ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ/8.Родной язык и литература

 

 

 

Докторант Мынбаева А.П.

 

Казахский Национальный педагогический университет имени Абая. Казахстан

 

Н.Ораз шығармаларындағы ұлттық және мәдени таным.

 

Түйіндеме. Қай кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихын қарастырсақ та зерттеулер мен еңбектерден кенде емеспіз. Сонымен қатар әр елдің әдебиеті өзінің ұлттық болмысанан, ұлттық танымынан, дәстүрінен, мәдениетінен, тән қасиетінен хабардар етеді.  Қаламгердің ұлттың менталды дүниесі туралы ақпараты мен аялық білімі мол болған сайын шығарма тілінің концептілік  құрылымы  кең, тілдік мазмұны  бай болады.  

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында қазақ әдебиеті ел  тәуелсіздігі жағдайында дамуға бет алды. Азаттық ауаға қоса, демократия күні туды, тілден тоталитаризм кісені алынды. Ендігі көркемсөз, бейнелеп айтқанда, тәуелсіз елдің еркін тынысты әдебиеті болады.

Тәуелсіздік кезеңінде туындаған шығармалар халықтың аңсаған армандарына қол жеткізгендігінен, өз алдына көк байрағы желбіреген егеменді елді көксетіп, ұлттық мінез бен идеялық мұраттарды суреттейді.  Алғашқы жемістерді сараласақ, Әбдіжаміл Нұрпейісовтің Соңғы парыз роман-дилогиясы, Зейнолла Қабдоловтың Менің Әуезовiм роман-эссесі, Шерхан Мұртазаның Ай мен Айша, Мұхтар Мағауиннің Мен,   Қалихан Ысқақовтың Ақсу – жер жаннаты”, Рамазан Тоқтаровтың Абайдың жұмбағы, Әкiм Таразидiң “Жаза”, Төлен Әбдiковтың “Парасат майданы”, Софы Сматайдың Жарылғап батыр, Қабдеш Жұмаділовтың Дарабоз, Қалмұқан Исабаевтың Шоң би, Баққожа Мұқайдың Өмірзая,  Оразбек Сәрсенбайдың Шеңбер, Кәдірбек Сегізбайдың Беласқан, Бексұлтан Нұржекеұлының Әйел жолы жіңішке, Тұрсынхан Зәкенұлының “Көк бөрiлердiң көз  жасы”, Жанат Ахмедидiң “Шырғалаң”, Хасен Әдiбаевтың “Отырар ойраны”, Ұзақбай Доспамбетидiң “Қызыл жолбарыс”, Асқар Алтайдың “Алтай новелласы”, Әлiбек Асқардың “Өр Алтай, мен қайтейiн биiгiңдi”, Смағұл Елубайдың “Мiнәжат”, Тынымбай Нұрмағамбетовтың Айқай т.б. шығармаларынан қазақ прозасының он жылдығы аса  шабытты, табысты да жемісті кезеңіне айналғанын көреміз. Ұлттық құндылықтарды, танымды бейнелейтін шығармалар қай ғасырда да болды. Сонау халық ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, хандық дәуір әдебиетінен өріс алады. Қарастырып отырған ұлттық мінез бен әрекет әр кезеңде әртүрлі суреттелді.

ХХ ғасырдағы қоғамдық жағдайлардың күрт өзгерулері, әлеуметтік ахуалдың жиі ауысуы, адамға әсер ететін күштердің саны мен әлеуеті артуы ұлттық прозада «мәңгілік тақырыптар» мен күнделікті күйбең тіршіліктің, тынымсыз тұрмыстың көріністерінің көркем мәтінде аралас-құралас болып жүрулерінен бастады. 

Тәуелсіздік кезеңге қайта оралсақ, адам сыры мен өмір шындығын ұлттық философиялық негіздер арқылы танытуға ұмтылған ізденістері қаламгерлердің шығармаларындағы осы негіздегі характер мен жағдай табиғатын көркемдік тұрғыдан зерттеуге мұрындық болды.

