Қабул О.Қ.
Л.Н.Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университетінің
докторанты
РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ –
ОТБАСЫ ТІРЕУІ
Адамның жеке
басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер
жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік, имандылық
белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған
үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы
сақталып, мәңгі есінде жүреді. «Отбасы –
табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы
ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста,
мәдениеттілікке тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам.
Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай
ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ.
Отбасы – сыйластық,
жарастық орнаған орта.
Көшпелі және рулық-тайпалық негізде
құрылған халықтарда туыстық байланыстар
қоғамдық қарым-қатынастың негізін
қалайды. Рулас ағайын, туыс, жақын туыс, аталас, бір ата
баласы, бір әке баласы арасында туыстық байланыстан туындайтын
парыз бен қарыз міндеттер өте көп. Олар
қазақтың ғұрыптық заң-салттарымен
бекітілген.
Отбасында негізгі туыстық қатынас – ерлер
жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де
туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған
балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары
нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты
бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп,
көңілін жықпауға тырысқан.
Жалпы алғанда, қазақта туыстық қатынас
атаулары өте көп.
Көнекөз шежіреші
қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық
тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша,
тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан
балаға жалғастырып сабақтасып жатады. Туыстық
жүйенің ең негізі, бел ортасы – отбасы саналады. Барлық алыс-жақын туыстық – осы отбасынан
есептеледі.
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан
тұрады. Ол – ата,
әке, бала.
Аталар мен апалар
ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып
келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып,
сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды
қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені
мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның
сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған.
Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп
есептеледі. Мұның бәрі имандылықтан, жүрегінде
иманы бар ата, иманы бар әке, иманды бала ғана ұрпақ
сабақтастығын жалғастыра алады.
Имандылық
– адамның қоғамдағы,
күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір
қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш,
қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік
белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында
адамның имандылығына – мінез-құлық
жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның
жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі,
қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік
пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық,
инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер
имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі
ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған және басты
құндылық бола білген.
Жастардың
үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің
кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған.
Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен
өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік
қағидалардың, Имандылықтың жазылмаған
кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.
Бойына
адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді»
деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін,
әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік
көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық
дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман –
жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни
Имандылық. Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін
көркем мінез. Ізгі істер діни ұғым бойынша Имандылық
болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда
имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде
ұсынылады.
Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін
көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі
айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша
тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып,
немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық
көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын
өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек
қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш
немересі кенже ұлының орнына, атасының қара
шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.
Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі,
асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл
тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен
үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен
сыйлы да құрметті. Қара
шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің
үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды
бағып-қағатын, көне салт бүгінгі
қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері
үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек
шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй
басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі,
қасиетті үй ретінде саналған.
Қазақ қоғамындағы әйелдердің
орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа
халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ
қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін
болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен
бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ
әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала
тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету
болып табылады. Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен
өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен
өмірге дайындайды. Туыс ағайындардың әйелдері –
абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен
түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын
тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген. Әкенің
мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы,
өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге
алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта
біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның
әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен,
өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды. «Әке
көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында
ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет
пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта,
ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса
назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының
жалғауы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін
дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік,
аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына
дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық. «Әкеге
қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»
дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке
толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің
басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу,
отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың
барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты
лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге
дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы
«қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз
баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған.
Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» –
деген. Ұзатылып
келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде
бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі
аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып
кетеді. Қазақ жақсы
келінді қызынан кем көрмеген. Қазақ
дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін,
өлгенде аруағын құрметтеу – жақсы келіннің
әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы. Тұрмыстағы
көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді
есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана
дәрежесіне көтереді. Қызына құда түсіп,
айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін
күйеу атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында
төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты
жілік пен төс тартылады. Әрине, жасы егделеген сайын,
күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылайтыны
белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы
уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз
алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де беделді адам бола
бастағандығын айғақтаса керек.
Қазақтың «Күйеуді қызым үшін сыйлаймын»
деген сөзінде де үлкен мән бар. М Әуезов Абай жолы романында жазушы Құнанбайды асқан
сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай
Абайға әке ғана емес, заманның үлкен
қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай
даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен
биіктерге шақырар жанның жарық жұлдызына
айналған. Мұндай эпопеяны
халқын шын сүйген адам ғана жаза алады. Бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі
дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. «Абай
жолы» халқымыздың ақыл-ойын биікке көтерген,
әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие
алатын туындысы болды. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат
өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында
отбасының маңызы орасан зор. Әрбір жанұяның
тіреуі сабақтастықта – ата, әке, бала, өздеріне
қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын,
құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса,
бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа
негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты
қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!
Әдебиеттер тізімі:
1. Абай.
Қара сөздер. Поэмалар.
-Алматы: Ел, 1992. -272 б.
2. Аймауытов
Ж. Ақбілек: Роман. -Алматы:
«Раритет», 2003. 240 б.
3. Асылбеков
А. Бала тәрбесіндегі семьяның рөлі. -Алматы: Мектеп, 1966. -18 б.
4. Әуезов
М. Абай жолы: Роман-эпопея. -Алматы:
Жеті жарғы, 1997.
5. Құлжанов
Б.Ж. Семьялық қарым-қатынастардың мәдениеті. -Алматы: Білім, 1986. -38б.
6 Қоянбаев
Ж. Балаларды семьяда тәрбиелеу.
-Алматы: Білім, 1997. -44 б.
7. Момышұлы
Б. Ұшқан ұя:
Шығармалар. -Алматы: Жазушы, 1975.-384 б.
8. Момышұлы
Б. Ұяда не көрсең.:
Әңгімелер. -Алматы: Жалын, 1988.-44б.
9. Назарбаев
Н. Туған елім – тірегім /Құраст.
М.Қасымбеков, Қ.Әлімқұлов. -Алматы: Рауан, 2001.
-128б.
10. Өтеуова
Ж. Семьяда оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің
кейбір мәселелері. -Алматы: Мектеп, 1966. -32б.