білдіреді. Сонымен қоса, тоқтау, бөгелу деген мағынасында Арал өңірі қолданады. Аңыру сөзі: Түрікше арам – тыным, тыныш; өзбекше – ором; сары ұйғырлар тілінде  ̶  амыр – тыныштық; парсы тілінде – арам – дамылдау, тыныштық деп қолданады.

̶  Япырай-ай десейші, Шортеке, бұдан шығар не амал бар?

̶  Байсейіт би денесі мұздағандай жауырынын қушитты (Ж.К.,2006, 14). Қушитты деген сөз диалект мағынада жұмсалып тұр.

̶  Арғы бабаларыңда бақсылық қонған қасиетті адам бар екен, соның да шарапаты жанап жүр балаңды (Ж.К.,2006, 117). Жанап сөзі диалект болып табылады. Бұл сөзді жақын, жамағайын, туыс мағынасында Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында қолданады.

Бір-бірінен оза жарысқан аттылар, қуғыншы жете бергенде түлкідей жалт берген көкпаршы, тау қойнауындағы жалғыз үйге қарай андыздай ағызған жігіттердің ат басын қоя беріп, серкеге жармасқан сәттері, көлден үрке ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғажайып сурет болып, Шортекеңнің жүрегін тербеген (Жүністегі К., 2006, 173). Андыздай – озып шығу. Бұл мағынасында Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас, Сайрам аудандары қолданады.

Мына Қарқаралыға ел жақсылары дегеннің жиналып келіп, апталап сіресіп те, тіресіп те жатқаны соның кепиеті, сол жерге шолақтау болса да ие табамызба дегендік [2006, 70]. Осы сөйлемде кепиет сөзі диалект. Кепиет – қадір, құн, кие мағынасында Моңғол Халық Республикасының халықтары қолданады. Сонымен қоса кесір, кесапат деген мағынада да қолданылады.

Неміс, орыс, татары, корейі өз тілінде қауқылдасып, лекіте күліп, құнжың-құнжың етіседі. Құнжың деген сөз диалект. Құнжың – есалаң деген мағынасында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы қолданады.

Қайта-қайта екі-үш мәрте бал ашқан жауырыншыға осы көрініс түсе берген соң, жау қуғыншы кеттіге санап, олжа малдың ішінен семізін таңдап сойып, еру жасапты (Ж.К.,1996, 48). Еру сөзі етістік арқылы жасалған диалект сөз болып табылады. 1. Еру демалып тынығу немесе аяңдау деген мағынаны білдіреді. 2. Қолы бос деген мағынасында Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат, Көкпекті ауданы қолданады.

Бір жағы өзімізге тамаққа да сеп (Ж.К.,2006, 29). Бұл сөйлемдегі сеп сөзі диалект. Әдеби мағынасы көмек дегенді білдіреді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Өзбекстан өңірлерінде көп қолданылады.

Қорыта келгенде, диалектілер жалпыхалықтық сипат алмаған, белгілі бір аймақта қолданылатын ерекшеліктер тобы. Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктер тарихы, шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді:

1.  Қазақ тілі мен оның говорларына тән өзіндік тума элементтер. Бұл топтың ішінде ескі көне тайпа тілдерінің қалдығы да, кейінірек, әсіресе ұлы төңкерістен кейін пайда болған диалектілік ерекшеліктер де бар. Мысалы, пал-бал сөздеріндегі п/б алмасуы, барғын, келгін (бар, кел), барғым-бар (барғым келеді) сияқты грамматикалық ерекшеліктер көне заманнан келе жатқан байырғы құбылыстар, ал күйенте – әпкіш, кемпірауыз – атауыз сияқты сөздер бергі дәуірде пайда болған.

2.  Қазақ сөйленістеріне (говорларына) басқа тілдерден енген кірме элементтер. Бұл топқа араб, парсы, орыс және көрші түркі елдерінен енген сөздер мен тұлғалар жатады. Мысалы, мұштау (жұдырықтау), мыштар (бәкі), жүдә (өте) тәрізді сөздер өзбек тілінен енген сөздер. Кейде сөз тіркестерінің бір сыңары қазақтың тума, төл сөзі, екінші сыңары кірме сөз болып келуі мүмкін. Мысалы: жар газеті – қабырға газеті ( жар төл сөз, газет – кірме сөз), бодан болу – бағыну, қол астында болу (бодан – кірме сөз, болу – қазақтың төл сөзі).

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. – Алматы: Мектеп, 1979. – 200 б.

2.  Жүністегі К. Соңғы абыз. Роман. Астана: Аударма, 2006. – 408 б.

3.  Жүністегі К. Қоңыр құлжа: Повестер. – Алматы: Жазушы, 2008.  – 288 б.

4.  Жүністегі К. Құба белдер. Трилогия. Қарағанды, 1996. – 286 б.