Адам тұлғасын жан-жақты қарастыра отырып, 60-90-жылдары қазақ қаламгерлері табиғаты күрделі, түрі көп құбылыстардың қатарындағы жатсынуға ерекше көңіл бөлгені белгілі, бұл үрдіс кейін де жалғасуда. Адамның қоғамнан, өткен тарихынан, салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен, өз-өзінен жатсыну мәселесі кейінгі жылдар прозасында жан-жақты қамтылды.  Тағы бір жолы қоғамның өз-өзінен жиіркенуі, бейқам әлемдегі көріністер жазушылар шығармаларынан көрініс тапты.  Айтпағымыз да,  өз кезегінде ұлттық танымды баса көрсететін, оқырман қауымның арасынан орын алған, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып келе жатқан замандасымыз, журналист, аудармашы, шағын жанрына үлес қосып келе жатқан жазушы Нұрғали Ораз шығармалары жайында еді.

Қазіргі қазақ прозасынан адам жан дүниесінің ұлттық құндылықтарға қарай бағытталуының басымдығын көре аламыз. Сонымен бірге, таптық әдебиет пiшiмiн өзгертiп, ұлттық әдебиет, жалауын асқақтатқан, ұлттық танымымызды көрсете білген шығармалар дүниеге келді. Жазушы қауым зор шабыт үстiнде тебiрене еңбектенiп, тәуелсiздiк талабынан табылуға барын салуда.

Нұрғали Ораз шығармалары – өмірдің өзінен алынып, айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар өзіндік құнарлы да қарапайым тілімен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Суреткердің арнасынан асқақтамай, қысқа да жинақы жазылған әңгімелерінде адам өмірі, табиғи тазалық, адамгершілік, қазақы мінез, қоғамдық өзгерістер шынайы суреттелген.

Жазушы шығармаларында көбіне қоғамды тікелей әлеуметтік айыптау, сынау-мінеу жоқ, жазушы, керісінше, салқын қанды әңгімеші ретінде көрініп, кейіпкерлерін әлеуметтік - психологиялық типтер деңгейіне көтере, сюжеттерді күлкілі ситуация төңірегінде өрбіте отырып, үлкен философиялық жинақтауға қол жеткізеді. Қоғамды я сынау, я мінеу емес, адам тұлғасындағы психологиялық параллелизм, философиялық ой-түйіндер, бүгінгі күннің тіршілігі, қазақы орта суреттеледі.

Қаламгердің «Жылқышының көз жасы» әңгімесінде Абат қарттың айналасында өрбіген оқиға баяндалады. Қазақ халқының ежелден пір тұтқан жануары жылқы жайында еді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” кітабында көшпенділер мәдениетіне байланысты Қасым ханның  мынадай сөзі келтірілген.

“Біз дала халқымыз, бұл жерде қымбат бұйымдар мен тағамдар жоқ. Ең қымбат байлығымыз – жылқы және ең дәмді тамағымыз – оның еті, әрі ең сүйкімді сусынымыз – оның қымызы мен одан дайындалатын тағамдар...

Қасым хан... “Менің екі арғымағым бар, екеуі бүкіл үйірге татиды”, - деп арғымақтарды алып келді” [1].

Қазақтың тарихи дастан жырларында жылқыны батырлар жеке мініске пайдаланғаны аян. Мысалы, Қобыландының - Тайбурылы, Ер Тарғынның - Бозтарланы, Қамбар батырдың - Қарақасқасы, Төлегеннің - Бозжорғасы, Ақан серінің - Құлагері. Арғымақ жылқылар адамға дос, сенімді серік. Олар жүйрік жылқы тұқымдары деп саналған. Абат қарттың арғымағы қасқа биесі.

Қазақта жылқыны білу, жылқыға үйір болу, шамасы келгенінше жылқыны танып өсу – ұлтық сана-сезімімізді сергітер, жасыған жадымызды серпілтер, тектілігімізбен табыстырар тағылым-танымдықтың ең қуатты құралының бірі болса керек.

         Қазақ халқы «жылқы мінезді халықпыз» дегенді жиі естиміз. Ал жылқы – таза, кірпияз, судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейтін жануар. Ең бас­тысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, тапап-талауына, аяқ асты етуіне жол бермейді. Жылқы – еркіндікті сүйетін, бостандықтың символы. Сондықтан, шын мәнінде, тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жылқы мінезді қазақ екенімізді паш ете білгенімізге не жетсін, шіркін!-деген еді жазушы Ә.Файзуллаұлы. Сол сияқты Н.Ораз өз шығармасында адам баласының жылқы малына қарыздар екенін еске салғандай. Себебі, қандай ауру болсын емі – саумал, яғни жылқының сүті. Бұл сенімге тек қана қазақ халқы ғана ден қойып, қаншама «жынға» шпа болған. Бұл да бір ұлттық сипат.

«Иә, сол бір сүп-сүйкімді қызыл құ­лынмен таласып қасқа биенің бір емше­гін Абат та емді. Сүттей ішті, сау­мал күйінде ішті, қымыз қып сапырып ішті. 

   “Аруағыңнан айналайын қасқа бие-ай, әуелі Құдайдың, содан соң сенің арқаңда сауығып, аман қалдым ғой мен, – деді кеудесін шер толқытып, көзі жасаурап келе жатқан Абат қарт делбені бір қағып қойып. – Бәлкім, шиеттей бала-шағамның көз жасын ескерген шығарсыңдар, бәлкім, жас еді, жалғыз еді деп есіркеген болар­сыңдар. Әйтпесе мені анық көздеп, маған келген ажал еді ғой ол!..” 

Сол жылдан бастап Абат­­тың үйінен қысы-жазы қымыз үзілмейтін болды. Соңынан ер­ген үйелменді-сүйелменді ұл-қыздары­ның бәрі де Жынның дертінен аман, ақыл-есі бүтін, ойы да, бойы да биік, келісті, келбетті азаматтар болып өсіп, жетіліп жатты. 

    “Иә, шетінен алғыр, шетінен жүй­рік, шетінен тұлпар шықты ғой құлын­дарым. Тіпә, тіпә, тіл-көзім тасқа, тіл-көзім тасқа! – деді Абат қарт шек­пенінің жеңіне түкіріп. – Бәрі де ел таныған азамат болды. Тәубе, тәубе! Бұл тағдырға мың қайыра шүкір!..”[2,134] 

         Шығарма бейнелі тілдік құралдармен де аз берілмеген,  қарапайым да жатық. Эпитеттің дәстүрлісі де, өзіндік жеке қолданысы да берілген. Мысалы, «Қоңыр күз, күрең құлын, нәзік сәуле». Мұның бәрін дәстүрлі эпитетке жатқызамыз. Туындының «Жылқының көз жасы» дегенде «жылқы да жылай ма?  я «жылқының көз жасы жібермеді ме? » деген ойға келесің. Жоқ,  қасқа биеге Абат қарт адам баласы секілді бақи өмірге шығарп салғанын көрген, сезген күрең ат жылап тұр. Тумасынан айрылғандай жылап тұр.  

         «Аяқталмаған ертегі» әңгімесінде ауыл мен қаладағы көріністен сәуле шашым, Сағындық атты кандидаттың екі күндік өмірін суреттейді. Шығармада Сағындықтың еске түсіруі арқылы артта қалған нәзік бір сезімінен хабардар етеді. Қанша жылғы өмірін екі күнге сыйдыра отырып, оқырманын баурап алғандай. Шығарманың шиеленісі Раушанның араға сонша жыл салып ойда жоқта қоңырау шалуынан басталады.

“– Жаңағы кiм? Әйелiң бе?  Дауысымды естiп, шошып кеттi  ғой, жүдә. Бұ қай жақтың жабайысы деп жатқан шығар. Айтса айтад та, қайтемiз... Мақұл, көп уақытыңды алмаймын. Жәй  әшейiн, сәлемдесейiн деп ем... Өзiңдi  көрмесем де, дауысыңды естiдiм. Сол жетедi маған”[2].

Әйелдiң бұл  сөзiнен оның қандай һәм қай жақтың адамы екенiн анық аңғарып қалғандаймыз. Осынау бiр-екi ауыз сөзi-ақ оның болмысын, мiнезiн, характерiн толық ашып тұр.

Нұрғалидың әңгiмелерiнде жылылық, лиризм, сылдырлап ағып жататын бұлақ суындай мөлдiрлiк бар. Жаныңды баурап, сезiмiңдi  арбап, иiрiп әкететiн иiрiмдерi де мол. Оқылымды. Мысалы, әңгiмедегi:

“– Жәй әшейiн, сәлемдесейiн деп ем... Өзiңдi  көрмесем де, дауысыңды естiдiм. Со жетедi маған” - деген бейтаныс әйелдiң сөзiнен соң-ақ, оның Сағындыққа қандай  да бiр қатысы бар жан екенiн шамаласақ та, кiм екенiн бiле түсуге құмартарымыз анық. Телефон  соғушы  әйелдiң  бас кейiпкердiң бiр кездегi ғашық болған қызы екенiне көзiңiз жете түседi.

“Тағдырдың бұйрығы шығар, Раушан сол үйге келiн боп түсiп, түтiнiн түтетiп, шамын жақты...”[2,72]

Раушан Сағындықпен кездесуге бірінші келсе де, өзінің күйбің тірліктен жуан әйел кейпін көрсетуге ұялуы, тығыла жылауы, басқа халықтың әйелдері сияқты атыла шықпауы да қазақы мінездің көрінісінен хабардар етіп тұр. «Аяқталмаған ертегі», «қайталанбас балалық шақ» әр адамның басында бар жағдаят. Жазушы оқырман күткенiндей емес, әңгiменi мүлде басқа арнаға бұрып жiбередi.

Н.Ораз адам басындағы кейбiр қайталанбас балалық шақтың нәзік сәттерiнен өмiрдiң өзiнен ойып алғандай етiп алады да, соны оқырманға көркем тiлмен өрнектеп жеткізеді.

Н.Ораздың «Қайыршының жұлдызы», «Бақыт  құсы», «Сиқырлы көл», «Сақалды қыз», «Долана», «Әпкем, жездем және мен», «Биіктегі сұлулық» әңгiмелерi де қарапайым сюжеттен терең ойға бастайтын ерекшелiктерiмен оқырмандарын елең еткiзедi.

Суреткердің адамгершілік-парасаттылық сияқты мәселелерді көтерген шығармаларынан байқалатын басты ерекшелік – адамның ішкі әлемін, рухани сырын айқын аңғарту. Осыдан бастау алып, жалғасын тауып жататын жаңалықтың бірі – жазушы қаламынан туған көптеген шығармаларға тән тамаша нәзіктік, сазды сыршылдық, әдемі әуездік. Жазушы шығармашылығындағы кейіпкер психологиясының ашылуы олардың сөйлеген сөздері арқылы, іс-әрекеттері, ішкі монолог, психологиялық диалогтар, ым-ишарат, жест, бет құбылысы, дене қозғалысы, психологиялық пейзаж, параллелизм, деталь, портрет, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі талдау, өзіндік таным, жылау, сыр ашу және т.б. арқылы жүзеге асып жатады.

Адам баласындағы күлкіге қарама қарсы эмоциялық күй – жылау. Жазушы өз туындыларында осы процестің түрлі сипаты арқылы да кейіпкерінің жан түкпіріндегі елеулі жайттарды жарыққа шығара біледі. «Әпкем, жездем және мен» әңгімесінде әпкесі Гүлзаттың басынан өтіп жатқан мұңлы тіршілік, Гүлзатпен бірге оқырманды да өксітеді. Жазушының сөзімен айтқанда «кәусәр шындық» араларын алыстатпайды да, жақындатпайды да. Ұлттық түсінік – не болса да қайғысын ешкімге көрсетпеу, ер адамын бал сүю бақытынан айырмау, әйел адамның шыдамдылығы, төзімділігі бәрі сол қалпында беріледі.

Д.Исабеков «Гаухар тас» повесіндегі әйелге тән қасиет Н.Ораздың Гүлзатында да бар. Ол: шыдамдлық, төзімділік, қылықтылық, мейірімділік.  Екі шығармадағы антипсихологизм қызғаншақтық пен қызғанбау, тасбауырлық пен мейірімділік. Н.Ораз кейіпкерінің соншалықты әйел адамының бақытты болуы шарт емес, ер адамның бақытты болуы керек сияқты. Гүлзаттың бойындағы ұяңдық, қайғысын сырт көзге білдірмеуі, ырымшылдығы, ері үшін өзін құрбан етуі – қазақ әйеліне ғана тән қасиеттер.

- Енді қайтқаның жөн болар, - деген әпкем әлден соң.-Барып, аңсар екеуін алып қайт. Бұл жаққа бұдан былай келмей-ақ қой. Мен саған ризамын, Досбол...

- Не болып барады бұл дүние?...-деді ол қатты торығып. Сосын әпкемнің иығынан құшақтап, бетінен сүйді-ау деймін...

Жездем сыртқа шығып, сәкінің жанына таяп  келді де, ақырн ғана менің шашымнан сипады. ... Ол кеткен соң әпкем үйге кіріп солқылдап жыла [2,196].

 Нұрғали Ораз да әйелдің ішкі жан иірімдерін суреттеуде өзіндік соқпағын салған суреткер. Уытты да қарапайым тілмен жазылған қысқа да жинақы шығармаларында ол әйел кейіпкерлердің жан дүниесіне бойлай отырып, оның кәусар бұлақтың сылдыры секілді өзгеше күйін шертуге талпыныс жасайды.

Адам баласының асыл армандар жолындағы күресін, парасатын жырлап, жан дүниесінің сырын шерту – көркем әдебиеттің әріден келе жатқан  басты мұраты. Бұл тақырып  ешқашан  да өз маңызын жоймақ емес.  Қайта күн өтіп, заман өзгерген оның мәні арта түседі.  Себебі қай кезде де  әдебиеттің  өзегі – адам, оның ішкі әлемі. Шын мәніндегі  әдебиетте адамгершілік  ізденістері болуы міндетті.  Біздің талқыға түскен Н.Ораздың қай шығармасы да адамгершіліктің алтын ізін  салуымен, ұлттық танымымен, ұлттық құндылықтарымен қазақ әдебиетінде  өзіндік  орын қалдырып отыр.

Қай әңгімесін алсақ та қарапйым тілмен, асыра сілтемей, өзіндік тілдік қолданыстарымен бүгінгі заманымыздың немесе өткен уақыт уақиғаларының көркемдік шындығы өз қалпында көз алдымызға келеді. Жазушы өмірдің өзекті мәселелерін арқау ете отырып, шығармаларында кейіпкерлерін сомдап өрнектей біледі, сөйлете біледі. Тіршіліктен туындайтын кейбір қайшылықтар сол қалпында жеткізілген.

Қаламгердің зерттегені – адам жаны, оның ішкі әлемі.

Көркем әдебиет туындыларын қаншама тақырыпқа теліп, кесіп-пішіп тастасақ та, әдебиет негізінен бір-ақ тақырыпқа арналады. Ол – адам тақырыбы. Автордың тақырыбы ғалым болсын, әйел болсын, қарт болсын – адам тағдыры.

         Н.Ораз әңгімелерін психологиялық тұрғыдан қарастырып әңгімелерінің көркемдік ерекшеліктеріні бір ғана ұшын аштық. Т.Рахымжановша айтқанда, психологиялық талдаудың әр түрлі принциптері мен оның бейнелеуіш-көркемдеуіш құралдары қазіргі шығармалардың поэтикасына ажар беріп, көркемдік-эстетикалық мәнін де арттыра түседі[3,65]. 

 Шағын жанр түрлiк, формалық жағынан да жаңарып, жасара түскендей. Шығармалардың көпшiлiгiнде оқиға қуалап,  қызыл сөздiлiкке  салынып кетпей, адамның iшкi  жан-дүниесiне бойлап, ой-санасындағы  өзгерiстер мен құбылуларды аша түсуге деген құлшыныс байқалады. Әрине, жаңашылдық, түр, көркемдiк  әдiс-тәсiлдердi жетiлдiре түсуге талпынушылық, жаңа өрiстер iздеу, түрлi эксперименттер жасау, шығармашылық iзденiстерге бару, дәстүрсiздiкке ұрыну емес, қайта сол дәстүрдi байыту болмақ [4,177].  Біз қарастырған Нұрғали Ораз әңгімелерінен осыны байқаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди”. Алматы: Тұран, 2003 309-б.

2.     Нұрғали Ораз. Түнгі жалғыздық. Әңгімелер. Алматы: «Атамұра», 2008ж. 255-б, 134б.

3.     Т.Рахымжанов.Романның көркемдік әлемі. Алматы: «Рауан», 1997ж. 221-б, 65б.

4.     Қазақ әдебиеті. 10-шы том. 2010ж. Алматы, 523-б, 177б.